«Атың жүр асқақ сөйлеп ел ішінде…»
Француз жазушысы Жак Анатоль Франсуа Тибо: «Случай – псевдоним Бога, когда он не хочет подписаться своим собственным именем», – депті. Франстың осы тұжырымынан туындата ой қозғасақ, өмір жолыңда жақсы жандармен кезігу бір қарағанда кездейсоқтықтай көрінгенімен, ол да аса рақымды Құдай тағаланың «сыйы» болса керек. Бұл күндері ойлап қарасам, қазақ сахна өнерінің бір бәйтерегі, ардақты Сәбит аға Қоңырбайұлы Оразбаевпен кездесіп, танысуым мен үшін сондай «сыйдай» көрінеді.
…1972 жылдың желтоқсан айы болатын. Алматы мединститутының бесінші курсында оқитын кезім. Учаскелік дәрігер Ынта Әуесқызының қарамағында амбулаториялық көмек көрсету тәжірибесінен өтіп жүргенмін. Бір жолы ол кісі сырқаттанып, жұмысқа келмей қалды. Емхананың бас дәрігері мені алдына келтіртіп: «Үйінде ауырып жатқандардан бес шақырту түсіпті. Грипп басталып, дәрігерлер жетіспей жатыр. Ынта Әуесовна саған сенуге болады деді. Ұятқа қалдырып жүрме!» – деп, орысша қадап ескертіп, қолыма бес «амбулаториялық карта» ұстатты. Емханадан онша алыс емес, қазіргі «Абылай хан» даңғылына қарай жаяулатып жөнелдім. Шақыртулардың көпшілігі «Дом советов» деп аталатын тоғыз қабатты ғимараттың төңірегінде болып шықты. Алдымен Сәбит ағаның төртінші қабаттағы пәтеріне бет алдым. Есікті Сәбеңнің өзі ашты. 36 жастағы кезі ғой. Жылдам, жинақы қимылмен, кіреберіс дәліздің оң бүйіріндегі Апақай ананың бөлмесіне бастады. Апа төсекте жатыр екен. Жасы сол кезде сексеннен асып қалған еді. Тізесі ауыратындықтан емханаға өз аяғымен бара алмай жүргені болмаса, қазаққа дара талант сыйлаған аруағыңнан айналайын Апақай ана ол кезде әлі тың еді. Мазалаған жүрегі, қан қысымы екен. Тізенің ауырғанын басатын дәрі-дәрмектер жазып бердім. Шай әкелінді. Шай ішіп, апаның «Шалым болғанда ғой…» деп басталған қалжың-шыны аралас әңгімесіне көңілденіп бірауық отырдық. Бұрында жазылған «Шамаңда, мына жарық дүниеде тағы қанша жүремін?», деген сұрағын сол жолы қойған еді. «Он бес, он алты жыл беймарал, апа», – дегем, ойланбастан. Тағы да «шақыртуларымның» бар екенін айтып, қайырластым. Сәбит аға есікке дейін шығарып салып, қамқор үнмен: «Үй осы, келіп тұр», – деді. Мен келіп тұрдым. Ары қарай Сәбеңді аға тұтып, шапағатын көріп, мейірім шуағына малынған жылдардың тізбегі басталып жүре берді. Қонақ болып баратын да күндерім болатын. Білсін, үйренсін, қала мәдениетінен хабардар болсын дей ме екен, Света жеңге «қонағының» «бір тойғанын, шала баюға» санайтын студент екеніме