Құрметті достар!
Алдымен, сізерге сәлем бере отырып, еліміздегі барша қаламгерлердің басын біріктіретін ұйым – Қазақстан Жазушылар одағының 90 жылдық мерейтойымен құттықтағым келеді!
Жуырда ғана біз әлемдегі кітап мәдениетінің даму процесіне тосқауыл қоятын жайларға қарсы күрес жүргізу қажеттігін түсінген мемлекеттердің дипломаттары мен ғалымдардың, әдебиетшілердің қатысуымен «Кітап оқитын ұлт» тақырыбында VI Халықаралық конференциясын өткізген едік. Себебі, осыдан 30 жыл бұрын ел тәуелсіздігінің бастауында қоғамда орын алған әлеуметтік құбылыстардың қатарында, кітаптан да тәуелсіздік алу үрдісі етек алған болатын. Ал алдағы онжылдық ұлттың дамуына кітап оқудың қаншалықты ықпал ететінін түсінуге бағытталуы керек деп ойлаймын. Әлі де болса кеш емес.
Заманауи өркениет бұрынғы оқырманды – тас дәуірінен бастап жазу мәдениеті қалыптасқанға дейін адамзат басынан өткерген естуші мен көруші қалпына қайта әкелгендей. Егер аң терісін жамылып жүріп күн кешкен бабаларымызда әріптерді ойлап тауып, даму жолына түсуге мүмкіндігі болса, қазіргі өркениет кері шегініп, мәдениеттердің тоқырауына, адамзаттың азғындауына бастап келе жатқандай
…Тағы да бірнеше онжылдықтар артта қалар. Теледидар экрандары сөніп, компьютерлер де тоқтауы мүмкін. Осы кезде мәдениет атаулыдан жұрдай болған адамзат дүниежүзілік соғыстардың келесі бірінде мүлде жойылып тынар. Тіршілік жасауға қолайлы жер планетасы түпсіз шексіздікте шарықтай жүріп, тағы бір миллион жылдық даму эволюциясын күтетін де болар. Иә, жазу мәдениетін жаңадан қалыптастыратын кезеңді сарыла-сағына тосуы ғажап емес.
Көшпенділер мәдениеті қай-қашаннан тұрмыстық емес, сөз болмысына негізделгені белгілі. Алайда ХХ ғасырда ауызекі сөзге деген табынушылық кітапқа деген махаббатқа ұласқан болатын. Бар болғаны бірнеше онжылдықта кітап қазақ даласында мәдени төңкеріс жасады. Менің білуімше, әлемдегі бірде-бір мемлекетте бұл феномен Қазақстандағыдай айқын көрініс тапқан емес.
Мәселе тіпті 100 пайыздық сауаттылықта да емес: мұндай жағдай өзге де халықтарға тән екенін білеміз. Мен, қаламгер ретінде осы «ғажайыпты» өзім куә болған жайларға қарап айта аламын. Атап айтқанда, қазақ тіліндегі әдеби журналдар таралымы жағынан әлемде болып көрмеген деңгейге дейін көтерілді. Екі жүз бет болып шығатын «Жұлдыз» журналы (ешқандай қызықты суреттерсіз, тек өлеңдермен әңгімелер жарияланады) өткен ғасырдың 70–80-жылдары 220 мың дана таралыммен оқырманға жол тартатын. Бұл – жазып алушылар ғана. Тағы да ондаған мың данасы дүңгіршектер арқылы сатылып жататын.
Біз айта беретін АҚШ-та, Жапонияда, Италияда журналдардың мұндай таралымын армандаған да емес. Ал бізде осындай журналдар мен газеттер көптеп шығып жатты. Ұлттық баспалар жыл сайын қаламгерлердің кітаптарын, кітапшаларын, шетел жазушыларының үздік шығармаларын миллиондап шығарып, оқырмандарға жөнелтіп жатты. Олардың қатарында көркем әдебиетпен қоса, техникалық басылымдар мен оқулықтар да жетіп артылатын.
Шет мемлекеттерде поэтикалық кітаптардың таралымы мың данадан аспайтын кезде, қазақ ақындарының кітаптары жүздеген мың данамен басылып шығып, сөрелерден табылмай қалатын. Бәлкім, олар барша әлем тамсана оқитын озық туындылар жазбаған да болар, дегенмен кітапқа деген құштарлығы ерекше аса мәртебелі оқырмандарды қалыптастырып кеткені анық.
Жақында Мәдениет және ақпарат
министрі Аида Балаева маған келесі жылы «Аз и Я» кітабымның жарық көргеніне 50 жыл толатынын ескертіп өткен. Кезінде мәртебелі оқырманның бірнеше ұрпағына ерекше әсер еткен кітаптың мерейтойы өз дәрежесінде аталып өтеді деп ойлаймын. Осы арқылы кітап оқудан алшақтап кеткен оқырмандарды қайтаруға бағытталған бірнеше жобаны жүзеге асыруды межелеп отырмыз.
Еліміздің мәдениет саласындағы саясатын жолға қою – жеке қорлар мен бұқаралық ақпарат құралдарының қолдауына сүйене отырып, әлеуметтік және мемлекеттік тапсырыстарды жаңғырту арқылы ғана жүзеге асыру мүмкін екенін түсінетін кез жетті. Міне, сонда ғана ұлттық әдебиетте әлемдік үрдістерге жауап беретін мәдени бірегейлігіміз бен халықтық таным қалыптасатын болады.
Қазақстан Жазушылар одағын оқитын ұлт қалыптастыру ісіне атсалысуға шақырамын!
Олжас Сүлейменов
Қазақстан Жазушылар одағының
1971 – 1981 жылдардағы төрағасы