«ҰЛТ МЕКТЕБІНІҢ ЖҮРЕГІНЕ» ЕСКЕРТКІШ ҚОЙЫЛДЫ
18.11.2022
413
0

Ұлт ұстазы, Алаш қайраткері, саналы ғұмырын қазақ баласының ілім-білімін көтеруге сарп еткен Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толу мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде тойланып жатыр. Елімізде жыл бойы бірегей тұлғаның 150 жылдығына байланысты ел көлемінде әртүрлі іс-шаралар өтті. Осы аптада Алматы қаласындағы Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің қасынан ұлт қайраткеріне еңселі ескерткіш қойылды. Бұл шараға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы қатысып, көпшіліктің алдында сөз сөйледі.

«Жұртына пайдасы тиетін жұмыстың бәріне Ахаң үлес қосқан. Тіпті бірқатар саланы өзі бастап берген. Ол – қазақтың төл әліпбиін жасады, алғашқы әліппемізді құрастырды. Сондай-ақ оқулық жазып, тіл білімінің негізін қалады. «Қазақ» газетін шығарып, баспасөздің дамуына жол ашты. Арада қанша жыл өтсе де, оның рухани мұрасы жұртының игілігіне жарап келеді. Сол себепті жұртымыз оны «Ұлт ұстазы» деп ардақтайды. Ахмет Байтұрсынұлы – ағартушы-ғалым ретінде бүкіл өркениетті әлемге танымал. Ол халқымыздың тағдыры сынға түскен күрделі кезеңде ерекше ұлтжандылық танытты. Еліміз бүтін, жеріміз тұтас болуы үшін өлшеусіз еңбек сіңірді. Қазаққа қызмет ету жолына бар күш-жігерін жұмсады. Ұлт көшбасшысының өмір жолын – елді сүюдің жарқын үлгісі деуге болады. Оның ғибратты ғұмыры – өскелең ұрпақ үшін әрдайым өнеге», – деді мемлекет басшысы.
Осыдан тура 100 жыл бұрын, ұлы ұстаздың туғанына 50 жыл толу мерейтойы Ташкент қаласында атап өтілген еді. Ұлттың тұтас зиялысы Ахаңды ортаға алып, оның ұлт үшін еткен ерен еңбегін айтып, кеудесіне медаль таққан болатын. Бәлкім, Ахмет Байтұрсынұлының 50 жылдығы – қазақ тарихында мерейтойын атап өткен тұңғыш шара болуы да ықтимал. Сол медальдің бір бетіне: «Түркістан зиялыларынан белгі, 1922 жыл, 2 августь»­ деп жазылса, екінші бетіне: «Жаса, ұлт мектебінің тұңғыш жүрегі!» деген сөзді таңбалапты.
Мұндай риясыз алқауға қалай риза болмайсың?! «Күн сөнгенше сөнбеу­ге» серт еткен Алаш ұрпағы Ахаң армандаған білім көкжиегінде әманда жарқырай бергей!
Жасасын, Алаш, жасасын!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір