СЫННАН ӨТКЕН, СЫРЫН ТӨККЕН
04.11.2025
273
0

Олар да біздей ауылдан арман қуып келіп, білімге бой ұрған студент болды. ҚазМУ қалашығындағы сол баяғы 5-жатақхананы дүбірлетті. Бірде аш, бірде тоқ жүріп, жастық шақтың жалауын желбіретті. Сосын, ізімізден еріп журналист атанып, білек түре басылымдарға қызметке тұрды. Алдымен, жастар газеттерінде жалынды мақалаларымен танылды. Одан республиканың бас басылымында қызмет істеуге қабілетті екенін көрсетіп, аға буын арасына сыналай кірді. Енді, міне, есімдері елге кең танылған тұлғаларға айналды. Бұл анықтаманы Нұртөре Жүсіпке, Бауыржан Омарға, Махат Садыққа, Арман Сқабылға, Амангелді Сейітханға және басқа ондаған «мен атайын, сен тұра тұр» дейтін қаламдас інілерімізге арнауға болады. Соның бірі – Серікқали Мұқашев бауырымыз.

Осы Серікқалимен бірнеше жыл бір ұжымда қызмет істедік. Бұйрабас жігіт әу баста сыпайылығымен, таза киініп, түзу жүретінімен көзге түсті. Шерхан Мұртаза бас редакторы болған дәуірден бастап, республиканың шынайы көшбастар басылымына айналған «Егемен Қазақстан» газетіндегі мүйізі қарағайдай тұлғалар қатарға енді қосылған жас журналиске сын көзімен қарағаны хақ. Бірақ сол кездің өзінде бұл жігіт бірқатар қоғамдық жүкті көтере келгенін біреу білсе, біреу білмеген.
Біз өзіміз Серікқалиды бірден әріптес деп таныдық. Өйткені оған дейін студент жастардың серігі болған «Өркен» газетінен өткір мақалаларын оқып жүретінбіз. Белгілі қоғам қайраткері, екі-үш дүркін ақпарат министрі болған Алтынбек Сәрсенбайұлы марқұм осы «Өркен»-«Горизонт» газетін басқарған бірер жылда республикалық биікке көтеріп, бір кездегі «Лениншіл жас» сынды жастар арасындағы сүйікті басылымға айналдырды. Сол «Өркеннің» сүйекті мақалаларының авторы – Серікқали Мұқашев.
Серікқалидың елеулі еңбегінің бірі – бүкіл қазақ оқырмандарына алғаш рет Лондон университетінде тағылымдамадан өтіп келген социолог-зерттеуші Марат Тәжинді таныстырғаны, осы «Өркен» газеті арқылы. Кейін Тәжин тәуелсіз елдегі ең қабырғалы қайраткердің бірі болды. Үлкен қызметтерге қол жеткізді. Соның бәрінің бастауында Серікқалидың мақаласы тұрғаны ғажап!
Мына кітапқа топтастырылған мақалалардың бір бөлігі өткен ғасырдың сонау тоқсаныншы жылдарының басында жазылып, қазір тарих төрінде қалған «Өркен» апталығында жарияланғанымен, құндылығы әлі жоғалмағанына таңғаламыз. Сол сияқты енді ғана «Егемен Қазақстан» атанған газетте көтерген тақырыптары ширек ғасырдан соң да жұртшылықты толғандырады екен. Мұны әсіресе Байқоңыр ғарыш айлағына қатысты мақалаларынан байқадық. Жалпы, қазақтілді журналистер арасында ол жылдары Байқоңырға барып, бұл күрделі кешенмен егжей-тегжейлі танысып, ішек-қырындысын ақтаруға қабілеті жеткендер бірен-саран. Бұл орайда Серікқалиды «жұлдызды журналист» деуге болады. Ол тіпті сол тұста болашақты болжап, қазақ ұлтынан шығатын екінші ғарышкер Талғат Мұсабаев болмағын тап басып айтып еді. Беріде Талғат бір емес, ұмытпасақ, үш мәрте ғарыш кеңістігін шарлады. Екі елдің де батыры атанды.
Сонау тоқсаныншы жылдар басында жас та болса жігерлі тілші Мұқашевтің жер тағдырына орай толғаған бірнеше мақаласының әлі де өзекті екендігіне таңғалмасқа болмайды. Біздің ғарыш, жер, экология және басқа тақырыптарда бауырымызбен қатар қалам тербегеніміз есте.
Әсіресе Кеңес Одағы армиясында әлімжеттікке тап болған, негізсіз қысым мен қудалау көрген қазақ солдаттары туралы жарыса жазғанбыз. Ол «Өркен»-«Горизонтта», біз «Егемен Қазақстан» газетінде. Нәтижесінде, бірнеше солдатты соттан аман алып қалдық, Қазақстанда қызмет етуге ауыстырдық. Сол додаға толы күндердің дүбірі мына кітаптан қайта естіледі. Біз Москва, Курск бағытына жол шегіп, қазақ солдаттарының соңындағы іздеушісіне айналсақ, Серікқали бауырымыз сонау Қиыр Шығыстан бір-ақ шыққан. Новокузнецк, Благовещенск қалалары арқылы Хабаровскіге жеткен. Онымен шектелмей, Сахалин түбегінің оңтүстік түбіне жетеді. Алып елдің ең алыстағы нүктесі. Былайша айтқанда, жердің шегі. Сондағы әскери бөлімге, одан әскери прокуратураға барып жүріп, ақыры жазықсыз істі болып жатқан қазақ жауынгері Ерлан Ілиясовты босатып алады.
Мақалада Орталықты пір тұтқан орыс ұлтты офицерлердің оспадарлығы айнадағыдай анық көрсетілген: «Ерланды босатып алған күннің ертеңіне полк командирінің шақыруымен штабқа бардым. Ойлағаны іске аспай, уысындағыны шығарып алып опық жеген подполковник, енді менен елге барған соң газетке жазатын материалдың сұлбасын жасап беруімді талап етті. Апырым-ау, неге? Өйтуге хақысы бар ма? Егер істегені адал, айтқаны ақиқат болса, өз сөзінен өзі неге қорқады? Тіпті жол қағазыма белгі соқпай, алып қойып, пендешілік қысым да көрсетпекші болды. Сондай ұсақтыққа барған подполков­ник дүбірлеген қолды басқарып отырғанына таңғалдым», – деп аяқтайды автор мақаласын. Кейінгі оқиғалар осы ұсақтыққа салынған офицерлердің үлкен мақсаттан қалай айырылып қалғанын айғақтаған.
Серікқалидың бұл кітабынан артта қалған жылдардың басқа да картиналары көз алдымызға келеді. Жекешелендірудің жыры біраз беттерде тұр. Бүкіл елді зәрезеп қылған рэкет атты пәленің қандай екенін «Қасқырға айналғандар» атты мақаласында суреттейді. Тіпті тақырыбының өзін қалай дәл тауып қойған!
Ал жалақы беруге қаржысы жоқ ұжымның қалай қой таратқаны туралы мақаласы оқыған адамның ішек-сілесін қатырады. Тура кинодағыдай комедиялық көріністі автор сөзбен-ақ жеткізеді. «…бір ағайымыз көз алдымызда аяқты нәпақасынан айырылып қала жаздамасы бар ма. Өткендегіше Гогольдің бойына шығып, езуіне темекісін, қолтығына пәпкесін, бұтына қойын қысып тұрып, такси ұстамақ болған ғой. Көзі қанталаған бәле, бырылдап өткен мәшинеден үрікті ме, ытқып ала жөнелгені. Жүгенсіз мәстек мінгендей ағамыз ауып барып, аяқтары көкті, шүйдесі жерді тіреп, шалқасынан шарқ етті. Өлді-ау дедік! Жоқ, өлмепті. Шатқаяқтап тұрып, шәпкісін киіп жатыр». Ар жағында қойды қалай қуғандары, жабылып жүріп қалай ұстағандары туралы кітаптың өзінен оқу керек.
Сол жылдары Алматының қалдық суы құйылатын Сорбұлақ өзекті тақырып еді. Шет- елге қыран құстарды сататындар туралы алғаш дабыл қаққанның бірі – Серікқали бауырымыз. Құс сатқан не, арғымақтардың бағын байлаған адамдар туралы атақты мақаласын аттап өтуге болмас. «Қолды болған сәйгүліктер» атты мақаласы кезінде үлкен министрлікті дүрбелеңге түсірген. Жыл бойы дауға айналған. Ақыры автор көтерген ақиқат түбегейлі анықталып, тілші тағы бір түйінді мақала жазды. Бірақ қарсы жақ та қарап қалмасы белгілі. Олар авторды қайткенде де аттан аударып тастауды көздеді. Иә, тура осы мақалада шындықты айтқаны Серікқалидың біраз жүйке талшықтарының желінуіне, алғаш шашының ағаруына себеп болды. Бұл да Нұри Мұфтах, Қажытай Ілиясов, Жұматай Сабыржанұлы сынды талай ағасының басынан өткен кеп еді. Ол сыннан өтпесең, елдің сені мойындауы қиын.
Сөз соңында Серікқали Мұқашевтің тегеуірінді топтың өкілі екенін айта кетелік. Онымен бірге оқығандар қазіргі қазақ журналистикасында атой салып жүр. Ғабит Мүсіреп, Ермахан Шайхы, Нұржан Қуантайұлы сынды талантты қаламгерлер бүкіл қазақ еліне танымал. Ал бұл кітаптан сол жігіттердің студент кездегі қызықтарын оқып, жастық шақ оралып келгендей, бір желпініп қаласың.

Қайнар ОЛЖАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір