ай қанатты арғымақтар
24.11.2025
145
0

«Жүрек – теңіз, қызықтың
бәрі – асыл тас»
Абай

Қазақтың біртуар перзенті, ұлы ойшылы, ғұлама ақыны Хакім Абай 1886 жылы бар болғаны қырыққа енді толған жасында әлдеқашан өтіп кеткен көне заманалардың абыздарындай терең толғана отырып:

«Жас қартаймақ, жоқ тумақ, туған өлмек,
Тағдыр жоқ өткен өмір қайта келмек.
Басқан із, көрген қызық артта қалмақ,
Бір Құдайдан басқаның бәрі өзгермек…» –
деп терең күрсінеді.
Өмірдің ащы-тұщысын қатар татқан, қалың елі қазағы үшін жүрегі өртеніп, жаны күйген, елінің тірлігін көріп, мінезі мен мініне қабырғасы қайысқан, бірақ ұлтының болашағынан ешуақытта үмітін үзбеген, елінің ертеңіне сенген, сене тұрып аяусыз сынаған аяулы ақын «бір Құдайдан басқаның бәрі өзгермек» деп өсиет тастапты.
Он тоғызыншы ғасырда тағдыр кешіп, ағайынымен айтысып, тартысып ғұмыр сүрсе де соңына мәңгілік өлмес, мәңгілік өшпес мұра қалдырған данышпан, кемеңгер адам осылайша жиырмасыншы ғасырдың басталар тұсында өмірден озыпты…
…Жақында ғана қолыма тиген жаңа кітап сол Абай жете алмай кеткен, Абай көре алмай кеткен жиырмасыншы ғасырға арналыпты. Жиырмасыншы ғасырда ғұмыр кешіп, жиырмасыншы ғасырдың аласапыран оқиғаларына куә болған, қалың ортасында жүрген, басынан кешкен, миллиондаған қазақтың шеккен азабы мен көрген қиянатын жүрек көзінен өткізген бір шоғыр тарихи тұлғалардың өмірбаянынан өрбітіп кітап жазыпты. Автор кітабын «Менің ағаларым» деп атапты. Авторы көрнекті мемлекет қайраткері, руханият жанашыры, қарымды қаламгер, тарихшы, академик Мұхтар Құл-Мұхаммед.
Қайран ағалар… Қайран арыстар… Алты алашқа есімдері мәшһүр, алыстағы, жақындағы түркі жұртына жақсы атағы тараған, қала берді тұтас қазақтың жақсылары мен жайсаңдары түгел танитын, түгел құрметтейтін ел ағаларының асыл бейнесі мен ғазиз дидары біртіндеп көз алдымнан өтіп жатты…
Бірақ кейіпкерлерінің барлығы бұл өмірде жоқ. Мезгіл, мезгіл жыл құстарындай, алыс сапарларына шығарып салған­быз…
Тұлғалары алыстан мұнартып көрінетін тау шыңдары іспеттес бірінен кейін бірі биктей түсетін осынау есімдер туралы жаңа кітап қолыма тиген сәттен бастап бас алмай, бір деммен оқып шықтым.
Бір беттен бір бетке ауысқан сайын асыл ағаларымның тағдыры, арпалыспен өткен өмірлері мені де тереңіне тарта берді, тарта берді.
Кітапқа кейінгі жиырма жыл аралығында, яғни 2005–2025 жылдары жазылған, мерзімді, үлкен басылымдарда жарық көрген, қазақ қауымының ыстық ықыласы мен ризашылығына ие болған халқымыздың аса көрнекті мемлекет пен қоғам, ғылым мен мәдениет, әдебиет және өнер қайраткерлері туралы қаламгердің таңдау­лы эсселері енгізіліпті. Жазылу мерзіміне және баспа жүзінде жариялану уақытына сабақтастырып, әрбір тұлғаның тарихи-танымдық, әдеби портреттері бөлек-бөлек берілген. Барлығының қазақ тарихындағы, қазақ қоғамындағы орны мен сіңірген еңбегіне терең тоқталатын автор, олардың ел өміріндегі өмірі мен тағдырына, еліміздің дамуы мен өркендеуіндегі баға жетпес үлестері мен ерліктерін де бір сәт көзден таса қалдырмаған.
Олар кімдер еді… Академиктер Салық Зиманов, Өмірбек Жолдасбеков, Шаһмардан Есенов, Зейнолла Қабдолов, Манаш Қозыбаев, Төрегелді Шарманов, Рымғали Нұрғали, Халық Қаһармандары Қасым Қайсенов, Рақымжан Қошқарбаев, әйгілі сәулетші, өнер қайраткері Шот-Аман Уәлихан, профессор Темірбек Қожакеев, қаламгерлер Камал Смаилов, Қалтай Мұхамеджанов, Абыз, асыл әке Абрар Құл-Мұхаммед, ғұлама ғалым, қаламгер, зияткер Мұрат Әуез. Әрқайсысы бір-бір шың. Бөлек-бөлек биіктік.
Бірде-бір тұлғаның мәнді және маңызды дейтіндей өмір деректерін, еңбек жолының тағдырлы тұстарын кітап авторы бір сәтке де назардан тыс қалдырмайды. Асыра айтудан үнемі сақтанып отыратын қаламгердің өз кейіпкерінің кісілік келбетін, қайраткерлік, күрескерлік тұлғасын суреттейтін тұстарда тізгінді еркіне жібереді. Ағыл-тегіл, төгіле сөйлейтін беттеріне келгенде кітапты тебіренбей оқу мүмкін емес. Осынау тұлғалардың ел жадындағы, ел тарихындағы өшпестей есте қалған бейнесін сөз құдіретімен қайта тірілтеді…
Эссе кейіпкерлері оқырманмен еркін сөйлеседі, қимас досыңдай мұңдасады, бір тұста сұхбат құрғандай сыр ақтарып, жаныңа жақын келеді. Осының барлығын сырлы сурет, жасандылығы жоқ, табиғи, шынайы көркем бояумен, құнарлы тілмен жеткізетін қаламгер қолтаңбасының өзіндік стилі дараланып көрінеді.
«Стиль қаламгердің өзі» деп жазып еді академик Зейнолла Қабдолов әйгілі оқулығы «Сөз өнері» атты еңбегінде. «Ешкімді қайталамайтын, өз стилін тап­қан қаламгер ғана талантты туынды келтіреді» деген сөзді де Зейнолла ұстаз үнемі қайталаудан жалықпайтын. Демек, қаламгер Мұхтар Құл-Мұхаммед өз жазу стилі бар, ешкімді қайталамайтын, өзінің жолы, өрнегі, қолтаңбасы бар қаламгер. Бір сәт қаламының қанаты бар қаламгердің ой-толғамдарына, таным көкжиегіне, бейнелі суреткерлік баяндарына бір тоқтап өтейік.
Кітаптың беташар мақаласы «Ғұлама» атты эссесінде автор академик Манаш Қозыбаев туралы тосын тұстан оқырманға ой тастайды: «Ғұлама біткен дүниауи тірліктен ада, жан мен тәні тек тазалықтан, тұнықтықтан тұратын жан болмайтын ба еді. Академик Манаш Қозыбаев та сондай кіршіксіз сезім иесі болып өтті дүниеден.
…Жақында Алматыда болдым. Президент резиденциясынан кештете шығып, буддалық шығыстың ұлы перзенті М.Ганди атындағы көшемен жоғары өрлеп, мұсылман шығысының ұлы ғұламасы әл-Фараби даңғылына қарай беттедім.
Оң жақтағы бірыңғай жарқыраған шыныдан салынған іркес-тіркес, ығы-жығы, иықтаса, шынтақтаса салынған бейне бір футуристік картинадағыдай жаңа архитектуралық кешенді тамашалап біраз тұрған соң, назарымды сол жақтағы жатағандау үйлерге аудардым. Оның қабырғасындағы «Академик Манаш Қозыбаев атындағы көше» деген сөз көзіме оттай басылды. Батар күннің қып-қызыл шапағымен алаулап жанып тұрған сияқты. Санама «е, о дүниеде жатып-ақ өркениеттердің арасын жалғап жатыр екенсің ғой, қайран аға» деген ой оралды. Сол сәтте көз алдымдағы жатаған үйдің өзі биіктеп бара жатты…»
Шағын ғана лирикалық шегініс. Суретті, бейнелі сөз. Бірақ көл-көсір мағына мен мазмұнды сыйғызып тұрған осынау абзацта автор ойының мәйегі көрінеді. Бүкіл ғұмырын, тағдырын ұлтына арнаған, Алаш арыстарын ақтап алу жолында жанкешті еңбек жасаған, күрескенмен күресіп, алысқанмен алысып, бір елі шегінбей өткен тарихшы-ғалымның, ғұлама ғалымның тұлғасы көз алдымызда биіктей береді, биіктей береді…
Тап осындай әсерді басқа да тұлғаларға арналған эссе-портреттердегі бейнелі суреттеулерден, бедерлі баяндаулардан қалың оқырман терең сезініп отырады. «Ақсарағат» атты мақаладағы академик Салық Зимановқа арналған, «Алашұлы» атты мақаладағы академик Рымғали Нұрғалиге, «Арыстан» атты мақаладағы академик Өмірбек Жолдасбековке, «Шебер» атты мақаладағы академик Зейнолла Қабдоловқа, «Асылзада» атты мақаладағы Абырар Әкетайұлы Құл-Мұхаммедке, «Жолаушы» атты мақаладағы Мұхтар Әуезов пен Мұрат Әуезовке арналған әрбір беттің салмағы, мазмұны ойлы оқырманды бейжай қалдырмайды.
Салық Зиманов ағасына арнаған өте көлемді портрет-полотносында көкжиектен көз салып, тарих мінберінен сөйлегендей ағыл-тегіл шешіледі. Шешендік тіркестердің тізбек-тізбегін жақұт шашқандай шашады. Іркіліс жоқ. Тереңдік бар.
«Биіктікті еңсегей бойлы ерлерінің тұлғасымен өлшеген халықтың ұғымында бұл «асқар тау», «көк аспан» деген мағынаны береді және ол Зимановтай нар тұлғаның болмыс-бітіміне жарасып-ақ тұр. Академиктің заңғарлығы асқар таудың өзін асқақтатып тұрған құз жартас сияқты. Сен жақындаған сайын ол аспандай түседі.
…Сәтбаевтай даналардың серігі болған Салық аға бір қарағанда тәкаппарлау болып көрінгенімен, пернесін тап басқан жағдайда хан мен қарашаның қолында бірдей күмбірлеп қоя беретін қоңыр домбырадай қарапайымдығы басым. Әділет-шапқат жолындағы күрестерде қатуланып, қаһарланып кететін кездері де бар. Мұндайда көк семсердей өткір: сойып салады, тіліп алады.
Салық ағамызбен бүкіл өміріме жетерлік мол рухани азық сыйлаған Қазақ энциклопедиясында қызмет істеген берекелі белесте жақынырақ араластым» деп тебіренеді.
Қазақ үшін Алаш арыстарының соңғы сарқытындай көрініп, қан майданда жауын жеңген, арпалысып, тағдыр кешкен алып жанның әсіресе сонау тоқсаныншы жылы еліміздің егемендігі жолындағы тарихи мәні орасан зор декларацияны қабылдар тұстағы алты сағат бойы бір елі шегінбей, трибунадан түспей, алдында отырған ұлт тағдырына немқұрайлы қарайтындарға арнап сөз сөйлеп алысқанын, іштен шыққан сатқындар мен екіжүзділерге тоқтам айтып, тойтарыс берген ерлігін бейнелейтін беттерді оқыған оқырманның айызы қанады.
Бұл – Тәуелсіздік бізге оңай келмегенін, Салық Зимановтай ел ағаларының бірігіп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, сол алмағайып кезеңде тік тұрып, кеудесін оққа төсеп, ұлттың қамы үшін, ұлттың болашағы үшін өліп кетуге дайын тұрған перзенттік адалдығы мен бабалар қанымен келген батырлығы болмағанда, күніміз не боларын түсіну үшін керек.
Бұл – бізге, әсіресе жас ұрпаққа тарихтан сабақ алу үшін, болашақта да алмағайып заманның қармағына түсіп, қапыда қалмау үшін, сан ғасырлар бойында батырларымыздың қанымен, даналарымыздың ақыл-парасатымен бүгінге жеткен еліміздің бүтіндігі, амандығы үшін керек.
Ал енді кітаптағы Халық Қаһармандарына арналған «Қаһарман» (Қасым Қайсенов), «Жаужүрек» (Рақымжан
Қошқарбаев) атты мақалалардың – тағылымы бөлек, ұлағаты ұшан-теңіз дүниелер.
Бұларды қазақ деген халықтың арасынан шыққан жаужүрек, жау алдында тізе бүкпейтін, тіке келген жебені кеудесімен тосып алатын жалаңтөс батырлардың мол шоғырын тарихи, ұлттық құндылық ретінде терең түсінуге, қадірлеуге, бағалай білуге бастайтын мәні зор, маңызы терең ой-толғамдар деп бағалаймын.
Екінші Дүниежүзілік соғыста адам сенгісіз, таңғажайып ерліктер жасаған, бірінші болып Рейхстагқа ту тіккен, бірақ сол ерліктері ескерусіз қалған даңқты қазақ офицері Рақымжан Қошқарбаев пен
Украина ормандарында жасындай жарқылдаған жаужүрек партизан, ержүрек қолбасшы Қасым Қайсеновтің шовинистік саясаттың құрбанына айналып, қаншама жыл азап шеккенін, шетқақпай болғанын оқығанда ішің удай ашиды.
Тарихи деректермен, майдан күнделіктерімен, шешуші шайқастарда жалғыз жүрегін оққа төсеп, көзсіз ерлік жасаған осынау қазақ батырларының майдан шебіндегі күндері мен түндерін тәптіштеп, санаңа жеткізіп баяндап отыратын жолдарды оқығанда кітап авторының қаншама құжат ақтарып, қаншама дерек жинаған жанкешті еңбегіне риза боласыз.
Бес жылға созылған алапат соғыстың, қырық миллионнан астам жазықсыз жандардың құрбандығына алып келген, тұтас бір ұлттың санасын фашизммен улап, әлемді билеймін, үшінші Реих құрамын деп жер жүзін катастрофаға ұрындырған Гитлердің феномені бүгінгі адамзатты да ойландыруы керек. Осыны қайталамау үшін. Тағы да бір Гитлер шықпауы үшін. Мақала авторы осыны да еске салады.
«Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін елі сүйген ер Қасым Қайсеновке азат Қазақстанның ең жоғары наградасы – «Халық Қаһарманы» атағы беріліп, оның бар қазақты сыйдырған кең кеудесінде «Алтын жұлдыз» жарқырады деген сөздермен нүкте қояды мақаласына.
Біз, қазақ деген халық асыл текті аталардың, батыр тұлғалы бабалардың ұрпағымыз. Рухы биік, жан дүниесі таза, арына, намысына шаң тигізбеген ұлттың ғұмыры ұзақ болады. Құрған мемлекетінің іргесі бекем, ішкі бірлігі мығым, заманалар көшінде барлық қауіп, қатерден аман-есен шығып отыратын мәңгілік ел болады. Осынау идеяны арғы атағы жер жарған, алты құрлыққа сес болған империя құрған, алтыннан ғана ақкіреукелі киім киген, төріне ешкімді шығармаған текті ұлттың бұлақ бастауынан таратып, ататек, әулет, отбасы құндылығымен әдемі сабақтастырып әңгіме өрбіткен мақала-эссе, әрине, «Асылзада» деп аталатын автордың өз әкесі Абырар Құл-Мұхаммедке арналған дүниесі дер едім.

Әкеге деген сағыныш, әке деген ізет пен құрметті үлкен тағылымды тақырып етіп алып, бүгінгі жас буынға әсері, ұлағаты зор аталар аманаты, бабалар жолы деген қасиетті құндылықты текті әулеттің өмір, тағдырынан тарата отырып ұсынғанына қатты әсерлендім.
Ата-баба аруағын сыйлаған, әкенің, ананың қадірін тірі кезінде білген, ардақтаған, көздің қарашығындай қадірлеген отбасының тарихымен таныстым.
Ислам дінінің тарихын, ондағы әйгілі пайғамбарларымыз бен сахабаларымыз, Мұхаммед пайғамбар (Оған Алланың мейірімі мен шапағаты болсын), оның ұрпағы туралы тағылымды, танымдық әңгіме өрбітетін автор исі мұсылманға киелі саналатын тарихи деректердің барлығын асықпай баяндайды. Ұлы халифат құрған, дін таратқан ислам қайраткерлеріне бір-бірлеп тоқталады.
Өзінің тікелей ата-бабалары тарайтын Бақсайыс қожалар тарихын, солардан өрбитін Қасиетті шежірені баяндайтын тұстарында бұрын білмеген, бұрын естімеген деректерге қанықтым.
«Маған ғұмыр сыйлап, атадан төртеу болса да, әкеден жалғыз өскен, он перзент тәрбиелеп, тұтас әулет қалыптастырған асқар таудай ардағымыз – Абрар Әкетайұлы Құл-Мұхаммед биыл тоқсанның төріне шығады. Бұл еңбегімді қолыма алғаш қалам ұстатып, «Әліппеден» бұрын қасиетті «Құранның» аяттарын үйреткен, ата-бабаларының есімдерін жаттатқызып, халық әде­биетінің мол мұрасымен сусындатқан асылзада әкемнің торқалы тойына арнадым» деген арнау сөзден басталады мақала. Өнегелік мәні терең, ұрпақ тәрбиесінде әрбір оқу ордасының, әрбір мектептің, әрбір балабақшаның табалдырығынан бастап, оқу бағдарламаларына батыл енгізуге болатын қажетті дүние бұл.
Бұл ғана емес, автордың кітапқа енген барлық мақалалары туралы да осыны айтуға болады. Әрдайым оқырманға ой тастай сөз өрбітетін қаламгер жалаң фактілердің, құрғақ деректердің шеңберінде қалмайды. Оқырманын жалықтырмайды. Ой ауқымын кеңге салады.
Ұлтымыз бастан кешкен, еліміздің тағдырына бетбұрыс әкелген барлық тарихи оқиғалардың сабағына, тағылымына алдымен ой көзімен үңіледі. Өзі зерттеп отырған немесе өзі таңдап алған тұлғалардың өмірі мен тағдыры, қайраткерлік еңбегі арқылы елдің тарихын, мемлекет тарихын тұтастықта алып қарайды. Әрбір кейіпкердің жүріп өткен өмір жолы – еліміздің, ұлтымыздың жүріп өткен тарихымен, тағдырымен сабақтас, тамырлас, ішкі бірлікте сөз болатындығы кітаптың танымдық, өнегелік мәнін қол жетпес биікке көтеріп тұр.
Әрине, осында сөз болатын әрбір тұлға­ның өз жекебасы да бір-бір тарих. Олардың әрқайсысының жүріп өткен жолы, тағдыры үлгі-өнеге. Автор, алдымен, осыдан бастайды. Ел тарихы дегеніміз – тарихи тұлғалар, тарихи қайраткерлер тарихы екендігін терең түсінетін оқырман үшін осынау кітаптағы әрбір кейіпкер бір-бір тарау.
Ең бастысы – ағалар аманатына адалдық жолында автор аянбаған, ақ сөйлеп, ағынан жарылған.
Жазушы, қаламгер, ғалым, зерттеуші, тарихшы Мұхтар Құл-Мұхаммед ұзақ жылдар мемлекеттік қызметте жүрсе де, уақыт тауып, осыншама құнды, құнарлы жазбаларын құнттап, іждиһатпен жинап, шашау шығармай, шашасына шаң жұқтырмай, әбден пісіріп, ой елегінен өткізіп қалың оқырманға ұсынып отыр. Осынау құнарлы, құнды кітаптың бізге беретін олжасы мол болатынына, әрбір қазақтың төрінде тұратынына, жазу үстелінің үстінде жататынына сенімім кәміл.
Түйін. Абай сөзімен бастадық. Абай сөзімен аяқтайын.
«Көңіл аулап, сөз айтар,
Білер ме екен бекзатым!» –
дейді Абай өмірінің соңына жақындаған бір сәтінде…
Бекзат болмысты асыл ағаларына көңіл аулап, сөз айтқан суреткер қаламгерге біз де бір Алланың ризашылығы болсын дейміз!

Қансейіт ӘБДЕЗҰЛЫ

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір