ПОЭЗИЯ ПӘКИЗАТ­ТЫҒЫН ПІР ТҰТҚАН ШАЙЫР
09.10.2022
743
0

«Ақын боп өмір кешуді
оңай деп пе едің, қарағым,
Аузында болу бұл деген
сыздаған барлық жараның».
Иә, өлең туралы, жүрек сөзін айтпаса тұра алмайтын ақындық деп аталатын айықпас аурумен ауырған пенде туралы осылай дәл анықтама беруді тағдыр отыз жасқа да жетер-жетпес ғұмыр кешіп, қыршын кеткен тума талант Төлеген Айбергеновке бұйыртыпты. Өйткені ақындық «ауруға» дәл мұндай диагноз қою үшін Алла-Тағала Төлегенге тұңғиығы терең, оймен санасы сырға толы, нағыз ақындық сезім берген. Ақындық дегеніміз – Ақиқат, Ар мен намыс, Отанға, Жерге, Елге, махаббатқа, достыққа, антқа адалдық. Ақындық дегеніміз – осы кие мен қасиетке қылау түсірмей, солардың жолында қажет болса жанпидалыққа бару.
Поэзияда болуы керек деп есептелетін мұңлы бір әуен, зілмауыр ордалы ауыр ойдан Қасымхан ақын да «аман қала алмаған» сияқты. Ол бірде:
Мен бір шерлі шайырмын
тірегім жоқ,
Сөніп қалған ошаққа тіледім от.
Байбөрінің менде, рас,
Байлығы мен
Ер бабамның кеудемде жүрегі жоқ,
деп жүрегінің шерлілігіне өзін кінәласа, енді бірде:
Өн бойымды алапат бір қайғы алып,
Жүре алмастан жайланып,
Бір биікке жеткім келген ойланып.
Тірідей сен текке өлгенмін.
Өзімді-өзім жек көргенмін.
Жек көрген сол сәтінде
Кеткім келген басқа адамға айналып, – дейді. Одан әрі:
Жырым менің танып түскен көз жасын,
Көз жасымды қадірлеймін өз басым.
Саналардың түкпірінен үйріліп,
Ғасырлардан бәз інген боп боздасын, – деп қайырады.
Ақынның көз жасы – саналы адам атау­лыға ғана ортақ көз жасы. Адамзат қуанса да, қапаланса да жылайтыны рас. Осындайда бүгінде есімі еске алынбай ұмыт боп бара жатқан тамаша ақын марқұм Сейсен Мұхтарұлының «Оңай келген бақытқа да жылай салған пендемін» деген өлең жолдары еріксіз еске түседі.
Ақынның, оның ішінде ақын Қасымхан Бегмановтың көз жасында оның тек өз басының қуаныш-реніші, өз басының осынау жалған дүниеге деген ризалығы мен наризалығы емес, бүкіл ұлт­тың, қаласаңыз, адамзат­тың аталмыш саф сезімдері жатыр.
Ұтыры келгенде айта кетейік, өз замандастары арасында өрелі өлеңнің иесіне өзінің өзегін үзіп беруге, өлексе өлең жазғандарды ащы мысқылмен мысын басуға қашанда даяр тұратын өркөкірек ақын Өтежан Нұрғалиев осы Қасымханға арнаған өлеңінде:
Ей, Адамдар! Аққуларды атпаңдар!
Атсын десең алдарыңнан ақ таңдар.
«Қонсын, – десең, – жүрегіңе періште»
Қасымханның ақ ниетін сатпаңдар.
Нарық дейтін Дантес оны көздеп тұр.
Әр ақынды…
Пушкин қылып сақтаңдар, –
деген екен.
Маған осы өлеңдегі, әсіресе үшінші, төртінші жолдар қат­ты ұнайды. Ақынды, ақын жүрегін ақын ғана танитыны рас екен. Қасымханның «періште ұялаған» дерлік жүрегін, аппақ ниетін өзі де, өлеңі де ешкімге ұқсамайтын өзгеше талант Өтежан ағамыз өте қырағылықпен байқаған. Қасымханның ешқандай әсірелеусіз ақ қағазға түсірген, бір қарағанда қарапайым ғана әр шумағынан нені, кімді айтса да ағеден ақын ниеті, жан жылуы лықсып төгіліп тұрады. Қасымхан адамдардың жер бетіне көктемде желкілдеп жаңа шыққан көкті де баспай, бұру да болса басқа жолмен оны айналып өткенін тілейді.
…Еске бәрі түсті ме,
Анау жолмен өтпедің.
Көктеп шығар үстіңе
Басып кеткен шөптерің.

Бәрі бастан өт­ті ме?
(Келеді кез шешетін)
Абайлап бас шөпті де
Түбі үстіңе өсетін, –
деп ертеңгі күні сендер өздерің де жер қойнына барып жатқанда үстіңе тікен емес, көк шөп көктеп өскенін тілейді, тілеймін дейді, соның өзін жақсылықтың нышанына жориды.
Поэзия – өте текті, дегдарлы, кіршіксіз де киелі пәкизат жанр. Ол өз шаңырағының астына келген кім-кімнен де сол дегдарлықты, сол пәкизат­тықты сақтауды талап етеді. Мұндай текті өнерге келген адам не айтып, не жазса да, оның ақынға қояр талап-тілегін сақтауды, қай тақырыпқа қалай сілтесе де селкеусіз саф сезімді сақтауды парыз етеді. Туған жерге жыр арнамаған ақын жоқ. Алуан-алуан жүйріктің шабысы да алуан түрлі. Парызды да әрқайсысы әрқалай түсінетіндер бар. Ал Қасымхан Бегманов – поэзия-арудың бойындағы осы бір басты парызына өте адал ақын. Ол нені жырласа да көкірегінің кең сарайында өмірге деген от­тай ыстық ынтызарлықпен күндіз-түні тынымсыз тулап тұратын жүрек деп аталатын жұдырықтай ғана жұмыр ет­тің айтқанын еш ақаусыз айнытпастан айтады.
Иә, Қасымхан ақын нені, қай тақырыпты жырласа да, маңдайына жазылған басты бақыты – шын ақындықтың үрзада жүрегімен үздіге жырлайды. Оның жырларының басты қасиеті – ақиқатшылдығы, ар-намысқа адалдығы. Ол кейбіреулерше елбасыға, билік басындағы әкім қараларға арнап, солардың бірін алып бір бәйтерекке немесе қайда бара жатқаны беймағлұм бір керуеннің басшысына теңеп жасанды пафоспен жалаң ұрандатып, жалған шабытпен желді күнгі желбіреген жалаудай желпілдетіп жыр жазғанын көрген емеспін. Бұл – поэзия жанрының тектілігіне сызат түсірмейтін ақындық тектілік. Қайта кімнің де, ненің де ең бір оғаштау, сезімге селкеу түсіретін тұстарына деген ренішін, назымен наласын тез аңғарып айтып отырады. Қашанда анау-мынау қарапайым пенде байқай қоймайтын кем-кетіктің, мінді ақындар бірден байқайтыны сияқты Қасымхан да ондайға өте қырағы. Бұл – елді, мемлекет­ті немесе қоғамды жек көру, ұнатпау емес, бұл соның бәріне жанашырлық, ақындық аяушылық сезімі. Кезінде әдебиетіміздің мәңгілік ардағының бірі Ғабит Мүсірепов мұндай мінезге байланысты Елін, Мемлекетін шын сүйетін адам оның кемшіліктерін батыл сынап отырады дегені, міне, осындайда еске түседі.
Туған ел, туған жер демекші, Қасымхан ақын қазір тәуелсіз, азат ел атанған Отаны – Қазақстанның өткені тарихын, бүгінге жеткенге шейін жүріп өткен соқпағы мен сүрлеуі қат-қабат тарихын өз жырына арқау еткен санаулы ақындардың бірі. Қазақ даласының, қазақ ұлтының біресе патшалық, біресе кеңестік Ресейдің қаншеңгелінен құтылып, өз еркі өз қолына тиюі жолында «азаптың алты атасын» көріп, сол ұлы мақсат жолында жанын құрбан қылған Алаш арыстары хақында жазған жырларының өзі – үлкен бір зерт­теу, ғылыми еңбек әкелуге тұрарлық тұлғалы дүниелер.
Иә, ел азат­тығының ақ үмітін ғана аялап, халқының сол асыл мұратын арқалап, енді ғана жетер жерге жақындағанда отыршылдықтың ойранды саясаты желкесін қиған қайран арыстар туралы ең бір сүбелі еңбекті поэзияның толғауы тоқсан көркем тілімен жазып жария еткен де ақын – Қасымхан Бегманов-тұғын. Өткенді айта бастағаннан-ақ таулары теңселіп, боз даласы ботадай боздап, әрбір қырымен қырқасы күңіреніп, сыр шертуге даяр қазақ елінің басынан өткен тағдыры мол тарихын ақындық жүрек сөзімен, жұртына бұлтартпас дәлел-деректермен, азалы жырмен жырлап беру үшін қандай мехнат­ты бастан өткергенін ол:
Келмейді дерсіз сіз, бәлкім,
енді өткен күн,
Қызығы жоқтай гүлі аңқып
жеткен көктемнің,
Текті елдің кектері қысып кеудемді
Мұрағат­тардан мұра іздеп
қаңғып кеткенмін.
Қалғып кеткенді оятар, бәлкім, ғазалым,
Жаныммен егіз боп кеткен, анау азалы үн.
Алашорданы алаш деп өткен қазағым,
Сұраймын кімнен адамнан болған ажалын, – деп баяндайды. Ақын бұл жолда Ахмет Байтұрсынұлы, Мұстафа Шоқай, Міржақып Дулатов, Жаһанша, Халел Досмұхамедовтер, олардың соңғы тұяғындай Әлімхан Ермеков тәрізді кеудесінде көп арман кеткен, қазіргі көк тудың көкке көтерілгенін көре алмай шерменде күйін шертумен өткен бейбақтардың тасбауыр тағдырын бүгінгі Азат, Тәуелсіз. Еркін елінің ерікті ұрпағына жыр тілімен көзбен көріп, қолмен ұстағандай ететін шайырлық шеберлікпен жеткізе білген. Ал оның бүкіл түркі жұртының бірлігін аңсаумен өткен мұңлық М.Шоқай туралы тарихи драмасын жазар алдында Мұстафа жүріп өткен жолмен сабылысы көп сапарға шығуының өзі үлкен бір дүние. Осы орайда арманда кеткен Алаш арыстарының тағдыры туралы қалам тербегендердің бірталайы өзі қалаған жанр табиғатының ерекшелігін ескермей, ескерсе игере алмай қалғанын да көріп жүрміз. Бұл тарихи тақырыпты жыр тілімен жазған Қасымхан ақынды оқып отырғанда сол алып тұлғалардың өзімен көзбе-көз жүздесіп отырғандай болдық.
Бізде Алаш тақырыбы негізінен ғылыми еңбектердің, ал көркемдік жағынан прозаның мойнына жүктеліп қойған сияқты. Ал Қасымхан ақын алаш рухын, алаш алыптарының орындалған және орындалмай қалған арзу-арманын арнасы кең поэзияға айналдырып шықты. Арнасы кең дейтін себебіміз – Қасымхан Бегмановтың бұл ұлы істегі поэзиясы қиян-кескі шырғалаңы мен от­тай ыстық махаббаты, ерлігі мен еңбегі аралас тарихы терең өмірдің өзі сияқты. Сөз өнері – поэзия қашанда қазақтың ең бір маңызды рухани қазынасы. Қашанда қазаққа өлең, жыр басқаларға қарағанда жетімдірек, қазақтың құлағына өлең жағады, оның ой-санасына өлең тез орнығады, тезірек сіңеді. Сондықтан қазір әрбір Алаш қайраткері туралы осындай поэтикалық дүние жазылса құба-құп болары сөзсіз. Алаш дегеніміз ұлт­тың уайымы және ұлт­тың рухы. Соны ақындық жүрекпен жырлауға жол ашушылардың бірі, қашанда поэзияның пәкизат­тығын пір тұтатын ақын – Қасымхан Бегмановқа Алла разы, қазақ разы, қазақтың ең киелі өнері – жыр әлемі разы.

Мырзан КЕНЖЕБАЙ,
ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір