САРҒАЯТЫН БІЗДЕГІ ЖҮРЕК ЕКЕН…
26.11.2022
1718
0

Біржан АХМЕР

Қоңыр күз. Көше тұманды.
Асықты тағы көпшілік.
Тіленші шырқап мұңлы әнді,
Тұр әлі тонып, бет суып.

Ешкімге ешкім қарамай,
Ешкімді ешкім елемей,
Өтеді жанай,
жағалай,
Өтеді солай,
жебемей.

Сүйеді ол да өмірді,
Күйеді ішкі дертіне.
Бағады және көңілді,
Қарамай жалын, өртіне.

Шырқайды блюз, джазды да,
Аспаптың даусын құбылтып.
Көшені шарлап саз мына,
Тұратын бәрін ұғынтып.

Кім қарар мынау көңілге?
Бұрышта бүрсіп қалар жан.
Бәрі де қымбат өмірде,
Адамның жаны ғана арзан.

* * *
Жапырақтар сарғаймайды..
Жапырақтар сөйлейді бізге қарап.
Кімдер екен дарытқан күзге қанат?..
Мен отырмын қиялдың бұрышында,
Айта алмай түзге жауап.

Жапырақтар сарғаймайды..
Ән айтады жапырақ – ару сынды,
Әрі нәзік, бұл әуен әрі сырлы.
Күй-жүрегім, күмбірле, күтпе бекер,
Күз тыңдасын қағысыңды.

Жапырақтар сарғаймайды..
Айналады жай ғана сағынышқа,
Сезінеді жанымен оны құс та.
Олар ұшты, биледі…
қарамастан,
қаладағы сабылысқа.

Жапырақтар сарғаймайды..
Сарғаятын біздегі
жүрек екен…
* * *
Гүлдерді өлеңге қостым,
Гүл бүрледі,
Мен солдым.
Түндерді өлеңге қостым,
Түн нұрланды,
Мен тондым.

Жұлдызды өлеңге қостым,
Жарық қылды аспанды.
Бір қызды өлеңге қостым,
Жанарынан жас тамды.

Бақтарды өлеңге қостым,
Бұлбұл құсы сайрады.
Ақ қарды өлеңге қостым,
Тұңғиыққа байлады.

Теңізді өлеңге қостым,
Ол толқыды,
Мен тындым.
Жалғызды өлеңге қостым,
Ол жұбанды,
Мен күлдім.

Тамшыны өлеңге қостым,
Тереземен үйлесті.
Таң шығын өлеңге қостым,
Тірілгендей күй кешті.

Сезімді өлеңге қостым,
Болды содан бос дене.
Өзімді өлеңге қостым,
Өзгерген жоқ ештеңе.

* * *
Дауылдан кейін тыныштық орнайды.
Дауылдан кейін түс тұнық.
Аспан жақта ұшып барады тағы да,
Бұлт көкірегін
құс тіліп.

Бұл маусымда сөйлеуге де зауқы жоқ,
Көктің,
Жердің,
Шөптердің.
Терезенің сызықтарынан байқаймын,
Сұсты елесін өткеннің..

Таңсәріде бәрі де қайта туып,
…оянады.
Шықсын енді іштегі ым.
Түн жамалы Күн түсіне боялады.
Өмірімдей –
Шым-шытырық түстерім.

Бұл маңайда бұрынғыдай
Әлі де
тып-тыныш…
Суық күнде тырмысып,
Әрбір үйдің тырмалайды есігін,
Көше кезген
сұр мысық.

* * *
Өлең жазсам, жүрегім ізгіленіп,
Тереземнің сыртында күз күледі.
Ақ сағымнан жаралған қашаған жыл,
Қарашықта қайығын жүздіреді.

Өлең жазсам, өзіме сапар шегіп,
Күдік шамы ілезде қалар сөніп.
Ой ғажабын сезініп, көкке ұшамын,
Омырауын бұлт­тардың балаша еміп.

Ғажап сондай, әркімнің өз әуені!..
Түс секілді бұл жұмбақ кезең еді..
Ұйқымды ұрлап алғандай тәт­ті қиял,
Ұйыған түн.
«Жаралған сөз әуелі».

Қар жауып тұр.
Қара аспан.
Не демекпін?..
Тылсым ба деп мен соған елең ет­тім.
Қиял торын, түн келсе, жарып ұшар,
Жан ішінде жаралған көбелек-мұң.

* * *
Уақыт­ты тоқтатып қойып,
Сырлассақ қайтеді,
Мұңдассақ қайтеді екеуміз ғана,
Жанымнан сонда өктем
жел өтер қызғана.

Уақыт­ты тоқтатып қойып,
Шат­тансақ қайтеді,
Ақталсақ қайтеді жүрек тілінде,
Айдың үстінде
немесе
түнек түбінде..

Уақыт­ты тоқтатып қойып,
Жүздессек қайтеді,
Іздесек қайтеді жанның дауасын,
Жалғанды қойшы,
Жүректер
салқындамасын.

Уақыт­ты тоқтатып қойып,
Өзіңді жоғалтпай,
Көңілді жасытпай,
Өмір сүрейікші екеуміз,
…..
Асықпай.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір