АВТОБУСТАҒЫ ҚОЯН
Шона Смаханұлы
Билет алмай зытады
Бес-ақ тиын ұтады.
ТЕЛЕФОН
– Телефон деген немене
Бір ашып, бір басатын?
– Қолы бос жеңгейлердің
Қобдиы сырласатын.
СҰРАУ — ЖАУАП
Немересі әжесінен сұрайды:
– Айтшы, саған,
Қандай кино ұнайды?
Тостағына құйып беріп көжесін,
Керісінше жауап берді әжесі:
– Оңды-солды,
Пышақтасқаны ұнамас.
Жөн-жосықсыз,
Құшақтасқаны ұнамас.

ШТАТ ШЕКТЕУ
Бастық – жетеу. Зам – тоғыз,
Жәрдемшісі – он тоғыз.
Үй сыпырғыш, қарауыл,
Екі-ақ адам санаулы.
«Штат шектер күн келді,
Қысқартамыз кімді енді?
Әкел бері тізімді!..» –
Үй сыпырғыш,
Қарауылшы,
Осы екеуі сызылды.
ҚОМАҒАЙ СӨЗДЕР
(Дүниеқоңыздың арманы)
Ұрғылап ұта берсем,
Жұмарлап жұта берсем.
Қатыр-құтыр шайнасам,
Тоқсан табаққа
тоймасам,
Жапырақтай жалмасам,
Абжыландай арбасам,
Үй деген соң үйе берсем,
Қос-қосынан кие берсем.
Қаптап алсам,
Топтап алсам,
Кеміре берсем,
Жеміре берсем,
Сіміре берсем,
Семіре берсем.
Бәрін өзіме,
Нәрін өзіме
«Әкел! Әкел!» деп,
Еміне берсем.
Түйені тобығымен
жұтсам,
Қақалмасам.
Түк болмағандай,
Қақаңдасам.
Таласа қалса,
Тартып алсам.
Жанаса қалса,
Қарпып қалсам.
Пара берсе,
Ала берсем,
Емізікше
Сора берсем.
Ортан жілікті
Опыра жесем,
Шайқап-төгіп,
Сапыра ішсем,
Қойны-қоншыма,
Қымқыра берсем,
Ышқырыма дейін,
Жымқыра берсем.
Айналамды
Айпап-жайпасам,
Көл суын да шайқасам,
Мен жұтқанда,
Оппадай тауып жатқанда,
Өзгелер
Өртене қызғанып,
Тамсана қараса.
Таласа-тармаса,
Жұғынын ғана
Жаласа!..
* * *
Болса сөзі одағай,
Болса өзі қомағай.
Күдікпенен қарайық,
Сілкіп-сілкіп алайық!
ӘНЕ КЕТТІ АҚ БӨКЕН
– Әне, кетті ақбөкен!
– Міне, кетті ақбөкен!
– Ата сал да, алып кел,
Қуырдағы тәтті екен!
Көкшіл газик, сұр мылтық,
Бөкенді қуып барады.
Аң қорғайтын Тұтқышбай,
Көрмеген болып, көрсе де,
Көзін тарс жұмып «қарады».
ҚУЫРДАҚ ПЕН ЕМТИХАН
«Қуырдақтың көкесін,
Түйе сойғанда көрерсің».
Қиянаттың көкесін,
Емтиханда көрерсің.
Ашылып кеткен араны,
Сұғанақ қолдар бар әлі.
Қалтаға қарап қояды,
Білімге деген бағаны.
ҰЯЛШАҚ АВТОР
Көрмеу үшін өз кітабын,
Деп: «Біртүрлі қысылам»,
Көзін жұмып өте шығады,
Киоскілердің тұсынан.
ТӨБЕ МЕН ЖАЗЫҚ ЖЕР
Сұр төбе мақтаныпты: «Төбемін» – деп,
«Төңіректі түп-түгел көремін» – деп.
Жазық жер мақтаныпты: «Тегіспін» – деп,
«Жаздыгүні жайқалған егіспін» – деп.
РИЗАЛЫҚ
Апасы берді бес сомды,
«Көрсетпе, – деп, – папаңа».
Папасы берді бес сомды,
«Көрсетпе, – деп, – апаңа».
Риза боп әке-шешеге,
Баласы тартты кафеге.

КАРАТЭНІ ҚОЛДАНУ
Құрысып-тырысып шекесі,
Ызаланған әкесі,
Оңдырмай жүрген бір істі,
Баласына ұрысты:
– Біресе картамен ойнайсың,
Қыз-қырқынды қуалап,
Менің табысыммен тойлайсың.
Оһ, иттің ғана баласы,
Есіруін қарашы!..
Шапалақ бетке шарт етті,
Бірақ баласы емес,
Әкесі жерге жалп етті.
Баласы
Қатты долданыпты,
Өз әкесіне өзі

ҚЫЗ ҚАЙДА?
Сентябрьде
Сәндікүл кетті,
Октябрьде Әрлікүл кетті.
Ноябрьде Нағима кетті,
Декабрьде Дәмила кетті,
Мартта Майра кетті,
Майда Сайра кетті.
Әр қыз қашып
кеткен сайын,
Десті әркім:
«Қайда кетті?!»
«Қайда кетсін, ой тәйір-ай,
Қыздар барар жайға кетті.
Дәл айтқанда,
байға кетті!»
Класта қыз қалған жоқ,
Жетекші естен
танған жоқ.
Десіп жүрді кемпірлер:
«Кеткен
қызда арман жоқ».
Директор да саспады:
«Қыздар жақсы іс бастады,
Сауыншы боп кетті!» деп,
Мәлімет жазып тастады.
ҚОЙЫРТПАҚ
Әрі-сәрі жеңгейдің,
Сырт сымбаты түзу-ақ.
Ал сөйлеуге келгенде,
Отырғаны бұзып-ақ.
Баласына ерте-кеш,
Ақыл айтқан кездегі.
Шөңге де емес, шөп те емес,
Болып шығар сөздері.
«Сосед үйдің баласы
Аз жеген соң хлебті,
Лицосына қарашы,
Худойланып жүдепті».
«Болам десең ақылды,
Дурак болма, қарағым!
Жаттап алған мақұл-ды
Учительдің сабағын».
«Оқымасаң, лодырь боп,
Сен де тупой боласың.
Городта саған орын жоқ,
Степьте баран бағасың».
Баласы сонда дүңкиіп,
Деу орнына жарайды,
Көнтек ерні бұртиып,
Көз аларта қарайды:
«Мен жиырмаға жеткенше,
Көп сөйлейсің бос, мама.
Зря болтайт еткенше,
Молоко бер кошкаға».
Орыс тілі – аға тіл,
Қазақ тілі – ана тіл.
Көп тіл білу мін емес,
Тек қойыртпақ тіл емес.