КЕПИЕТ­ТІ КИЕ ТҰТҚАН ҚАЛАМГЕР
12.03.2024
103
0

Обал мен сауаптың, киенің мән-маңызы жайлы жиі айтамыз. Сонау бала күнімізден санамызға сіңген осынау моральдық категориялар талай ірі шығармаларда көрініс тапты. Әр жаратылыс иесі олардың құдірет­ті күшін түсініп, аяқты аңдап басып, жан-жаққа қарағыштап, жүрек түкпіріндегі «ұят болады» деген сезімі ауық-ауық атойлап тұрмаса, аспан асты, жер үстін жыртқыштық психология­ны жалау етіп, нәпсісін тежемегендер жайлар еді.
Өмірден озғанына жыл өткен жазушы, аудармашы Тәжібай Жаңаевтың «Соңғы жеті шақырым» ат­ты прозалық кітабындағы әңгімелерін оқып отырып, обал мен сауаптың, киенің ғажайып күшіне көзіміз тіптен жете түсті. «Кеңес белсендісі» деген дақпырт­ты Құдайдың рахымы түсті деп ойлап, аласұрып жүрген Сайхуалидың түлен түрткен түрінен айлапат қасірет­тің мысықтабандап келе жатқанын Жақсыбай байдың малының құты болған қызыл қаншық та сезіп, дегбірсіздене қыңсылайды келіп. О қасқаның қолынан басқа не келеді?». «Қызыл қаншықтың киесі» әңгімесіндегі осы бір елеусіздеу көрінетін детальді жазушы шебер қолдана білген. Автор «тапқаныма береке берсін» деп ағайынға қарасып отырған Жақсыбайдың ақ-адал малына төнген қауіптің арты жақсылыққа апармайтынын тәркілеу дүрмегін сырт­тай бақылап, дегбірсіздене қыңсылаған қызыл қаншықтың шарасыз хәлі арқылы символдық көрініс қалыптастырған. «Ит­тің мезгілсіз ұлуы әлімсақтан жақсы ырым емес. Белсенді атанып, билік шіркіннің бір ұшы қолына тиіп, жер-жаһанды қырып кете жазд-ап, талтаңдаған әлгі Сайхуали ұлуын үдете түскен қызыл қаншықты қара бердеңкесімен асықпай көздеп, сұлатып салады. Бұл билік кімді көздетіп, кімді мезгілінен бұрын жер жастандырмады. «Жақсыбайдың бәйбішесі мен тоқалы талауға түскен малдан гөрі қызыл қаншықтың өлімін көріп, дауыс етіп, Сайхуалиды аспан асты, жер үстіндегі қарғыспен сыбап жат­ты» деген сөйлем – шап-шағын әңгіменің негізгі айтар ойы, қойылар нүктесі. Дүн-дүниедегінің бәрі аз, анау көкжиекке дейінгі кеңістіктің бәрі тар көрінетін пенденің бес күн тірліктегі барлық іс-әрекеті алғыспен немесе қарғыспен өлшенеді екен. Айналаңа ізгілік дәнін сеуіп, жетімді маңдайынан сипап, сүрінгенді қолтығынан демесең, алғыс алып, оның киесі ұрпағыңды ұшпаққа шығарар. Қарғысқа не үшін ие боласың? Тәкап­парлау биліктің не болмаса кімге қонарын білмей кірпиазданып жүрген байлықтың буы буыныңа түсіп, тиісерге қара таба алмай қағына бастасаң, Құдайдың құдіретін ұмытып, көзіңді шел басса, қарғыстың өзі-ақ іздеп келеді дейді. Адамзатқа ақыл кіргелі бірге жасасып келе жатқан ізгі істер мен биік адами моральға құрым етігінің табанын сүрткен Сайхуали сынды еліргендердің қарғыс арқалауы Құдайдың жазасы ма екен? Сол Сайхуали арада көп жыл өтпей, үй іргесінде жатып, қызыл қаншықша ұлып, салпақтап мал соңынан қалмайтын мақұлыққа айналады дегенге сіз сенер ме едіңіз? Жоқтан барды жаратқан Құдайдың құдіреті деген – міне, осы.
Тәжібай Жаңаевтың осынау әңгімесін оқып отырып, қай-қайдағыны ойлайтыным бар. 18 мың ғаламды жаратқан Құдай әр пенденің ырыс-несібесін де ұмытпапты. Әйтеуір, еркіңнен тыс өмірге келген сәтіңнен бастап, еркіңнен тыс бұл баянмен қоштасқанша тырбаңдайсың келіп. Сайхуали тектес тексіздердің бір сәт­тік байлықтың буына семіріп, өздеріне үкілі үмітпен қараған барша халықтың дүние-мүлкін талан-таражға түсіріп, талтаңдағанын да көрдік. Сонда олар жердің асты мен үстіндегі дүниені әкеден қалған мұрадай талан-таражға түсіріп жатқанда обал мен сауаптың барын ойлады ма екен? Жан баласына жамандық ойлау түсімізге де кірмеген. Әр адамның маңдайының жарқырап жүргеніне қуанатын қазақпыз. Бірақ деймін-ау, әлгі алшаң басқандар қашан Сайхуалидың кебін киіп, өз амалдарының дұрыс болмағанын ұғар екен? Оны көргендер де ұрпақтың қазынасына қол сұғудың соңы жақсылыққа жеткізбейтінін түсінер еді. Тірі жүрсе де, тығылып жүрген біздің заманның Сайхуалилері осыны сезінсе дейсің ғой. Әдебиет­тің де көп миссиясының бірі – жаманнан жирендіріп, жақсылыққа ұмтылдыру екені көпке белгілі. Тіршілікте баршаға тілеулес болып, алқын­бай-жұлқынбай, адал еңбек пен ақ пейілді серік етіп ғұмыр кешкен Тәжібай ағаның қай шығармасын оқысаң да, обал мен сауаптың иісі жаздың жұпар жаңбырындай аңқып қоя береді.
Тағдыр тауқыметін ертерек тартып, балалар үйінде тәрбиеленіп, көзімен көріп, көңіл сүзгісінен өткізген жағдайларды баян еткен «Періштелер жыламайды», қайраткер Тобанияз Әлниязұлының қилы тағдырын өрнектеген «Тобанияз қыстауы» сынды хикаят­тардың, өзге де көпшілік сүйіп оқыған шығармалардың авторы Тәжібай Жаңаев терең пәлсапаға, ойлы иірімдер мен кесек-кесек образдарға толы туындыларымен халқының, қаламдастарының жүрегінде, жадында сақталатынына сенеміз.

Кенжебек ТҰМАНБАЙҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір