Құндылықтар ауысты
Өмір Шыныбекұлы,
Шымкент қаласындағы А.С.Макаренко атындағы №41 мектеп-лицейдің тарих пәнінің мұғалімі,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Тәуелсіздік алып, мемлекеттік құрылыс өзгеріп, нарықтық қатынастардың енуіне социалистік қоғамда өскен ұрпақ дайын болмай шықты. Абай атамыз айтқан «есектің артын жу да мал тап» дегенді тура мағынасында түсініп, кейбір пысықайлар дүние табуға өршелене кірісті. Біздің еліміздегі ауқаттылардың алғашқы капиталы қалай жиылды? Біріншіден, жекешелендіру кезінде қоғам мүлкіне қолы жеткендер әп-сәтте байып шыға келді де, бай мен кедей арасындағы әлеуметтік теңсіздік әлдеқайда жылдам орнады.
кіншіден, саудаға ертерек икемделгендер байи бастады. Олардың бәрі адал саудамен байыды деп тағы айта алмаймыз. Мәселен, 1993-2000 жылдары базарда істегендер таразыдан жеу күнделікті нормаға айналғанын жақсы біледі. Үшіншіден, мемлекеттік қызметкерлер мен құқық қорғау органдарында жұмыс істейтіндер жалақысы төмен болса да қымбат көлік мініп, зәулім сарайлар салып жатты. Қай қаржыға, әрине, ебін тауып екі асаған қаржыға. Міне, осының бәрі құндылықтардың орнын ауыстырып, жастарымыздың жақсы мен жаманды айыра алмай қалуына әкеліп соқты. «Мектеп қоғамның кішкентай моделі» деген қағида бар. Демек, қоғамдағы жемқорлық, қызметін асыра пайдаланушылық тағы сол секілді барлық келеңсіздік мектепте де көрініс тапты. Бірте-бірте кейбір азаматтарымыздың бойында масылдық психология берік орын алса, екінші бір тобында оңай ақша табуға деген ұмтылыс пайда болды. Неге қазақ жастары, сот, прокурор, полиция, экономист, мемлекеттік қызметкер болуға құмар? Себебі, осы мамандық иелерінің тұрмысы өзге тұрғын дармен салыстырғанда әлдеқайда жақсы екенін көріп жүр. «Кім болғың келеді?» деген сұраққа, «полицей болғым келеді» деп жауап берген 9-сыныптың бір оқушысынан, әлденеден үміттеніп, «Неліктен полицей болғың келеді» деп сұрадық. Бірақ үмітіміз ақталмады! Жылайсыз ба, күлесізбе…. «левыйы көп қой» («левый» дегені, сірә, көлденең табыс болса керек) деп жымыңдайды әлгі бала! Бұл әңгімені бала қайдан естіді? Ең нашар деген мұғалімнің өзі балаға «левыйы көп мамандық жақсы» деп үйретпейтіні белгілі. Яғни баланың отбасыда көргені мен мектепте алған тәлім-тәрбиесі қабыспай жатыр. Осыдан-ақ, құндылықтардың орны ауысқан мына заманда, кейбір отбасылардың балалары үшін кімнің «идеал» екенін өздеріңіз саралай беріңіздер.