31 ТОМДЫҚ: ЗОБАЛАҢ ЖЫЛДАРДЫҢ ЗАРДАБЫ
31.01.2023
3645
1

Жуырда Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия материалдарының негізінде дайындалған көптомдық жарыққа шықты. Белгілі ғалымдар мен сарапшылардан құрылған комиссия мүшелерінің еліміздің архивтерінде, жабық қорларда ауқымды зерттеулер жүргізуінің нәтижесінде құрастырылған 31 томдық құжаттың қай жағынан да бәсі жоғары. Жинақ беттерінде қандай деректер жарияланды? Зерттеу жұмыстары қалай жүргізілді, қай өңірлерді қамтыды? Осы және өзге де сұрақтарды еңбекті құрастыруда жұмыла жұмыс істеген мамандарға қойып көрдік. 

Кеңестер одағы халықтарының басына қасірет әкелген –
Үлкен террор

Сабыр ҚАСЫМОВ,
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның Жобалау кеңсесінің басшысы, заң ғылымдарының
кандидаты:
Қазақстан Республикасы Президенті К.К.Тоқаевтың 2020 жылдың 24 қарашасындағы №456 Жарлығымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық заңды және саяси тұрғыдан ақтау мақсатында Мемкомиссия құрылып, Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін құрбандарының іс жүзінде ақталмаған категорияларын ақтау ісімен айналысып жүрміз.
1937-1938 жж. үлкен террор бүкіл кеңестер одағы халықтарының басына қасірет әкелді. Басқа елдермен қатар, қазақ халқы да зардап шекті. Қазақстандағы нағыз үлкен террор 1929-1932 жылдарды қамтиды. Бұның салдарынан қазақ елінің жартысы қырылды. Тап осы мәселені біздің комиссияға дейін жан-жақты ешкім зерттеген жоқ әрі ақтау туралы мәселені де ешкім көтермеген еді. Қуғын-сүргін жоспарының «тізіміне» іліккендердің барлығы атылды, айдалды. Ал Қазақ ауылы сақталса – қазақ қалпы, қазақ болмысының сақталатындығын жақсы түсінген Ф.Голощекин және оның командасы Сталинмен келісе отырып, «Кіші қазан» саясатын жүргізіп, қазақ ауылын құртты. Мемлекеттік комиссия басты міндеттеріне сай қазақ ауылын жаппай қуғын-сүргінге ұшыратқан саясатты зерделеп, зерттеуде.
Мемлекеттік комиссияның Жобалық кеңсесінің ұсынысымен қуғын-сүргін бойынша 2 млн 400 мыңнан аса құпия құжаттар құпиясыздандырылды, қазіргі заңның аясында 311 000-нан аса құрбандар мен зардап шеккендер ақталды. Мәселен, жұмыс топтары мен өңірлік комиссия мүшелерінің қатысуымен 3 миллионнан астам құрбан болғандар мен жәбірленуші және бүгінгі таңда ақтауға жататын түрлі санаттағы қуғын-сүргіннен зардап шеккендер анықталды. Оның ішінде большевиктік-сталиндік билік тарапынан қуғын-сүргіннің бірнеше түріне ұшыраған, халық көтерілістеріне қатысқан 200 мың адам, 1 млн 643 650 арнайы қоныстанушы, 200 000 ақталмаған бай, жартылай байлар мен олардың отбасы мүшелері, шаруалар, 1 млн 130 000 адам, яғни Қазақстаннан кетуге мәжбүр болған босқындар мен олардың отбасы мүшелері, 175 000 63 адам халыққа қарсы зорлық-зомбылық науқандарының құрбаны, 11508 адам Қазақстандағы Карлаг лагерьлерінде болғандар, 1939-1945 жылдардағы 22 792 әскери тұтқын (тұтқынға түскендіктен қайта сотталғандар), 54 000 діни қызметкерлердің өкілі және олардың отбасы мүшелерін атауға болады. Бірақ бұл сандар әлі де толық емес, қуғын-сүргін құрбандарына қатысты жұмыстар, яғни қуғындалуға себеп болған нақты жағдайлар мен жазықсыз жазаланғандардың есімдерін анықтау жұмыстары жалғасады.
2020-2021 жж. Мемлекеттік хатшы – Мемлекеттік комиссия төрағасы Қырымбек Көшербаев мүдделі мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға Мемлекеттік комиссия қызметі мәселелері жөнінде бірқатар нақты тапсырмалар беріп, кеңестік кезеңдегі саяси қуғын-сүргін құрбандарының барлық санаттарына қатысты тарихи әділеттілікті толық қалпына келтіру қажеттігін айтып, мемлекеттік комиссия жұмысының өнімді болуына ықпал еткен болатын. Міне, жуырда Мемлекеттік кеңесші – Мемлекеттік комиссия төрағасы Е.Т.Қариннің басшылығымен (жалпы редакциясын басқарған), ҚР Мәдениет және спорт Министрлігі қолдауымен «ХХ ғ. 20-50 жж. саяси қуғын-сүргін құрбан­дарын толық ақтау бойынша Мемлекеттік комиссия материалдары» сериясымен 31 жинақ жарияланды (екеуі – монография, 29-ы – құжаттар мен материалдар жинағы, оның 14-і өнімді болуына республикалық ғылыми-зерттеу топтары, ал 15-і өңірлік комиссиялар тарапынан әзірленді). Астана, Алматы, Шымкент қалалары, Ақмола, Ақтөбе, СҚО, Павлодар, Қостанай, Қарағанды, БҚО, Маңғыстау, ШҚО, Абай, Түркістан облыстары жинақтарды әзірлеу­ге белсене қатысты.

Айдос САРЫМ,
саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның мүшесі:
Президент Қ.Тоқаевтың саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Жарлығы қабылданғаннан кейін Мемлекеттік комиссия қуғын-сүргін бойынша бұрын-соңды зерттеушілердің барлығына бірдей қолжетімді болмаған құпия құжаттарды құпиясыздандырудың ауқымды процесін бастады, Мемлекеттік комиссия деңгейінде әрқайсысы зерт­телетін құрбандар мен зардап шеккендердің негізгі санаттары мен ішкі санаттары анықталып, құпия құжаттар зерттеушілер­ге қолжетімді болып, тың деректер ғылыми айналымға енуде. Тың архив құжаттары мен материалдарын қамтитын 31 жинақтың тарихи маңызы зор. Бұл жинақтар ауқымды ғылыми-зерттеу жұмыстарына жол ашып қана қоймай, жас ұрпақты отаншылдық санамен тәрбиелеу­ге де зор үлес қосады.
Мен Мемлекеттік комиссияның мүшесі ретінде саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккендер мен құрбандарды толық ақтау­ға қатысты заң жобасын әзірлеуге қатыстым.
Жұртшылыққа кеңінен танымал заңгер Исидор Борчашвили жетекшілігімен жұмыс тобы бұрынғы заңға кірмеген біздің ауылдар мен селолардағы қуғын-сүргіннен зардап шеккендер мен құрбандардың негізгі санаттарын қамтитын «Саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккендер мен құрбандарды толық ақтау туралы» және қаһармандарымызды, ұлт азаттығы, тәуелсіздігі, Қазақстанның территориялық тұтастығы жолындағы күрескерлерді, дінін қорғағандарды саяси тұрғыдан ақтайтын «Қазақстанның саяси тәуелсіздігі үшін күрескендер мәртебесі және саяси ақтау туралы» заң жобаларын әзірледі. Азаттық үшін күрескендерді, «Алаш» партиясын, ғалымдардың идеяларын, қоғамдық-саяси қызметтерін, ұйымдар мен газет-журналдарды, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасын саяси ақтау керек деп есептеймін.
Қазақстаннан кетуге мәжбүр болған босқындар туралы үшінші заң жобасы да әзірленуде. Бұл заңды шетелде жүрген қандастарымыз аңсап, сағына күтуде.

Саяси қуғын-сүргінге қатысты жаңа деректер айқындалды

Данагүл МАХАТ,
тарих ғылымының докторы, профессор:
Еліміз мемлекеттік тәуелсіздігін алған­нан бері аталған мәселелер жөнінде комиссия құрылып, іргелі зерттеулер жазыл­ды десек те, атқаратын жұмыстар мен зерттелетін мәселелер әлі де ұшан-теңіз екенін көріп отырмыз. Қазақстан Республикасы Президенті Жарлығымен құрылған «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия» аясында ғалымдар мен зерттеу­шілерден құралған жұмыс тобымыз екі жылдан аса уақыт мерзімінде ХХ ғасырдың 20-50 жылдары саяси қуғын-сүргін көріп, азап шеккен құрбандар категориясын, санын, аймақтық ерекшеліктерін, т.б. мәселелердің бізге беймәлім ақтаңдақтарын тың деректер негізінде дәйектеп, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі Төралқасы комиссиясы (Кеңестік қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі бірінші комиссия – Д.М.) жасаған жұмысты жалғастырып келеді. Жинақтың «Ұлт азаттығы мен тәуелсіздігі және Қазақстанның территориялық тұ­тас­тығы жолындағы күрескерлер» атты томында Қазақстанның ұлттық бос­тандығы, тәуелсіздігі және аумақтық тұтастығы үшін күрескен азаматтарға ар­налған алғашқы арнайы құжаттар жинағы топтастырылған. Жинақта Қазақстан тәуелсіздігі үшін күрескен саяси партиялардың (олардың бөлімшелерінің) тізімдері, қоғамдық-саяси ұйымдардың, оның ішінде еркіндік, бостандық мәселелерін көтерген жастар ұйымдарының тізбесі, тәуелсіздікті насихаттағаны үшін саяси қуғын-сүргінге ұшыраған газеттер мен журналдардың тізімдері, азаттық идеялары үшін жеке-дара күрескен адамдардың тізімі, сондай-ақ қуғындалған кітаптар мен шығармалар, ғылыми еңбектер мен мақалалар басылым авторларының тізімі, ресми органдардың бұйрық-жарлықтары қамтылды. Олардың көпшілігінің ғылыми айналымға алғаш рет енгізіліп отырғанын ерекше атап өткен жөн. Комиссия жұмысы барысында Алаш зиялыларына, кеңестік-партиялық қызметте болған адамдар мен олардың қызметіне, ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргінге қатысты жаңа деректер айқындалып отыр. Аталған жинақтардың көлемі көтермегендіктен, әзірге жарияланбады. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарымыз алдағы уақытта жалғасын табады деген ойдамыз.

Махаббат ҚОЗЫБАЕВА,
Астана қаласындағы Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты филиалының директоры, PhD докторы:
Жарияланған жинақтар мен монографиялар мазмұны Мемлекеттік комиссияның міндеттеріне сәйкес келеді. Жинақтар жаңа ғылыми әдіснамалық көзқарастарды жетекшілікке ала отырып, жаңа ғылыми зерттеу нәтижелерін қамтиды. Мемлекеттік комиссия сериясымен жарияланған жинақтар қуғын-сүргін құрбандарының негізгі категорияларына қатысты: «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысына қатысушылар, Ұлт азаттығы, тәуелсіздігі және Қазақстанның территориялық тұтастығы жолындағы күрескерлер, қазақ шаруалары мен байлары, күштеп ұжымдастыру, мәжбүрлеп отырықшыландыру, ет, астық даярлау және өзге де саяси компаниялардың құрбандары, мәжбүрлі босқындар, халық көтерілістері мен қарсылықтарға қатысқандар, Қазақстан территориясындағы лагерь тұтқындары, арнайы қоныс аударылғандар мен жер аударылғандар, екінші дүниежүзілік соғыстағы қазақстандық тұтқындар, діни қайраткерлер және т.б. Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін ерекшеліктерін, сонымен қатар жаппай саяси қуғын-сүргін мен ақтау процесінің өңірлік қырларын ашып көрсеткен.
Архив құжаттары мен материалдарынан тұратын жинақ Мемлекеттік комиссияның құпиясыздандырылған тың деректерді: саяси қуғын-сүргінге негіз болған облыстық, қалалық, аудандық партия-кеңестік органдардың нормативті-құқықтық актілерін, қабылданған шешімдерді жүзеге асыру үшін құрылған республикалық, облыстық, аудандық арнайы комиссиялардың материалдарын, республика прокуратурасы, БМСБ (ОГПУ), МҚМ (МГБ), ШШХК (НКВД), ӘД (МЮ) және Жоғарғы Сот, ІІМ (МВД) және т.б. құзырлы органдардың есептерін, жазбаларды қамтиды.
Серік СӘКЕНҰЛЫ,
жобалық офис қызметкері, заң ғылымының магистрі:
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мақсатты қаржыландырудың ғылыми бағдарламасы аясында жұмыс тобы мүшелері республика көлемінде және шетелдерге ғылыми іссапарға барып, іздестіру жұмыстарын жүргізді. Құпиясыздандырылған архив материалдарынан Жобалық офис жетекшілігімен «Мемлекеттік комиссия материалдары­ның топтамасы» көптомдығы жарияланды. 2021 жылы алғашқы 2 жинақ жарық көрген болса, 2022 жылы 14 107 құ­жат қамтылған 29 жинақ дайындалып, баспадан шықты. Жинақтауды әзірлеуге 121 адам тартылды: 28 республикалық жұмыс тобы, 67 өңірлік комиссия, 16 Жобалық офис мүшелері және 11 Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты қызметкерлері қатысқан екен.
Бұл жинақтар осы бағытта ғылыми зерт­теу жүргізетін ғалымдарға өте қажет. Осы еңбек арқылы көпшілік қауымға, қоғамдағы тарихи кезеңге деген көқарасты түзете отырып әділ бағасын беруге, оқу орындарындағы курстық жұмысқа, дип­ломдық диссертацияларға арқау болады деп ойлаймын.

Құжаттар – кеңестік қуғын-сүргін органдарының жұмыс әдістерінің ең құнды дәлелі

Құралай СӘРСЕМБИНА,
Астана қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты филиалының жетекші ғылыми қызметкері:
Жинақтың халыққа берері көп. Ұлтының азаттығы, еркіндігі үшін соңғы дем­іне дейін жанталаса күресіп, тарих төрінде Алаш зиялылары деген атау­мен қалған, ұлтын қалтқысыз сүйген зиялыла­рымыз – тарихымыздағы ерекше құбылыс. Олар қысылтаяң уақытта бастарын бәйгеге тіге жүріп, аз уақыттың ішінде халықтың ұлттық санасын дүр сілкіндірді. Қазақ елінің конституциясын әзірлеп, гимнін жазып, ұлтқа керегін жазу үшін, халықпен байланыс орнатып ақылдасу үшін «Қазақ» газетін шығарып, съездер ұйымдастырып, қазақ комитеттерін құрып, елді бүліншіліктен қорғау үшін милиция, әскер жасақтап, ақтар мен қызылдар айқасқан уақытта ұлтының басын қатерге тікпеу үшін, елдің жарқын болашағы үшін ақтармен де тығыз байланыс орнатып, одан кейін қызылдар билігін орнатқаннан кейін кеңес өкіметі жағына өтіп (елге қызмет жасау мақсатында, бойларындағы білігі мен білімін халыққа беріп кету мақсатында) жанталасты. Себебі басқа амалдары болмады.
Алаш зиялыларына деген халықтың құрметі, ықыласы зор еді. Сол себептен де, саяси қуғын-сүргін жылдарында елімізде адам айтып жеткізе алмас қасірет орнап, жазықсыз құрбандар саны орасан көп болды. Тіпті кеңестік арнайы құзырлы органдар «Алаш Орданы», «қазақ ұлтшылдығын», «панисламизм», «пантүркизм» және т.б. жіліктеп зерттеген.
Біздің қоғамда кейде өткен тарихы­мызға қазіргі заман көзілдірігімен қарап, Алаш зиялылары тарапына, сол уақытқа қатысты айтылған алуан түрлі жат немесе жаңсақ пікірлерді де ара-тұра естіп жатамыз. Осы жинақтарды байыппен оқып шыққан адам жаңсақ пікірлерден аулақ болатыны сөзсіз. Түйіндеп айтқанда, егер де кеңестер билігі орнамағанда – Алаш автономиясы ғұмырлы болып, Алаш зиялылары елге адал қызмет етіп, елімізді көркейтіп, дамытар еді. Жинақтардағы деректер осы сөзімізге дәлел.

Сәуле МӘЛІКОВА,
тарих ғылымдарының кандидаты, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры:
Өңірлік комиссия құрамындағы ға­лым­дар Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің архивінде, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша басқармасының архивінде, Солтүстік Қазақстан облысының Полиция Департаменті архивінде, Солтүстік Қазақс­тан мемлекеттік архиві мен 13 аудандық архивіндегі деректер мен құжаттарды іздеп тауып, зерделеу жұмыстарымен айналысты. Архив қорынан облыс көлеміндегі тәркіленуге ұшыраған 368 бай және 2195 кулактың тізімі жасалды, сонымен қатар арнайы картотека бойынша қуғынға ұшыраған 8747 адамның тізімі, Қылмыстық заңның 58-бабы бойынша ақталмаған 4446 адамның тізімі анықталды.
Зерттеу жұмыстарының нәтижесінде СҚО-да қуғынға ұшырағандардың «Байқала» (тәркілеуге ұшыраған байлардың лагері) және «Александровка» (тәркілеуге ұшыраған кулактардың лагері) атты 2 лагері анықталды.
Мемлекет басшысының тарихымызды түгендеу жолындағы жүзеге асырылуы тиіс тапсырма жүктеп, осындай игі шара­ны қолға алуымыз өте орынды. Бұл бағыттағы жұмыстардың нәтижесі кезең-кезеңімен көріне бастайды. Жоғы­мыз­­ды түгендеу жолындағы мұндай жұ­мыс­­тардың жүзеге асқаны және тоқтап қал­май жалғасын тапқаны дұрыс деп санаймын.

Нұржігіт ХАЙРУЛЛАЕВ,
өлкетанушы:
Жоғарыда аталған 31 жинақтың арасында «Отызыншы жылдар ойраны» атты екі жинақтың алғашқысы – Маңғыстау облыстық мемлекеттік архивіндегі 1920-1930 жылдардағы іс құжаттарының жинағы. Жинаққа енгізілген құжаттардың 80 пайызы төте жазудан, яғни араб қарпінен кириллицаға аударылған. Бұл орайда өлкеге белгілі аудармашылар Нияз Тобыш пен Нұрлан Құлбаевтың орасан зор еңбегін атап өтуге болады. Жинаққа сол кезеңдегі өңірдің әлеуметтік-саяси ахуалынан көрініс беретін архив құжат­тары топтастырылған. Мұнда ауылдық кеңестердің хаттамалары, тәркілеу, ұжымдастыру, бай-кулактар мен әлді шаруалардың тізімдері мен айыптаулар, салық мәселесі, сайлау дауысынан айы­рылғандар, елден ауа көшкен босқындардың тізімдері сияқты бірнеше тарихи маңызды құжаттар енгізілген. Екінші жинаққа 1989-2022 жылдарды жарыққа шыққан саяси қуғын-сүргінге қатысты тарихи-танымдық 37 мақала топтастырылды. 2022 жылдың желтоқсанында тұңғыш рет жасақталған Адай көтерілісінің соғыс ошақтарының картасы таныстырылды.

Марина ПЕРЕБЕЕВА,
Абай аудандық мәдениет, тілдерді дамыту және архив істері басқармасының «Қазіргі заман тарихын құжаттау орталығы» директорының орынбасары:
«Абай облысында кеңестік куғын-сүргін зобалаңы (архивтік құжаттар жинағы)», құжаттар жинағына Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві (Алматы), Қазіргі тарихты құжаттама орталығы (Семей), Ресей мемлекеттік әскери архиві (Мәскеу) қорларынан анықталған 372 құжат кіреді. Орталық өнер үйінде бұрын құпия сақтауда тұрған құжат­тар да ғылыми айналымға енді. Құжаттар кеңестік қуғын-сүргін органдарының жұмыс әдістерінің ең құнды дәлелі болып табылады.

Алдағы міндетіміз – тарихты тірілту.

Жантас НАБИОЛЛАҰЛЫ,
Батыс Қазақстан облысы бойынша саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бойынша жұмыс тобының жетекшісі, «DANA» орталығының басшысы:
Архив құжаттарынан құралған бұл жинақтардан саяси қуғын-сүргіннің алуан түрімен қатар, ХХ ғасырдың 20-50 жылдарының саяси-әлеуметтік, шаруа­шылық тыныс-тіршілігі мен түйткілдері, түрлі мекеме-органдарының өзара қарым-қатынас, тартыстары туралы біліп, саяси компаниялардың қалай, қандай ұйымдардың қатысуымен, қаншалықты пәрменді жүргенін байқауға болады. Ағайын­ның арасына бай, кедей болып жік түсуі, әділетсіздікке төзбегендердің «банда» атануы, қазақ даласында – ұлты, ділі, діні бөлектердің қаптауы сынды трагедияға толы іс-амалдар көрініс тапқан архив құжаттары – сонау зұлмат жылдардың жанталасынан хабар береді. Жобалық кеңсенің тындырымдылығы арқасында құпиялығы алынған бұл құжаттардың басым бөлігі алғаш рет жарияланып отыр.
Жинаққа енген құжаттар: хаттама, бұйрық, қаулы, шешім, үндеу, сауалнама, нұсқаулық, статистикалық есеп, баяндамалар – облыс тұрғындары, осыдан жүз шақты жыл бұрын қазақстандықтардың басынан кешірген қиянат пен зорлық жайлы куәлік етеді. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» демекші, бұл қорлық пен зорлық көрген ата-бабамыздың аруағын әділетсіздіктен арашалау – болашаққа нақты ұстаным қалыптастырып, бүгінгі күнді дұрыс бағамдау үшін жасалған аса маңызды қадам деп санаймын.

Күлпәш МЫРЗАМҰРАТҚЫЗЫ, комиссия мүшесі, тарихшы-ғалым:
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бойынша Мемлекеттік комиссияның Жобалық офисінің үйлестіру жұмыстарының нәтижесінде 31 томдық «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Мемлекеттік комиссия­ның материалдары (ХХ ғасырдың 20-50 жылдары)» құжаттар мен материалдар жинағы шықты. Бұл көптомдықтың «Ақмола өңірі – архив құжаттарында (ХХ ғ. 20-40 жж.)» деп аталатын 23 томын Астана қаласы бойынша Өңірлік комиссия дайындады. Жинаққа 222 құжат топтастырылды. Мұнда Ақмола өңірінің әкімшілік-аумақтық бөлінісі мен жергілікті басқару ісінің ерекшеліктері, кеңестік-партиялық мекемелер мен құрылымдардың бұйрықтары, нұсқаулықтары, уездік, округтік комиссиялардың қаулылары мен шешімдері жүйеленді. Осы ресми құжаттардың күшімен жаппай қуғын-сүргінге ұшыраған әртүрлі санаттағы адамдардың орталық және жергілікті билік өкілдеріне жазған арыз-шағымдары мен талаптары қоса берілді. Арыз-шағымдардың көбі арабша жазылған, бәрі дерлік – бұрын-соңды айналымға енгізілмеген, тың деректер.
Хронологиялық жағынан құжаттар кеңестік кезеңмен шектелмейді, алаштық жүйеден кеңестік жүйеге өту кезеңіндегі қоғамдық-саяси оқиғалар да қамтылады. Өйткені бұл екі жүйенің оқиғалары – сабақтас, бөліп қарастыру мүмкін емес. Осы орайда «Қазақ», «Бірлік туы», «Сарыарқа», «Жас азамат», «Халық еркіндігі» («Воля народа») сияқты ұлттық мерзімді басылымдар мен «Жаңа Арқа», «Новая степь», «Мир труда» және т.б. кеңестік баспасөз беттерінде жарияланған деректік материалдар қамтылды. Мысалы, 1917 жылғы «Алаш» партиясының жергілікті мүшелері, сондай-ақ Омбыдағы қазақ жастарының «Бірлік» мәдени-ағарту ұйымы аясында құрылған Ақмоладағы «Жас Қазақ» (Сәкен Сейфуллин, Дінмұхамед Әділев), Атбасардағы «Ынтымақ» (Бермұхамед Айбасов, Шермұхамед Темірбеков) қоғамдық ұйымдарының құрылуы мен жетекшілері туралы мәліметтер беріледі. Бұл да жинақтың бір ерекшелігі деуге болады. Алдағы міндетіміз – осы жинаққа енген құжаттар мен материалдарды толық игеру, басқаша айтқанда тарихты тірілту дегіміз келеді.

 

ПІКІРЛЕР1
Аноним 15.04.2024 | 22:43

Мен Сәтмырзаев Мақұлбек Адасбекұлы Түркістан облысы Бәйдібек ауданы Жарықбас (шын есімі Есмұратұлы Бақай) елді мекенінде дүниеге келдім. Ресейдің патшалық дәуірінде біздің таулы өлке Сырдария губерниясы Чимкент уезі Чаян болысы болды. 1931 жылы Байжансай таулы өлкесінде ұлт азаттық ,, Аңқай » көтерілісі болды. Қызыл империяның жендеттері жергілікті тұрғындарды пулёметпен атып, жазықсыз жандардың барлығын бір қорымға әкеліп көміп тастаған. Кеңес үкіметі осы ,, Аңқай » көтерілісі туралы еш жерде айтқан жоқ. Жергілікті тұрғындар Кеңес үкіметінен қорықты. Сол қорымнан түнде от жалыны шығып тұратынын қарияларымыз айтушы еді. Сол жазықсыз атылып кеткен жандардың аты жөнін анықтап зертеп берсеңіздер. Сол төбе болып үйіліп жатқан бір жерге көмілген аталардың мазарына ертіп апарамын зерттейтін ғалымдарымыз болса. 87774082719

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір