Маралтай РАЙЫМБЕК: НАҒЫЗ ЖҮЙРІКТІ АНЫҚТАУ ОҢАЙ БОЛМАЙЫН ДЕП ТҰР…
30.05.2023
516
1

Өткен жылы алғаш рет Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі әдебиет саласындағы қаламгерлерге арнап, «Айбоз» Ұлттық әдеби сыйлығын жариялаған болатын. Еліміздің барлық өңірінен ақын-жазушылар қатысып, әртүрлі номинациялар бойынша жеңімпаздар жүлделі болған байқау, осы жылы қайта жалғасын тапты. Шығармашылықты қолдауға қомақты қаржы бөлініп, үміткерлерге арналған ережелер мен байқау шарттары жақында түрлі сайт беттерінде жарияланды. Әдеби сыйлықтың қалай өтетіндігі туралы толық білу үшін осы байқауды өткізетін мекеме ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы директорының орынбасары Маралтай Райымбекұлымен арнайы сұхбаттасқан едік. «Әдеби бәйгелерде нағыз жүйрікті анықтау қашанда қиын», – дейді ақын ағамыз.

– Маралтай аға, осы жылы екінші рет өтейін деп жатқан «Айбоз» Ұлттық әдеби сыйлығының басты мақсаты қандай?
– Ұлттық сыйлықты ұйымдастырудағы негізгі мақсат – еліміздегі қарымды қаламгерлердің шығармашылығын қолдау, олардың еңбектерінің жарыққа шығуына көмек беру, ақын-жазушыларды ынталандыру мен көркем туындыларын халыққа кеңінен насихаттау – біздің басты мақсатымыз. Өзіңіз білетіндей қазақ әдебиетінің дамуына тікелей әсер етуші топ өкілдері дәл осы қазақ қаламгерлері, біз оларға осылайша шабыт беріп, қашанда қолдауға дайын болумыз керек.
– Бұл сыйлыққа кімдер үміткер бола алады?
– «Айбоз» Ұлттық әдеби сыйлығына еліміздегі қолына қалам алып, түрлі туындыларды дүниеге алып келетін ақындар, жазушылар, шетелдік шығармаларды ана тілімізде сөйлететін аудармашылар бұл сыйлыққа қатысуына мүмкіндіктері бар. Тек қана байқауға барлық қатысушылар өз шығармаларын ұсынуы керек. Бұл Ұлттық сыйлықты ұйымдастыру шартында көрсетілген.
– Ұлттық сыйлықтың талаптары қандай?
– Бұл сыйлыққа қатысушыларға қатаң бір талаптар қойылмайды. Дегенменде шартта көрсетілген тұлғалар ғана сыйлыққа үміткер бола алады. Ұлттық сыйлыққа Қазақстан азаматтары ғана өтініш бере алады. Қатысушының жас шамасына шектеу жоқ, тек өзі туралы 1 бет көлемінде ақпаратты қоса жіберуі тиіс. Ұлттық сыйлыққа шығармаларды қабылдау 1 мамыр мен 1 қыркүйек аралығында жүргізіледі, осы уақыттан кешігіп түскен шығармалар қабылданбайды. Ал шығармалардың барлығы Word бағдарламасында (кегль – 14, жоларалығы – 1, қарпі – Times New Roman) жазылуы тиіс. Міне, осы шарт­тардың барлығы орындалса, сыйлыққа қатысушы ретінде тіркеледі.
– «Айбоз» Ұлттық әдеби сыйлығы қандай номинациялар бойынша жеңімпаздарды анықтайды?
– Жалпы саны жеті номинация бойынша қатысушылар бақ сынайды. Атап айтар болсақ – «Үздік проза», «Үздік поэзия», «Үздік драматургия», «Үздік әдеби сын», «Үздік балалар әдебиеті», «Үздік комикс», «Үздік әдеби аударма» осы айтылған әр номинацияның өзіндік ерекшеліктері мен талаптары бар. Марапаттау кезінде номинацияларға жеке-жеке Ұлттық сыйлық берілетін болады.
– Ұлттық сыйлықтың жүлдесі қомақты ма?
– «Айбоз» Ұлттық әдеби сыйлығының жалпы жүлде қоры 35 млн теңгені құрап отыр. Әр үздік номинацияға 5 000 000 теңге беріледі. Бұл Ұлттық сыйлықтың жоғары деңгейде өтуін көрсетеді деген сөз. Еліміздің түкпір-түкпірінен көптеп өтініштер түседі, нағыз жүйрікті анықтау да оңай болмайын деп тұр.
– Бұл байқаудың жеңімпаздарын кімдер анықтайды?
– Жеңімпазды анықтау мынандай жүйемен іске асырылады. Алдымен ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы ұлттық сыйлыққа қатысушылардың еңбектерін толық жинақтап, қабылданған шығармалардың авторын көрсетпей, жазушылардан, ғалымдардан, мемлекет және қоғам қайраткерлерінен құралған қазылар алқасына жолдайды. Олар шығармаларды сараптап, үздіктерді дауыс беру арқылы анықтайды. Жүлдегерлер тізімі Мәдениет және спорт министрлігінің, архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің және ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының ресми сайтында жарияланады. Ұлттық сыйлыққа төрелік етуге номинациялар бойынша: ақындар, жазушылар, аудармашылар, драматургтер шақырылады. Ұлттық сыйлық әділдігін сақтау үшін қазылар алқасы туралы ақпарат 5 (бес) жыл көлемінде құпия сақталатын болады.
– Маралтай аға, осы шығармаларды бағалау кезінде қандай критерийлерге басымдық беріледі?
– Кез келген шығарманың, ең алдымен, көркемдік деңгейіне, тіл тазалығына, сөздік қорының байлығына, өзіндік стильдің болуына, тақырып өзектілігіне, мазмұн тереңдігіне, тарихи әділдігіне баса көңіл аударылады. Егер шығарма осы айтылған сипаттамаларға ие болса, сөзсіз сыйлыққа лайықты деп танылады.
– Бұл сыйлықтың нәтижесі мен марапаттауы қай уақытқа жоспарланып отыр?
– «Айбоз» Ұлттық әдеби сыйлығының қараша айының соңында жеңімпаздары анықталып, Тәуелсіздік күні қарсаңында марапатталады. Ұлттық сыйлық жеңімпаздарын марапаттау үшін салтанатты шара болып өтеді. Аталмыш шараға ұйымдастырушы тарап, белгілі жазушылар, ақындар, ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысып, жүлдегерлерді құттықтайды және сыйлықтарын табыс ететін болады.

Сұхбаттасқан Биболат Сапарбайұлы

ПІКІРЛЕР1
Аноним 09.10.2023 | 22:00

Оо жарайсыздар әрқашан осылай ақын жазушыларды танытып білдіріп отырыңыздар .😁😁

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір