ТҮРКСОЙ БҰҰ өркениеттер Альянсының достар тобының мүшесі болды
Халықаралық Түркі мәдениеті ұйымы – ТҮРКСОЙ БҰҰ Өркениеттер Альянсының (UNAOC) Достар
тобының 159-шы мүшесі болды.
Альянстың жоғарғы өкілі Мигель Анхель Моратинос 2023 жылдың 28 ақпанында ТҮРКСОЙ-дың осы халықаралық ұйымның қатарына қабылданғаны туралы хат жолдады.
Бұған дейін 2022 жылдың шілдесінде БҰҰ-ның «Өркениеттер альянсы» форумында UNAOC пен ТҮРКСОЙ ынтымақтастық туралы хаттамаға қол қойған еді. ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев осы Альянсқа мүшелікке берген өтінішінде ТҮРКСОЙ мен UNAOC-қа мүше елдер арасындағы тығыз байланысты атап өтті.
Сондай-ақ бас хатшы Раев 2023 жылы UNAOC-пен ынтымақтастықта әлемнің түрлі елдерінде өзінің 30 жылдығын атап өтетін ТҮРКСОЙ-дың жұмысын жетілдіру бойынша түрлі жобаларды іске асыруға келіскендері туралы хабарлады.
Осы тұрғыда мәлімдемеде ТҮРКСОЙ мен UNAOC мәдени дипломатияның жақтаушылары ретінде өздерінің күш-жігерін осы уақытқа дейін ұлттық және халықаралық деңгейде жүзеге асырған қызметімен біріктіретіні айтылған.