Шөжеден бата алған, Жамбыл пір тұтқан…
Құлыншақ Кемелұлының жазба мұрасы оқырманға толық жетпей келеді
ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бас кезінде Оңтүстік Қазақстан облысының Қаратау өңірінде өмір сүрген, заманында аса танымал болған дүлдүл ақын, қазақ ауыз әдебиетінің көрнекті өкілі Құлыншақ Кемелұлы суырыпсалма ақындық өнерімен, табанда тауып айтар мазмұнды уәж, мағыналы сөздерімен өзі өмір сүрген ортада, замандастары арасында аты асқақтап, алысқа кеткен еді. Ақын туындыларын насихаттауға әр жылдары зерттеуші-ғалымдар Рахманқұл Бердібай, Ханғали Сүйіншәлиев, Нысанбек Төреқұлов, Дандай Ысқақұлы, Әсілхан Оспанұлы, өзге де қаламгерлер үлес қосты. Өткен заманның небір аласапыран кезеңінен өтіп, шығармалары халық жадында сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасу себебін – туындыларының өміршеңдігінен, халықтың арман-мақсатын шебер тілмен, ұтымды оймен жеткізе білуінен іздеген жөн. Заманында ақынның өлең сөзде от ауызды, орақ тілді, тайпалмас жорға болғанын тұрғыластары да айтып кеткен. Сыр бойының (қазіргі Қызылорда облысының Шиелі ауданы) атақты ақыны Бұдабай:
«Көтеншіде Құлыншақ,
Өлең сөздің ұстасы,
Майлықожа, Мәделі,
Бұлар оның тұстасы.
Сөздерінің бар еді,
Тістейтіндей қысқашы.
Ең озығы Құлыншақ,
Өлең десе ұрыншақ.
Шу асауды тоқтатқан,
Бұғалақты бұрын сап» –
десе, замандасы Майлықожа Құлыншақпен айтысында: «Қосылдық екі жүйрік сайымызға…», «Өлеңге мен де дүрмін, сен де дүрсің…», «Ақын ең бағың қалың, озған атың» деп, Құлыншақтың жұрт таныған талантына тәнті болады.
Құлыншақ Кемелұлы суырыпсалма ақындық өнерімен қатар өз бетімен сауатын ашып, Шығыс шайырларының шығармаларын оқып, қисса-хикаяларын жатқа білген. Оның «Қыз Жібек», «Шора батыр», «Шекер-Шырын», тағы басқа халық дастандарын домбыраға, сырнайға, қобызға қосып, таңды таңға ұрып, нәшіне келтіре жырлағанын көнекөз қарттар күні бүгінге дейін айтып отырады.
Құлыншақ көптеген арнау өлеңдерін де жазған. «Көлбайға», «Дүйсенбіге», «Жаманқараға», «Ондыбайға», «Майлықожаға», «Қожабергенге», «Нарынбайға», «Үмбетке», «Өзігелдіге», тағы басқа арнау өлеңдерінде ақын әлеуметтік құбылыстарды терең талдаумен бірге, адамның жеке басындағы артықшылық пен кемшілікті қысқа да нұсқа, көкейге қонымды етіп, шебер жеткізе білген. «Жандәулетке» деген шумағында ақын аты бәйгеден оза алмай қалып, ашуланған жанды сабырға шақырады:
«Жандәулет, жүремісің, желемісің,
Өзіңді ашу буып келемісің.
Көк шоқай ат бас бәйге алмады деп,
Қайтесің, соған бола өлемісің».
Немесе Толысбай деген ағайынына:
«Ей, Толысбайым, Толысбайым,
Көкпеңбек екі көзің орыстайын.
Мейлің жең, шелектерді, мейлің жеңіл,
Мен саған ағайын боп болыспаймын».
Ақынның бұл жердегі «Шелек» деп отырғаны ру аты.
Бізге жеткен мәлімет бойынша Құлыншақ дүниеден таршылық көрмеген. Ол өзінің кейбір замандас ақындарына ұқсап мал-дүние жимаған. Ақын шығармаларын зерделеген жан оның өлең-жырларынан жиын-тойда салтанат иесіне көпшік қойып, марапаттаумен арзан бедел жинап, ат-шапанға ие болу мақсатында айтылатын өлең шумақтарын мүлде кезіктірмейді. Ақын өлеңді таза өнер деп бағалаған.
Құлыншақ көп жыл Сарыарқада ел аралап, әйгілі Шөже ақынмен дидарласады. Қазақ поэзиясының алыбы Жамбылдың берген бағасы өз алдына бір төбе. Ол Құлыншақты өзіне ұстаз тұтқан.
«Қаздай қалқып ерінбей,
Өлең тердім жасымнан.
Майлықожа, Құлыншақ,
Пірім едің бас ұрған» –
деген өлеңінде көп мағына жатыр.
Ақын шығармаларында халқын, туған жерін сүйгені, елінің салт-дәстүрін қадірлегені және өзгені де елдікті сақтауға үгіттегені, көзі ашық, көкірегі ояу ақынның отаршылдыққа жан-тәнімен қарсы болғаны айқын аңғарылады. Ақын толғауында ел арасына дендеп ене бастаған, халықтың ата-бабадан келе жатқан салт-дәстүріне ерекше ден қойғаны байқалады.
«…Аз ғана сөзді қозғайын,
Тыңдасаңдар жақсылар.
Әзіргі мынау күндерден,
Жайлауымды жау алып,
Ықтияр кетті-ау күллі елден!
Бұған да шүкір қыламыз,
Патшамыз болған орыс-ты,
Күннен күнге қылып тұр,
Көңілдегі жоқ істі.
Қадаулы ағаш, тартқан сым,
Қаптаған хахол сыймайды,
Қазақтан алды қонысты.
Қазынаға қарыздар,
Халық көбейді борышты…
Момынның көңілі толы жас,
Зәлімнің көңілі семірді.
Кісісымақ ысқырып,
Есігіме тебінді.
Қадақ болған кісідей,
Ала алмай жүрмін кегімді…»
«Пенденің көп-ті күнәсі», «Тәнің де мейман жаныңа», «Тыңдаушың жаман кездессе», «Бидің әділ болмағы», «Не жақсы», «Жаратылыс туралы», «Би болмас белін жалпақ буғанменен», өзге де өлеңдерінде ақын қоғам қайшылықтарын тайпалған жорға тілмен айшықты жеткізеді.
Құлыншақтың екі әйелі, екі ұлы, үш қызы болған. Үлкен ұлы Ысқақ та әке жолын қуып, ақындықты таңдады. Ысқақтың өлеңді суырып салып айтуға қабілеттілігін аңғарған соң әкесі оны жиын-тойларда қасына ертіп жүріп баулыған. Өкінішке қарай, қағазға түспегендіктен, Ысқақ Құлыншақұлының да көп өлеңдері ұмыт болған. Тек Қадиша қызбен айтысы ғана жинаққа енді.
Құлыншақтың кенже ұлы Исақан 1986 жылы қайтыс болды. Ақыннан тараған әулет Созақ ауданында өмір сүріп жатыр. Құлыншақ 1911 жылы Меккеге қажылыққа барып, содан қайтып келе жатқанда ауырып, жолда көз жұмады. Сүйегінің қай жерге қойылғанын ешкім білмейді. Қасындағы серіктері «Елге сәлем» атты бір шумақ өлеңін айтып келеді.
«Ер жігіт үйде де өлер, түзде де өлер,
Көп жасаса ер жігіт жүзге келер.
Пәнденің маңдайына жазуы сол,
Үйде өлгенмен апарып түзге көмер».
(1-нұсқа).
Құлыншақтың ертедегі көп өлеңдері баспа жүзін көрмей, бірте-бірте ұмыт болып кеткен. Құлыншақ мұрасы туралы көнекөз қариялардан көп мәлімет білуге болар еді, бірақ олар қайтыс болып кетті. Атақты жыршы Сұлтанбек Аққожаев Құлыншақты былайша дәріптейді:
«Әкесі Құлыншақтың Кемел еді,
Сүйген екен немере, шөберені.
Алты ұлы алты ауыл боп жүре берді,
Адамға бұдан артық не береді.
Құлыншақ алтауының ең кенжесі,
Дарыған өнері де өлең еді.
Әкесі Шөже ақыннан бата әкел деп,
Үш тоғыз дүниемен жібереді».
Сұлтанбек тағы бір өлеңінде былай дейді:
«Ұстазым – орта жүздің Құлыншағы,
Өлеңнен кем болған жоқ берген бағы.
Қосылып құнаныңда ат бәйгеге,
Тынбай шауып, кеп жүрді сынбай сағы».
Осындай дүлдүл де жүйрік ақынның бүгінгі күні насихатталуы өз дәрежесінде емес. Бұл жөнінде ақын шығармашылығын зерделеушілердің бірі, Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданының құрметті азаматы Есіркеп Өмірбеков өзінің «Шежірелі өлке» атты кітабында былай деп жазады: «1990 жылы Созақ елінің жұртшылығы «Жартытөбе» ауылында ақынның туғанына 150 жыл толу мерекесін өткізді, бірақ ақын тойы жұпыны өтті. Оның тойына ауданның кейбір ауылдарынан өкілдер келмей қалып, «естімедік» деп кейін өкпе айтып жүрді. Құлыншақ ақынның көп өлеңдерінің айтылмай, жария болмай, жоғалып кетуіне оның Меккеге қажылыққа баруы себеп болды. Кешегі дінді уағыздаушыларды отап тұрған заманда қажының өлеңін айту да, жазып-жинақтау да қауіпті еді. Сонда да болса әр жерде бір ауыз, екі ауыз өлеңін білетіндер кездесіп қалады».
Кеңес үкіметі жылдары Құлыншақ Кемелұлының өмірі мен шығармашылығына талдау жасауға, оның әр кезеңде, әр жинақта шашырап жүрген туындыларының, ол туралы ғалымдар әр кезде ортаға салған ой-пікірлердің басын біріктіруге талпыныс жасалмады. Бұл мәселеге тек тәуелсіздік жылдары ғана көңіл бөлініп, әр жинақта, газет, журнал бетінде шашырап жүрген ақын шығармаларын жинау қолға алына бастады. 2006 жылы демеушілердің көмегімен ақын шығармаларын және ол туралы зерттеулерді «Дүние ол бір көлдің қасқалдағы…» деген атпен жинаққа топтастырудың сәті түсті. Бірақ ол небәрі 500 данамен жарық көрді де, көпшілікке тарамады. Енді міне, ақынның туғанына 175 жыл толуына орай әлеуметтік маңызы бар әдебиет бағдарламасы бойынша «Фолиант» баспасынан толымды жинақ шығарылып, республика көлемінде таралуына мүмкіндік туды. Құлыншақ Кемелұлының 175 жылдығына орай жарық көрген жинақ бес бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім ақын өлеңдерін қамтыса, «Былай деген екен» деп аталатын екінші бөлімде ақынның ұрымтал, тапқыр сөздері туралы ел аузындағы әңгімелер топтастырылды. Үшінші бөлім ақын шығармашылығы туралы зерттеу еңбектерден тұрады. «Құлыншақ ақын – көркем шығарма кейіпкері» деп аталатын төртінші бөлімде ақын өмірінен жазылған көркем туындыларға орын беріледі. Ал бесінші бөлім оқырманды Ысқақ Құлыншақұлының шығармашылығынан хабардар етеді.
Құлыншақ Кемелұлы туралы мәлімет жинауға ақын өмір сүрген ортаның да едәуір көмегі тиді. Атап айтқанда, Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданындағы «Жартытөбе» ауылында тұрған Рысқұл Рысжанов ақынның өмірінен мәлімет жинауда, белгісіз болып келген өлеңдерін жарыққа шығаруда ұзақ жыл жалықпай еңбек етіп, кезінде бірталай шаруа тындырды. Құлыншақтың шығармашылығын насихаттауда ақын өмір сүрген ауданның тумасы, белгілі радиожурналист Ғалым Есенсариевтің және журналист-зерттеуші Алмас Ақылбектің айтарлықтай еңбек сіңіргенін атап өткен жөн. Осы азаматтардың мұрындық болуымен және зерттеуші, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Саттар Өмірзақовтың баспаға дайындауымен Құлыншақ Кемелұлының шығармалары мен ол туралы зерттеулер Оңтүстік Қазақстан облысының тарихи, рухани мұраларына арналып, осы облыс әкімдігінің бастамасымен және демеушілігімен (идея авторы және көптомдықтың жалпы редакциясын басқарушы – белгілі ғалым, ұлтжанды азамат, филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметов) шығарып келе жатқан көптомдықтың 96-шы томында жарық көрді.
Өкінішке қарай, қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар Құлыншақ Кемелұлының 160, 170 жылдығы ескерусіз өткенін, өткен жылы да 175 жылдығы атаусыз қалғанын тиісті орындардың есіне салғанды жөн көрдік. Шөжеден бата алып, Жамбыл пір тұтқанҚұлыншақ ақын мұрасын ел арасында насихаттаудағы олқылықтың орны алдағы кезде толтырылып, ақын шығармашылығы туралы толымды еңбектер жарық көреді деп үміттенеміз.
Орынбек
ЖОЛДЫБАЙ,
Қазақстан Жазушылар және
Журналистер одағының мүшесі,
Қазақстанның мәдениет қайраткері,
филология ғылымдарының кандидаты.
ПІКІРЛЕР2