Философия ОҚЫТУШЫСЫ (Әлмира Наурызбаева туралы жазбалар)
14.02.2023
474
0

Филологтар алдына – өз уақытын антикалық дәуір арқылы түсінуді міндет етіп қойсаңыз, онда оның мұраты мәңгілік мақсатқа айналады
Фридрих Ницше,
«Біз, филологтар»

Филология мен философия

Бір отырыста, ұлы роман-повестер туралы әңгіме үстінде Әлмира Бекетқызы «Әдебиет дегеніміз – әріп» деген еді. Бұл сөз маған қат­ты әсер ет­ті. Әсіресе қала мен ауыл, мәдениет пен өркениет ұғым-түсініктерінің мәнін айқындауда тамаша құрал болды.
Әдебиет­тің дамуы тілдің өсіп-өркендеуіне жол ашады. Керісінше, тіл ғылымының күшеюі көркем шығармалардың көбеюіне себепкер болады.
Филология белгілі бір тілдің өзіне тән ерекшеліктерін, төл заңдылықтарын зерт­тесе, лингвистика жалпы тіл атаулының қасиет­терін қарастырады.
Тіл – дүниені айқындайтын сөз, тезауруста «өлшеніп тартылған» ғаламзат көлемі. Ұлт пен ұлыс мәртебесіне де таразы. Ұлт­тық идеология мен тіл саясаты да анық: түптеп келгенде, ұлт­тық мүдде дегеніміз – тіл мүддесі. Тіл жағдайы мен қолданысына қарап, халықтың орнын білеміз.
Философияға «әркімнің-ақ бар таласы». Бірақ философияның деңгейін төмендетуге бола ма? Бүгінде философиялық мәтіндер беллетристикаға айналып бара жатыр: категориялармен сөйлейтін құнарлы тілді жайдақ сөз ығыстырып келеді. Кәнігі ойшылдар текстерден көрініс тапқан лексикалық кемшілік-қателіктерді қадағалап қарап отырады. Әлмира Бекетқызы – бұл келеңсіздіктерді алғаш байқаған сұңғыланың бірі болды. «Философиялық дискурс құрып бара жатыр» деп жар салды ол.
Біз, әдет­те, философия деп диалектиканы түсінеміз, алайда оның қызмет аясы әлдеқайда кең. Ол физика тәрізді күллі әлемді қамтиды. Витгенштейн жорамалы еске түседі. Тілдің қоры – ғаламның құрамына тең. Бар нәрсенің атауы бар. Әр атау белгілі бір түсінікті білдіреді. Әлмира Наурызбаева Қазақстанға постмодернизм идеяларын әкелген алғашқы лек қатарынан көрінді: дәлірек, аталмыш ағымның елдегі белгілерін тапты. Біз Хайдеггер, Камю, Сартр, Кафка еңбектеріне қызығушылық танытып жатқанда, ол структуралистерді оқуға шақырды. Соңыра шеруге Бекет Нұржанов қосылды.
Ұстаздың Мәскеуде филологиядан кандидат­тық диссертация қорғап, билингв құбылысы туралы («Әдеби-көркем қостілдіктің поэтикасы») қалам тартқанын білетін едік. Еңбекте Шыңғыс Айтматовтың шығармашылығы кеңінен талқыланады. Үш туындысына – «Ақ кеме», «Қош бол, Гүлсары» және «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет» повестеріне үлкен баға беріледі. Әсіресе «Ақ кемесін» ерекше атап өтеді. Бірақ соңғы шығармасы («Ақ кеме») «Шал мен теңізге» ұқсас, «Шал мен теңіз» өз алдына «Моби Дикті» еске түсіреді. Айтматов қалың жұртшылыққа бастапқы шығармаларымен жақсы таныс. Повестері оқыған адамға ерекше әсер қалдырады. Алпысыншы жылдары, ғасыр басында Еуропа қалаларын шарлаған модернистік көзқарас, экзистенциалистік қозғалыс, қазақ жеріне де келіп, Алаш кеңістігінде орныға бастады. Сол кездегі Төлен Әбдіктің «Оң қолы» – соцреализм әдіс-тәсіліне көрсетілген қарсылық еді. Шығыстан Мұхтар (Мағауин), Оралхан, Қалихан Ысқақ шықты, Созақтан Асқар Сүлейменов көрінді. Сосын, кет­ті… сең бұзылып, қопарылып, жалғасып… Әбіш Кекілбаев, Төлен Әбдік, Дулат Исабеков, Сайын Мұратбеков, Сәтімжан Санбаев, Тынымбай Нұрмағанбетов, Дүкенбай Досжан…
Әлқисса, 1994 жылы аспирантураға емтихан тапсырып, жетекшілікке ұстазымды көздеп жүргенде, ол маған қазақ модернизмі жайлы жазуға кеңес берді. Совет Одағы кезіндегі бес жылдық оқу жүйесін тәмамдағанда да, кейін магистратура қабырғасында оқып жүргенде де, Әлмира Бекетқызының жетекшілігімен дипломдық жұмысымды эссе түрінде жазып шықтым. Белгілі бір зерт­теп-зерделеу барысында мұқабасы да, кітап салмағы да өзгерді.
Кейбір жері көркем шығармаға ұқсайтын, көсемсөзге келетін туындыны орыс тілінде қайталай шығару туралы енді ойланып жүрмін.

Философия мен филология

Әлмира Бекетқызын алғаш көрген кезіміз есімде, есік ақырын ашылып, аудиторияға бойын тіктеп, еңсесі биік, жүрісі паң, жүзі нұрлы, бір әдемі әйел оқытушы аяғын асқақ басқан қалпы, қағаздарын көтеріп, табалдырықтан сенімді ат­тап кіріп келе жат­ты: бізге – философтар тобына тоқсаныншы жылдары культурологиядан дәріс оқыды. Әлмира Бекетқызының лекцияларынан оқымыстылардың ақылды сөзін тыңдап, бір жарым сағат бойы ғажап бір атмосфера құшағында шалқитынбыз. Рахат күй кешіп, бақытқа бөленетін едік. Ұстаздарымыз қағазға қарамай сөйлеуші еді. Валерий Иевский – тіпті аудиторияға сөйлеп кіріп, сөйлеп шығатын. Кім бар, кім жоқ екеніне көңіл аударып та жатпайтын.
Біз – ФЭФ студент­тері Әлмира Наурызбаеваны жақсы көрдік. Дәріскеріміз аса білімді адам еді. Философияға жүйрік, тарихына сұңғыла, ілімдеріне жетік тұлға болатын. Екі академиялық сағат бойы тоқтамай сөйлейді, біз ұйып тыңдайтын едік. Философияны меңгерген адамның мәдениет­тануға да, қоғамтануға да, өнертануға да жүйрік екені белгілі. Әр кешенді жүйені талқылағанда ілімнің түп-мәні түсінікті бола қалатын. Әсіресе жиырмасыншы ғасырда қаптап сахна төріне шыққан қаһарман ойшылдардың бір-бірінен айырмашылығы туралы өз ойын алға тартқанда алдына жан салмайтын. Ол – шынымен, қазіргі қазақ философиясының көрнекті өкілі ғана емес, сонымен қатар жетекші тұлғаларының бірі.
Философия біздің қуанышымызға айналды. Ертеңгілік мезгілден қара кешке дейін дәріс тыңдап, білімнің қайнар бұлағынан сусындайтынбыз. Философия – Ньютон механикасы, тартылыс күштері, квант­тық физика тақырыптарын зерт­теп, талаптарын рет­тейтін бүкіл әлемдік маңызы бар ұлы формулаға айналып келе жат­ты. Шын бақыт­ты едік.
Бірде, Әлмира Бекетқызы «Жиырмасыншы ғасырдың бастауында Ницше философиясы мен Федор Достоевский шығармашылығы тұр» деді.
Жақсы ой ақылымызға қона кет­ті. Кейін аталған пассаж – қазақ тілінде әңгімелер жазғанда, роман-повестер тақырыбына қалам тартқанда, өрге сүйреген шығармашылық қағида, сүйенген сүйеу болды. Әлмира Бекетқызы, бір байқағаным, жылдам ойлайды. Табан астынан тақырыптың мәнін бір ауыз сөзбен айта салатын. Қазіргі ағымдар туралы бел шешіп дауға түскенде, модернизм дегеніміз рационализм деп қысқа қайырып тастағаны тағы бар.
Біз кемеңгер Хайдеггерді болмыс категориясын жан-жақты зерт­тегені үшін құрмет тұтамыз. Жалпы, болмыс мәселесі көне Грекия, тіпті балшық тақталар бетіне түскен шумер-аккад («Гильгамеш туралы жыр») поэмасынан бері адамзат­ты толғандырып келеді. Түп-мән де жеткізбей қойған категориялардың бірі. Күрделі, қиын сұрақтардың жауабын ұстаз дәрістерінен табатынбыз. Ол – философия оқытушысы. Білімі терең, үздік үзік сөздерге бай, әр нәрсеге жеке көзқарасы, өз түсінігі бар. Ұстаздың сабағы кей уақыт­та үлкен үзілістер кезінде ұзын дәліздерде жалғаса беретін. Әрбіреуіміздің манадан бері баптап, аялап отырған, дайындап қойған бірнеше сұрағымыз бар, бірін болмаса бірін қойып үлгеріп қалғымыз келеді. Көзге түспек пендешілік ниетіміз де жоқ емес. Дәрістері әр кітаптың бір-бір тараулары тәрізді еді. Мен үш тақырыпты көріп тұрмын: философия тарихы; мәдени мазмұндар; эстетика мәселесі.
Өкініштісі, бұл дәрістер не қағазға түспеген, не таспаға жазылып алынбаған екен. Қағазға жазылса, жинақталар еді. Жинақтан кітап құралса, ұлт игілігіне айналары сөзсіз.
Бір білетініміз, Әлмира Наурызбаева жайлы ғылыми контекст (тыс-мәтін) аясында сөйлеген жөн. Биографиясы, өмір жолы, ғылымдағы алғашқы баспалдақтары, сатылап өскен, есейген жылдары, қазіргі таңдағы жақсы-жақсы табыстары, жалпы философияның даму кезеңдеріне сай келеді. Тұрақты ізденіс тұлғаның қарайып қалмауына қашанда кепіл. Жаңа болжам, жаңа гипотезадан жаңа теориялар туып жатады, ілімдер қалыптасады, кітаптар жазылады, оқулықтар басылады.
Ерте қимылдағанда, мәселені ерте қолға алғанда «Наурызбаева дәрістері» ат­ты топтамалардан тұратын, көп томдық кітаптардан құрастырылған жинақтар дүниеге келері сөзсіз еді. Мераб Мамардашвили дәрістерін, мұрасын жинаған шәкірт­тері тәрізді біз де Әлмира Бекетқызының аудиторияларда сөйлеген күллі сөздерін, бүкіл айтқан ойларын жинап алғанда, болашақ ұрпаққа асыл мұра қалдырар ма едік.
Экзистенциализмнің тамаша бір қағидасы бар: «существование предшествует сущности» (түп-мән өмір жолы үзілгенше қалыптасады). Философ кітапты қатардағы жұрт­тан екі есе көп оқуы қажет. Кітап – ойшылдың серуенге бірге шығатын серігі. Қазір кітап ұғымы өзгерді. Ол тылсымдық қасиетінен айырылды. Санадан болмыс жоғалды. Қызыл сөз категорияларды қуаңшылыққа ұшырат­ты.
Әлмира Бекетқызының рухани әлеміне үңілсек, көп жылғы еңбектің нәтижесін көрер едік, енді оның материалдық игілікке айналарына тілеуқормыз. Әр қазақтың кітап сөресінде Әлмира Наурызбаеваның том-том кітаптары қаланып, тізіліп тұруы тиіс. Насихат­тың да, тәрбиенің де үлкені – өнеге.
Ұстаз өмірінің жаңа кезеңі басталып келе жатыр: ол оқып-тоқығанын қалың қазақ, көпшілік елге жеткізуі қажет. Жетпіс жас дегеніміз – парасат­тың балалық шағы. Даналықтың алды, көп жұмыстың басы. Даналыққа құштар философтың ғұмыры жетпіс жастан асқан соң, даналыққа жеткенде басталады.
Әлмира Наурызбаева – қазақ даласын кезіп жүрген еуразиялық елестің қаупі жөнінде алғаш мәселе көтерген адам. Еуразиялық идеяның көздеген мақсаты – қазақтың хал-жағдайы емес, ұлы континент­те өз үстемдігін орнатуға ұмтылған ресейлік күштердің қамы еді. Әуелі сананы улады, кейін жалауын желбіретіп жорыққа шықты. Бейбіт идея біртіндеп агрессияға айналды.
Филологиядан шыққан философия көз көрмейтін, көңіл сезбейтін қиырды шола біледі. Еркін түсінік, ақындық тіл, образды ойшылдық – филолог-философтардың қаруы, таным жолындағы құралы, әдісі.
Әлмира Бекетқызының докторлық жұмысы есімде («Гуманизм мәдениет­тің антропологиялық дискурсы» тұрғысында) автор сөздің мәнінен алыстап, адасып бара жатқанымыз туралы әңгіме қозғайды. Салдары қандай болатынын ескертеді. Ескіден дерек келтіреді, көнеден көп нәрсені еске түсіреді. Гуманистік идеалдардың шегініп келе жатқанын, жасампаз сөзді жамылып, ұлт мінберінен, адамзат атынан сөз сөйлеген, дербес көршілеріне қысым жасап отырған, азғындай бастаған қоғамның тоғышарлығын, халықаралық анонимдік күштердің екіжүзділігін, ірі елдердің кіші мемлекет­терге әлімжет­тік саясатын, нәсілшіл идеологиясын, бетпердесін ашып, әшкерелеп көрсетеді.
Жалпы дискурс бұзылса, жалаң дидактика ғана қалады. Философия парасатынан айырылады, ол ақылгөй нарративтің құшағында өледі.
Категориялары тұрақтала қоймаған қазақ философиясының қазақ прозасының кей шығармалары тәрізді сөзі көп. Дәл айтылмаған ала-құла сөздің ұғым-түсінігі бекіп, орнықпайынша, ұлт философиясының дамуы да неғайбыл, табысқа жетуі де екіталай.
Философия дәлдікті сүйеді. Абстрактілі дәлдікті, демек, нақтылықты. Категориясы нақ философияның ойы да нық.
Сөз мәнін жете түсінген филолог қана түптің түбінде, жетекші философқа айналады. Терминді – ілім, тілді – дискурс, философияны – жүйе қалыптастырады.

Дидар АМАНТАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір