Абай – өркениет­тік ой биігі
19.08.2025
183
0

Абай атамыздың 180 жылдық мерейтойына арналған салтанат­ты жиында, Қарт Шыңғыстауда, киелі Қарауыл жерінде, сіздермен кез­десу, жүздесу — мен үшін үлкен мәртебе, зор абырой.
Бүгін біз тек бір ақынның ғана емес, бүтін бір ұлт­тың рухани көсемінің, даналық биігіне айналған ұлы тұлғаның мұрасын ұлықтау үшін бас қосып отырмыз.
Абай — ұлт­тың ары, ұжданы, рухы. Ол — қазақтың ғана емес, күллі түркінің ортақ мұрасы. Абай арқылы біз тек қазақты емес, адамзат­ты танимыз.
Абай – өркениет­тік ой биігі. Ол өзінің поэзиясымен ғана емес, терең философиясымен, рухани кемел көзқарасымен, адамзатқа ортақ ой кешумен дараланған.
Абай: «Адамзат­тың бәрін сүй, бауырым деп» — деп, бүкіл адамзат­ты бауыр тұтқан гуманист. Бұл — әлемдік өркениет деңге­йіндегі ой. Бұл — әлемдік деңгейдегі ойшылдарда де кез­десе бермейтін аса терең түсінік. Абай осы ойды қазақы санамен, қазаққа ғана тән даладай пейіл, кең жүрекпен дала философиясының мәйегіне айналдырды.
Абай — аударылуы ауыр, ұғынылуы қиын тұлға. Егер біз Абайды әлем тілдеріне аударып қана қоймай, оның рухын, маңызын, ой ағысын өз деңге­йінде өзге тілге жеткізе алсақ, онда ол Пушкиннен де, Гетеден де, Байроннан да асып кеткен болар еді. Олармен терезесі тең тұрып, адамзат рухының үлкен биігі ретінде танылар еді.
Абай:
«Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы,
Өлмейтұғын артында сөз қалдырған?» – дейді.
Абай артында өлмейтұғын сөз қалдырды. Бұл сөз – ұлт­тың, түркі дүниесінің рухани тірегі. Біз бұл мұраны сақтап қана қоймай, оны дамытуымыз, таратуымыз, әлемге танытуымыз керек.
ТҮРКСОЙ ұйымы ретінде біз, Абайды тек қазақ халқына ғана тән тұлға емес, бүкіл түркі жұртының ортақ рухани асылына айналдыруды мақсат етеміз. Себебі Абайдың айт­қан:
«Ғылым таппай мақтанба,
Орын таппай баптанба» – деген жыр жолдары бүгінгі заманда да өзектілігін жоғалтқан жоқ.
Абай – тек ақын емес, тәрбиеші. Оның қара сөздері – ұлт­тың өзін-өзі тануының, рухани кемелденуінің жолбасшысы. Абай – жүректі тәрбиелейді, санаға сәуле береді, рухты шыңдайды.
Ол:
«Қайрат пен ақыл жол табар,
Қашқанға да қуғанға.
Әділет, шафқат кімде бар,
Сол жарасар туғанға» –
деп, нағыз адам болудың өлшемін беріп кеткен.
Бүгінгі тойдың Ұлы бабамыздың туған жерінде өтуі ерекше мәнге ие. «Қалың елім қазағым, қайран жұртым» деп толқыған, данышпанның тебіренісі Қарауылдың әр ескен самалынан, топырағы мен тасынан сезіліп тұрғандай.
Шыңғыс Айтматов: «Бір кезеңдер болды, сол уақыт­та Абай қазақ мәдениеті мен қазақ тілі үшін қорған болып, алдағы келе жатқан тілдік ассимиляция мен біржақты мәдени ықпалға қарсы ұлт­тық болмысты сақтап қалудың тірегі, құралы болды. Бірақ сол кездің өзінде ешкім Абайға қол көтеруге дәті бармады, ал бұл факт қазақ сөзін және ұлт­тық өзіндік сананы сақтап қалуға себеп болды» деп жазған болатын.
Абай – рухтың символына, болашақтың жарқын шамшырағына айналды. Ұлы тұлғалар адамзат өркениетін қалыптастырды, ал осы дүниетаным аясында Абайға ерекше орын берілгенін нық сеніммен айта аламын. Дәл осы Абай қазақ және әлемдік гуманитарлық эволюцияның ұстазы әрі негізін қалаушылардың бірі болды! Абайдың баламасы жоқ – ол ұлт­тық болмыстың, рухани оянудың символы. Егер біз өзімізді рухы мықты ұлт деп есептесек, бұл ең алдымен Абайдың арқасы. Оның рухы, идеялары әрбір қазақтың, әрбір түркі баласының, әрбір жер бетіндегі адамның жүрегінде жатыр. Ол адам бойындағы адамшылықты жырлады, бұл – асқан гуманизмнің шыңы! Абай артында өшпес тарихи жады мен ойдың ескерткішін қалдырды. Нағыз қазақ, нағыз адам болуды Абайдан үйренейік!
Құрмет­ті ағайын!
Абай – ұлт­ты ұйыстырушы күш. Біз оны ұлықтай отырып, келер ұрпаққа жаңа жол ашамыз. Жастарымыз Абайша ойлап, Абайша сезініп өссе, болашағымыз бекем болмақ.
Абай – бізге мирас, Абай шығармашылығы – бізге аманат.
Абайды ұлықтау – өзімізді ұлықтау. Абайды тану – адам болудың жолын тану.
Ұлы Абайдың 180 жылдық мерейтойы құт­ты болсын!
Рухани байлығымыз арта берсін!
Түркі дүниесі болып бірігіп, Абай мұрасын әлемге танытатын күн алыс емес!

 

Сұлтан РАЕВ,
ТҮРКСОЙ ­ұйымының
бас хатшысы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір