АЛАШ АРЫСТАРЫНЫҢ АРТЫНДА ҚАЛҒАН ҚЫЗДАРЫ
06.03.2023
686
0

Осыдан он бес жыл бұрын мен Қазақ радиосында «Алаш арыстары» атты хабар бастап, Әлихан, Ахмет, Міржақып аталарымыздың артында қалған ұрпақтарын іздеуге кірістім. Сол кездің өзінде олардың дені о дүниелік болып үлгерсе керек. Қатарлары күн санап сиреп бара жатқан тұлпардың тұяғы іспетті ата-әжелеріміздің біреуін тапсам, дереу тілдесіп қалуға, там-тұмдап болса да естелік жинап қалуға жанұшыра кірістім. Сонда бір нәрсеге қатты қынжылдым, ол – қайталанбас тұлғалардың көбінің артында ұрпақ қалмағаны. Әсіресе ошағының отын сөндірмей, әкесінің атын өшірмейтін ұлдың қалмағаны өзекті өртеді. Дегенмен Міржақып Дулатовтың қызы Гүлнар әжеміз бастаған біршама Алаш арыстарының қызын тауып, саналарының түкпірінде қалған әке бейнесін жаңғыртуға тырыстым. Бүгін осы мереке қарсаңында қалың оқырманға сол бірнеше сұхбаттың жиынтығын ұсынуды жөн көрдік.

Сәкен сондай балажан еді…

Ырымжан Сейфулина

Сәкеннің жары Гүлбахрам, ұлы Аян

– Мен Сәкеннің кенже інісі Мәжит­тің қызымын, – деп бастады әңгімесін Ырымжан апа, – Сейфолла мен Жамалдан жеті перзент туған, солардың тұңғышы – Сәкен. Cәкеннен кейін Мәлік (Мәлгаждар), Әбен, Мәжит деген төрт ұл, Рахима, Сәлима, Қалима атты үш қыз болған. Көргендердің айтуынша, Сәкеннің үш қарындасы да өте сұлу болғандықтан, көз тиіп қайтыс болыпты. Негізі, Сәкеннің өз кіндігінен екі бала болған. Тұңғышы Лаура 1929 жылы туылып, 1932 жылы қайтыс болып кеткен. Содан біраз уақыт балалары болмаған соң, әлі екі жасқа толмаған уақытымда ата-әжеміз мені Мәжиттен алып, Сәкеннің бауырына салады. Содан ол мені өзінің туған қызындай жақсы көрсе, мен де Сәкенді туған аға атап кеттім.
Сәкен сондай бала­жан еді. Ма­ған ерек­ше мейірім­­мен қа­рап, нендей ер­келігім болсын, бәрін көтеретін. Ол 42-ден 43-ке қара­ған шағында атылды ғой. Сол уақытта мен бала болсам да, Сәкенге келген адамдардың жас-кәрі демей үлкен бір адамға келгендей «аға, аға» дейтініне таңғала қарайтынмын. Ол кісі кабинетінде жұмыс істеп отырғанында бір адам батылы барып есігін қаға алмайтын. Сондайда біреу тығыз шаруамен келсе, не болмаса тамақтануға шақыру керек болса, «бар, туған ағаңды шақыр» деп мені жіберетін. Сосын мен ептеп қана кабинетінің есігін ашамын. Ол кісі үнемі төмен қарап жазып, отырады да, менің кіргенімді байқамай да қалатын. Аяғымның тықырын сездірместен, арқасынан барамын да мойнынан құшақтап алатынмын. «Ой, жаным, келдің бе?..» дейтін де, тізесіне отырғызып алып, үнемі жаңғақ толып тұратын тартпасын ашатын. Содан бір уыс жаңғақ алып, ерінбестен мені ертіп, есіктің алдына шығып, жаңғақты шағып жегізетін. Іссапармен қайда барса да маған сыйлық алмай қайтпайтын. Менің сол сыйлықты алып мәз болғаныма өзін шексіз бақытты сезінуші еді. 1936 жылы ұлы Аян өмірге келді. Сол жылы Мәскеуде өнер мен әдебиеттің онкүндігі өтті. Жалпы 1936 жыл – Сәкен мен оның отбасы үшін ерекше жыл болды. Онкүндікке Мәскеуге барып, қайтарында базарлық деп маған әдемі костюм, ал Аянға әппақ кереует ала келді. Туған ағам әр сапардан оралған сайын «Сәкенмен амандасайық» деп ауыл-ел, туған-туыстар түгел жиналатын. Сол көпшіліктің көзінше Аянға алып келген кереуетін көрсетіп, маған әдемі кәстөмді беріп жатқанында мен риза болмай, бұртиып, «қарашы, қанша сапарға барғанда маған мұндай әкелмеп ең, енді ұлың туып еді, мені бөлектейін дедің» деп, сыйлығын бетіне лақтырып жіберіппін. Алты жасар менің ау­зым­нан сон­дай ауыр сөз естіген Сәкен бір­түрлі сасқалақтап, «қап-ай, ә, ендігі са­па­рымда, ен­дігі сапарымда…» деп қызарақтап, ыңғайсызданып қалды. Солай дегенмен, одан кейін іссапарға шығу Сәкенге бұйырмаған екен. Осы оқиғадан көп ұзамай оны «үштік» ұстап әкетіп, атып тастады. Ұлы Аян да періште күйінде әкесінің артынан о дүниеге аттанды. Қазір енді Сәкеннің өз кіндігінен ұрпақ қалған жоқ. Бүгінгі күнде Сәкеннен қалған жалғыз – мен.

Әкеммен алты-ақ жыл бірге тұрыппыз…

Дулатов отбасы

Біз іздеп барғанда Гүлнар Міржақыпқызының жасы 90-нан асып кеткен еді. Сонда да өңін бермеген әжеміз әкесі жайлы естелікті есінен шығармақ түгілі, күні кеше болған оқиға секілді барлығын тізіп айтып берді:
– Біздің үйде ескі бір сурет жүретін: тігулі тұрған киіз үй, оң жағында жеңіл көлік, рөлде жүргізуші, ал көліктің сыртында газетпен жүзін көлегейлеп менің әкем тұр, жанында Бөкейхановтың қызы Лиза мен ұлы Үгітай (Сергей) бар. Ал киіз үйдің сол жағында жерде үлкен кілем төселген, ақ дастарқан басында, самаурыннан шай құйып менің шешем отыр, төрде Ахмет Байтұрсынов атамыздың тізесінде тоғыз айлық мен отырмын. Әкем ұсталған соң, қырқыншы жылдардың шамасында ұрланып кеткен осы сурет қазіргі күнгідей көз алдымда.
Әлгі суреттегі Ахмет ата, Әлихан аға және біздің отбасы барлығымыз 1918 жылға дейін Орынборда қоян-қолтық араласып тұрдық. Содан кейін елге оралдық, аласапыран заманында да бірге жүрдік. 1925 жылы біз Қызылордаға көшіп барғанымызда, Ахмет Байтұрсынов атамызбен бәріміз бір үйде тұрдық. Сол кездегі Алаш зиялыларының барлығы Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Қошке Кемеңгерұлы, Сұлтанбек Қожановтар біздің үйде жиі бас қосатын. 1933 жылы бұл кісілердің барлығын қамауға алып, әуелі Қызылорда түрмесінде отырды да, кейін барлығын 5 жылға соттап, жер аударды.
– Шыңғыстауда тұрғанымызда бір күні бізге «Міржақып ұсталды» деген суыт хабар келді. Ести салысымен ақ қар, көк мұзға қарамастан, Семейге жеттік. Семей – біздің отбасымыз үшін ерекше ыстық қала. Біз онда қосқабатты үйде біршама уақыт Бөкейхановтар отбасымен бірге тұрғанбыз. Сол Семейдің түрмесінде жатқан әкем мен Әлихан Бөкейхановты Орынбор түрмесіне жіберді. Онда біраз уақыт қамауда болған соң екеуін де босатты. Әлихан Бөкейхановты Мәскеуге жіберіпті де, әкем сол Орынборда қалыпты. Екі айдан соң шешем екеумізді өзінің қасына алдырады. Бұл 1922 жыл болатын. Содан 1928 жылға дейін небәрі алты-ақ жыл ғана біз отбасы болып ғұмыр кешіппіз.
Бутырка түрмесінде жалғыз өзі бір камерада жатқанында әкем жынданып кетпес үшін күнделікті берілетін қара наннан шахматтың фигураларын жасап, екі кісі секілді өзімен-өзі ойнайды екен. Көрші камерада жатқан тұтқындар «мынау жынданып кеткеннен сау ма өзі?!. » деп таңданатынға ұқсайды. Сондай-ақ оқитын кітап, жазатын қағаз таппай қиналған әкеміз тордың ішінде бірнеше сағат бойына ерсілі-қарсылы жүретінге ұқсайды. Оны өзінше күніне бірнеше шақырым жүрдім деп есептейді екен. Ату жазасына кесілгендігі жөнінде хабарды естігенде қатты күйзеліпті. Оны бізге қабырғалас отырған Ахмеди Мамаев дейтін кісі айтып берді. Онда да кезінде айта алмаған, кейін заман біршама тынышталған тұста барып айтты ғой. Шыбын жаны шырқыраған сәтінде әкем «Гүлнәр, Гүлнәр, Гүлнәрім» дейді екен. Жаны қиналғанда сүйікті қызын сағынып, аңсап, менің атымды атап, шақырғаны – көңіліме біртүрлі аяныш туғызады..
Әкемнің тұңғышы болғандықтан, әрі менен басқа перзенті қалмағандықтан, мен өнебойы әкемнің тегін алып жүрдім. Тегімізді сақтау ол заманда қиынның қиыны болды ғой. Ол жолда көрмеген қиындығым қалмады. Бірақ мен соның барлығына да төздім. Қазақстанда мені оқытпады, сол үшін мен Том қаласына барып, дәрігерлік оқуға түстім. Мен әкемнің жазықсыз кеткенін білетінмін. Әйтеуір түбінде әділет жеңіп, әкемнің ақталатын сәтін ерекше күттім.

«Мағжан бертінге дейін тірі болған…»

Райхан Жұмабаева

– Мен – Мағжанның туған інісі Қалижанның қызымын, атым Райхан, – деп бастады әңгімесін сексенге кеп қалса да, ажарын бермеген апамыз, – әттең, дүние-ай, ақын ағаның өзінен тікелей ұрпақ қалған жоқ, бірақ туыс-тума, жалпы Жұмабаевтар әулетінен Мағжан ағаның бар-жоғын түгендеп жүрген Қызылжарда, яғни, туған жерінде Тасболат деген інісінің ұлы, екеуміз ғана. Менің жасым болса мынау, 77-демін, кәрілік күн санап өз дегенін жасатып, ауру-сырқау дегендер шыға береді екен ғой. Былтыр тамыз айы, қатты ауырып жансақтау бөлімінде жатқанмын. Сәл бетім бері қараған шақта маған Саят Жансүгіров хабарласты. Білесіздер ғой, Ілиястай ағамыздың ұлы. Екеуміз жақын дос, сырластармыз. Хабарласты да халімнің біршама жақсы екенін сөзімнен, даусымнан білген соң, «31 мамырдағы Жас Алашты оқыдың ба?» деп сұрады. Ауырып жатып, оқи алмай қалып ем, әйтпесе күнделікті баспасөзді қадағалап отырамыз ғой. Ауруханадан шыққан бойда әлгі газетті тауып оқыдым. Сөйтсем, онда Атыраудың Құлсарысында тұратын Абдолла Әбірахманов атты 92 жастағы қарт кісі кезінде өзінің Магаданда, Колыма лагерінде Мағжан ағаммен бірге отырғанын айтыпты. Әлгіні оқығанда төбемнен біреу мұздай су құйып жібергендей сілейіп отырыппын да қалыппын. Мәссаған, 1938 жылы атылып кетті деп жүрген ағамыз бертінге, 1951 жылға дейін тірі болыпты. Өз көзімен көрген адам міне тұр: «егер туыстары болса, тіпті сол Мағжан жерленген жерді апарып көрсетем, көрген-білгендерімді айтар ем, ақын аманаты әлі күнге мойнымда тұр, күні ертең арғы дүниелік болып кетсем, ол аманат мойнымда кетеді, екіншіден, қия­нат жасаған болып табылам» деген қария сөзінен соң өшкенім жанып, өлгенім тірілгендей егіліп жылап алдым. Ол кісіге сол сәттен бастап риза болдым, жасына қарамай бізді сонау жер түбіндегі Магаданға бастап апарғанында тіпті тәнті болдым. Тіпті 92 жастағы ол кісі түгілі, 77-дегі менің өзімнің сондай ұзақ жолға шығам дегеніме балаларым «бес минуты кем 80-десіз, ауруханадан шыққаныңыз да кеше» деп қарсы болды. Сонда да бой бермей, «мен бәрібір барамын, осыдан Мағжан ағам үшін жолда өліп кетсем, арманым жоқ», дедім. Расында жол алыс та ауыр екен, қазақ текке «ит жеккен» атамаған ғой: Мәскеуге дейін ұшақпен төрт сағат, ары қарай Магаданға дейін 12 сағат ұштық. Магаданның губернаторы қайта құдайына қараған азамат екен, әрі қарай Колымадағы лагерьге дейін тағы 650 шақырым кедір-бұдыр жолдарға төтеп беретін көлік пен қасымызға жол бастаушы адам қосып берді. Әйтеуір, ит арқасы қияндағы Сусуман ауданына да жеттік қой, әупірімдеп. Ауылдың аты да қазақшаға ұқсайды екен өзі, Берелех деп аталады. Әбекең, Абдолла ағамыз өзі отырған лагерьді көргенде жылап жіберді ғой. Бір кездері көрген азабы, тозағы есіне түскен шығар. Мағжан ағамен сол жерде отырғанын, қалай көргенін айтып берді. «Қай қиырда жүрсе де адам өз қанын іздейді екен ғой, лагерьден өзім секілді қазақты кездестіргенде ауылымды көргендей, елжіреп, көзіме жас келгенін, сол сәттегі сезімді тілмен жеткізе алмаймын. Ал Мағжан ағаның бойынан ақсүйектігі білініп тұратын, яғни, қандай азап көріп, қандай жаман жерде жүрсе де тектілігі білініп тұрды дейді. Сосын танысып, тілдескенде қайта-қайта «осыдан шығып, Сәбит Мұқановтың көзіне бір қарасам ғой» деп айта берді дейді.
– Сонда Мағжан ағамыз лагерьде қашаннан бастап отырған?
– «Атылды» деп шығарған 1938 жылдан 1951 жылға дейін сол азап лагерінде жүргенге ұқсайды. Бұл деректің шындығын растайтын бір адам да бар, ол – өтірік айтуы екіталай қазақтың қаһарман батыры Бауыржан Момышұлы. 1948 жылы соғыс біткен соң да әскери тапсырмалармен жүріп сол Магадан жеріне жолы түссе керек. Сонда «осындағы азап лагерінде қазақтың бір ақыны айдауда жүр» деген әңгімені естіп, әуелі естіген әлгі деректің растығына көз жеткізу үшін, екіншіден, оның кім екенін анықтау үшін барыпты. Сол жерде Мағжан ақынды көріп, таңғалып, әрі оның аянышты халіне жаны ашып, намысы келіп, елге барысымен шығарып алуға кіріспек болады. Бірақ оны сезіп қойған сол кездегі басшылық Баукеңді шұғыл әскери бұйрықпен басқа жерге жібереді де, сол бойына екеуі кез­десе алмай қалады. Әбекеңнің айтуы бойынша, Мағжан лагерьде 1951 жылға дейін отырыпты. Бір күні дейді Әбекең, Мағжанның тіпті жүруге шамасы да келмей еңбектеп жүр дейді. Қасына барып хал сұраған екен, «аяқтарым ісініп кетіп, баса алмай тұрмын, еңбектемеске лаж жоқ» деп, сол еңбектеген күйі қара жұмысын істей беріпті. Қалай ауырмасын, өзі ол жердің қысы адам төзгісіз 50-60 градус суық, одан мұзды судың түбінен құм алдырып, ол құмды елетіп, алтын іздетеді екен. Ал беретін тамақтары күніне небәрі 400 грамм нан ғана. Ауырмай қайтсін? Сөйтіп жүргенде көп ұзамай Әбекең таңертең далаға шыққанда сондағылардың аузынан «Магжан умер» деген қаралы хабарды естіген. Жүгіре жеткенде, ең аяныштысы сол, оны «қазақтың сондай бір беткеұстар тұлғасы-ау» деген ешкім жоқ, күрекпен алды да ары ысыра салды дейді. Жалпы лагерьде кім өлсе де, олардың жансыз денесіне қарап, рәсімін жасауға ешкімнің құлқы да, мүмкіндігі болмайтындықтан, жан тәсілім еткендер сол құлаған жерінде қала береді екен. Оларды кейін барып жаппай жинап әкетіп, бір жерге топтап көме салады екен. Соны естігенде қалай жыламайын?!.

Төртінші сыныпта
неміс тілін, бесінші сыныпта ағылшын тілін үйретем деген еді…

– Әкем – мен үшін дүниедегі ең жақсы адам. Бірақ өкініштісі, сондай жақсы адаммен аз ғана жыл бірге тұрдық. Інім, сіңлім үшеумізден әкеміздің жанында көбірек болған мен. Тұңғышы болған соң да шығар, маған сондай бақыттың бұйырғаны, – деп бастады әңгімесін Зайра Қошкеқызы. – Олай дейтінім, әкеміз сол кездегі саясаттың кесірінен жиі-жиі жер аударылды ғой. Анамыз да әкем қайда жер аударылса, сонда бірге еріп жүрген. Алғаш Ташкентке, кейін Украинаның Воронеж қаласының маңындағы Валуйки деген шағын қалашыққа жіберді. Сонда теміржол ауруханасында дәрігер болып қызмет атқарып жүрген әкем анама «балалардың бірін алып келші» деп өтініпті. Сонда анам балалардың ішінде естияры деп мені алып барған ғой. Сол жерде мен бірінші сыныпты бітірдім. Кішкентай болсам да, сол шақта әкемнің Воронеж қаласына жиі барып, өзі сияқты жер аударылған қазақтармен кездесіп тұрғандығы есімде қалыпты. Одан кейін әкем Алматының түрмесінде отырғанда да анам мені арқалап апарды. Жазықсыздан жазықсыз бір жыл қамауда жатып, содан соң аштық жариялаған әкемізге НКВД түрменің ауруханасында жұмыс істеуге рұқсат беріпті. Сол кезде ол кісінің артынан іздеп барған бізді ақ халатпен қарсы алып, құшақтап сүйгені әлі күнге көз алдымда.
Әкем сондай жібек мінезді адам еді. Бізге не анамызға бір рет те болса дауыс көтеріп айғайлағанын естімеппін. Үнемі ақыл айтып, сабағымызды қадағалап отыратын. Маған көбейту кестесін үйреткен кезі, оқыған кітаптарының мазмұнын айтып отыратын кезі бәрі-бәрі кешегідей көз алдымда. Тіпті бүкір болып қалмау үшін орындыққа қалай дұрыс отыру керектігін көрсететін. Ұсталып кететін жылы, үшінші сыныпты оқып жүрген маған «төртінші сыныпқа барғаныңда, құлыным, неміс тілін, бесінші сыныпта ағылшын тілін үйретем» дейтін. Неміс, ағылшын, орыс тілін былай қойғанда, араб, парсы секілді бірнеше тіл білетін. Амал нешік, ол айтқандары арман күйінде қалды, өзіміз болсақ жетім-жесір боп қалдық…
– Мен он бірде, інім Нарманбет он жаста, сіңлім одан да кіші. Мені ең үлкен деп көрсете ме, бірде әкем бір тілім нанды ұстап отырып: «Түрмеде жатқанда осы нанды тез тауысып қоймау үшін ұсақ-ұсақ бірнеше бөлікке бөліп сақтайтынбыз», – десе, енді тағы бірде үйдің қабырғасын тақылдатып «алғашқы тұтқындалғанда тұтқындар бірімізбен-біріміз осылай сөйлесетін­біз» деді. Әрбір дыбыстың мағынасы болады екен.
Отыз жетінші жылдың бірінші тамызы. Менің туған күнім болатын. Әкем мені жетелеп, ауыл сыртындағы орманға апарып, өз қолымен жиде теріп жегізді. Соның барлығын қазір ойласам, әкем келешекте бізбен тұрмайтынын сезген сияқты, – дейді Зайра апа.

ТҮЙІН: Бұл сұхбаттардың алынғанына кемі он жыл, кейбіріне тіпті 15 жыл болыпты. Асыл әжелеріміздің көбі бүгінде бақилық болып кетті. Сол кездің өзінде олар 80-90 жаста болатын. Бір қызығы, бірақ балалық шағы мен отбасы жайлы естелік айтып отырған қарт аналардың жүзінен мен қарттықты емес, әлі күнге есік қағылса «әкем келді ме» деп елеңдеп отыратын жас баланы көрдім…

Мәриям ӘБСАТТАР

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір