Арманнан арман асулап…
Ел тәуелсіздігі идеясы және Мағжан-жыр
Шериаздан Елеукенов,
филология ғылымдарының докторы,
ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты
Қазақтың бас ақыны Абайды сүйетінін айта келіп, Мұхтар Әуезов: «Бұдан соң Мағжанды сүйемін. Европалығын, жарқырағын, әшекейін сүйемін… Мағжан – культурасы зор ақын. Сыртқы кестенің келісімі мен күйшілдігіне қарағанда, бұл бір заманның тілегінен асқандай, бірақ түбінде әдебиет таратушылары газетпен қомақталып, ілгерілеп кеткен ақын болады. Әдебиет әдебиет үшін деген таңба айқын болмай, нәрлі әдебиет болуға жол жоқ. Сондықтан, бүгінгі күннің бар жазушысының ішінен келешекке бой ұрып, артқы күнге анық қалуға жарайтын сөз – сол Мағжанның сөзі», – деген.
Мағжанның ұлттық сана-сезімі ерте оянды. «Жатыр» деп аталатын өлеңі баспа жүзін алғаш көргенде жасы он сегізде ғана болатын. Сол уыз шағында-ақ, өрт талант Қазақ елінің «От жегіп, көкте ұшып, суда жүзіп, Тәңірінің рақметіне қанып» жатқан дүниежүзі озық елдерінің қатарына қосылуын армандап, Мұхаң айтқандай, келешекке, болашаққа бой ұрған. Қаламының тұңғышы – «Шолпан» жинағындағы (1912) «Туған жерім – Сасықкөл» атты тағы бір өлеңінде ол оқушысын тарихымыздың нелер сілемдеріне самғатады.
Айдын көл, ата қоныс, құт болған көл,
Сусын боп сұрағанға, от болған көл.
Кеше бірлік, ынтымақ түгел шақта
Бейне бір сенің басың сүт болған көл.
Білмеймін не боларын қайран көлім,
Жарайды тең болмаса күн мен түнің.
Итиіп қара шекпен келіп қонса,
Басыңнан құсың ұшып кетер сенің.
Атын «еркелетіп Сасықкөл» қойған, тоғыз шумақтан тұратын осы өлеңде әлеуметтік мәселе («Байларың кедейлерге қарасқан көл»), ел ынтымағы мен бұрынғы жарасты тұрмысы («Сапырып сары қымыз ертеңді-кеш»), махаббат әуені («Ғашықтар жарын іздеп, ойлаған көл»), тамылжыған табиғаты және елінің бұрынғы азаттығы аңсаған арманға айналғаны, аспанын енді отаршылдық қара бұлтының қаптай торлағаны бар шындығымен бір өрімде бейнеленген.
Қазақтың ата қонысын, шұрайлы жер-суын тартып алуға ашқарақтанған отаршылдық озбырлығы жас ақынның ұлттық сана-сезімін дүр сілкіндіріп, не істеу керектігін ерте ойлауға мәжбүр етті. Оның «Қарағым» өлеңінің ел қамын жеген Едіге іспетті лирикалық кейіпкері: қазағым, өміріңнің үміті үзілмеуін ойла, қол қусырып бос жүрме, өйтсең «Тер ағызып, өліп-талып табылған Ата дәулет быт-шыт болып тозады», – деп тебіренеді. Азаттыққа қол жеткізу амалдарын ойластырады.
Мағжанның замана толғағын толғаған өлеңдерінің маңызды бір парасы күллі түрік әлемін отаршылдыққа қарсы жұмыла, ұйымдаса күресу идеясымен қанаттанған. 1913 жарияланған «Орал тауы», 1923 жылы шыққан «Алыстағы бауырыма» өлеңдері түрік тектілердің тарихы, туысқандық бірлігі, ынтымағы ғасырлар қойнауына кететінін паш етеді. Бір өтірігі жоқ, бәрі – шындық. Тарихтан бейхабар адам бәз баяғы Ресей жері Орал тауы қалайша түрікке жатқызылған деп күмәндануы мүмкін. Мағжан татар, башқыр әдебиетін бір кісідей білген адам. Ақынның «Орал тауы» өлеңінің түп негізі Башқырстанның «Орал батыр» эпосымен байланысты. Башқырлар өздерінің Шатак тауының маңындағы таспен шегенделген көлемі 23х6 метр алып мүрдені күні бүгінге дейін арыстанды ат қып мінген Орал батырдың зираты санайды.
Мағжан сол Оралға, шығыс беттегі Алтайға «Аузы түкті шетелдер ие болып, Көрсетіп тұр қысымды ерлеріне» деп ашынады, бірақ жасып жабырқамайды да. «Есімде… тек таң атсын!» жырында ол «Сұр жылан, өзі оятар, қатты шақсын, жаңадан жолбарыстай ұмтылармыз» деп атой салды.
Ақынның «Түркістан» атты шежіре жырының кейіпкерлері – жер жүзіне даңқы шыққан геройлар: «Тұранды түгелімен билеп тұрған Афрасияб», «Тұранға қасиетті құмар болған Ертеде Кей-Қысырау мен Зұлқарнайын», «адамзатта ондай ер тумаған» Шыңғыс хан, бөрі батырлары Шағатай, Үкітай, Жошы, Төле және атақты «Жолбарыс Сұпытай мен Көкжал Жебе», «От шашқан жер жүзіне Ақсақ Темір». Тұранда хандық құрған «Қазақтың қасқа жолды Қасым ханы» мен «әділ Назар хан»…
Тұранның ғалымдары, мәдениет қайраткерлері – әл-Фарабимен қоса атақ-даңқы жер жарған әйгілілер: «Сырласқан үйде отырып аспан-көкпен» Ұлықбек, «Молдығы білімінің сиқыр дерлік» Ибн-Сина Әбуғали…
Осы айтылғанның бәр-бәрін есепке алғанда, Түркістан тек ер түріктің бесігі ғана болды ма екен деген ойға еріксіз берілесің. Ол ойыңды Мағжанның «Ақсақ Темір сөзі» өлеңі бекіте түседі. Ұлы әмірдің аузына мынадай сөз салынады:
«Жаһан деген не нәрсе? –
Алақанның ауданы!
Бір ауданда көп тәңірі
Болудың тіпті жоқ сәні.
Тәңірі – көктің тәңірісі
Күңренсін, көгін билесін!
Жер тәңірісі Темірмін.
Жеріме тәңірі тимесін!».
Бұл кестенің өрнегі Ұлы Даланың ұлы перзенттері – Тұранның ғана емес, күллі адамзатқа әйгілі тұлғалар деген құнарлы идеямен көмкерілген.
Тұран тарихының Еуроцентризм бұрмалаған шындығын қалпына келтіруге бағытталған «От», «Пайғамбар», «Күншығыс», «Жер жүзіне» атты өлеңдерінде Мағжан ақын арттағы мыңжылдықтарға көз тастап, бұл мәселеге қатысты теріс түсініктерге күйрете соққы береді.
Жарқырап от боп туғаннан,
Белімді бекем буғаннан,
Қараңғылық – дұшпаным.
Сол жауызды жоюға,
Соқыр көзін оюға
Талай заулап ұшқанмын.
Әлпіге барғам Алтайдан,
Балқанға барғам Қытайдан…
Заулап, өрлеп аспанға,
Әлпіден әрі асқан да
Отты Аттила, Баламер
Мен едім. Тағы барғанда
Ойран салып Балқанға.
(«От»).
Ата-бабаларымыз қан майданда күллі Еуропаны жайпап өтсе, ұлы жеңіс аспаннан түскен жоқ. Мағжанша айтқанда, әрі «ақ білектің күші мен ақ найзаның ұшымен», әрі қару-жарағын, темір үзеңгіге дейін болаттан құйып соққан металлургиялық ұсталығының, сол кездегі озық мәдениеті мен өнерінің ересен қуатымен қамтамасыз етілді. Бұл тарихи шындықты Мағжан ақын қаламы символистік реңкте суреттейді. Күн Шығыс жиегінен көтерілсе, өркениет таңы да сол өңірден сәуле шашпақ. Шығыс – күн баласы, Батыс – түн баласы.
Қап-қара түн. Толқындары қара қан,
Қара түнде өңшең соқыр шұбырған.
Сол шұбырған сансыз соқыр алдында
Ентелеген кәдімгі Иван есалаң.
…………………………………………………
Қап-қара түн. Уақыт ауыр өтеді,
Ой артынан ойлар келіп кетеді.
Түн баласы көр көзінен жас төгіп,
Күншығыстан бір пайғамбар күтеді.
………………………………………………………
Мен келемін, мен келемін, мен келем –
Күннен туған, гуннен туған пайғамбар».
(«Пайғамбар»).
Бұл ақ, қара бояулар, кереғар метафора, ауыстырулар Шығыс ел-жұртын жабайы, қараңғы, надан еді деп жүзі жанбай гөйітетін Еуроцентризмнің аярлығын әшкерелеу, отаршылдық уытын жою талабынан туындаған. Осы ойын оқушысына бірден сездіру мақсатында Мағжан орыс ақыны Дмитрий Мережковскийдің «Пророк» атты өлеңінің мына бір шумағын «Пайғамбарына» эпиграф етіп алады:
Устремляя наш очи
На бледнеющий Восток.
Дети скорби, дети ночи,
Ждем, не придет ли наш.
(«Пророк»).
Мағжан ақын «Түркістан ер түріктің бесігі ғой» дей келіп, сол Шығыстың шырайлы өлкесі – Қазақ елінің түбі бір туысқан халықтар арасындағы тарихи орнын атақты жырының алтын діңгегі етеді. Былайша жар салады.
Тұранда түрік ойнаған ұсап отқа,
Түріктен басқа от боп жан туып па?
Көп түрік енші алысып тарасқанда
Қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па?
Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тарих толқынында» атты кітабының (2003) маңызды бір тарауы «Қазақ даласы – ұлы Түркі елінің қара шаңырағы» деп аталатыны мәлім. Елбасы Мағжан ақынның қорытындысын үстей түсуі үстіне бұл биік бейнелі ұғымның тарихи мағынасын ғылыми тұрғыдан талдап тереңдете түсіп, ұлттық сана-сезімімізді мақтаныш сезімге бөлейді. «Ұлы Дала ерекше рух пен дүниетанымды қалыптастырды. Түркі рухының серпінді қажыр-қайратының түп тамыры осында жатыр», – дейді.
Бұл ақиқат арғы ата-бабаларымыздың ұлан-байтақ дала төсіндегі көшіп-қонып жүрген бүкіл тіршілік-тынысынан көрініс табады. Ондай тарихи фактілерді өмірдің әр саласынан келтіруге болады. «Отырар, Тараз сияқты тағы басқа қалалар ірі-ірі мәдени орталықтарға айналды. Оларда жергілікті дәстүрлерді дүниежүзілік мәдениеттің ең жоғары жетістіктерімен ұштастыра білген энциклопедист әл-Фараби, математик әрі астроном Жаухари сияқты тамаша ғалымдар өмір сүріп еңбек етті».
Елбасы кітабында әл-Фарабидің еңбегі ортағасырлық Шығыс ойшылдары Низами Ғәнжауиге, Омар Һайамға, Әлішер Науаиға, математика негізін салған әл-Хорезмиге, ортағасырлық Шығыстың ойшылдары Жүсіп Баласағұн мен Махмуд Қашқариға, Түркістандық Қожа Ахмет Иассауиге орасан зор ықпал еткені, «Екінші Аристотельдің» ізгі мемлекет пен оның басшысы туралы ілімді дамытқан әлеуметтік-этикалық трактаттары күні бүгінге дейін өзінің маңызын жоймағаны атап көрсетіледі.
Қазіргі археология, антропология және этнографияның жаңа жетістіктері, ғылыми дәлелді деректері көшпенділер тарихына Батыста қалыптасқан теріс көзқарасты қайта қарау қажеттігін дәлелдеуде. Алматының қақ төріндегі Тәуелсіздік монументінің төбесіндегі Алтын адам мүсіні – Есік археологиялық олжасы сонау б.з.д. VІІІ-VІІ ғасырларда-ақ Орталық Азияның шығыс аймағында қуатты мемлекет һәм гүлденген мәдениет болғанына көз жеткізеді. Тағы бір Алтын адам, қолына болат қылыш ұстаған сармат жауынгері енді Қазақстанның батыс өлкесінен, Атырау облысынан табылды. Шығыс Қазақстанның Берелінде қазылған патша зиратындағы арба, арбаға жегілген 13 аттың өне бойының алтынмен безендірілген көне мирасымыз және басқа соңғы жылдары табылған мұралар өркениет Батыстан емес, Шығыстан басталғанының куәсі.
Аталған фактілер Мағжанға беймәлім болса да, осы іспетті көп жәйттерге ол Медресе Ғалияда, Сібір мұғалімдер гимназиясында, Мәскеудің Әдеби-көркем институтында оқи жүре қанықты. Сондықтан да жырынан әрдайым ақындық алғырлықпен қатар, оқымыстылық білгірлік, ғылыми көрегендік нұр шашып тұрады.
Тұранға жер жүзінде жер жеткен бе?
Түрікке адамзатта ер жеткен бе?
Кең ақыл, отты қайрат, жүйрік қиял,
Тұранның ерлеріне ер жеткен бе?!
«Түрікке адамзатта ер жеткен бе?»… Бұл жауабын тілемейтін риторикалық сауалдың айтары анық шындық: Ұлы Дала – Тұран ер түріктің, көшпенділер мәдениетінің тал бесігі ғана емес, кезінде күллі адамзат мәдениетінің шоқтығы болған.
«Қорқыт» поэмасында Мағжан-жыр енді жер шары аспанын шарлап самұрық құстай саңқылдайды. Кемеңгер ұлт ақыны күллі адамзатқа ортақ жаһандық проблема көтереді.
Алтайға жер жүзінде тау жоқ жеткен,
Алтайға бетегедей алтын біткен.
Бейіштей алтын Алтай етегінде
Ертеде Алаш елі мекен еткен, –
деп басталатын поэманың Қорқыт қобызы шанағынан күмбірлеген күйі әлемге «Өмір не?» деген сұрау салады. Мылқау табиғат ләм демейді. Қорқыттың: «Есалаң желдей ескен өмір өтер», аузын арандай ашып ажал жетер, соған ем табылар ма?» деген зарлы арызын дүниежүзінде естімеген жер қалмағандай. Сазгер қай өлкеге барсын, алдынан қазылған көр шығады. Өлімнен күшті ешнәрсе жоқ екенін мойындауға мәжбүр болады. Алайда, поэма «Қайда барсаң да Қорқыттың көрі» деген аңызды құр жаңғырту мақсатында жазылмағанын айтуға керек. «Шолпан» журналының 1922 жығы 2-3 сандарында жарияланған бұл поэманың кілті – ақынның өз тағдырына тікелей қатысты соңғы сегіз шумағында.
Мағжан Кеңестік тоталитаризмнен аз теперіш көрген жоқ. Елінің бодандық қамытынан құтылмағанын көріп-біліп жүрді. Аңсаған Тәуелсіздік қарасын көрсетпеген соң тағдыры да талайсыз болды, Қорқыт қобызындай өксіді.
Өмірде арманым жоқ Қорқытқа ерсем,
Қорқыттай жанды жаспен жуа білсем.
Жас төгіп, сұм өмірден зарлап, сарнап,
Құшақтап қобызымды көрге кірсем.
Либреттосын Мұхтар Әуезов жазған «Абай» операсында ұлы Абай өмір сүрген заманына наразы ария шырқайды. «Сұм заман, тағдырыма сені берді» деп опынады.
Мағжан тағдырының Сұм заманы «Құшақтап қобызымды көрге кірсем» деген арманына да әттегене толық жеткізбеді. «Жан сөзі» өлеңінде (1920) ақын «Қазақ елі, бір ауыз сөзім саған» деп соңғы арман-тілегін былайша ағытқан болатын:
«Сұлулықтың асығы – жыршы!» – дер ме?
«Жүректің сырын шешер сыршы!» – дер ме?
Не қуаныш, не қайғы басқан күнде
Басыма келіп: «Ақыным, тұршы!» – дер ме?
Болмаса басыма да бармас па екен?
Атымды аузына да алмас па екен?
Қарайып жапан түзде жалғыз тұрған,
Молама көз қырын да салмас па екен?
Сталин жендеттерінің қолынан қаза болған соң елу жылдан кейін Мағжан ақын еліне қайта оралды. Мағжан-жыр рухани өміріміздің гүл бақшасына айналды. Өкінішке орай, ақын арман- тілегінің бәрі бірдей әлі де түгел орындала қойған жоқ. Басына барып бата қылуға әрекет ете алмайсың. Өйткені, мүрдесінің қай тұста жатқанын күні бүгінге дейін білмейміз.
Мағжан Бекенұлы Жұмабаев Алматының бүгінгі Наурызбай батыр мен Қарасай батыр көшелерінің қиылысындағы бұрынғы НКВД, кейін КГБ-ның сұр үй жер төлесінің бірінде 1938 жылы 19 наурыз күні атылды. Ақын рухына өз басым сол сұр үйдің қасына келіп қол жайып тәу етемін.
…Қазақ Елі аспанынан тұнжыраған отаршылдық қара бұлты сейілгеніне биыл аттай 25 жыл толмақ. Азат Еліміз алдына бірінен бірі асқақ міндеттер қойып отыр. ХХІ ғасырдың ортасына қарай біз тәуелсіздігіміздің көк байрағын желбірете отырып, туған Қазақстанымыздың әлемдегі аса дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуды жоспарлап отырмыз, – деді Президентіміз жуықта жарияланған «Ұлт жоспары – Қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласында. Бұл бос қиял емес, бүгінгі күн тәртібіндегі нақтылы бағдарлама. Алғашқы 100 нақты қадамын бастап та кеттік.
Мағжан өлеңдерін оқып отырғаныңда ақын арман асуларынан асып ортамызда жүргендей, әр басқан қадамымызға сәттілік тілеп, бүгінгі тәуелсіз ел мінберінен сөйлеп тұрғандай әсер аласың.
Тәуелсіздік идеясымен суарылған Мағжан поэзиясы Мәңгілік Елімен бірге мәңгі жасайтыны хақ.