ЖАЗУШЫ ШЫҒАРМАЛАРЫ ЖАСТАР КӨЗІМЕН
Жуырда Алматыдағы Ұлттық кітапхананың үлкен залында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, Құрмет орденінің иегері, Халықаралық Шыңғыс Айтматов академиясының академигі, төрт университеттің құрметті профессоры Нағашыбек Қапалбекұлының 75 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті.
Кеш тізгінін ұстаған Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасы төрағасының орынбасары, көрнекті ақын Қасымхан Бегманов жазушы мерейтойына келген құттықтау жеделхаттарды оқып, алғашқы сөзді ұлттық кітапхана директоры Ғазиза Нұрғалиеваға берді. Ол Мәдениет және ақпарат министрлігінің құттықтау хатын оқып, тапсырды.
Алғашқы баяндаманы Ұлттық ғылым академиясының академигі, тарих ғылымының докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің кафедра меңгерушісі, профессор Берекет Кәрібаев жасап, жазушының ел, жер, тарихи тұлғалар жайлы жазған кітаптарына көркем талдау жасады.
Бұл кештің тақырыбы «Нағашыбек Қапалбекұлы шығармалары жастар көзімен» деп аталғандықтан ой-пікір айту, баяндама жасау, негізінен, жастарға берілді. Атап айтқанда, Жазушылар одағының мүшесі, сыншы, жазушы Айзат Рақыш, «Тұран» университетінің 4-курс студенті Сағыныш Нұрахметова, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлегі, журналист Жансая Кемелбай және басқа да әдебиеттанушы жастар Нағашыбек Қапалбекұлының роман, повесть, әңгімелері туралы өз ой-пікірлерін білдірді. Қазақстанның халық артисі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Алтынбек Қоразбаев, Халық Қаһарманы, генерал-полковник Сәт Тоқпақбаев, ЮНЕСКО-ның Мәдениеттерді жақындастыру орталығы бас директорының орынбасары Салтанат Әшімовалар мерейтой иесінің қаламгерлікпен қатар үлкен көптеген игі істерге бастамашы болып, ұйымдастырып жүретін үлкен қоғам қайраткері екенін баса айтты. Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, көрнекті ақын Бауыржан Жақып мерейтой иесіне арнап жазған өлеңін оқыды.
Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертас, Қарасай ауданы жұртшылығы атынан Жанат Исағұлов сөз сөйлеп, қалалық әкімдіктен және басқа да ұйымдардың ақ тілектерін жеткізіп, сый-құрметтерін көрсетті. Жамбыл облысы әкімі Ербол Шырақбайұлы Қарашөкеевтің арнайы құттықтау хатын Жамбыл баба туған Мойынқұм ауданының әкімі Ермек Карентаев тапсырды. Алматы облысы мәслихатының депутаты, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Ләззат Тұрлашев ел-жұрты атынан сөз сөйлеп, биік табыстарға жете беруіне тілектестігін білдірді.
Кеш барысында жазушы Н.Қапалбекұлының жаңадан жарыққа шыққан «Күн бетінде секпіл бар» атты кітабының тұсаукесер рәсімі болды. Әдеби-сазды кешті «Сүйінбай сазы» ансамбілі әнмен, жырмен ажарын әрлеп, келушілерге ерекше көңіл күй сыйлады. Қаламгер жазушы Нағашыбек Қапалбекұлының сиқырлы қаламынан әлі де талай қызықты да тағылымды шығармалар туып, өз оқырмандарын қуанта берері сөзсіз.
Ардақ КАКИМОВА,
әл-Фараби атындағы
Қазақ ұлттық университеті
Жамбыл атындағы филологиялық
зерттеулер ғылыми
орталығының ғылыми қызметкері
ПІКІРЛЕР1