АРМАНЫ АСҚАҚ ЕДІ
14.03.2025
98
0

Мұрат Жаппасов кішкене күнінен-ақ көрші-қолаңның балаларымен сыйластықта қарым-қатынас жасайтын. Мектеп қабырғасында жүргенде кез келген тапсырманы мұқият әрі уақытында орындайтынымен мұғалімдерінің назарына ілікті. Үлкенмен де, кішімен де жарасты әзілдесетін ол кіммен болса да тез тіл табысып кететін. Бірде Мұрат сынып жетекшісіне:

– Сіз тәрбиеңізбен де, тағылымыңызбен де, біліміңізбен де биік ортада қызмет атқаруыңыз керек еді ғой, – дейтін көрінеді, күлімдей жанасалап:
– Айналайын, жұрт­тың бәрі сендей түсінсе, әрине, солай болуы тиіс еді, – деп арқасынан қағыпты ұстазы.
Мектепті бітірер жылы бір тұрғыласының ана ауладан лақтырған тасы мына ауладағы мұның көзіне тиіп, алғашында байқалмай, бірер күнде ісіп кетеді. Ақсуат ауылындағы орталық аурухана дәрігерлері аппаратқа салып, екі-үш тәулік шиырлағанымен еш нәтиже шығара алмай, облыс орталығы – Семей қаласына жолдама береді. Ондағылар да оңды шешім қабылдай алмай, Алматыға жөнелтеді. Мұндағы көз аурулары ғылыми зерт­теу орталығының Бас дәрігері, сол кез­дегі Одаққа кеңінен танымал профессор Жанар Ғабиденқызы Мұстафина тиісті тексерулерден өткізген соң:
– Уақыт оздырмай осында әкелу керек еді. Біраз тамырлар зақымданған. Жергілікті жердегі мамандардың салғырт­тығы жас жігіт­тің көз жанарының көру қабілетін тұтас сақтап қалуға мүмкіндік бермей тұр, – деп өкініш білдірді.
Мұрат мектепті тамамдаған соң, әскери мамандықты игеруді аңсаған болатын. Алғашқы дәрігерлік тесеруден дұрыс өтіп, Алматының солтүстігіндегі 70 разъезде емтихандарды ойдағыдай тапсырып, оқуға қабылдану барысындағы дәрігерлік күрделі тексеруде көз зақымы «мен мұндалап», түсіп тұрған оқуына қабылданбай қалды. Бірақ Мұрат Ахметқанұлы боркеміктеніп егілмеді, еңсесін түсірмеді. Араға уақыт салып, Семей Гуманитарлық экономикалық колледжінің құқықтану факультетін толық бітіріп, қайсарлық танытумен мамандық игерді. Ауданда бұл салада қызмет табылмағанына да ол мойымады. Ауыл орталығынан шағын цех ашып, компьютермен жұмыс істеудің үлгісін көрсет­ті. Ескі компьютердің «ішек-қарнын» ақтарып тастап, өзі жөндеп, ақсуат­тықтардың шақыру билет­терін, қайсыбір буклет, брошураларын шығарып берудің тұңғыш игерушісіне айналды.
Қашан да шегіну табиғатында жоқ, тек ілгерілеу­ге ғана ұмтылатын талант иесінің жеңіл автокөлік сатып алуы да қызық еді. Бір машинаны сатып алып, қажет­ті бөлшектерін ерінбей іздеп жүріп тауып, жалықпай жөндеуден өткізіп, оны сатып жіберіп, келесі жылы басқа бір темір тұлпарды ауыздықтап алатын. Әрі жыл сайын осы әдетін жылғастыра беретін. Сөйтіп жүріп, шетелдік жеңіл машина жөндеудің аудандағы шебері атанды. Інісі Ершат­ты да соған баулыды.
Соңғы жылдары Ақсуат аудандық әкімдігінің техника операторы қызметінде болды. Ол өз ортасына жұмсақ мінезімен де, әзілкештігімен де сыйлы еді. Ауылға, ауданға келген журналист, ақын-жазушылармен кітапханаларда, мектептерде кез­десу өткізуді ұйымдастыру қабілеті де бойына жарасты болатын. Ағасы ретінде мені де талай орталарға апарғаны бар.
Мұрат әріптестерін, тұрғыластарын, туған-туысқандарын қадыр тұтумен қоса, өз отбасына ерекше назар аударатын. Оған өз әке-шешесінен басқа құрмет­ті ешкім жоқ. Інісі Ершат пен қарындасы Жадыраны биік мәртебеге көтере жүріп, Құдай қосқан жары Жанарды, балалары Ерсұлтан, Руслан, Мейіржан, Айсұлтандарды мақтана тіліне тиек етіп отыратын. «Бала тілі – бал» дегендей олардың сөздері мен іс-әрекет­терін қызықтауды еш ұмытпайтын.
Жазмышқа шара бар ма? Тұтқиылдан келген ажал бір-ақ сәт­те алды да кет­ті.
Жаның жәннат­та, орның пейіштің төрінде шалқысын, бауырым!

Еркін ЖАППАСҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір