ЖАЗУШЫ БОЛУ ДА ТАҒДЫРДАН…
29.01.2016
8443
3

0051Әлібек АСҚАР, жазушы

– Әлібек аға, оқырман махаббатына бө­лену деген не өзі? Өйткені, «Жазушы де­геніміз кім?» деген сұрағына жауап беру­ге құқыңыз бар ғой…
– Ең алдымен жазушы – елдік мұ­рат­тың жыршысы. Тіптен, қазақ сияқты тағ­дырлы ұлттың ұлы болу үшін және осы ұлт­қа алғаусыз қызмет ету бақыты бұ­йыр­ған жазушы болу үшін көп нәр­сенің ке­регі де жоқ шығар. Себебі, қазақ хал­қында парыз бен қарыз туралы түсінік, дәстүр мен туған топыраққа адалдық жай­лы ұғымдар ықылым заманнан бері қа­лыптасып, атадан балаға мұра болып келеді. Әр ұрпақ осы сұрыпталған қа­зынаға ие болу арқылы өз кезеңін нұр­ландырып отырады. Бабалары­мыз­дың дүниеге, өмірге, туған жерге деген фи­ло­софиялық таным-түсінігі, көз­қа­расы да бізге атаның қаны, ананың сүтімен да­рығанына мақтанумыз керек шығар. Қа­зақ жазушыларының қай-қайсы болсын, өз туындыларында осы міндетті ай­қын атқарып отыр.
– Сонда сіздің жазушылық жолыңыз­дың бастауында оқыған жазушыңыз кім еді? Әрі бұл жас әдебиетші мен жазушыға берген кеңесіңіз де болсын…
– Өз басым әдебиетке ынтасы бар әр­бір жасқа қазақ әдебиетінің теңдессіз жазушысы, сөз зергері Бейімбет Май­линді алдымен оқып алуға кеңес берер едім. Көркемдік пен шеберлік мектебі тұрғысынан қарағанда, Бейімбет шы­ғармаларында кездесетін нәзік те тылсым иірімдер адамды оқуға ғана емес, жа­зуға да жетелейтін құдіретке ие. Сол үшін де Майлиннің есімі мен үшін орны бөлек жазушы ретінде бірінші болып аталады. Мұнан кейінгі аса қадірлейтін жазу­шым – Тәкен Әлімқұлов. Тәкен аға­ның қаламынан шыққан туындылар­ды оқығаннан кейін, осындай қуатты дүниелерді тек қана қазақ топырағында туған адам ғана жаза алатындай әсерге бө­ленесің… Менің әдебиеттегі ғана емес, тұтас ғұмырымдағы рухани арқа тұтар ағаларым ретінде жазушылар Қалихан Ысқақ пен Оралхан Бөкейді ерекше ай­тар едім. Бұл екі қаламгер де қазақ әде­биетіндегі өзіндік орындарымен ұл­тымыз үшін, барлық кезеңдегі ұрпақтар үшін үлгі мен өнеге мектебі болып қала бермек.
– Енді, осы сұрақты әлем әдебиетіне қа­тысты етіп қайыра қойсақ ше…
– Жазушы үшін жалпы адамзаттық ру­ханияттың дамуына барлау жасау, олар­дың озығы мен тозығын салмақтап отыру міндет болуы тиіс. Әсіресе, әлем әдебиеті өкілдерінің шығармашы­лы­ғы­нан үнемі хабардар болып жүруді дәстүр сабақтастығы ғана емес, отандық әде­биет­тің бәсекеге қабілеттігін арттыратын тәсіл ретінде қарастыру қажет сияқ­ты. Әрине, шетел әдебиетін тал­ғам­мен оқу керек. Жалпы, олардағы әде­биет­ке деген көзқарас мүлдем бөлек. Сол се­бептен де шетелдік оқырманның сұра­нысы, түсінігі біздің талғамымызға ке­ре­ғар болып шығуы да ғажап емес. Бі­рақ әлем әдебиетінде қазақ оқырманы үшін құнды шығармалар болып табылатын, әсіресе, жазушылықтан дәмелі жас­тар үшін іздеп жүріп оқитын жазушылар жеткілікті. Мысалы, менің жеке кі­тапханамдағы америка әдебиетінің алы­бы Дэвид Сэлинджердің, жапонның атақ­ты жазушы-драматургі Юкио Ми­симаның және норвег жазушысы, Нобе­ль сыйлығының иегері Кнут Гамсун­­ның кітаптары үнемі оқылатын шы­­­ғарм­а­лар­дың қатарында.
Көпшілік жұрт әңгіме оқырманға тә­лім беру керек деп ойлайды. Бірақ кей­бір жазушылар мұндай қағидамен ке­лісе алмайды. Олар оқырманға ақыл айту, тағылым берем деп тыраштану мін­дет емес деп санайды. Әңгіме оқыр­ман көңіліне жылы шуақ жайып, құм­ның кішкентай түйіршігі күннің сәуле­сімен мың құбылуы сияқты, соның өзі қуанышқа бөлей білсе – жетіп жатыр. Дәл осыған байланысты К.Паустовс­кий­дің «Песчинка» деген шағын ғана әң­гімесі бар. Оқыңыз…
– Еліктеу, үйрену, тіпті еңбектену ар­қылы жазушылыққа келу мүмкін бе?
– Әрине, адам өз табиғатында жоқ нәр­сені қолдан жасай алмайды. Сол сияқ­ты жақсы жазуды үйрену мүмкін емес, жазушы болу да тағдырдан. Ал жазу­шының қалыптасуы – ізденіс пен бі­лім­нің, еңбекқорлықтың жемісі. Осы жер­де әдебиеттегі қалыптасқан нә­зирагөйлік мектептердің әсері де орасан. Шығармашылық адамына өзіне етене жақын аға жазушылардың рухани ық­пал ететіні тағы бар. Осының бәрі қалам ұста­ған жастардың жиған-терген білі-мі­не қосымша күш ретінде қосылып, то­­лыққанды шығармашылық адамына ай­налуға арқау болады.
– Ал әдебиеттегі сабақтастық буын мен буын арасындағы бәсекелестіктен биік тұруы тиіс пе?
– Шығармашылық адамы үшін ұр­пақтар сабақтастығы деген ұғым өте қас­терлі болуы керек. Алдыңғы буынмен арадағы байланыс адам мен адамның арасындағы сыйластықты арттырып қана қоймай, жазушының шығарма­шы­лығына серпін беріп, әдебиеттегі даму­дың бір тетігі болатыны анық. Шәкірт үшін ұстазға деген құрметтің орны бө­лек­ше болатыны сияқты, әдебиеттегі, жал­пы өнердегі аға буын өкілдеріне де­ген құрмет, оларды үлгі тұту сияқты қа­­сиеттер адамның рухани кемелденуіне игі әсер етеді.
Мен де өзім құрмет тұтатын аға буын өкілдері туралы айтқанда аса бір риза­шылық сезімге бөленемін. Турасын айт­қанда, біздің жазушылық өмір­бая­нымыз – тұтас бір талантты толқынның тарихы деуге тұрады. Алдымызда ас­қа­ра­лы ағаларымыз жүрді. Олар қазақ әде­биеті үшін орасан еңбек сіңірген, ға­жайып шығармалар жазып үлгерген қайраткерлер еді. Біз өзімізді осы аға буын­ның ізін басқан ұрпақ ретінде ба­қыт­ты санайтынбыз.
– Сіздің шығармаларыңызда табиғат пен философия қатар беріледі. Осының мәні неде?
– Негізінде, бұл сұраққа маған жауап беру қиындау болар… Менің шы­ғар­ма­ларым жайлы өзімнен гөрі сырт көздің, әдебиетшілер мен оқырманның айтқаны жөн еді.
Ал жалпылама айтар болсам, адамзат тарихындағы барлық ғылыми жаңа­лық­тар мен жетістердің барлығы адам мен табиғаттың құпиясын ашуға бағыт­талған. Ал әдебиетте ол міндет тіптен жауап­ты. Себебі, руханият қызметшісі ізгілікке қызмет етеді. «Жазушы – адам жанының инженері» деген сөз бар және осы сөзде шындық жатыр. Өйткені, адам жанының құпиясын ашуға қажетті кілт­ті табиғи жаратылыстан іздеуге тиіспіз. Осы ізденіс жазушыны философиялық толғанысқа жетелеп келетін сияқты. Мен өзім шырайлы Шығыста туып-өскенімді мақтан тұтамын. Менің бала­лық шағым Қатонқарағайдың нуы мен суына тамсанумен өтті. Егер біздің өңір­ден шыққан ақын-жазушыға «Сізді жазу­ға жетелеген қандай күш?» деген сұрақ қойылып жатса, оның жауабын бер­мес бұрын сол сұрақтың егесін осы бір тұмса табиғатты өз көзімен тама­ша­лауға шақырар едім…
Мен өзім аға буын жазушыларды ту­ған өлкеме ертіп апарып, қазақтың Ал­тайын аралатуды парыз санадым. Шер­хан ағамызбен ну орман мен алып асқарлы тау арасындағы өткен әңгімелер керемет еді. Қадыр ағамыздың да Алтай­ға деген мәңгілік сағынышын оята алға­ным үшін бақытты сезінемін өзімді. Ал өзімнің тұстастарымды, достарымды, ізімді басып келе жатқан бауырларымды жыл сайын елге ертіп апаруға уақыт та­бамын. Өйткені, Алтайдың аяулы таби­ғатын сезінген адамның ақын-жазушы ғана емес, ізгілік елшісі деген атқа лайық үлкен жүректі азамат болмауына хақысы жоқ сияқты болып көрінеді.
– Алтын құрсақты Алтайда туып, Ал­тайды жырлаған жазушылар, ақындар шы­ғармашылығынан жаныңызға медет бо­латын ерекшеліктері бар ма?
– Алтайды жазу, жырлау тек осы өл­кеден шыққан қаламгерлердің ғана мін­деті емес, жалпы ұлттың ұраны болса керек-ті. Өйткені, Алтай – адамзаттың анасы іспетті қасиетті өлке. Табиғи бай­лық пен тылсым әсемдік тұнған өлкеге деген аңсау мен махаббат бұған дейін талай туындыға арқау болған, бізден кейін де келетін ұрпақтың азығына айналатыны даусыз. Әсілінде, біздің туған өлкемізді көзбен бір көру көп қалам­гердің маңдайына жазылмапты. Қайбір жылы Қадыр Мырза Әлі ағамызбен Алтайдың құт-қойнауын армансыз аралап едік. Сол кезде арқалы ақын: «Мен егер мынау шолақ фәниде Алтайды көрмей өт­сем, өкініштің көкесі сол болар еді», – деп ағынан жарылған болатын. Осы бір алтын әріппен жазуға лайық сөздің өзі әлі қанша ақынның шабыт отын маздатары анық…
Алтайды шығармаларына арқау еткен жазушылардың көш басында Қа­ли­хан Ысқақ ағамыз тұр. Туған жерге деген махаббаттың дәлелін Қалағаңның әрбір сөй­лемінен аңғарасыз. Одан кейін, Орал­хан Бөкей ағамыздың тұтас күн­шы­ғыс тұсқа қарай мейірлене қараған кө­зінен нұр төгіліп тұрғандай әсер­ле­не­мін. Дүйім дүниенің әсемдігіне Алтай­дың ажарындағы паңдықты қосып су­реттейтін Дидахмет Әшімханның ше­берлігіне қалай тәнті болмассың. Өзе­гімді өрттей қаритын өкініш, осы қа­ламгерлердің дүниеден бар қазынасын сарқып беріп болмай өтіп кеткені…
– «Туған жерге деген махаббаттың дә­лелі…» деп қалдыңыз, ел десе елеңдеп тұ­ра­тыныңыз тағы бар екен. Сағыны­шыңыздың емін қайдан іздейсіз, аға?
– Жасы ұлғайған адам соңына алаң­дағыш келеді екен. Оның арғы жағында бейкүнә балалық шақтың сәттерін іздеу тұ­ратын сияқты… Сондықтан, Алтай аты атала қалған әрбір сөзге елеңдеп тұра­тын болдық. Негізі, адам жанының қо­регін әдебиеттен табады деген сөздің жа­ны бар. Ел еске түскенде Ұлықбектің (Есдәулет) жырларын оқимын. Поэ­зия­дағы ел мен жер образын сомдауды айту­ға бір ерекше тіл керек… Шы­ғар­ма­шы­лы­ғын да, азаматтығын да құрмет тұ­та­тын ағамыз Әлібек Қаңтарбайдың жаз­ған эсселерін қайталай қарайтыным бар.
«Алтай түске дейін адамға шапағын бүр­кіп дем салады, аруағын көтереді, түстен кейін көкірегіңді басып, пысымен қорқытады. Алтай түске дейін күліп отырады, түстен кейін күңіреніп отырады. Мінезі осындай. Шамырқанып тас­па, шамаңнан аспа дегені де…». Осындай сөзді жазып қалдырған Қалихан аға­мыз бақытты! Осындай сөзге арқау бол­ған туған ел мен жер де екі есе бақытты бо­лар!
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Назгүл САБЫРОВА,
Еуразия Ұлттық университеті, филология факультетінің 1-курс студенті.

ПІКІРЛЕР3
Ермахан 14.08.2017 | 13:47

Сұрағым бар еді жазушылар бір фантастикалық оқиғалардыда жаза бере ма әлде оларды басқа мамандар жаза ма?

Аноним 08.12.2019 | 21:15

Жазушы болу үшін ең алдымен білімді болуы керек

Аноним 09.12.2019 | 20:04

Күшті екен!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір