Құлпытас немесе өзіне өзі ескерткіш қойған ақын
Абайға наз айтып кеткен бір ақын болса, ол – Жарасқан. Абайдай ақыны бар ел, ескерткішінің алдында итпен қыдырған астана болса, ол – Алматы. Бұны да айта-айта тіліміз жауыр болды. Абырой болғанда, астана кейінгі тарихтың шежіресінде басқа жаққа қоныс аударды. Өлеңге өнеге, әдебиетке абырой керек десек, енді қара сөздің қадірін басқаша ойлау керек шығар.
Жарасқанды бір білсе, білетін менмін. Әрі іні, әрі дос, әрі жанашыр, айналып келгенде, әдебиет деген әлем басымызды бір кемеде тоғыстырды. Ол 50-ден сырғып өтті де, айтарын төртінші мүшелде асығыс айтып кетті. Төртінші мүшелден әрі тоқтамады. Бұл күнде үш өлеңін жұрт жатқа айтып жүр. Жастар да, жасамыстар да, кәрілер де, әр нәрсенің тұрағы – үшем екендігіне таңғалғандай. Өмірде үшем деген өлшем бар. Адамзат уақыт құндағында айналасына байырқап қарайды. Өмір мен өнердің үшемі бар. Жарасқан да – өнердегі өз үшемін тауып, ешкімге салмағын салмай, өмірге еркін келіп, еркін кеткен азамат.
Ол жиырма жасында «Ақ бұлақтарды» жазды. Әуелі өлеңін оқиықшы.
«Ақ бұлақтар!
Алқынған ақ бұлақтар!
Қазір – Көктем,
Алдың – Жаз,
шапқылап қал!
Тұнығыңды асыға тұр күтіп бақ,
көкірегін бір сезім – гүл қытықтап;
қылығыңды сағынып ақын біткен,
саған деген бір табан жақындықпен,
күміс сыңғыр күлкіңді жырға қосып,
жүр сонау бір құлпырған қырда тосып!
Жатыр аңсап – ортайған көлдер сені,
жатыр аңсап – қартайған
шөлдер сені,
жатыр аңсап – жауқазын
жаңа шыққан –
Қызылқұмда орнаған қалашықтар.
Қиялдағы қария келбетімен –
мың сан арна жоғалған жер бетінен
жатыр аңсап…
Алқынған Ақ бұлақтар!
Қазір – Көктем,
алдың – Жаз,
шапқылап қал!»
Бұны Жарасқан жазған, бойында өлеңге деген Құдай берген таза таланты, қара сөзге деген ақ пейілі бар адам жазған. Ол ешкімді алдай алмайды, ортайған көлдер мен қартайған шөлдерге қарап тұрып адал сөзін айтады, көзі бітеліп қалған бұлақ көрсе, жаны ышқынып, жар салады. Ол – алпыс екі тамыры ақбұлақ боп алға шапқан өлең сөздің алдында пәк боп туған бір пенде.
Екіншісі, «Қосу менен көбейтуден тұратын, Ақ махаббат – менің асыл мұратым», – деп өз сөзін өзіне эпиграф етіп алған, ел-жұрттың есінен кетпейтін өлеңі – «Менің арифметикам».
«О, махаббат,
сегіз әріп,
бір арман!
О, бір арман,
Қырық қыздан құралған!
Мұңды жырсың –
тебіренсем,
толғасам,
бір қыз болып жолығасың сен қашан?»
Ол – өзінің жан серігін тапқан бақытты жан. Өмірдің ақ кемесінде қол ұстасып, өзі тұңғиыққа аттанарда бар музасын «сегіз әріп, бір арманына» сеніп қалдырып кетті. Сөйтіп, өзі рахат әлемге батып бара жатты.
Бірде, үстел басында ақындар жайлы әңгіме болды.
– Жарасқан – Абайдан кейінгі ақын ғой, – деді ақынның жары – Абайдың ұрпағы Нәзігүл екіленіп.
– Нәзік, жолда Мағжан, Қасым, Әбділда, Мұқағалилар бар емес пе?
– Жоқ, мен үшін ол – Абайдан кейінгі ақын, – деп айтқанынан қайтпады Нәзік. – Ол – өзіне өзі құлпытас қойып кеткен ақын.
Жан жары өмірлік серігі үшін жанын беруге әзір еді, анадай толғатып жақсы өлең жазған ақынды жанының бір бөлшегі ғып алақанына салып әлдилеп өтті. Өзі де сағынышын баса алмай соңынан ере кетті.
Үшіншісі – арнау өлеңнің символы боп қалған, Мұқағали Мақатаевқа арнаған «Ақын кетіп барады» деген атақты өлеңі.
«Ақын кетіп барады
көшеменен,
екпінінен бір дауыл еседі
ерен…
Жанарында найзағай
семсер сілтеп,
Кеудесінде қара бұлт
көшеді өлең!» –
деп, поэзия кемесінде Мұқағали екеуі ағалы-інілі боп қол ұстасып, бірге жүзіп бара жатқандай күй кешеді. Өлең арпалысқа толы. Азабы да аз емес.
«Қазақ тілін білмейтін қазақтарды
көріп, бәлкім, ол іштей азаптанды?!
Ал мәңгүрттер деп осы ойың қалай –
Мықтылығын қойды ма мойындамай»
Оның философиясы айқын. Бұл жерде жарасқандық философия бәрін басып озып, алға шығып тұр.
«Аға түгіл тыңдамай бала да ақыл,
орнағандай басына заманақыр…
Қайран ақын безініп бүгінінен –
болашаққа адымдап бара жатыр»…
Олар, Мұқағали екеуі қол ұстасып, тағдыр салған тар сүрлеумен болашаққа бет алып бара жатқаны ел-жұрттың көз алдында. Ағалы-інілі екеу – бір-біріне сенімді. Бірі Алатаудың ақиығы болса, бірі – Аралдың арманшыл баласы. Екеуін өмір шіркін өлең үшін жұптастырып жаратқандай. Олар «нанын жеп, суын ішкен» қоғамның ағысына қарсы жүзді. Тоғыз балл қоғам толқып, құлаштарын кең жаздырмады, Мағжан мен Қасымды алып кеткен асау теңізге бұл екеуі де шым батты. Оларға қанқасап 37 мен орыстың арбасын аянбай сүйреткен 50-жылдардың оғы тисе, бұл екеуі кемелденген социализмнің сайқымазақ картиналарына қарай алмай бақилыққа аттанып кетті.
Жарасқан ақырғы өлеңін жазып кетті. Эпиграфын былайша қойды:
«Кей-кейде ешкімде жоқ қуат дарып,
Оңаша ой сапырам,
Күй ақтарып!..
Еріксіз салады еске ертеңімді,
Әр өлең – ақырғы өлең сияқтанып…»
Ақырғы өлеңін жазып кеткендер сирек. Жарасқан ақырғы сөзін айтты да, жазды да. Ол бәрін білді. Өлеңде де, өмірде де қайшылыққа төзімсіз жанарымен куә болып, айхай көңілі аһ ұрып, бәрімен саналы түрде қоштасқандай болды.
«Ақырғы өлең,
ең ақырғы,
ақырғы өлең,
сұсты еді,
суық еді атың неден!
Сонда да қорықпастан,
торықпастан
жыл санап мен өзіңе жақын келем!»
Жарасқан бәрімен бас изесіп қоштасып бара жатты. Әсіресе, өзінің өмірлік тағдыры – өлеңмен. «Ақырғы өлеңін» жазуы – адамзатпен қоштасуы, әдебиет әлемін қимай қоштасуы кім-кімді де таңғалдырды. «Жүрерсің Жазушылар одағында, қадірін қаламдастың сез дегендей…». Бұл өлеңнің «Соғыстан соң туғандар» деген кітаптың ең соңына еніп, соғыстан соң туған бүкіл бір ұрпақтың атынан «Ақырғы өлең» боп айтылуы Жарасқан қолтаңбасына жарасып-ақ тұр.
Жарасқан қайсыбір жылы депутаттыққа кандидат боп ұсынылды. Ақын Жарасқан пәни мен бақиға қалай керек болса, сол кездегі жаңа құрылған жас саяси ұйым – Қазақстан Республикасының Аграрлық партиясына да (қазіргі «Ауыл» партиясы) солай керек болды. Мен – сенімді өкіл болдым. Ол сонда халық қалаулысы атанып, көгілдір экраннан көрінсем деп көңілі алабұртқан жоқ, өзінше өлең деңгейін байқағысы келді, сол арқылы әдебиет әлеміне барлау жасамақшы болды. Ақын тізім бойынша үшінші боп депутаттыққа кандидат ретінде тіркелді. Қызылорда, Ақтөбе, Оңтүстік Қазақстан, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарында кездесулер өтті. Осы кездесулердің қай-қайсысында да ол өзі туралы айтып, мойнына міндет жүктеп, бос уәдеге бой алдырған жоқ, халықтың сұрауымен ескі де жаңа өлеңдерін жатқа оқыды. Әдебиет пен өнердің өресін биіктетуді ең басты аманаты ретінде сезінді. Қызылордада болған кездесуде жастар: «О, махаббат, сегіз әріп бір арман», «Шторм», «Ақ бұлақтар» секілді өлеңдеріңізді өз аузыңыздан естісек», – деп қолқа салды. Кездесудегілер: «Біз сіздің партияға бір кісідей дауыс береміз», – деп ағынан жарыла ақтарылды. Жарасқан саспады. «Әркім білгенін айту керек, білмейтін іске балта шабуға болмайды, – деп бәріне байыппен жауап берді. – Поляктың Адам Мицкевич деген ақыны көсемсөз жазуды қырық жасында бастаған екен, мен елуімде партияға кірдім. Мен елім мен жерімнің аманатын орындап жүрмін, сатылған жердің мұңын, тартылған арнаның суын жырласам – сол менің мандатым», – деп ыржия күлді.
Қызылорданың Шиелі ауданында өлең оқып, қолтаңба беріп, әбден шаршаған ол: «Жұрт мені қалада жүріп, тек «Дала, сенің ұлыңмын» деп өлең жазғаннан басқа не біледі деп ойлайтын болу керек, даланың алдындағы жан қиналысымды да білсе ғой», – деп сирек тістерін көрсетіп, риясыз күлімсіреді.
Оқу орындарында, астық қоймалары мен наубайханаларда, тіпті вокзалда пойыз келе жатқанда қолтаңба беріп тұрды. Сондай кездері ұзақ бөгелетін. «Игі тілекпен» деп сүйкей салу қолтаңба емес», – деп эпистолярлық жанрға өте жауапкершілікпен қарайтын. Ол депутат болған жоқ, бірақ «Ауыл – қаланың анасы, Анасын ұмытпайды баласы», – деп партияның ұрансөзін жазып кетті. Қазір «Ауыл» партиясынан тақталасқа түскендер осы ұрансөзді анда-санда еске алып қойса, артық болмас еді.
Ол – өлең сөздің тігісін әдіптеген айтары бар сыншы еді. Жұқалтаң денесіне біткен білгіштігі мен әдебиет теориясын бүге-шігесіне дейін бойына сіңіргендігі әр сөзінен байқалып тұратын. Өлең сөздің дертін дәл тауып, жақсы өлеңнің жұлдызын жандырып, егер «бірі жамау, бірі құрау» болса, аямай бетке басатын. Кейінгі толқынға қамқор еді, Аманхан мен Есенғалиды жыр сәйгүлігіне мінгізіп, ердің басынан нық ұстатып, аламан бәйгеге қосқан да – өзі. Ол ҚазМУ мен ҚызПИ поэзия аудиториясының құтты қонағы болатын. Бәйшешек ақындарды басынан сипап, бағыт-бағдар беруді жол сілтер үлкендік деп білетін.
Ол соңына түссе, «екінші Оспанхан» атанар сөздің сүйегін сырқыратқан сатирик еді. Осы қабілетін эпиграмма жазып дәлелдеп, жазушы қауымның қаламгерлік һәм пенделік мінез-құлықтарымен қатар тоқырау жылдарында орын алған әдебиеттегі әлеуметтік жағдайларды да көзге шұқып көрсетті, «Әзілің жарасса» деген тұңғыш эпиграмма кітабын шығарды. «Фаусты» жазған жанға басымды иемін, әйтсе де эпиграмманы сүйемін» деген Пушкин сөзін эпиграф етіп алған кітап қазақ әдебиетіне қосылған тосын сый болды.
Жақсының артында сөз қалады. Ол көздегенін дәл тигізер айтқыштың өзі еді. Ауруханаға алып бара жатқанда: «Қош, шаңырағым!» – деп соңғы сөзін айтты. Қайта оралмайтынын білді, қара шаңырағымен де, жазу үстелімен де осылай қоштасты. Бойында өзіне тән өршіл рух бар еді, сол қасиетін өлгенше сақтап кетті. Жатын палатасына бас дәрігер кіріп, үкіметтен өкіл келетінін айтып, шашын тарап, қошемет көрсетіп жатқанда: «Үкімет адамы келгенде тәуір боп кетіп, ұят боп қалмаса, нетті» деуі – ажал шіркінге күліп қараған адамның кейпі емес пе?
Ең соңғы «Құлпытас» кітабына алғысөз жазған Темірхан Медетбек асқақ рухты ақынның бет-бейнесін былайша бейнелейді: «Жарасқан – поэзиядағы нағыз хас шебер еді. Оның өлеңдерінен селкеу тұрған бір сөйлемді, бос тұрған бір сөзді таба алмайсыз. Әрине, мен бұл жерде оның жырларының архитектоникасын ғана айтып отырмын. Яғни ақынның Сөз деген ұлы құдіреттің орасан қарсылығын жеңе білгенін еске сап тұрмын. Ал Сөздің қарсылығын жеңу, тіпті талантты деген көп-көп ақындардың да пешенесіне жазыла бермеген. Бұл ретте Жарасқан бірегейлердің санатында».
Жарасқан – өзіне-өзі құлпытас қойып кеткен ақын. Оны Темірхан Медетбек сөзімен айтсақ, былайша өрнектелер еді: «Бұл кітап – сонау ауытқып тұрған алмағайып заманда адамның ар-ұяты мен иманы таразы басына түсер кезде елінің еркіндігі үшін жанталасып, жерінің азаттығы үшін арпалысып өткен Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Шоқай, М.Жұмабаев, т.б. арыстарға қойылған құлпытас. Сонымен бірге бұл кітап – Жарасқанның өзіне-өзі қойып кеткен құлпытасы».
«Өлең – ел мінезін түзетудің құралы» (Абай) болса, елі алмағайып заманмен арпалысып жүріп, Жарасқанның өлеңінен қуат алды. «Мен не көрдім, Сен не көрдің, не көрдік, Біз жасаған жоқ батырлық, жоқ ерлік», – деп желтоқсаншы жастар мұз үстінде жатып ыңылдаса, Ресейге жалға берілген Байқоңырдағы би алаңында қазақы көкөрімдер: «Несі жастық билемесе, таспаса, Өмір сені билетеді басқаша», – деп айқайлап жүріп өлең оқиды.
Жұрт осы Жарасқанды неге жақсы көреді? Халық оны ақын ретінде бағалап, Есенин секілді ерте мойындады. Елмен еркін сөзге шығып, өлеңге өр талап қоя білді, әдебиеттің ар жағынан аппақ әлем нұрын төгіп тұрғанын жанымен сезінді. Ақырында, бәрін де аз ғұмырында артына қалдырып кетті. «Бір Жарастың барар жері белгілі, Бір Жарастың барар жерін кім білсін?» – деп жүріп, өзіне-өзі құлпытас қойып кетерін сезбей де қалды.
Жарасқан «Қазақ әдебиеті» төрт бет боп шығатын кездері Әбділда ақынмен жүргізген сұхбатын «Ақында сыр болмайды айтылмайтын» деп атады. Өзі сыр сақтамайтындарды сүйетін, кемелденген социалистік кезеңнің көз астымен қарайтын құпия адамдарын келеке ететін. «Ескі ақынша мал үшін тұрман зарлап», – деп Абай айтпақшы, халқынан ешқашан иек қағып дәметпеді, халқы одан өлең дәметті. Медаль тағып мерейін өсірмеді, арнайы аурухананың ақ бөстегінде емес, Чеховтың «Алтыншы палатасының» сұр жамылғысын жамылып жатып, ажалмен айқасты. Өзі жырлаған найзағайлы жаздай жарқ етіп келіп, жасын боп кетті. Ақбұлақ боп алқынып кетті. Ол жақсы өлең жазып үлгерді, үлгере алмаған жырлары көкірегін шымырлатып Көкке ұшып кетті.
Соғыстан соң туған ұрпақ өкілінің тас бейнесі Кеңсайдағы құлпытасында ертеңіне қасқая қарап тұр. Елі әркез өлеңін оқып, еске алады. Ескерткіш деген осы емес пе?!
Қуандық ТҮМЕНБАЙ