қарамай, дастарханын ұзақ әуреленіп, талғаммен жаюшы еді. Аға: «Айтбай келсе, Света дәмді тағамдар жасап, бүйіріміз бір томпайып қалады», – деп, әзілдеп қоятын. Шетелден медицина саласына байланысты көрмелер Алматыға келгенін ести қалса: «Барып көр. Оларда технологиялар жақсы…» деп ескертетін. Гастрольдік сапарларда жүргендерінде Апақай ана елегзімесін деп, қонып кететін кездерім де жиі болатын. Оқу бітіріп, елге кеткесін де хабар үзбедім. 1976 жылы Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталғанында, «Алматы, Мұхтар Әуезов театрына» деп құттықтау жеделхатын жібергенім есімде. 1979 жылы аға жеңгеміз Светлана Сафиқызымен Сарыағаш санаторийіне алғаш рет келді. Сарыағаш ұнаса керек, одан кейінгі жылма-жыл келулері жаңа ғасырға дейін созылды. Ол кезде қазіргідей 5-10 емес, демалыс мерзімі 24 күн. Яғни көңіл қалаған кісінен жақын араласуға мүмкіндік мол деген сөз. Жұмыстан босай қалғанда жанынан табылуға тырысатынмын. Бүгінгі баяным да «Алаштың ақтаңгер актерінің» әкемтеатрдағы 60 жыл бойғы шығармашылық қызметі жөнінде емес, менікі сол аға жанындағы ұмытылмас сәттер мен маған жасаған қамқорлығы, «басыма іс түскенде» қол ұшын берген азаматтығы төңірегінде болмақ. Дәрігер ретінде айтар болсам, ағадан «көдедей көпте» кездесе бермейтін, адам жанын нұрландыратын, жарқын «аураның толқындары» есіп тұратындығы сезілетін. Ал ондай жанның өнері, саулықтың өзегі саналатын жүйке жүйесінің қызметіне оң өзгеріс әкелетін, таптырмайтын психотерапиялық «дәріге» айналатыны медицинада белгілі. Талайды көрген КСРО халық артисі И.Смоктуновский Оразбаев өнерін бағалағанда: «Ах, какая ты прелесть!» деп, жайдан-жай тамсанбағаны анық. Дәлелді сөйлеуім үшін, өзім қатысқан бір кездесуді еске алайын. 1981 жылдың жазы еді. Сәбеңнің Сарыағашта демалып жатқанынан хабардар болған «Сырдария» кеңшарының директоры, кейін Еңбек Ері атанған Ә.Асубаев егін орағының аяқталуына қарай механизаторлармен кездесуге шақырып, түс ауа көлігін жіберді. «40 шақырымдай жерге дікілдетіп «Уазикпен» барғанша, менің «Мәскеуішіммен» тартайық» дегенімді аға да мақұл көріп, жолға шықтық. Айналма жолмен «Жаңаталап» ауылын қақ ортасынан кесіп өте бергенімізде, тойға бара жатқан болуы керек, ыдыс-аяқ көтерген жиырма шақты әйел қатарласа, аяқтарын асықпай, бейқам басып, жолдың ортасымен бара жатты. Жолдың екі жағына үйлер тақау салыныпты. Айналып өту мүмкін емес. Ал әйелдердің бізге жол берер түрлері жоқ, әлдене жөнінде сампылдай сөйлесіп, шуылдаса күлісіп бара жатыр.
– Сигнал берме, ыңғайсыз болар, – деді ағай. Мен терезеден басымды шығарып:
– Оу, жеңгейлер! Өтіп кетейік, жол беріңіздер, – деп айқайладым. Әйелдер үдере бұрылып, бізге қарай қалды. Бірі алдыңғы орындықта отырған ағаны тани кетіп:
– Өлә…ә…ә! Шөңгебай ғой мынау… – деп таңдай қаға дауыстап жіберіп еді, қалғандары оған қосыла: – Беташарға шақырылған шығар… Өкіреші де бар ма екен? – деп, даурыға көлікке жақындай берді. Ол кезде «Қымызхана» телеспектаклі теледидардан жиі көрсетілетін. Онда Шөңгебай рөлінде ойнайтын Сәбеңді әйелдер жыға таныды. Әне-міне дегенше көлік қоршауға алынды. «Мәскеуіштен» тысқа шықтық. «Сырдария» кеңшарының орталығы – «Жылға» ауылындағы, уақыты белгіленіп қойылған кездесуге бара жатқанымызды айттық. Әйелдерге «басшылық» жасап, «Шула-маңдар, мен айтайын» деген, ақ кимешекті қара кемпір:
– Сәбит шырағым! Біз сені сыртыңнан жақсы білеміз. Құдай сәтін салғанын қарашы… Ағайынымыз келін түсіріп, соның беташарына бара жатыр едік. Осы ауылдың жартысы туыстарың. Сарыүйсіндер. Мен де жеңгең боламын. Әлгі «Қымызханаңда» жеңгелеріңе айтатын әнің болушы еді. Бізге айтылғандай көрінетін. Ең болмаса, сол әніңнің бір шумағын айтып жіберші… «Өзінен тікелей естідік» деп, мақтанып жүрейік… – деді де, қолындағы бауырсақ, шелпек, тәттілер салған ақ матаға ораулы ілегенін мәшиненің «капотына» қоя салып, «ауыз тиюге» шақырды. Төбеден оңтүстіктің «қайтар күні» лапылдап, жаныңды қоярға жер тапқызбай тұрғанына қарамай, ағам көңілді көрінді. Жеңгелеріне жөнімен, жарасымды әзіл айтып, ішек-сілелерін қатыра күлдіріп алғасын, «Етегі ақ көйлектің алтындаған, Жүзіңнен айналайын жарқылдаған, жаным жеңеше-ай! Сексен қыз серуенге шықса дағы-ау, Даусыңды мен танимын саңқылдаған, жаным жеңеше-ай» деп басталған, асығыстықтан домбырасыз-ақ айтылған әзіл толқынындағы ән жеңгелерді желпіндіріп, кереметтей риза етті. Әлгіндегі «басшы» әже бата берді. Содан ары қарай жүріп кеттік. «Жылғаның» шағын «клубы» көрермендерге лық толы екен. Жиым-терімнен енді ғана оралған дала еңбеккерлері болса керек, көбісі жүздерін күн қаққан ер азаматтар. Егін-жайдан, қырман басынан келе қалған-ау деймін, үстеріндегі жұмыс киімдерін алмастырып та үлгермепті. Менің жанымда керосин иісі мүңкіген ақ кепкелі толық жігіт, ыстықтан ырсылдай демалып, екі шынтағын орындықтың қырына тірей шірене шалқайып, аяғын бір-біріне айқастыра созып, біреу мұнда зорлап келтіргендей жүзін кіржитіп, селқос отырды. Көп ұзамай, ағаны ерткен директор көрініп, қысқаша таныстырып, тізгінді өзіне берген соң домбыраның құлағын бұрап, күйіне келтіріп біршама үнсіз отырды да, ән бастады. «Жасымнан-ай арман құсын қуған елім, Белімді тәуекелге буған елім, Жүрсем де сенен алыс айналайын, Есімнен бір кетпейсің туған жерім». Одан кейін «Тоқта, ботам, атаң келеді артыңда» атты әніне кезек берді. Ән біткенде жан-жағыма көз тастасам, кездесу басталар алдындағы абыр-сабыр болып, әркім әр жаққа қарап, бейтарап кейіпте гуілдесіп отырған көрермен сілтідей тынып, «Кашпировскийдің сеанысында» отырғандай сахнаға елти көз тігіп қалыпты. Адамдарды айрандай ұйытып, шым-шытырақ тіршілік қамын бір сәтке ұмыттырып, көңілдерін жайландыратын шынайы өнердің құдіреті осы-ау деймін. Өмірден алынған, бастан кешкен механизаторлар жайында көңілді әңгімелер айтылғанда, жазылмаған қабақ қалмады. Машина таңсық балалық шағында, ілбіп, әзер жүретін, соғысқа «қатысып» келген ескі «Водовозға» өзі қатарластары жабыла мініп, өзеннен су алып, ыңырана әрең келе жатып, «Қызыл әскерге» жақын жердегі ылдиға жете жылдамдық артқанда: «…көзімнен жас парлап, спо.. спо… спидометрді көре алмай келе жатырмын. Қа… қа… қараңдаршы… қаншаны көрсетіп тұр. Та… та… тартысы мықты. Кейде то…то…тоқтата алмай қаламын…» деп бөсетін, тілінің мүкісі бар, ақкөңіл шопыр ағайын еске алғаны жанымдағы кіржиген көршімнің көңілінен шықты. Аяқ-қолы жиылып, қабағы ашылып, жүзі жадырап, тарқылдап күліп, шапалақты аямай соғып отыр. Өзі қызмет атқаратын М.Әуезов атындағы акедемиялық театрдың корифейлері мен әріптестері сахнадағы серіктестері жөнінде, Иранға барған гас-
трольдік сапарларында жолыққан шетел қазақтары туралы ұзақ әңгімеледі. Тағы да ән айтылды. Бір жарым сағатқа созылған сол кездесуді жылғалықтар көпке дейін айтып жүргеніне өзім куәмін. Аға Сарыағашта жиырма реттей демалып, жиырма ретінде де демалушардың тілектеріне орай тегін кездесулер өткізді. Әр кездесуге мұқият дайындалып, ол күні ем алуға бармайтын. Сахнаға шығар алдында толқитыны байқалатын. Ал сахна төріне шыққанда оның ізі де қалмай, сырт көзге бәрі оңай, өзінен-өзі дөңгелене жөнелгендей көрінетін. Залға жиылғандар сүйікті әртісінің әр сөзін, әр қимылын бағып, кездесудің сәтті өтуіне тілеулестей, жүздерінен аса бір елгезектік танытатын. Көрерменінен «түсіністік» тапқан Сәбеңнің реңі де шабытты шақты бастан кешіп тұрғанын аңғартатын. Бұл орайда А.Райкиннің: «А вдохновение приходит, когда начинаешь общаться с публикой. Публика… соучастник процесса, помогает довести вещь до кондиций. В пустом зале я бы не мог играть. Вероятно, поэтому у меня не очень сложилось отношения в кино», – дегені еске түседі. Өкініштісі, әрқайсысы бір қойылымға татитын, көрерменді ерекше ләззатқа бөлеген сол кездесу – концерттері («Сахна өнері қас-қағым сәттік кәсіп», Ә.Сығай). таспаға жазылып алынбады. Әсіресе,
М.Мақатаевтың «Реквиеміне», Т.Айбергеновтің «Сағынышына» жазылған әндерін орындағанда залдағылар шапалақ ұрып, орындарынан тұрып кететін. Күмбірлеген домбыра қоштаған, қанша тыңдасаң да құлақ құрышың қанбайтын, жағымды қоңыр үн 400 орындық кинозал сахнасынан емес, ғарыштан шалқып жеткендей, өзің де сол шетсіз, шексіз кеңістікте «ән қанатымен» самғап жүргендей ғажайып әсерді бастан кешуге «мәжбүр» боласың. Өлеңі мен сазы, орындаушылық шеберлігі ғаламат үйлесім тауып, жан сарайыңды жаңғыртып, бұл ғаламда тек мейірімділік пен сұлулық қана патшалық құрып тұрғандай, көңіл-күйіңді кейде шад-шадыман иеленсе, кейде жеңіл мұң мен сағынышты ойлар жетегіне ала жөнеліп, әлдебір сиқырлы дүние көкірегіңе ұялай береді…
Осы орайда айтар болсам, маған Сәбеңнің домбырамен айтатын, адамның жан дүниесін «қопарып» тастайтын, көркемдік деңгейі биік әндері, жыр-термелері, әсіресе, бірнеше ғасырлардан бергі жыраулар қалдырған мол поэтикалық мұраларды шебер насихаттауы нақты бағасын ала алмай жүргендей көрінеді. Өткен жылғы Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлау барысында да басты арналардан Сәбеңнің жыраулық мүмкіндігін пайдаланған хабарлардың көзімізге түспегені, барымызды бағаламауымыздың бір көрінісі ме деген ойға еріксіз итермеледі.
Бірде бас дәрігер Л.Бауэрге: «Су ішетін галереяда Сәбит Оразбаевтың әндері естіліп тұрса дұрыс болар еді» деп ем, онша мән бере қоймады. Содан кабинетіне арнайы кіріп, «аргумент» келтіруге тура келді. «Курорт емінің тиімділігінің елу пайызы көңіл-күйді коррекциялауға байланысты екенін білесіз. «Коррекциялаудың» бір түрі – музыкатерапия. Музыка болғанда, бас ауыртып, адамды өзімен-өзі болуына кедергі келтіретін «құр айқай» емес. Талғам таразысына салынған, уақыт сүзгісінен өткен есті музыка. Мәселен, сіздің тарихи отаныңыздағы Мюнхен университетінің клиникасында асқазан-ішек сырқатымен емделушілерге дәрі-дәрмек берумен қатар, күнде Бетховен мен Моцарттың шығармаларын тыңдату арқылы жақсы нәтижеге қол жеткізген. Ем алушылардың «язвасы» музыка тыңдамағандарға қарағанда тез жазылып, жалпы жағдайларының әлдеқайда жақсарғаны жөнінде мәлімет бар. Жалпы, Сарыағаш арасанынан ұрттап қойып, жақсы әнге құлақ түру емделушінің көңілін көтеріп, мидың қан айналысын жақсартып, жүйке жүйесін тыныштандырумен қатар, жүрек соғуының жиілігін азайтып, қан тамырларын кеңейтіп, қан қысымын қалпына келтіретіні даусыз. Ал қазаққа Сәбит Оразбаевтың домбырамен орындаған әндерін тыңдау Бетховен мен Моцарттың музыкасынан кем әсер етпейтініне шүбәсізбін, – дегеніме бас дәрігер иланды. Содан төрт жыл бойы су ішетін галереяда Сәбит ағаның әндері мен термелері жиі беріліп тұрды. Тоқсаныншы жылдардың басында таңертең галереяда су ішіп, «Төле бидің толғауын» тыңдап тұрған Тұманбай ағамен (Молдағалиев) Күлтәй жеңгені көріп қалдым. «Тамаша екен…» деген сонда Тұмаш аға жай ғана, көмескілеу үнмен. Мүмкін сол сәтте ақын басында кейін жазылған «Жарық тасып» атты өлеңінің: «…Ұзақ кеткен ұлы жолдың бойында, Кім қалды, кімдер өшті ойыңда. Сен сендірдің кім болсаң да өзіңе, Мен кеп жүрдім сен ойнайтын ойынға. Нәр алған бір сонау алыс шақтардан, Ем сияқты елге берген тәтті алмаң. Сарыағашта саңқылдаған даусыңды, Ташкен естіп таңырқайды ақ таңнан…», деген жолдары торуылдап жүрді ме екен, қабаттасқан ойлардың жетегінде тұрғаны байқалды.
Қазақтың шыншыл ақыны Сәкен Иманасов Сәбең 70 жасқа келгенде «Азамат» деген арнау өлең жазыпты. Сондағы: «…Білмеймін серісің бе, перісің бе, Атың жүр асқақ сөйлеп ел ішінде. Жерің жоқ өз кінәңді елден көрген, Бармадың кердеңдермен келісімге!.. Мақұлдар мұны біреу, мақұлдамас, Біледі баяғыдан атыңды Алаш, Бұл күнде дара тұлға талантыңа Иеді жақын түгіл, жатың да бас! Біз үшін өнердегі сырың мәлім, Тірлікке боямалы бұрылмадың. Отқа да, Омырауыңды шоққа төсеп, Тек қана шындық үшін шырылдадың. Айнымай Алла жолы – ар иманнан, Тіліңді қайырасын кәлимаңнан. Қашан да қиянатты көрген жерде Жүзіңді ашу-ыза қари қалған…». Менімше, аға мінезін дөп басқан жыр сыңайлы. Олай дейтінім, сол мінезіне салып, мені де «әділін айтып қорғаған» кезі болған еді. Өзі де уағында басшылық қызметтен бас тартқан ағадан, «Ең үлкен дәрігер – сырқатқа бір табан жақын, қатардағы дәрігер», дегенін есте ұстағандықтан болар, қызметтен өсуге көмек беріңіз деп, өтінген емеспін. Сексенінші жылдардың ортасы ауғанда, баламалы негізде, ұжым мүшелері ашық дауыспен мені жалақысы шамалы, жауапкершілігі шаш етектен «орынбасарлық» қызметке сайлады. Ұжымның сенімінен шығайын деп, жақсы нәтижелерге қол жеткізіп, сырқат жандарға қолдан келген жақсылықты жасайық деп, тырысып-ақ жүрген сыңайлы едім, жұмсақтау айтсам, көп ұзамай әлгі қызметтен кетіру әрекеттеріне тап болдым. Мен «арызданбасам да», жағдайымды біреулерден естіп, лауазымды азаматтардың біріне: «Міндетін тиянақты атқарып, сегіз ұл-қызын соңынан ертіп, ешкімге соқтықпай, өз жолымен кетіп бара жатқанды, жолынан тайдыру обал шығар», – депті. Бұл «араша сөзден» хабарсыз едім. Кейінірек естідім. Осыдан құлақтанғандар: «Сәбит Оразбаевпен қандай туыстығың бар еді?» – деп, қадала қалғандарында: «Аналарымыз туыс», – деп, екі ауыз сөзбен құтылып жүрдім. Олай деуім негізсіз емес-тін. Қысқашаласам, менің анам Ұлжалғас соғыс алдында Сайрам ауданындағы «Ленин жолы» колхозында жеті жылдық мектепті бітіріпті. Соғыс басталғанда өкіл әкесі Исмаил майданға аттанып, кейін Сталинград маңында опат болады. Апақай ананың суретін көргенде, жадысы жақсы апам былай деген еді: «Үйлеріміз жақын болатын. Ересек ұлы менің өкіл әкеммен бірге соғысқа кетті дейтін. Батыл сөйлейтін кісі еді. Сәбит ағаң болса керек, бес-алты жастағы бұйра шашты ұлын көруші ем. Өзенге су алуға барғанда жәрдемдесетінмін. Әзіл әңгімелерді көп айтып, соғыстың әсерінен мұңайып жүргендерді жігерлендіріп қоятын. Су алып келе жатып, жолай демалуға аялдағанда, менің шашым қызыл, көзім көк, реңім сары екенін байқап: «Мен ақ сарымын, сен де сары екенсің. Бірақ шашың қызыл, көзің «тұздай» екен. Сонда да екеуміз апалы-сіңлідей болайық», – деген еді. 1942 жылдың күзінде әскерге шақырылып, елу қызды «қара жұмысқа» Шымкенттен жөнелтейін деп жатқанда, Арыс стансасынан артылатын оқ-дәрі мен азықтық заттардың есеп-қисабын жүргізуге есепші керек болып, есепке жүйріктігім ескеріліп, қалдырды. Сөйтіп, «Қызыл әскерден» көшіп кеттік».
1985 жылы ерте көктемде Бибі ұлымыз Сәбитті (ағаның құрметіне солай атаған едік) дүниеге келтірген соң, перзентханада қан кетуден қайтыс болды. Мұндайда жағдай белгілі. Үйде анасын іздеген алды он екіде, арты үште ұл-қыздарым. Перзентханада Сәбит. Оны үйге әкелейін десем, ана сүтін ембеген бала инфекциялардан қорғансыз болатынын ойлап, одан да айрылып қаламын ба деп қауіптенем. (Бір апта бұрын перзентханада қайтыс болған ауылдас ананың қызын үйіне апарған соң, үш күннен кейін шетінеп кеткен болатын). Енді не істерімді білмей, күйзелісте отырғанымда, таңалакеуімде Сәбит аға телефон шалды.
– Бала қайда? – деді бірден.
– Перзентханада.
– Сен оны Алматыға алып келсең қайтеді. Осында дұрыстау жерге орналастырайық. «Ауызданғасын» алып кетерсің, – деді.
Мен мақұлдадым. Ертеңіне Орталық Комитеттің сектор меңгерушісі қызметіндегі Еркебек Арғынбаевқа жолыққан екен, оң шешімін тауыпты. Сәбитті перзентханадан алып, Ташкент арқылы ұштым. Әуежайдан Света жеңге екеуі өздерінің «Волгасымен» күтіп алды. Баланы орналастырған соң Сафи ата мен Шәрипа апаның үйіне соқтық. Сафи Өтебаев – қазақ мұнайының «атасы» ғой. Өмірді көрген, үлкен жүректі, мейірбан жан, көңіл айтып, ұзақ әңгімелесті. «Балаларыңа еге бол. Енді олардың тірегі сен ғана. Соларға керексің», деп, айтқан жанашырлық сөздері әлі есімде. Кешкілік Сәбит аға пойызға шығарып салды. Одан кейін министр Шәріпбек Шардарбековтің көмегімен Қордайдың қызыл гранитінен Бибінің бейітіне белгі де жасатып берді. Есігімнен ешкім қарамай кеткен мен үшін ауыр сол кезеңде Сәбит ағаның осындай үлкен демеуі ары қарай өмір сүруге күш бергені өзіме аян.
Аға табиғатынан өте байқампаз жан. Юморлы әңгімелердің хас шебері екені де елге мәлім. Курортта болғанында емге, дәмге бірге барған емделушілердің жүріс-тұрысынан, сөз саптауларынан, сырт пішімінен ішкі иірімдерін, мінез ерекшеліктерін аңғара қойып, соларды әзіл әңгімелеріне арқау ететін. Сексен екінші жыл еді. Дәмханада қырық жыл түйе баққан егделеу кісімен бір дастарханда отырыпты. Әлгі кісінің бет бейнесі «Мал егесіне тартадының» керіне ұқсайды. Астыңғы ернінің түйенікіндей салбыраңқылығы соншалықты, иегі еріннен көрінбей тұрады екен. Содан оның ас ішкенін Сәбит аға көзімен көреді ғой. «Біз ас ішкенде қасықты ауызға ритммен апарсақ, әлгі кісі екі рет апарады да, үзіліс жасап барып, сәлден кейін тағы да екі рет бірінен соң бірін жылдамдата аузына апарған соң, қасықты жайына қалдырып, шалпылдата шайнауға кіріседі. Көз қиығыммен зер салсам, бірінші қасықтағы асты тістің ар жағына өткізіп жіберді де, екіншісін салпиған еріннің үстіне қоя салды. Неге десеңіз, «запасқа» екен. Тістің ар жағындағысын өңештен өткізіп болған соң, еріннің үстіндегісіне кезек тиді. Тысқа шыққан соң: «Мұныңыз қалай?» деп ем, «Баяғы ашаршылық кезде асты көбірек қарпып қалу үшін үйренген әдісім еді, әдет болып кетті. Төрт балаға жетіспеушіліктен бір тостақ ботқа мен бір ғана ағаш қасық берілетін. Қасық кезегімен тиеді. Оның үлкендеулігінен бір рет апарғанда-ақ ауыз толатын. Мен екіншісін еріннің үстіне қоя саламын да, қасық айналып келгенше еріннің үстіндегіні де жұтып үлгеремін». Осындай әңгімелерінің біразын ағам жетпіске келгенде жазған едім. Біразы әлі жадымда сақтаулы. Амандық болса, ұлт тұлғасы тоқсанға келгенде жазармын деп үміттенем.
2001 жылдың 4-ші сәуірінде, таңертең ауданда бір мекемеде қызмет атқаратын інім Құрманбек телефон шалып: «Сарыағаштағы Төле би ескерткішінің ашылуына Алматыдан бір топ зиялылар келді. Ішінде Сәбит аға да бар», – деді. Үйім болғанымен, күйім келіспейді-ау деуге келмейді. Жарылқай қоятын жағдайым болмаған соң, мазалап қайтемін деу тағы ыңғайсыз. «Тасқаныңа емес, сасқаныңа ризамын», – дейтін аға ұстанымын «ориентирге» алып, Айгүлге: «Биыл 65-ке толды. Ат мінгізуге шамамыз жете қоймас. Ал үйге шақырып, шапан жауып жіберсек жөн болар еді», – дегенімді қостаған ол базарға кеткен. Түскі үзілісте жұмыстан келсем, үйдегілер мәз. Менің алдымда ғана базардан оралған Айгүл де күлген болады. Базарда әккі ұрыға кезіксе керек, сөмкесін тіліп, әмиянын алып кетіпті. Үйге келіп, жағдайды балаларына өкініш білдіре айтқанда, 10 жасар Айгерімнің: «Ұрыда ұят жоқ екен. Бұл жолы қоя тұрып, келер жолы алса да ешкім қой демес еді ғой», – деп анасының көңілін жұбатқаны күлкі туғызыпты. Сөйтіп, ағамыздың Сарыағашқа келгенін білмеген болып қала бергенбіз.
Тоқсаныншы жылдары Алматыға барған сайын аға үйіне соқпай қайтпайтынмын. Соны байқаған немересі, ол кезде бес-алты жаста болса да өте зерек, қазір әлемге танымал скрипкашы Айша Оразбаева: «Бұл кісі бізге кім болады?» дегенінде, Света жеңге: «Атаңды жақсы көретін, творчествосын сүйіп, қадірлейтін інілерінің бірі», – депті.
Өткен күзде он бір жасар немерем Мағжан үйден атып шығып, аулада жүрген маған:
– Ата, телевизордан Сәбит ата сөйлеп жатыр, – деді, асыға, аптыға. Дереу үйге кіріп, қарасам, шынында «Білім және мәдениет» арнасынан бірегей актеріміз М.Сүртібаев жөнінде естелік айтып отыр екен. Сол жолы ағылшын тіліне бейімделген мектепте оқып, басқа қалада тұрып, жылына бір рет қана бізге соғатын немеремнің Сәбеңді танығанына риза болып:
– Атаны қайдан білесің? – дедім хабар аяқталған соң.
– Папам айтқан. Суретін көрсетіп, сізге аға болады деген. Туған ағаңыз ба? – дейді, бала көңілдің қызығушылығын жасырмай. Сонда аузыма: «Туғаннан да артық ағам» деген сөз түскен еді.
Иә, Сәбең Апақай апам табыстырған, туғаннан артық ағам! Ағамен соңғы
44 жылда жақын араласуым өмірімнің ең сәулелі сәті болып, көңіл төрінде жарқырайды да тұрады.
…1994 жылы Мемлекеттік сыйлық алғанында қуанып: «Құттықтау жырмен қол бұлғаймын» деп, өлеңдетіп хат жазғаным бар. Одан бері де ширек ғасырға жуық уақыт өте шығыпты. Бұл жолы сүйікті әрі төл газетім «Қазақ әдебиеті» арқылы сексеннің сеңгіріне шыққан ағама, мерейтой тұсында, кіндік қаны тамған, балалық шағы өткен өлкеден осы шағын естелігіммен «қол бұлғап» қоюды өзіме парыз санадым.
Айтбай Тәсілов,
дәрігер, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
Сарыағаш.