«ҚУ ТОЛАҒАЙ БАСТАНБАЙ…»
Қайсыбір көркем шығарма жазылу тәсіліме жұртшылық назарын өзіне аударып жатады. Мәселен, Махамбет Өтемісұлы туралы әралуан тақырыптағы шығармалар баршылық. Халық батыры поэма, дастандарға да, тарихи романдарға да, ғылыми зерттеулерге де арқау болған. Менің қолыма түскен «Мәңгілік Махамбет» эсселер жинағы автордың әкесі мен шешесінің дәйектеуімен дүниеге келген. Жалғасқали Дүтмағанбетовтың ата-анасының атасы мен әжесі ауызекі тілде баяндаған. Осылайша бірнеше ұрпақтың бір-біріне тірі мұра ғып жеткізулерімен көркем төлтума деректілігін сақтап қалған. Осыдан 200 жылдан астам уақыт бұрын қазақ халқының азаттығы үшін қан кешкен, отарлаушыларға қарсы стихиялы болса да қаншама шайқастарды басынан өткерген Исатай мен Махамбеттің азапты күндері арғы зерттеушілерді беріге жақындастырғанның өзінде Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов сынды басқа да әдеби алыптарымыздың даралай тұлғалаған пікірлері де шығарманы маңыздандыра түскен.
«…Кейінгі уақиғалар – алғашқы істің арты ғана. Тартыс жаман әкімшілік жүргізген ханмен, сол әкімшіліктің өзге жолы үшін алысқан би тартысы болды. Жалғыз-ақ осы тартыс басталу, аяқталуына жаңағыдай бір тап ішінің (қанаушы үстем тап ішінің) бүлігі сияқтанса да, орта кезінде өз көлеміне көпті, бұхараны тартып, бір жағынан патша үкіметіне қарсы арналған отар қозғалысының, ұлт бостандығының тартысы да боп кетеді. Кейінгі замандарда қалың елдің көңіліне ұдайы қозғау салатын уақиға болды», – дейді ұлы жазушы Мұхтар Әуезов көтеріліс жайын кеңінен толғай отырып.
Иә, Махамбет – ұлт тәуелсіздігі мен халықтың әлеуметтік теңдікке жетуіне бүкіл өмірін арнаған Ер. Ол өзінен бірнеше жас үлкен, көпті көрген, жауынгерлік шеберлігі де мол Исатай Тайманұлын қолбасшы тұта жүріп, ағасының дегеніне көне жүріп, оның билік иелерінің емеурініне иліге беретін әрекеттерін бетіне батыл айтып тастап отырған. Шайқасты өзі бастап кеткен кездері де аз болмаған. Жәңгір ханның айтқандарына құлақ асып кеткен тұсында көтеріліс жасаудың уақытына көнгісі келмей, буырқана бұрсынған ақын:
«Ереуіл атқа ер салмай,
Егеулі найза қолға алмай,
Еңку-еңку жер шалмай,
Қоңыр салқын төске алмай,
Қу толағай бастанбай,
Ерлердің ісі бітер ме?! –
деп, күнді-күнге, таңды-таңға ұрып, жеңіске жетудің жолдарын іздеген. Исатайдың кейде босаңдық танытатынын аңғарымпаз жазушы Сәбит Мұқанов та дәл басқан.
«Тарихи деректерге қарағанда, қазақтың феодалдарына, беделді адамдарына арқа тіреген Жәңгір хан сол кезде халық арасына беделі күшті Исатай Тайманұлын да өзіне тілеулес, өзіне сойыл соғар биі етуге тырысқан көрінеді. Бірақ халық зарын көріп отырған Исатай Жәңгір ханның бұл қақпанына түспей, халық пен ханды жақтаушылар қарсы келгенде халық жағында қалады», – деген емеурін танытады.
«Елім», «Жерім», «Халқым» деп еңіреген, «төменнен салса, төске озған» Махамбет – тарихи, әдеби, мәдени, ғылыми-зерттеушілердің ғана емес, көрнекті мемлекет, қоғам қайраткерлерінің көкейлерінде кеңінен орныққан тұлға. Сырттан сұқтана зерделеушілердің жөні бір басқа, өзі де халықшыл, ұлтшыл Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағамбетовтың көзқарасы батырлыққа батылдықтың мойынсұна бағалауы ғой. Иманғалидың «Махамбеттің жыр жебесі» көлемді тарихи толғауында сонылығымен сыр ақтарар көптеген «шер толқытқан» баяндаулар бар. Қоғам қайраткері Махамбеттің үрім-бұтақ тарихын мұртын бұзбай ел алдына тарта келіп, бабасының батырлыққа бекем тұстарын найза ұшында ұстаған. Көтеріліс кезінде Исатай мен Махамбетке әрі үзеңгілес, әрі серік болғандарды да көпшілік қаперіне сала келіп:
«…Қожахмет (бір баласы) 1838 жылы шілденің 12-і күні болған шайқаста Исатаймен бірге қаза табады. Ал Ысмайыл болса патша саясатына қарсылық көрсеткен адам ретінде 25 жылға Сібірге айдалған. (Жұмалиев Қ. «Егеулі найза». Алматы, 1979, 7 бет). Қысқасы Құлмәлі (батырдың аталасы) әуелі өз ішінде мақсат-мүдделерінің әртүрлі болуына қарамастан халыққа қатысты істерге белсенділікпен араласып, белгілі дәрежеде ықпалын жүргізіп отырған. Махамбеттің:
«Ерте көшіп, кеш қонған,
Біз санаулы сәнді орданың бірі едік, – дейтіні сондықтан.
Өтемістен туған он ұлдың ішінде Махамбеттің орны алабөтен. Табиғат оның тал бойына ақындық, шешендік, күйшілік, батырлық сияқты бірнеше кесек қасиеттерді дарытқан. Осынау кесек қасиеттердің бәрі шашау шықпастан асқақ мұраттарға қызмет етті. Бұл орайда, Махамбет өзінің барша болмыс, қасиеттерімен көшпелілер көсемінің соңғы тұяғы сияқты…»
Осыдан ары қарай Махамбет болмысын ақтарып жатудың қажеті жоқ сияқты. Өткен ғасырда халық батырының сүйегі қайда жерленгені туралы баспасөз беттерінде мәселе көтерілгенін көзі ашық жұрт жақсы біледі. «Мәңгілік Махамбет» кітабы ұрпақтар жалғастығы барысында кесекөлденең сол сұраққа тікелей жауап тиянақтаған шығарма. Халқын азапты күндерден арылту үшін жаны жай таппаған Махамбет Ресей билігінің де, Жәңгір ханның да қуғын-сүргініне ұшырап, өзіне жақтас елден елді кезе жүріп, автордың арғы атасы Қосыбақ ақсақалдың ыстық ықыласымен сол ауылдан пана табады. Ондағылар құрметтеп, қалың ну қамыс арасына киіз үй тігіп беріп, нөкерлерімен сонда қыстатады. (Бұл – Ұлықпан ағаның сөзі). Итше тіміскілеп ізіне түскендер ақыры таппай қоймады. Келесі жылы басқа ауылды паналап жатқан жеріне тұтқиылдан жетіп келеді.
«Хан баласы ақсүйек,
Ежелден табан аңдысқан,
Ата дұшпан сен едің,
Ата жауың мен едім», –
деп Махамбеттің өзі айтқандайын Баймағамбет төре жемтіктестерімен бірге батырды қоршауға алады. Кешегі Қиялымолдадағы, Теректі құмдағы, Тастөбедегі шайқастарда қазақ-орыс әскерлерін хан бөктіріп кеткен халқының қорғаны, елінің арқасүйері Өтемісұлының басын отбасында, бала-шағасының алдында кесіп әкетеді. Бұдан асқан қасірет, бұдан асқан шектеусіз қатыгездік бола ма! Батырдың денесі жерленген төбе тілектес көпшілік пен жалғасты ұрпақ көкейінен қағыс қалмайды. Басын қанжығаларына байлап барып, Жәңгірдің көзіне көрсетіп, мақтау, мадақ алған құйыршықтар батырдың басын қаптаған қалың жұрт талабымен қайтарады. Қастер тұтқан көпшілік сүйегі жатқан жерге жанастыра жерлейді. Қылышын жалаңдатқан патша алдында да қазақ деген ұлттың еңсесін төмендеткісі келмеген батырдың рухани бейнесі кейінтінде ұрпақтан-ұрпақ өнеге тұтар тас мүсінге айналған.
«Қойды құртаң бүлдіреді, елді сұлтан бүлдіреді» демекші, шенді, шекпенді Баймағамбетті халықтың қарғысы атқанымен қоса халық серкесі, ел еркесі – батырдың басын шапқан деген жиіркенішті аты – тарихымыздағы қара таңдақ.
Баймағамбет жаналғыштарымен бірге тұтқиылдан келіп, үйді қоршап алып, батырдың бұлтарып кетуіне еш мүмкіндік бермейді. Жау жағадан алғанда қарсы алдында қалтырап тұрған әйелінің артқы жағында ілулі тұрған қылышына қол жалғап жіберуіне Махамбет көзімен ишара жасайды. Әйелі қапылыста шартта-шұрт шешім қабылдай алмайды. Осылайша трагедияға ұласады. Ақынның:
«…Исатайдан айрылып,
Жалғыздықпен болдым дос», –
деп, қызғыш құсқа мұң шағатыны:
«Махамбеттей зарығып,
Мұңды болған қайда бар! –
деп ішкі бұлқынысын ақтаратыны да осы қарсаң. Патша, хан қуғыншыларынан әбден запа шеккен оның тілеулес халық қолтығынан басқа панасы қалмаған еді. Зұлым күш ақыры дегендеріне жетіп тынды.
Халық батырының тірісінде тартқан азабы, көрген қорлығы аз болғандай, жатқан жерінен сүйегін саудырлатып қазып әкеліп, оның мүсінін жасауға пайдаланылғаны зығырданыңды қайнатады. «Мәңгілік Махамбетте»: «…Ноэль Шаяхметов Махамбет сүйегін Алматыға алып кетіп, 1967 жылы оның скульптуралық мүсінін жасайды. Ал ғалым Мәскеуге көшерінде Махамбеттің сүйегі салынған қорапты Алматыда тұратын апасының үйінің жертөлесіне қалдырып кетіпті. Солай, сұрауы болмай, сүйек 17 жыл бойы қағаз жәшікте, жертөледе жатқан. Тек 1983 жылы ғана Атырау жұртшылығы Махамбеттің сүйегін алдырып, бұрынғы орнына қайта жерлейді», – дейді. Әрине, халқы барда Махамбеттей батырдың іздеусіз қалуы мүмкін емес еді.
«Мәңгілік Махамбет» кітабы – Өтемісұлы кесенесінің бір бұрышын байытқан рухани ескерткіш. Шетелдік әдебиет, тарих өкілдерінің, ғылыми зерттеушілердің дерек, дәйектерін, Әбіш Кекілбаев, Фариза Оңғарсыновалар бастаған қайраткер тұлғалардың пікірлерін мол қамтыған шығарма – автордың ұзақ жыл ізденген еңбегінің жемісі.
Осы тұста кітаптың үшінші бөліміндегі әрі батыр, әрі ақын атамыздың ізбасар ұрпақтарының арнау жырларына ерік бермеу мүмкін емес. Қазақстанның халық жазушысы Тұманбай Молдағалиевтің:
«Сен дегенде жанған емес отым кем,
Сенің ыстық жаңбырыңмен жетілгем.
Жендеттер кеп сенің басыңды аларда,
Мен қасыңда болмағанға өкінем…», –
деп жүрек түкпіріндегісін ақтарса, «Махамбеттің мүсіні» жырында Маралтай Райымбекұлы:
«…Достарым менің кіл мықты,
Әр ісі бір-бір өнеге.
Сатқындық дейтін сұмдықты
Қолдайды олар о неге!
Көңілдің солай хошы жоқ,
Ере алмай тағдыр көшіне.
Оянам қайта, досы жоқ
Махамбет түсіп есіме.
Ойланам сонсоң, шындықты,
Көрсету керек шын ақын.
Сатқындық дейтін сұмдықты
Мансұқтап мәңгі тұратын…», – деп іштегі борасынын булыға бұрқыратады.
«Алдаспанның арызы» толғауында Дәурен Берікқажыұлы:
«…Небір басты сойқан дейтін,
дүр дейтін,
Қайран заман көзіне де ілмейтін.
Өйткені сол, қаһары бар қылыштың
Қаперіне қаймығу да кірмейтін!
Қатынбасты қарайтқасын
қамсыз ғып,
Қайда барма:
Қоқан-лоқы, арсыздың!
Қисайғанды қылшасынан қиятын
Енді мүлде қайнамайды,
қан түздік…», –
деп қылыш жүзді адалдықтан айырылғанымызды, әділдіктің ешқашан салтанат құрмайтынын тіліне өкіне тиек етеді.
Автор шығармасында Махамбет Өтемісұлы жайлы көкейін кернегендердің бәрін қиюластыра қиыстырған. Оқып отырып, батыр баба рухы мәңгілік екенін еріксіз мойындайсың.
Еркін ЖАППАСҰЛЫ