АҒА БУЫНДЫ АРДАҚ ТҰТҚАН…
Жасым сексеннен асқан мен, атақпен ауырып артынан қуған адам емеспін. Сыйлыққа таласып, сый-құрметті сұранып алған жерім жоқ. Өмірімді жорналшы саласында еңбек етуге арнап, Алланың берген талантының арқасында жазған әдеби туындыларым қаншалықты бағаланса, соншалықты разымын. Алайда облыстың Құрметті азаматы атану маған оңайлықпен келмегенін жасырмай ортаға салғаным жөн шығар.
Онда да өзім өтініп емес, бір тілеулес адамдар өздерінің бастамасымен екі мәрте ұсынып, сөздерін өткізе алмады. Екі жыл бұрын үшінші мәрте бұл атақты әперуге әрдайым Нарағалап тұратын артымнан ерген қаламдас інім, Қазақстан Журналистер одағының Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттың екі дүркін депутаты, «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі Ғалымжан Елшібай әрекет жасап көруге ниетті екенін айтты. Бұған дейін де басқалардың бұл бағыттағы қадамы сәтсіз болғанын айтып, босқа көңілі қалатынын жұқалап ескерттім. Айтқанынан қайтпады. Тік мінезі мен табандылығы, журналистер мен депутат әріптестері арасындағы беделінің нәтижесінде маған Түркістан облысының Құрметті азаматы атағы берілді. Ал былтыр үлкен талас-тартыс туындағанына қарамастан, асқаралы 60 жасқа толған танымал тележорналшы Әбдез Рахманұлының да облыстың Құрметті азаматы атануына қайраткерлікпен қол жеткізгенін елден естіп сүйсіндім. Өзге өңірлерді қайдам, біздің Оңтүстікте мұндай атақ алудың ар жағында талай текетірестер, көзге көрінбейтін кілем астындағы ойындар көп жүреді. Сондай сын сағатта қалам ұстаған қауымның намысын абыроймен қорғап, атқарушы биліктегілерді айтқан ұсынысымен санастыру үшін айналасындағы әріптестерін ортақ мақсат, ортақ мүдде жолында жұдырықша жұмылдырған, бекем бірлік, айнымас ынтымақ қалыптастыруға қол жеткізіп жүрген Ғалымжан Елшібайдың көшбасшылық қасиетіне қалай риза болмассың? Қаншама әріптесінің республикалық, облыстық, аудан, қалалық дәрежеде марапат алуына ықпал етіп жүр.
Қайсыбір жылы даңқты Шерағаңның – Шерхан Мұртазаның 90 жылдығы Түркістанда атаусыз қалмауы үшін Ғалымжан ініміз қалай шырыл қақты десеңізші. Сол кездегі облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің жеке қабылдауына кіріп жүріп киелі шаһарда «Көркемсөздің көшбасшысы, көсемсөздің қолбасшысы» атты халықаралық симпозиумның жоғары деңгейде өткізілуін жүзеге асырды. Бұл өте орынды шешім болды. Өйткені сонау 1994 жылы «Түркістан түлеуі, түрленуі үшін облыс орталығы болуы керек» деген бастама көтерген Шерағаң екенін бүгінде білетіндер аз шығар. Оған қоса Шерхан Мұртазаның кіндік қаны тамған Әулиеата мен Түркістан өңірі кезінде бір өлке болғаны тарихтан белгілі. Тұғырлы тұлғаның мерейтойы туған жеріндей болып есептелетін Түркістанда лайықты тойланып, оған еліміздің әр аймағынан және көршілес мемлекеттер Өзбекстан мен Қырғызстаннан да қаламгерлер келді.
Биыл ақпарат айдынына «Мархабат» журналы желкен керіп шығуына да «Мархабат Байғұттың туғанына 80 жыл» жобасының жетекшісі, «Медиакратия» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғалымжан Елшібай тікелей түрткі болды. Екі мыңнан астам таралыммен журнал бүгінде еліміздің 10 өңіріне таралуда. Классик жазушының 80 жылдығына орай, тағы бір қолға алған тірлігі Облыстық мәдениет басқармасымен бірлесіп, «Фараб» әмбебап кітапханасының ұйымдастыруымен «Мархабат оқулары» 17 аудан, қалада іріктеу сынақтары өткізіліп жатыр. Алдағы уақытта Махаңның мерейін өсіретін, насихаттайтын ауқымды іс-шаралар бар. Мархабат пен Ғалымжан екеуі әкелі-балалыдай тығыз араласып, терең сыйластықта болды. Махаң рухани інісіне үлкен үміт артып, қолдан келгенше қолдауын көрсетіп жүрді. Көп тірлікті сеніп тапсыратын. 75 жасқа толған мерейтойына орай, халықаралық конференция ұйымдастырылып, бір ғылыми зерттеу институтына жүк болар әйгілі «Түркілер төрі – Түркістан» кітабының тұсауы кесілгенде түркітілдес елдердің қаламгерлері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары қатысты. Облыс әкімдігінің қолдауымен сол жиынның өтуіне ұйытқы болған Ғалымжан Елшібай конференцияның модераторлығын да жоғары деңгейде алып шықты. Талантты қаламгердің бес жыл бұрын жарық көрген «Мархабаттың музасы» жинағына қаржылай демеушілік жасаған Ғалымжан екенін енді біліп жүрміз.
Ғалымжан – Қазақстан Журналистер одағының Түркістан облыстық филиалын басқарған жылдары жергілікті ұйымның жұмысын жандандырып, белсенділігін, ауызбіршілігін, беделін арттырды. Өзге облыстық филиалдарға үлгі боларлықтай қаншама бастамалар қолға алынып, жүзеге асырылды. Түркістанда республикалық, халықаралық деңгейдегі медиафорумдар, маңызды басқосулар өтті. Әсіресе аға буынның еңбектері де ескерусіз қалмады. Жорналшылар арасында ұйымдастырылған жарыстарда Төрегелді Байтасов, Сәділ Кәдеев, Оразхан Жарқынбек, Ертай Бекқұл, Қалыбек Атжан, Талғат Орманов, Анар Аспан, Сабыржан Юсупалиев, Алмас Ақылбек сынды өмірден өткен әріптестерді дәріптеу мақсатында солардың атындағы номинациялар тапсырылды.
Өткен жылы қасиетті оразада Ғалымжан дастарқан жайып, 200-ден аса адам шақырып ауызашар берді. Сол бір имани да ізгі шарада жорналшы болып бірге жүрген әріптестері, өзі тәлім-тәрбиесін көрген ардагерлер, бір сөзбен айтқанда, қолына қалам ұстаған қауымның алдыңғы, орта, кейінгі буыны бір дастарқанда бас қосты. Өмірден өткен қаламдастардың жұбайлары, перзенттері, туыстары да ұмыт қалдырылмады. Өзіміз қатысып, бата берген сол ауызашарда марқұм болған 40 шақты жорналшының аты аталып, арнайы Құранға қосылды. «Өлі риза болмай, тірі байымайды», осылайша, Ғалымжан топшыл емес көпшіл екенін, әр мүддені аздың емес, көптің көзімен қарайтынын аңғартты. Әкімдік немесе әкімдіктің ішкі саясат басқармасы атқаратын мұндай күрделі шаруаны өзінің, жеке отбасының атынан үйлестіре алғаны өзгелер үйренетін өнегелі тірлік-ақ.
Мен – қырық екі жыл аудандық газетті басқарған адаммын. Аудандық газетте шыңдалған жорналшыға көп үміт артуға болады. Ғалымжан да 7 жыл аудандық «Төлеби туы» газетінде тәжірибе жинақтады. Одан облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде» тілші, «Шымкент келбеті» газетінде бөлім меңгерушісі болды. Ал «Жас Алашта» өткір мақалалары арқылы елге кеңінен танылып, бақандай 15 жыл осы басылымда өнімді еңбек етті. «Жас Алашта» істей жүріп, 2007–2016 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті» газетінің оңтүстік өңірдегі тілшісі қызметін қоса атқарды. «Ана тілінде» біршама уақыт келісімшартпен жұмыс істеді. «Егемен Қазақстан» газетінде еңбек еткелі де 8 жылдан асып қалыпты.
Айтпақшы, Ғалымжанның ақындығы да осал емес. 1995 жылы қазақтың талантты ақыны Тоқаш Бердияровтың 70 жылдығына орай, туған жері қазіргі Түркістан облысы, ол кезде Оңтүстік Қазақстанның Келес ауданында ұйымдастырылған жазба ақындар байқауында бағын сынап көрді. Келес қазақ-өзбек шекарасында орналасқандықтан көршілес Өзбекстаннан да белгілі шайырлар қатысқан сол жолғы халықаралық мүшәйрада бас жүлдені дарабоз Қаныбек Сарыбаев қанжығасына байлап, бірінші орынды Ханбибі Есенқараева иеленді. Осындай айтулы ақындардан кейінгі екінші орын Ғалымжан Елшібайдың еншісіне бұйырған болатын. Қазылар алқасындағылар мұндай атақты ақындармен мәреге қатарласа келген 20 жасар Ғалымжанға үлкен үміт артатындарын зор сеніммен айтты.
Одан соң да өлең өлкесіндегі додадан екі рет олжалы оралды. Біреуі – Түркістандағы мемлекет және қоғам қайраткері Нұртас Оңдасыновтың құрметіне өткен республикалық мүшәйрадан, екіншісі – Алматыда ұйымдастырылған «Студент көктемі» дейтін дәстүрлі жазба ақындар байқауынан көптің ішінен ерекше көзге түсіп арнайы номинация иегері атанудың өзі оңай жетістік емес еді. Міне, осындай табыстары бола тұра өлең жазу жолындағы ізденісін, талпынысын ұштаудың орнына ақындықтан гөрі бірінші кезекте жорналшылығын дамытуға бар күш-жігерін, ақыл-ойын сарқа жұмсады. Шығармашылықтың ішіндегі ең қара жұмысқа аянбай жегілді. Құдайға шүкір, 32 жылдан бергі жорналшы болып төккен тер, еткен еңбек лайықты бағаланып жеткен жетістіктері, алған марапаттары аз емес. Мемлекет басшысының Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» деген медальдың берілгеніне бес жыл болыпты. «Жыл журналисі», «Алтын қауырсын», «Жаңашыл журналист» сияқты көптеген номинациялардың иегері.Ақпарат саласының үздігі. Республикалық бәйгеде бақ сынап, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Сөз зергері» сыйлығының иегері атанғанын ерекше айтқан жөн. «Сорос Қазақстан» қорының халықаралық байқауында екінші орын алды.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, жақсылықты паш ету қашан да жан жадыратады. Адам баласының қоғамда бағалануы, дәріптелуі, ардақталуы тікелей оның адамгершілік қасиеттеріне байланысты. Ал қоғам дегеніміздің өзі адамдардың мінез-құлқының жиынтығы емес пе? Осы орайда біз, бүгінде ердің жасы елуге толып отырған, туған жері Төлеби ауданының Құрметті азаматы Ғалымжан Елшібайдың адамгершілік, іскерлік қасиетін ғана айтып өттік. Әріптес ініміз әр адамға бауырым деп қарайды, жек көрінішті нәрсе болмысын бұзуы мүмкін екенін, ойды таза ұстау бақыттың үлкені екенін біледі. «Жақсы адамнан қол үзбе, шөлдегенде сусының» дейді халқымыз.
Нармахан БЕГАЛЫҰЛЫ,
ақын, халықаралық «Алаш»
әдеби сыйлығының иегері
ПІКІРЛЕР1