Қайтсем екен, ә?
07.09.2022
763
0

Уа, халайық, соңғы кездері мәнісім болмай жүр осы. Өйткені қалтама оны-мұны табыс түспегелі біраз болды. Табыс болғанда айлықты айтып отырған жоқпын, елге бермесек те, өзіміз өйтіп-бүйтіп алып жатырмыз ғой. Менің айтып отырғаным – көлденең табыс.
Бұл құрғыр үйреніп қалған соң қиын екен. Алақаным дуылдап, қышиды да тұрады. Бірақ түсіп жатқан «табыс» жоқ. Алақаным қышуын қояр емес.
Басында үйретіп алған өздері. Мен осы шаруашылыққа директор болып келгенде бәрі алдымда құрдай жорғалайтын. Өзімнің де түрім сұсты ғой. Сонан жұмыс жүріп берсін. Мен өзі ұйқы дегенді білмейтін адаммын, өзгелердің де ұйқысын қашырдым. Мамандарды құлқынсәріден егістікке, фермаға қуамын. Кешке бір аралап шығып тексеріп қоямын. «Бастық кешке келе қоймас», – деп жұмыстың аяғына қарай жұтып алған бір-екі еркінсіген маманның құйрығына шала байлап қойдым. Бір-екеуі жұмыстан кетті. Сөйтіп не керек, темірдей тәртіп орнаған.
Көп ұзамай біреуден босаған екі бөлмелі қоржынтамға екі көрпе, екі жастығымызды, аздаған ыдыс-аяғымызды алып, Еркетай жеңгелеріңіз екеуміз көшіп келдік. Қанша дегенмен қазақ емеспіз бе, көшіп келісімен ерулікке шақыру басталды.
Алғаш есік ашқызған өзімнің өндіріс жөніндегі орынбасарым болды. Дастарханда құстың сүтінен басқаның бәрі бар. Үйі кірсең-шыққысыз. Сабазың мұнша дүние-мүлікті қашан жинап үлгерді екен! Ішіп-жеп, демалып қайттық. Кетераяқ тостын сөйлер алдында орынбасарым маған бір жылқы атады, әйеліме пүліш камзол кигізді. Өмірі ешкімнен ештеңе алып, не беріп көрмеген, ішкен-жегенге мәз басым аң-таң қалдым. Сыпайылап, рақметімді айтып, бас тартқан болып едім, қазақтың жол-жорасын айтып мені «иліктірді». Оның үстіне әйелім қара саннан қатты шымшып алғаны. Құдай біледі бар ғой, бір түйір етін жұлып алғандай ашыды. Қойшы не керек, алдық қой.
Осындай үрдіспен араға апта аралатып басбухтың, бас инженердің, бас экономистің, бас агрономның, завферманың, бригадирдің… үйлерінде қонақта болып қайттық. Бәрі де құр қайтарған жоқ. Бірі ат, бірі соғым, бірі тағы бірдеңе атап жатты. Ең төмені – қой. Әрқайсысының кәстөм-шалбары тағы бар. Әйеліме кигізген бешпент, көйлектер мен салған орамалға шифоньер толды.
Қазақпыз ғой, бір айналым шақырыс біткеннен соң, «сыйға – сый, сыраға – бал, әрі есік көрсетейік» деп біз де шақырдық. Әрқайсысын жекелеп бөліп жатпадық, түгел шақырдық. Екі бөлмелі үйіміз қонаққа толы. Біз де солардан көргенімізді істеп дастарханды қайқайттық. Ішім-жем мол. Бәрі шетінен сөйлеп жатыр. Әрқайсысы сөзінің аяғында қоныс жайлы болсын айтып, «мынау гарнитур, мынау шифоньер, мынау, мынау…» деп бірдеңе ұсынады. Алмайын десең ұят, азсынды деп өкпелеп қалуы мүмкін. Конверттерді қалтама тоғыта бердім. Одан бөлек, кілем, палас, ыдыс-аяқ деген қаншама?!
Қойшы не керек, үй дүниеге толды. Осынша дүние-мүлік құрқылтайдың ұясындай екі бөлмеге қайдан сыйсын, «амал жоқ» жазға қарай жаңа үй салуға тура келгені. Онда да ақылшылардың «бастықтың үйі ауылдағы ең еңселі үй болуы керек» деген ақылымен кішігірім кеңседей зәулім сарай салынды. Оның қоныстойында түскен жиһаз, дүние-мүлікті атама, сұмдық! Қалта тағы конвертке толды.
Қойшы не керек, қазір сол хан сарайында тұрып жатырмыз. Бірақ соңғы кездері жұмыс қожырап кетті. Мамандар қиқаңдап, еркінситін сияқты. Ұрсайын десең, алғаның есіңе түседі. Сонсоң ескертумен шектелесің.
Соңғы кездері сәбсім болмай барады. Бәрі бетімен кеткен. Көрсеткіш құлдырады. Ауданнан күнде еститінім – ұрыс. Бір-екі рет сөгіс те алдым. Содан бір жиналыста қаһарыма мініп, біразын сілкіп алмақшы болғанмын. Сөйтсем, әу баста құрдай жорғалағандардың мінездері өзгерген. Сәл дауыс көтеріп ұрса бастасаң болды, біреулері жылқыша кісінеп, біреулері сиырша мөңіреп, біреулері қойша маңырап шыға келеді. Сөйтсем бергендерін ескерткені екені ғой. Үндей алмай қалдым. Өздері бұрынғыдай оны-мұны «сыйлық» ұсынуды да қойған қазір.
Енді ойланып отырмын: «Қайтсем екен, ә? Қазір әркім өз командасын құрып жатыр. Мен де қайтадан өз командамды құрып, мамандарды жаңалап алсам ба екен? Сонда қызметке жаңадан келгендер немесе бұрынғылардың ішінде орнында қалғандар қарап қалмас. Мына алақанның қышуы бекер емес. Қой, тез іске кірісейін. Сөйтейін де алақанның қышуын қандырайын! Әйтпесе, қаси-қаси қотыр болып кетер. Осым дұрыс шығар, ә?»
Кешегі кеңестік кезеңде жауапты қызметтер атқарып, түлкі заманда тазы боп шалған Алғышбек Алланың арқасында ғұмыры ұзақ болып, тәуелсіз Қазақстан тұсында да бақытты өмір сүріп жатыр. Дәл қазір жасы 85-те. Ақыл-есі бүтін, денсаулығы аттай. Құдай көп көрмесе, 90-100-ден де үмітті. Сайтан болып кеткен жоқ, өзекті жанға – бір өлім, әйтеуір бір күні өмір көші тоқтайтыны белгілі. Сол сағат соққанға дейін жүре тұрғысы келеді де жұмырбасты пенденің.
Сол Алғышбек ағамыз бүгінгі заманға болжам жасай отырып ойлайды да…
«Япырай, қазақтың «біз де қатын болғанбыз, қапқа тары салғанбыз» дегеніндей, заманында «Құдай өзі кешірсін» деп біз де бұйырғанын біраз қылғытқан едік. Сонда бір шоқып, екі қарайтынбыз жан-жағымызға. Және де біз «өкіметтен жеп жатырмыз ғой» деп жұбататынбыз өзімізді өзіміз. Ал қазіргілердің араны сұмдық!
Олар мемлекет қазынасынан халықтың несібесін жеп жатыр. Өздері қақалмайды да, шашалмайды да екен. Қазанның қақпағы ашық. «Қазаннан қақпақ кеткен соң, иттен ұят кетпегенде» қайтсін енді! Тәбеттері сұмдық.
Біздікі бұлардың қасында түк емес екен ғой. Ей, Алла, бүгінгі тойымсыздарды тобасына келтіріп, Қазақстанның «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетіп жатқан байлығын қазынаға қайтара гөр!», – деп тілеп отырған жайы бар.
Өткеніне өкініш білдіріп, бүгінгілерге қанағатшылдық туралы ақыл айтатын кешегі Алғышбек сияқты ағаларымыздың ақыл-кеңесіне құлақ түрейікші, ағайын!
Қанша айтқанмен өмірден көргендері, көңілге түйгендері бар ғой.

Маған ақыл айтпайтын адам жоқ

Сіздер сеніңіздер, сенбеңіздер, ол патша көңілдеріңіздің еркінде, дәл қазір маған ақыл айтатын адам көп. Бала кезде, шала кезде ақылды әке-шешем айтатын. Оған кейіндеу тағы бір ақылды бас қосылды. Ол бас – әйелімнің басы. Кейіндеу жасы жетіп әке-шеше «ауылдарына» аттанды. Бірақ ақыл айтатын бас азайған жоқ, қайта көбейе түскендей. Ақыл айтқан адам сені жаман болсын демейді, сондықтан бәрі тілектес. Ендеше, тілектестердің көбейгені жақсы. Ақыл артық болмайды. Өзгенің ақылымен жүрсең, өз ақылың «запаста».
Ал енді сол ақылды саралап, сорттап көрейікші: «Арақ ішпе! Арақ өзіңді аздырады, отбасыңды тоздырады». Маған тілектестер тарапынан айтылатын нөмірі бірінші ақыл – осы. Мен, шынымды айтайын, өзім арақпен ауызданғаннан бергі 34 жыл ішінде ешкіммен жаға жыртысып көрмеппін. Арақ ішкен күні менен момын адам жоқ, бетегеден биік, жусаннан аласамын. Кейде өзім деген достарыма еркелеп «айттым бітті, кестім үзілді» дейтінім бар еді, сөйтсем ол да «пиәншіктің» сөзі екен. Оны да қойған жайым бар. Керісінше, сол менің ақылшыларымның кейбіреулері аузына ақаң тиген күні – «король». Сол күні одан мықты, одан ақылды жан жоқ. Айтқанын істеп, айдауына жүруің керек. Әйтпесе… Арада апта өтпей маған ақыл айтатынын қайтерсің тағы!
Бір күні тілектес Айдаубай жолығып қалғаны. Өзін көрмегелі де көп айдың жүзі болған, соны атап өттік.
– Бөден, соңғы кездері сен көптеу нетіп кетті дейді ме қалай өзі? Осы нені неғылғаның дұрыс қой. Біздікі – тілектестік.
Бұл Айдаубайдың алғашқы тосты алар алдында айтқан ақылы. Қабылдадым. Менің адам болуым үшін тартып жібердік. Қысқасы… Сол отырыста Айдаубайдың бір қап тегін ақылын тыңдап, соңынан өзін әзер сүйемелдеп жеткізіп салдым үйіне.
Тағы бір тілектес Ақылкөп телефон шалғаны:
– Бөден, кеше өлім болды. «Ана кісі» сенің көшеде теңселіп кетіп бара жатқаныңды көріпті. Сонша ішпесең… – Мен үшін «ана кісінің» алдында ұяттан өртеніп кете жаздаған досымды не деп жұбатарымды білмей сасқаным. Өйткені «ана кісінің» мені қай жерден көргені есімде жоқ. Өйткені кеше мен бұл маңда болғаным жоқ. Алыс бір ауылда қайтыс болған құданы жерлеуге барып қайттым. Онда арақ ішілген жоқ – бір, онда «ана кісі» болған жоқ – екі. Әлде ол кісі менің елесімді көрді ме екен? Мүмкін…
Бірде бір жиналысқа кіргелі тұрсақ, маған тілектес бір досым:
– Бөке, кеше жетім қыздың тойын жасағансыңдар-ау шамасы, иісі айдаладан ұрып тұр ғой, – дейді шімірікпестен. Ал менің «итжандылықпен» өзімді-өзім зорлап арақ-шарап түгілі айран-шалап та ішпегеніме аптадан асқан. Бірақ оны немен дәлелдерсің. Мүмкін пәленбай жыл спірттенген денеден иіс шықса шығып та тұрған шығар! Айтқан ақылын үндемей тыңдай берген дұрыс ондайда. Мен тура солай жасадым.
«Бөрінің аузы жесе де қан, жемесе де қан» деген атақты мәтелге ағайындас: «Бөденнің аузы ішсе де, ішпесе де арақ сасиды», – деген тұрақты тіркес сонда туындаған. «Атың шықпаса, жер өрте» деген осы. Тіпті ондай да атағы жоқтар бар. Оған да шүкір. Ілгеріде бір досым: «Сенің журналист болғаныңнан не пайда! Иттің итақайы шығып жатқан газетке атымды бір шығармадың. Жамандасаң да, жазшы бір мен туралы!» – деп өкпелеген. Содан «ұялғанымнан» әлгі әңгүдік туралы «Ара» журналына бет-аузын аймандай қылып сықақ әңгіме жазғанмын. Ол сабаз соны бір апта жуыпты. Ал мынау соның аумай қалған аксиомасы, жуайын десем, қалта тесік. Ішкен адамда ақыл болмайды, ақылы жоқ адамда ақша қайдан болсын!
Маған айтылатын нөмірі екінші ақыл жүргеніме, тұрғаныма, сөйлегеніме, жазғаныма, сәлемдескеніме, қоштасқаныма… байланысты. Ақылшылардың айтуына қарағанда, менің жүргенім де, тұрғаным да, сөйлегенім де, сәлемдес­кенім де… бәрі-бәрі біртүрлі нелеу екен. Әсіресе «жақсылар мен жайсаңдар» бас қосқан жерде.
Ондайда бастықтарға қол беру, жол беру жөнінен кемшілігім бар сияқты. Ал жазуым өзіме жау болып шықты. Ақылшылардың айтуынша мен жазған мақаланың кейбіреулерінің ішінде улы элементтер жүреді. Соған сақ болу керек.
Осыншама көп ақылдан кейін қазір мен өзімнің есімнің дұрыс екендігіне күмәнданатын жағдайға ұшыраған сияқтымын. Содан бір күні үйде өзімді-өзім «тексеруден» өткіздім.
Айнаның алдында тұрмын. Аузымды аштым, көзімді жұмдым, тілімді шығардым. Қол-аяғымды қимылдаттым. Төбемді тоқылдаттым. «Айнадағы адам» менің істегенімді қайталады. Байқауымша бәрі дұрыс. Сонсоң әлгі адамға дауыстап сәлемдестім: «Ассалаумағалейкум! Қал қалай, Бөден? Үй-іші, бала-шағаң аман-есен бе? Денсаулығың қалай? Осы сен ішкеніңді қашан қоясың-ей, оңбаған! Елге әбден күлкі болып біттің ғой! Өзіңде ақыл да жоқ, не елдің айтқан ақылын тыңдамайсың!»
Басы сәлеммен басталған сұхбат осындай сөгуге жетіп қалған кезде есік ашылып, үйге әйелім кіріп келгені. Ол айнаға қарап, өзімен-өзі сөйлесіп тұрған мені көріп талып түсе жаздасын. «Өлә, мынау әбден арақтан ақылы ауысып біткен екен! Әйтпесе, сау адам айнаға қарап өзімен-өзі сөйлесе ме! О, сорлы басым! Сонша жерден осы пиәншікке қайдан тап қылдың мені, Құдай! Өзім де сорлымын соры ашылмаған, сонша бала туып нем бар десейші!»
Зарлап қоя берді. Тап мен дүниеден қайтып, оң жаққа салып қойғандай. Оныкі де жөн, мынадай тозақтың отына күйіп отырып қалай зарламасын. Зарла, зарла!
Мен өзімді-өзім «тексеруден» өткізіп жатқанымды түсіндіріп жеткізу мүмкін еместігін түсініп, есікті тарс жауып, сыртқа зыттым.
Ертесіне жұмысқа келе жатып ойладым: «Осы бетіммен тентекханаға барып тексерілсем қайтеді. Көрінгеннің маған ағыл-тегіл ақыл айтуы, әйелімнің зарлауы тегін емес. Мүмкін… мен… шындығында да…» Күдік күшейе түсті. Ақыры алдымен жұмысқа кіріп шығуға шештім. Жұмысқа тарттым.
Телефон шылдырлады… Құлақшасын көтеріп, кезекті бір ақылды қабылдауға «локаторымды» тоса бердім.

 

Болат ЖАППАРҰЛЫ

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір