Туған жердің тылсым сырын ұғып көр

Қадыр Мырза Әли
АНА ТІЛІҢ – АРЫҢ БҰЛ
Ана тілің біліп қой,
Еркіндігің, теңдігің.
Ана тілің біліп қой,
Мақтанышың, елдігің.
Ана тілің – арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте!
О, ТІРШІЛІК!
Не берсең де арнап бер,
Алтын балық ілінетін қармақ бер!
Бақыт бер де,
Бармақтай сол бақытты
Басып тұрар батпандай бір салмақ бер!
Және дос бер, айтқанымды мақұл дер,
Жүйрік бер де
Соған шыдар тақым бер!
Мен жазбаған,
Жұрт жазбаған жыр сыйла,
Жүректерге соны ұғатын ақыл бер!
Мені күтіп тұрса алда биіктер,
Шапағатты шуағыңды құйып көр.
Абырой мен даңқыңды аяма,
Және соған майыспайтын иық бер!
ШАБЫТТЫ ШАҚ
Жүрек пен жүйке егессін,
Жыр көңіл сонда толғайды.
Жынды деп жынды емессің,
Демеуге және болмайды.
Тебісіп ырғақ миың да,
Төгесің сырды отырып.
Адам деп айту қиын да,
Алла деп айту өтірік!
Серпінді ой ішті кернейді,
Соғысқа кеткен көп сеңдей.
Құдайды көзің көрмейді,
Көреген бірақ жоқ сендей.
Қас қағым уақыт ішінде,
Ұғасың бәрін дана боп.
Қас қағым уақыт ішінде,
Шығасың және бала боп.
Жатасың сосын бой жазып,
Ақынға бір сәт саналмай.
Тамаша жырды мен жазып,
Тастадым деуге сене алмай!
СТУДЕНТ
Басталмаған қаланың дастаны әлі
Бірінші жыл дала деп жас тамады.
Бірінші жыл ауылы естен кетпей,
Бесінші жыл қимайды астананы.
О, жастық-ай, алмайтын өлмей тыным,
Ойын-тойсыз, өмірге көнбей-тұғын.
Биге барса баратын бір топ болып,
Жалғыз жүру дегенді білмей-тұғын.
Ғашық болсаң түн пана, терек пана,
Сұлу демі – дем емес – шарапхана.
Қызға барсаң кигенің – өзгенікі,
Өзіңдікі – жалғыз-ақ жүрек қана!
Өмір! Өмір! –
Деп жастық ұрандай ма,
Көкіректі кернейді бір ән майда.
Бір жігітке он қонақ мейрам күні,
Он жігітке бір билет трамвайда.
Алматымыз жастықтың бағы іспеттес,
Қаншама гүл сол баққа қоныс тепті.
Бір жігіттің ойында он арманнан,
Он жігітке жалғыз-ақ конспекті.
Тауысса да ақыры нандық пұлды,
Тартпай қойған серілік, сәндік кімді!
Түніменен дуылдап,
Келесі күн
Отырғаны сабақта қалғып-мүлгіп.
Керемет қой,
Қызық қой сезім деген,
Көктемде кім үйден безінбеген!
Он ай бойы масайрап ойнағандар
Емтиханда отыз күн көз ілмеген.
Содан кейін әлгіні ащысынбай,
Жұтып-жұтып жіберіп тұщы судай,
Туған жерге ұзатып тұрғандары
Бірін-бірі
Бір елдің басшысындай!
БІР ҮЗІМ НАН
Жал-жая ма?
Қадірлеген атамыз.
Коньяк па?
Аздап дәмін татамыз.
Бәрін қойып дастарқанға,
О тоба!
Нан қоюды ұмытып кетіп жатамыз.
Бүгін көңіл семірді ғой,
Семірді!
Бітік егін жауып кетті өңірді.
Бір жүз грамм арақ емес,
Бір кезде
Бір үзім нан алып қалған өмірді.
АСПАН ӘСЕРІ
Көрсетпейді ғашықтарды күлгін бақ,
Күлгін бақты құшақтағы Гүл қымбат…
Жеткен талай сері түннің түбіне,
Жымыңдайды жұлдыз біткен қылмыңдап.
Отыздағы ойлы азамат, ал ақтал!
Орман кезіп нағып жүрсің далақтап?!
Отыз күннің басын шауып түсірген,
Қылыш-Ай тұр қақ төбеңде жалақтап!
ӘР КҮН САЙЫН ҚҰЛШЫНЫП
Әр күн сайын құлшынып,
Әр күн сайын түле бір.
Мәңгі күрес – тіршілік,
Мәңгі майдан – бұл өмір.
Не болса да сабыр ет,
Кетер кейде би ағат.
Бірде жеңсе ғаділет,
Бірде жеңер қиянат.
«Мысық-тышқан» ойнайды,
Бір қуаныш, бір қайғы.
Жаңа жеңбей қоймайды,
Һәм ескірмей тұрмайды.
Ол ескіні тағы да,
Ысырады бір жаңа.
Кір жұқтырып ағыңа,
Қара күйе жүр жала.
Айтқанмен сен төрелік,
Биігіңде отырып.
Жағаласа береді,
Шындық пенен өтірік.
Ойлар мида түстеніп,
Көкіректе түнейді.
Қасқа тісің түскенін,
Басқа тісің тілейді.
Тоқушы, не етікші,
Түк түсінбей қалады.
Бір аяғың екінші,
Аяғыңды шалады.
Бөліскенмен қыр гүлін,
Келіспейді бажасы.
Сүйгендер де бір-бірін
Отырады қажасып!..
АҚТАРЫЛЫП БАҒАЙЫН…
Ақтарылып бағайын,
Аңғарғайсың бар мәнін:
Айныса да ағайын,
Айнымасын арманың!
Асау өзен, асылы,
Ағар бұзып арнаны.
Азайса да асылың,
Азаймасын арманың!
Жанға шипа бал түні
Жұлдызыңды қармағын…
Жоғалса да алтының,
Жоғалмасын арманың!
Жолын қуып жаманның,
Жұқтырмайтын арға шаң.
Арманы үлкен Адамның
Өзі де үлкен әрқашан!
АНА
Бәрі де, Ана,
Бір өзіңнен басталды.
Сен деп жаздым
Алғаш өлең дастанды.
Қуандым ба,
Өзің бар деп қуандым.
Жыладым ба,
Өзің жоқ деп жас тамды.
Бәрі де, Ана,
Бір өзіңнен басталды.
Жанарыңнан көрдім алғаш аспанды.
Еркелесем, бір өзіңе еркелеп,
Жасқандым ба,
Тек өзіңнен жасқандым.
Алғашқы дәм, ол да сендік сүт еді,
Ақ сүт берген қашанда үміт күтеді,
Отанымның өзі сенен басталып.
Жауларыма жеткен жерден бітеді.
ӘЖЕ
Асыл әжем, ғасыр әжем аңсаған,
Сағынышым сары ормандай самсаған.
Әке болып жүргенімді ұмытып,
Әлі күнге еркелеймін, мен саған.
Құлындаймын асыр салған аңғарда,
Қозыңдаймын ойнақтаған албарда.
Өзің барда қысылмаймын күлуге,
Жылауға да қысылмаймын сен барда.
Мен өзіңнен қабылдаппын сүюді,
Мен өзіңнен қабылдаппын күюді.
Сенің жаның жүрегіме ораулы,
Менің жаным жаулығыңа түюлі.
Тұра тұршы түзелгенше бұзығың,
Жүре тұршы жалғанғанда үзігің.
Маған дәулет неге керек, ақ әже-ау,
Өзің бірге көре алмасаң қызығын?!
АҚИҚАТ ПЕН ӨТІРІК
Ақиқат пен өтірік бөлек бесік,
Ар-ожданға жүрсек те көмектесіп.
Ажыратып болмайсың ақ-қараны,
Адамдардың өмірге көп өкпесі.
Даулы сөздің көрдім де елеп көбін,
Дұрыс пенен бұрысты бөлектедім.
Қаншалықты күдікпен қарасам да,
Көңіліме қонады көбі өкпенің.
Болмағанмен дастанның тарауында,
Біраз-біраз қызықтар бар ауылда.
Дарындымыз
Қырмызы дипломмен,
Дарынсыздың істейді қарауында!
Мұңайтады пікірлес,
шерлестерім.
Мейманыңа біреулер бермес төрін.
Біреулер жүр лайық жұмыс таппай,
Біреу отыр жинап ап жерлестерін.
Ақиқатын айталық, күрмелмелік,
Арандарға үй емес, түрмең көрік.
Бес бөлмеде біреулер әйелімен,
Бес жаны бар үйде отыр бір бөлмелік.
Өлмей тірі кетпейді шал бастығы,
Бір-бірімен өзара алмасты мұң…
Кереметтей келбетті кейбір жігіт
Күйеуі боп жүреді албастының!
Жата-тұғын жан қайда мұны жұптап!
Жақұттардың алдында қыбыжықтап,
Күндей сұлу қыздарың кей кездері
Көзін жұмып шығады құбыжыққа!
Қақас қалып көбіне небір дарын,
Қараулықпен май жиған жебір қарын.
Кім кінәлі?!.
Адамша істеңдер деп,
Өзімізге тапсырған Өмір бәрін!
БЕЙНЕТ – ЗЕЙНЕТ ПЕРНЕСІ
Жігітке жиырма деп қараған кім?
Жігіт емес бәрі шаш тарағанның.
Туған күні тумайды ер,
Туады ол
Тұңғыш рет жұмысқа жараған күн
Бір ұғудай ұғып-ақ алғам мұны,
Артық шығар марғаудан малдың құны.
Өлген күні өлмейді ер,
Өледі ол
Қолынан іс келмей бір қалған күні.
* * *
Жалқаулыққа жамбасың қайдан шыдар!
Жүйкең шіріп кетпей ме ойдан шұбар?!
Нағыз жаза – жұмысқа салу емес,
Нағыз жаза – жұмыссыз қалған шығар!
* * *
Көңілдестер әртүрлі ұлыстан бар,
Керемет қой үндемей ұғысқандар.
Күнде-күнде көруге уақыт болмас,
Күле отырып ішелік, туысқандар!
Саулығыма қуансын туысқандар,
Сана-сезім,
Сендер де тыныстаңдар!
Бір дем алып алайын әйткенменен,
Демалдырмас алда әлі жұмыстар бар.
* * *
Туған жердің тылсым сырын ұғып көр,
Бұлтын оның бұлт демей бір түбіт дер.
Қарап тұрып мынау шырқау шыңдарға
Қалай төмен боламыз, ей, жігіттер?!
Туған жердің тылсым сырын ұғып көр,
Тұма-бұлақ дариядан үміткер.
Қарап тұрып мынау түпсіз теңізге,
Қалай тайыз боламыз, ей, жігіттер?!
Туған жердің тылсым сырын ұғып көр,
Теңіз кешіп, шың басына шығыпты ер.
Көре тұра мынау ұлы даланы,
Қалай кіші боламыз, ей, жігіттер!
ПІКІРЛЕР3