Алаш саңлағы Әбубәкір Алдиярдың ізі қалған Петербор
ХХ ғасыр басында қазақ зиялылары Мәскеу, Санкт-Петербург, Қазан, Уфа, Саратов, Томск, Омбы, Орынбор қалаларында білім алып, қоғамдық-саяси жұмыстарға белсенді араласты. Алаш арыстарының ізі қалған, алаш тарихы мен әдебиетінде айрықша орын алатын қалалардың бірі – Петербор. Бұл қалада Б.Сырттанұлы, Б.Қаратай, Ж.Сейдалы, Р.Мәрсекұлы, Ә.Бөкейхан, Х.Досмұхамедұлы, М.Шоқай сынды алаш зиялалары оқып, қазақ халқының дауын даулап, зарын зарлады. Нәтижесінде, 1906, 1907 жылдары мемлекеттік І, ІІ Дума жұмыс жасап, Ә.Бөкейхан бастаған азаматтар Дума депутаты атанған болатын. Дума мінберінен алаш азаматтары қазақ халқының мұңын мұңдап, отаршыл үкіметтің озбырлығын ашық айтқан-ды.
Бұл қатарда Петербор қаласында қызмет етіп, әдеби-мәдени мәселелермен шұғылданған, публицист-дәрігер, мәдениеттанушы, фольклортанушы Әбубәкір Бермұхамедұлы да бар еді. Ол 1916 жылы тыл жұмысына алынған қазақ жастарына дәрігерлік-аудармашылық қызмет көрсету үшін әйелі Ажар Сейдалы және мүдделес досы Міржақып Дулатұлымен бірге Земствоға аттанады. Бұл жақта Әлихан Бөкейханмен кездесіп, ары қарай Белоруссияның Пинь деген батпақты аймағына барып, бит-бүргеге таланып, қазақ жігіттеріне дәрігерлік-аудармашылық қызмет көрсетеді. Ол 1917 жылы қазақ жігіттерін елге қайтару үшін Петербор қаласына орналасып, оларға билет алып, пойызға мінуге көмек көрсетіп, арнайы жәрдем қылады. Әкесінің Петербор қаласындағы өмірі жайлы Сәуле Әбубәкірқызы құнды деректер ұсынған еді. Бұл қалада Әбубәкір әйелімен бірге қоғамдық-саяси жұмыстарға белсенді араласып, әдебиетпен де еркін шұғылданса керек. Петербор қаласында Данте мен Толстойдың еңбектерінен бөлек, Семен-Тянь-Шаньский, Мережковский сынды ғалымдар мен жазушылардың шығармаларын жинақтаған. НКВД адамдары 1938 жылғы 2 қаңтар күні Әбубәкірдің үйін тінтіп, «Огонек» журналының 1914, 1915, 1916 жылғы сандарының 3 данасын, «Солнце России» журналының 1911, 1914, 1915 жылғы сандарын, «Новый Мир» журналының 1902 жылғы санын, «Картинная Галлерея» императорлық эрмитаж кітабын, «Русский музей» ІІІ Александр патшаның кітабын, 1910 жылы Семен-Тянь-Шаньскийдің редакторлығымен шыққан «Россия» географиялық тізбегін, Мережковскийдің кітаптарын, «Учень и учитель» атты педагогикалық журналдың 1901 жылы шыққан санын, түрлі діни кітаптар мен журналдарды, өзінің қолжазбаларын және кішкентай саяхатқа арналған карталарды тәркілеп алып кетеді. Бұл әдеби-ғылыми еңбектердің бәрін жазушы Петебор қаласынан жинақтап, елге әкелген еді. Сәуле Әбубәкірқызы әкесінің үлкен кітапхана қоры болғанын, оның бәрі тәркіленіп, кейбір кітаптары өртелгенін, одан қалғаны ұлттық кітапхана қорына өткенін баяндайды. Солардың арасында қайта қайтарылмаған әкесінің қолжазбаларын еске алып, өткен күнге зор өкініш білдіреді.
Біз Әбубәкір Алдиярдың әдеби-мәдени мұраларын жинақтау үшін «Қазақстан жазушыларының ТМД елдерінің архивтеріндегі зерттеу жұмыстары» жобасы аясында 26–31 тамыз аралығында Петербор қаласына ат басын тіреп, ауқымды зерттеу жұмысын жүргіздік. Зерттеу барысында Ресей ұлттық кітапханасы және ЦГА СПб, ЦГИА СПб, ЦГАЛИ СПб, ЦГАКФФД СПб архивтерімен тығыз жұмыс істеп, дәрігер-публицистің тұлғасын айшықтауда екіұшты деректерді дәйектеп, бұрын ғылыми айналымға енбеген архив құжаттарын таптық. Сондай-ақ Әбубәкір Алдиярдың бұрын жарияланбаған суреті табылып, қоржынымызға үлкен олжа түсті. Ресей ұлттық кітапханасының ғылыми қызметкері Лариса Акимқызы, Әдебиет және өнер архивінің қызметкері, оқу залының меңгерушісі Артем Перов бізге арнайы жәрдем көрсетіп, жоғымызды табуға зор үлес қосты. Петербор қаласына жасаған сапарымызда алаш арыстарының ізі қалған Таврия сарайында болдық. Бұл сарай І,ІІ, ІІІ, ІV Мемлекеттік Дума жұмыс жасаған орын еді, яғни А.Бірімжан, Б.Қаратай, Ш.Қосшығұлұлы бастаған азаматтар осы сарайға келіп, осы көшеде талай алшаң басып, қазақ жайынан сөз қозғаған-ды.
Таврия сарайынан кейінгі бағытымыз Нева өзенінің бойында орналасқан Кунсткамера, Петербор университеті, Эрмитаж мұражайы болды. Кунсткамерада Қостанай облысы Сарыой болысынан келген қазақ қызының сәукелесі арнайы экспозициялық бөлімге қойылған. Бұл сәукелені Петерборға Әбубәкір Алдиярдың әкесі әкелген болса керек. Петербор қаласындағы осындай құнды деректерді әлі де тереңірек дәйектей түсу, ұзақ уақытты қажет етеді.
Жас қаламгер мен зерттеушілерге осындай үлкен мүмкіндік сыйлаған Қазақстан Жазушылар одағына, басқарма төрағасы Мереке Құлкеновке және аталған жобаның жетекшісі, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Қасымхан Бегмановқа, ұстазымыз Елдос Тоқтарбайға айрықша алғыс білдіреміз.
Әбубәкір Алдияр еңбектері бұрын-соңды жарық көрмеген, есімі ескерусіз қалған, толық зерттеу жұмыстары жүргізілмеген, оқырманға беймәлім тұлға еді. Ресей қалаларынан табылған архив құжаттары мен материалдар арқылы Әбубәкірдің тұлғасы айшықталып, оқырманға жаңа туынды жол тартатынына бек
қуаныштымыз.
Жауынбай ЖЫЛҚЫБАЙҰЛЫ,
«Қазақстан жазушыларының
ТМД елдерінің архивтеріндегі
зерттеу жұмыстары»
жобасына қатысушы ғалым,
алаштанушы