Сыр бойындағы ежелгі өркениет іздері Алматы шаһарында
01.10.2024
205
0

Алматыдағы Республика сарайында Қызылорда облысының Алматы қаласындағы өнер күндері аясында Сыр өңірі өнер шеберлерінің «Сұлу Сырдан – ару Алматыға» ат­ты гала-концерті өт­ті. Оны Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутат­тары, мемлекет және қоғам, өнер қайраткерлері, шығармашылық және зиялы қауым өкілдері, Алатау бөктеріндегі ару қаланың өнерсүйер жұртшылығы тамашалады. Бұл – қызылордалық өнерпаздардың Республика сарайындағы тұңғыш концерті.

Ән-жырдың ту тіккен ордасынан жеткен өнер майталмандары еліміздің басты сахналарының бірінде өтетін концертке тыңғылықты дайындалып, көрермен назарына ұсынылатын әр нөмірге жете мән берді. Сахна шымылдығы ашылғанда орындалған «Отан-ана», «Сыр елім», «Сырдың Қараторғайы» әндері тыңдаушысын баурап алды.
ҚР Еңбек сіңірген артисі Ғани Құлжановтың, театр артисі Нұрдәулет Баймаханның туған жер тақырыбындағы монологы әрбір адамның кіндік қаны тамған топыраққа деген сағынышын оятып, бейнебаян арқылы Сыр бойының тарихы мен бүгіні, Қызылорданың жаңарған келбеті айшықталды. Қасиет­ті жерден түлеп ұшып, қазақ өнеріне қызмет еткен Т.Жүргенов, Р.Бағланова, Ә.Нұрпейісов, Қ.Қожықов, Н.Бекежанов, С.Майқанова, К.Дүйсекеев, М.Ералиева, Б.Шүкеновтің жарқын бейнелері жұрт жадында жаңғырып өт­ті.
Сыр бойының бойтұмарындай болған жыраулық, жыршылық дәстүрдің ұрпақтан ұрпаққа жеткен асыл мұралары кез келген өнер мерекесінің сән-салтанатын аша түседі. Осы кеште де дәстүрлі өнер шеберлерінің шеруін күткендер Тұрмағамбет­тің «Тәлімін», Нұртуғанның «Жырауларға өсиетін», Нартайдың жыр бастауын, З.Дәулетбаевтың «Сыр сүлейлерін», Сәрсенбай жыраудың термесін Руслан Ахметов, Шолпан Бимбетова, Ақмарал Ноғайбаева, Майра Сәрсенбаева, Серік Жақсығұловтың орындауында тыңдап, бір серпілді. Айтыскер ақын, «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов арнау айт­ты. Оркестрдің сүйемелдеуімен белгілі күйші М.Сыдықовтың «Батыр баба» күйі, халық әндері орындалды. «Мәңгілік мұра» этномузыкалық композициясы, әлемдік классикалық музыкадан топтама, Алматы туралы әсем әндер шырқалды. Баян­мен, рояльмен орындалған туындылар, Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар, симфония оркестрлерінің сүйемелдеуі, «Томирис» би ансамблінің сахнаны көркемдеуі, өнер мерекесінің өрнегін әсемдей түсті. Гала-концерт ақын, композитор Е.Әбдіхалықованың «Қазақ елі» әнімен қорытындыланды. Алматы аспанын әдемі әндерімен, саф өнерімен тербеген Сыр өнерпаздарына көрермен қауым қошеметін аямады.
Қызылорда облысының Алматы қаласындағы өнер күндері Құрманғазы оркестрінің концерт­тік залында Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрінің «Жыр – қазына, күй – күмбез» ат­ты концертіне жалғасты.
Сондай-ақ Республика сарайында «Сыр өңірі – Түркі өркениетінің алтын бесігі» ат­ты көрме ашылды. Көрмеге Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутат­тары, ақын-жазушылар, шығармашылық және зиялы қауым өкілдері қатысты. Сыр өңірінің тарихын баяндайтын 6 бөлімді көрмеге ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енген Қорқыт мұрасы, ХІХ–ХХ ғасырларда Сыр бойы қазақтары пайдаланған құнды этнографиялық бұйымдар, музей қорындағы теңдесі жоқ зергерлік бұйымдар коллекциясы қойылды. Сонымен қатар тарихи тұлғалар Бұқарбай батыр Естекбайұлының, Қалмұхаммед ишан Маралұлының, Ер Сейітпенбет әулиенің, Сердалы би Бекшораұлының, Құлболды ишан Сұлтанұлының қару-жарақ, мөр, кітап, қолжазба, шежіре сияқты пайдаланған жәдігерлері әкелінген. Сыр елінен шыққан белгілі тұлғалардың домбыралар коллекциясы және «Алтын домбыра», жаңғырған жәдігерлер көпшілік назарына ұсынылды.
Атап айтсақ, өткен жылы жасалған «Шірік Рабат сақ жауынгері» реконст­рукциясы және оған тиесілі бұйымдар, облыстық музей қорындағы Шірік Рабат, Бәбіш мола қалашығынан табылған алтын жапсырмалар, қыш ыдыстар орналастырылған. Сондай-ақ көрмеден «Сығанақ ханшайымы» реконструкциясы және маржан көзді алтын сырғалар, көгілдір ақық көзді цилиндр формасындағы тұмар, тамшы формасындағы түймелер және маржан моншақтардың түпнұсқа коллекциясы, қыш ыдыстар мен глазурлі қаптамалар, құмыралар орын алған. Биыл қайта жаңғыртудан өткен «Түгіскен көсемі» мен «Жетіасар ақсүйек әйелі» реконструкцияларының да тарихы терең. Түгіскен көсемінің мүрдесі Оңтүстік Түгіскен ескерткішінен өткен ғасырдың 60-жылдары С.П.Толстовтың жетекшілігімен жүргізілген Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы кезінде табылған. Ал Жетіасар мәдениетін зерт­теген Л.М.Левинаның жетекшілігіндегі археологиялық экспедицияға әйел адамның қаңқасы және әшекей бұйымдары, киім қалдықтары кезіккен. Көрмеге биыл жасалған «Түгіскен көсемі» реконструкциясы және Оңтүстік Түгіскен ескерткішіне жататын музей қорындағы қыш бұйымдар мен ыдыстар қойылған. Мәскеу қаласындағы Миклухо-Маклай атындағы Антропология және этнология институтының қорында, Мәскеу қаласындағы музейлерде сақталған Жетіасар ескерткіштерінен табылған археологиялық материалдар негізінде жасалған «Жетіасар ақсүйек әйелі» реконструкциясы да келушілерге ерекше әсер ет­ті.
Осылайша, Сыр бойындағы ежелгі өр­кениет іздерін, тәуелсіздік жылдарында Шірік Рабат, Сығанақ, Түгіскен, Жетіасар, Жанкент, Қышқала, Асанас қалашықтарына жүргізілген кешенді археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесі туралы көпшіліктің танып-білуіне мүмкіндік жасалды.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір