«АҚ АСПАННЫҢ АСТЫНДА АТЫҢ ЖҮРСІН ЖАҢҒЫРЫП…»
19.11.2024
106
0

13 қарашада қазақ әдебиеті мен мәдениетінің дамуына зор үлес қосқан көрнекті ақын, жазушы, драматург, аудармашы және махамбеттанушы Берқайыр Аманшиннің туғанына 100 жыл толуына орай, Алматыдағы өзі тұрған үйінің қабырғасына ескерткіш тақта орнатылды.

Салтанатты жиынды Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Ғалым Қалибекұлы жүргізді. Ол өзінің кіріспе сөзінде Берқайыр Аманшиннің қазақ әдебиетіне қосқан елеулі үлесі жайлы айта келіп, қаламгердің рухани мұрасы ұлт руханиятының ажырамас бөлігі екенін атап өтті.
Алғы сөз алған Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов жазушының еңбектеріне тоқталып, осындай игі батамаға қолдау білдірген ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Алматы қаласы әкімдігіне алғысын білдірді. Мемлекеттік сыйлықтың иегері, қазақтың маңдайалды ақыны Ақұштап Бақтыгереева, Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов, Алматы қаласының Мәдениет басқарма басшысының орынбасары Арман Қалбеков, Батыс Қазақстан облысынан арнайы келген қонақтар және танымал ақын-жазушылар сөз алып, Берқайыр Аманшиннің шығармашылық мұрасы жайлы ойларын ортаға салды. Сондай-ақ Қазақстан Жазушылар одағы мен Алматы қалалық әкімдігінің арнайы жобасы бойынша «Алатау» дәстүрлі ән театрында Берқайыр Аманшиннің өмірі мен шығармашылығына арналған «Ақ аспанның астында атың жүрсін жаңғырып…» атты еске алу кеші өтті. Ауқымды кеште Құрманғазы атындағы консерваторияның студенттері мен Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының актерлері, Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының студенттері ақынның еліне, туған жеріне арнаған жырларын нақышына келтіре оқып, өлеңдерінен қойылым-көріністер қойды. Бұрын-соңды еш жерде орындалмаған Берқайыр Аманшиннің сөзіне жазылған Шәмші Қалдаяқовтың «Айша қыз» әні де осы кеште шырқалды.
Кеш соңында Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов пен ақын ұрпақтары құттықтау сөз сөйлеп, естеліктерімен бөлісті.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір