Жазушы кітапханаға кітап тапсырды
Жуырда Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әкім Тарази кітап топтамасын сыйға тартты.
Жазушы Әкім Тарази студенттік жылдарынан кітаптар жинай бастаған. Әр жылдарда жазушы кітапханасы әдебиеттермен, ең алдымен, көркем туындылармен және тарих, философия, тіл білімі бойынша ғылыми-танымдық еңбектермен толықтырылды. Сыйға тартылған топтамалар – 979 кітап. Осы топтамадан оның иесінің энциклопедист, ой-өрісі кең, ынта-ықыласы жоғары, терең білімді тұлға екендігін білеміз. Топтаманың басым бөлігі қазақ ақын-жазушыларының, көрнекті қоғам қайраткерлерінің шығармаларынан, Қазақстан тарихы, мәдениеті туралы кітаптардан тұрады. Сондай-ақ, мұнда шетел әдебиеттері де ұсынылады. Топтамаларға қосымша Әкім Таразидың мемориалды экспонаттары: жазу үстеліне арналған жиынтық, плакат, баспа машинасы, папка және жазу құралы да бар.
Әкім Үртайұлы өз топтамаларын ҚР Ұлттық академиялық кітапханасына беруінің бір негізі бар, себеп кітапхана ұжымы мен белгілі қаламгердің бірнеше жылдан бері шығармашылық байланыста болуы. 2007 жылдан бастап Әкім Үртайұлы «Бір ел – бір кітап» акциясын ұйымдастыру комитеті төрағасының орынбасары. Сондай-ақ, қаламгер кітапханада өткізілген іс-шаралардың құрметті қонағы болып келді. Бұдан әрі жазушы кітап топтамалары көпке қолжетімді болып, оқырмандардың белсенді пайдалануына жағдай жасалғанын қалайды.