ЕСКІ КІТАПТАРДЫҢ ИЕСІ (әңгіме)
10.02.2024
1450
0

Жазушы, көсемсөзші Көсемәлі Сәт­тібайұлының есім-сойы көзіқарақты, көңілі ояу оқырман ортасына белгілі болса керек. Ол республикалық, облыстық газет-журналдарға үзбей мақалалар, очерктер, эсселер, ой-толғаулар жариялап келеді. Көпшілік оқырманға арнаған мақалаларынан қаламгерлік қуаты мен тегеуріні анық аңғарылып тұратын Көсемәлі көркем туындылар жазудан еш қол үзген емес. Біз «Қазақ әдебиеті» газетінің Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облысы бойынша меншікті тілшісі, жазушы Көсемәлі Сәт­тібайұлын мерейжасымен құт­тықтай отырып, төмендегі әңгімесін жариялағанды жөн көрдік.

Редакция

 Адам жанына не керектің бәрі бар алып базардың терең сай жағындағы, көздің жауын ала иінтіресіп тұрған шетелдік тәуір тауарлардан бәлесі аулақ дегендей шетке ығыстырып тастаған ескі-құсқы зат­тар сататын бөліктегі темір құжыраға соңғы кез­де бір қазақ жиі келгіштеп жүр. Келеді де мұның мұқабалары ескіріп, парақтарының шеті сарғайған көне кітаптарына дастархандағы жайнаған асқа қомағайлана көз салған адамдай ашқарақтана үңіледі. Үңіліп жүріп кейбірін қолына ап, ұзақ парақтайды. Көзі жетпеген кейбір сөздеріне сығырайып тұрып қарайды. Сөйтіп жүріп, өткенде, жанары Набоковтың төрт томдығымен қауышты.
Кісі айналып жүре алмайтын тар жерде бәрін көріп, біліп отыр, Набоковты кез­дестіргенде көзі жайнап кет­ті. Бірақ әккі екен, бұған сыр бермеді. Жарық көргеніне отыз жылдан асса да жақсы сақталған төрт томдықтың қап-қара тысында бір мін жоқ еді. Мұқабаның ақ түсті және алтын тақылет­тес бояулармен безендірілген ою-өрнектері мен жазулары әлі күнге дейін көз тартып тұр. Кітаптың сыртын қайта-қайта аялай сипап, сүйсіне қарағыштай бергеніне қарағанда ол бір жағынан сол күйі сақталған сәніне де риза болған болуы керек. Мазмұнына шү­йілген кез­дегі көзқарасынан төрт томдыққа енген шығармаларға да көңілі толғанын байқады. Қолындағы жаңа ғана көрген кітаптарын сөредегі орнына қайта қойғанымен, одан ұзап кете алмай, артына қарағыштай бергенінен-ақ саудасының жүретінін іші сезіп, қуаныштан бүйрегі бүлк ете қалды. Тек бағасын асыра айтып, бүлдіріп алмаса болды. Өйтсе, кінә өзінен.
Кітапқұмар кісі Набоковты қай жерге қойғанын ұмытпайын дегендей сол тұсты көзімен «белгілеп» алды да, кітаптар қатарын одан ары қарай сүзе бастады. Бір шетке Шалом-Алейхемнің алты томдығын бірінің үстіне бірін жинап қойған. Енді соларды көріп қап, жанарымен тесіп барады. «Апырау, мынау шынымен соның өзі ме?» дейтін сияқты назары. Тесілуіне қарағанда Мәскеудің «Көркем әдебиет» баспасынан шыққанына елу жылдан асса да әлі сыры да, сыны да кетпеген алты томдықтың саудасы да сәт­ті болатын сияқты. Қазіргі баспалардан шығып жатқан кітаптардың енді елу жылдан соң қандай күйге түсетіні бір Құдайға ғана аян, ал мына Набоков пен Шалом- Алейхем томдарының сақталуына сын айта алмайсың. Ескі деуге де ауыз бармайды, сатып, пұл қылуға да ұялмайсың.
Екі автордың кітаптарын қосқанда барлығы он том болды. Әрқайсысын 800 теңге деп есептегенде, барлығын 8 000 теңге деуге болады. Ондағы ойы кітап сатып алушылардың, оның ішінде әсіресе осы қазақтың келген сайын бағаны түсіріп, саудаласуға құмар екенін біліп алған. Сондықтан «азар болса әрқайсысын 500 теңгеден бер» деп сұрайтын шығар деп топшылаған.
Солай болды да шықты. Кітапқұмары бәрін 5000 теңгеге сұрады. Сөйтіп тұрып есік жақта жатқан Есениннің қалтаға сап жүруге ыңғайлы кішкентай ғана жыр жинағын көзі шалып қалды.
– Мынаны сыйлық ретінде бересің бе?
Көбірек зат алған адамның бір тауарды сыйлыққа сұрайтын дәстүрі де бар бұл жақта. Үнемі келіп жүретін алушыңнан айырылып қалмау үшін олардың ондай «еркеліктерін» көтеруіңе де тура келеді. Оның үстіне мынаның өтінішінде қимас зат­тарын бір-бірінен қалап алатын дос-жаранның арасында ғана болатындай бір ерекше үн бар. Сондықтан он том кітапты он мың емес, бар болғаны бес-ақ мың теңгеге беріп тұрса да келісті. Есесіне, Есенині темір қапастан қаланың төріндегі жайлы пәтерге барып, сөздің қадірін білетін адамның кәдесіне жарайтын болғанына қуанды.
Бір таңғалатыны, ескі кітаптар арасынан інжу іздегендей апта аралатып кеп тұратын осы қазақтың орысшасы шамалы. Бірақ
Толстойды, Гогольді түп нұсқасынан оқимын дейді. Қандай бақыт­ты жан. Мұның анасы бар, олардың ата-бабалары бар дегендей, аяқтары осы қаланың топырағын басқалы қаншама ғасырлар өтсе де бір қазақпен қазақша сөйлесіп көрмепті. Өмірінде қазақша кітап та оқымапты. «Қазақша оқып үйренейікші осы» деп ниет те қылмаған. Ниетің не, орыс тілін білмейтін қазақтардың «үскөлкі», «дәй», «кәгдә» дегендеріне анау көрші дүңгіршектегі Дмитрий сияқты кезінде бұл тырқылдап тұрып күлетін. Күлген де бер жағы, «мудак» деп тыжырынған тұстары да болды.
Енді сол «күлкі» өз басына келді. Бірақ бұлардың бір жақсы жері, ежіктесең де екі-үш ауыз сөзін айтсаң болды, кәдімгідей жандарына жақын тартып, сенің әлгі екі-үш ауыз сөзіңе бола төбеңді көкке көтере мақтап, «мәледес» деп мәз боп қалады. Мына базар толы адамдардың бір-бірлеріне не деп әңгіме айтып, не деп жарқылдап күліп жатқандарын түсініп, бұл да солармен бірге қауқылдасып отырар ма еді, шіркін! Ұққаны, айналаңдағы тілді түсінбей, жападан жалғыз мелшиіп отырғаннан жаман нәрсе жоқ екен дүниеде.

* * *

Евгенийдің дәтке қуат ететіні кітаптары. Мынау қаптаған халықпен дәнекер боп жатқан да осылар. Содан ба, сөресіндегі сірестіре жиналған айналайындарына қараса болды, тіршілікке деген үміті оянып, бір күн болса да өмір сүргісі кеп кетеді. Сап түзеген сары тіс ақылшылары да: «Женя, сен біз тұрғанда саспа», – деп дем беріп қоятын сияқты.
Үйінің төріндегі кітап сөресінде
Достоевскийдің отыз томдығы тұр. Темір құжырасында оның он екі томдығы тағы бар. Бірақ үйіндегі отыз томдық мұның анасы үшін өте құнды. Хат­тары, естеліктері, тағы басқалары. Әлгі қазақ 12 томдықты емес, анасының сары майдай сақтап жүрген сол отыз томдығын сатшы деп қиылады ылғи.
Анасы көп жыл «Букинист» дүкенінде кітап сат­ты. Женядағы кітапқұмарлық қасиет те сол дүкендегі том-том кітаптардың арасында өскендіктен шығар. Кейде үйіндегі иінтірескен кітаптарға қарап жатып, анасы дүние жинамаса да, үйінің төрт қабырғасын әлемнің небір даналарына толтырып қойғанына риза болады. Тіпті әлгі мықтылар мұның төріне жиылып ап, мәслихат құрып отырғандай марқаятыны бар. Сосын солармен сөйлесіп жүріп, шаңын сүртеді, орындарын ауыстырып, қайта жинайды.
Тағы бір қазақ бар, келеді де:
«Буковскийден не бар?» деп сұрайды. Сірә, оған усойқы Чарльздің еркектер мен әйелдер арасындағы құмарлық құпияларын қаз-қалпында жазатыны ұнайтын болар. Енді бір қазақ Уильям Сароянды оқығысы келеді. Мейлі ғой, кімді сұраса, оны сұрасын, әйтеуір, кітаптарын қарап, әңгімелесіп кететін жанашырлары дәл қазір осылар боп тұр.
Сонда бұл қандай халық? «Әулие» деп осындайларды айта ма? Орыс тілін шала-пұла білсе де біреуі Буковскийді сұрайды, екіншісі Сароянды оқығысы келеді. Анау алпамсадай қазақ Шалом-Алейхем мен Набоков үшін бес мың теңгесін Каспий голдына аударып берді де, қансонардан қанжығасы майланып қайтқан аңшыдай тоқ көңілмен қоштасып кете барды. Тіпті «хабарласып тұрайық» деп, мұның телефонының нөміріне дейін жазып алды. Осы бес мың теңгеге бола анасы қалай қуанады десеңші енді. Қарс түйілген қабағы бұлт­тан шыққан күндей ашылып, дүкеннен әкеліп қойған дайын тұшпараны кәстірөлдегі бүлкілдей қайнап жатқан қара суға салып, бабымен пісіреді де дастарханға қояды. Әдемілеп шәй демдегісі кеп жүріп асығыста кесе-шәйнекті салдырлатып, әбігерленіп кететіні де бар. Ал кей күндері бір кітабы да өтпей, басы салбырап, мұңайып келгенде анасының да ұнжырғасы түсіп кетеді.

* * *

Мамандығы «электрші» екенін айтып еді – Набоковты сатып алған әлгі қазақ таңғалды. Тіпті «Неге өз мамандығыңмен жұмыс істемей жүрсің? Қазір электршілерге сұраныс көп қой» деп, әңгімеге тартқысы да келді. Бұл электр бағанасының басынан құлап, сүйегін екі-үш жерінен зақымдап алғалы бері ол жұмысты қойып, кітап сатуға отырғанын айтқанда ғана жаны ашып, қиналғанын білдіргендей көңілі қабаржып қалды.
Бағана басынан құлағалы бері де жиырма жыл болыпты. Оған дейін ескі кітаптарды анасы сататын. Ендігі кезек мұныкі. Анасы жетпіс бесте. Өзі қырық сегізде. Мейлі «елу» дей салайықшы. Бірақ әлгі алпыс үштегі қазақ бұған «өз жасыңнан әлдеқайда егде көрінесің» деп қайран қалған. Қайдан білсін, Катеринаның сатқындығы жасынан бұрын қартайтып жібергенін.
Евгений кейде «әй, өзімізден де бар ғой» деп күйіп-піседі. Дмитрийді айтады да, көрші контейнердегі ұсақ-түйек сататын жігіт ше. Ешкімнен беті қайтып көрмеген ұрыншақ. Өзі өмір сүріп жатқан ортаның «үлкенді сыйлау» деген есті сөзінен үйренбеген соң не қайыр? Әлгі кітапқұмар қазақ Набоковтың төрт томдығын, Шалом-Алейхемнің алты томдығын, оларға қосып сыйлыққа деп Сергей Есениннің кітабын алғанына мәз боп тұр еді, сұрың құрғыр сол Дима құжырасынан сумаң етіп шықты да жетіп келді. Жетіп келді де:
– Ал мына сатып алған кітаптарыңда не жазылған сонымен? – демесі бар ма шашы мен мұртын ақ қырау шалған егде кісіге мысқылдай қарап.
Әдет­те, қазақтар, тіпті ол зиялы қауым өкілдерінен болсын, мұндай кекесін сөзді көтере алмайды. Шарт ете қалады. Сосын оның аяғы ұрыс-керіс, сарт-сұрт төбелес боп, ел арашаға түсіп жатқаны. Бұл жерде де бар бәле Диманың кітапқұмар қазақтың шала орысшасын сезіп қойып, «мына қотыраш орысшаңмен не оқып жарытпақсың?» деген астамшылығында жатыр еді. Құдайдың сол күні әлгі қазақты қандай мейірімге бөлеп, рахымды етіп қойғанын қайдам, Дмитрийге ашуланбай сабырмен қарап:
– Сен не, Набоковты білмейсің бе? – деді орысшалап.
Дима мұндай қарсы сұрақты күтпесе керек, қапелімде не дерін білмей сасып қалды.
– Жоқ.
– Набоков деген орыстың ұлы жазушысы. Баяғы билік оны кезінде шет елге қуып жіберген. Елден елге ауып жүрсе де небір ғажап романдар жазған. Әрі-беріден соң Нобель сыйлығын да алған. Оның анау атақты романы бойынша фильм де түсірілген. Аты қалай еді, табан астында есіме түспей тұрғанын қарашы, сен айтып жіберші, Евгений?
Шатақ шығып кетпесе жарар еді деп қылпылдап тұрған бұл:
– «Лолита», – деп таңдайы тақ ете қалды.
– Әні, «Лолита», – деді қазақ Димаға «сен тұрмақ мына электрші де біледі» дегендей иегімен мұны нұсқап. – Бірақ мына төрт томдыққа сол «Лолитасы» кірмей қапты. Неге кіргізбеді деп ойлайсың?
Набоковты да, оның «Лолитасын» да өмірінде бірінші рет естіп тұрған Дима оның төрт томдыққа неге енбей қалғанын қайдан білсін:
– Мен қайдан білейін оны? – деді сасқалақтап.
– Әрине, білмейсің. Өйткені ол кез­де «Лолитаны» оқуға рұқсат бермейтін.
Сөйтіп орысшасы шала болса да небір классиктерді орыс тілінде оқитын қазақты кекетпек болған Дмитрийдің астамсыған үні су құйған шоқтай бықсып, өшті де қалды.
Бұл болса әңгіменің жаймашуақ аяқталғанына қуанған. Жалпы, Димаға «орыс тілін жөндеп сөйлей алмаған қазақтарға емес, сол қазақтың тілінде бір ауыз сөйлей білмейтін өзімізге күлуіміз керек» деп айтып қою керек екен.
Қайран, Достоевский! «Орыстар, негізі, еңіреп тұрып жылайтын жерде, өте көп күледі» деп қалай тауып айтып кеткен. Өкіріп тұрып жылайтын жерімізде ылғи біреу­ді мысқылдап күліп, тағы біреуді менсінбей, шекеден қарап тұратынымыз өтірік емес қой. Әйтпесе, Диманікі не күлкі? Менен сатып алған кітаптарына ескі болса да көңілі толып, өзінен-өзі қуанып, мәз боп тұрған адамды кекетіп несі бар, а? Ең абзалы үндемеу ғой. «Үндемеу – үлкен талант» деген де сол Федор емес пе еді.

* * *

Есікті анасы ашты. Басқа ашатын кімі бар? Әйелі тастап кеткен. Шындығын айтса, ол емес, бұл тастады оны. Қазақтардың «талақ» дейтіні бар ғой, сол сияқты «талақ» демесе де, есігін тарс жапты. «Барлық бақыт­ты отбасы бір-біріне ұқсайды, ал барлық бақытсыз отбасының әрқайсысы өздерінше бақытсыз». Кітап сөресінің үстіндегі портретінен өзіне тесіле қарап тұратын шүңірек көз ақсақал Лев Толстой жарықтық осы сөзді осыдан екі жарым ғасырдай бұрын айтыпты. Бірақ Анна Каренинаның кебін киген әйелдердің мінез-құлқы арада екі жүз жыл тұрмақ, бес жүз жыл өтсе де өзгеретін нышан байқатпайды. Өздері де өзгертейін деп әрекет қылмайды. Сірә, бұл өзі мұқым әйел мінезіне тән бір сайтани желік болса керек. Үйіндегі еркегі аздық еткендей, түздегі бөріктілерге қылмия қарайды келіп. Қазақта «Тана көзін сүзбесе, бұқа жібін үзбейді» деген сөз бар. Оны да кітапқа келетін қазақтар айт­қан. Мұның Екатеринасы да басқаға басы кетіп жүріп, ақыры көзіне шөп салып тынды. Әйелінің опасыздық жасағанын өз көзімен көрген түнгі қасірет­ті тілмен айтып жеткізе алмайды. Есіне түсіп кетсе, әлі күнге дейін біреу ине шаншып алғандай жүрегі шым ете қалады.
Сол күні зауыт­та өзімен бірге дәнекерші боп істейтін жолдасы «туған күнім» деп, үйіне қонаққа шақырды. Атын атағысы келмейді өзінің. Лев Толстойдың Вронскийі­нен садаға кеткірді кейде «Вронский» дейді кекетіп. «Құрмет­ті қонағым болыңдар» деп қолқалап шақырып қоймай қойған соң Катя екеуі қол ұстасып келген. Ол да бұлардың төрін босатпайтын қонағының бірі болатын. Вронскийдің «үйім» деп шақырғаны бақуат­ты біреудің жап-жақсы тамы екен. Бір-екі бөлмесін жалдап апты. Үй иесі – бір күн ару, бір күн сау кәрі кемпір өзі меншіктеп алған қуықтай бөлмесінде жатыр.
Бұлар сол күні ұзақ отырды. Арақ та көп болды. Бөтелкенің қаншасын «құлатқаны» есінде жоқ. Бір уақыт­та оянса, айналасында өзінен басқа пенде жоқ. Төсекте жалғыз жатыр. Орнынан тұрып, шөлмектің түбінде қалған арақпен тамағын жібіт­ті. Жан-жағына құлақ түріп, тың тыңдады. Катясы үйіне қайтып кеткен сияқты. Сірә, мұны көтеріп жүре алмаған болуы керек. Осындай ойға шомып, сынып бара жатқан басын ұстап, төмен қарап отырғанда кенет сыбыр-күбір естілді. Ә дегенде терезенің сыртынан шығып жатқан сияқты көрінген. Сөйтсе, сыбыр-күбір мен сықылықтаған күлкі иелері көрші бөлмеде екен. Төсектің темір торын сықырлатпай орнынан тұрды да, ақырын басып барып, жартылай ашық тұрған есіктен сығалап қарап еді, мұнартқан бөлмеде мұның «әппағым», «адалым» деп әлпештеп жүрген әйелі дәнекерші жолдасымен бірге кең төсекте аяқтары айқасып, тыржалаңаш жатыр. Бітіретін істерін әлдеқашан бітіріп қойған сияқты. Әлгі сыбыр-күбір мен сыңқылдаған сайтан күлкі содан кейінгі «күйіс қайыру» сияқты.
– Кешке дейін сені ойлаймын да жүрем, – дейді Екатерина құмары қанбаған қаншықтай ананың құлағын тістелеп.
– Мен де, – дейді оған «Вронский» тоқ басып, қарын сипап, кекіріп жатқан адам кейпінде марғау ғана.
Сосын екеуі бағаналы бергі құмарлықтары аз болғандай бір-бірінің ауыздарына қайта жабысып, қайтадан құшырлана сүйі­с­ті. Сүйісіп жатып басын әнтек көтеріп, есік жаққа қараған Вронский:
– Анауыңның оянатын уағы болған жоқ па? Абайлашы, үстімізден түсіп, масқара боп жүрмейік, – деген жүрегі әлденені сезіп, қауіптенгендей түрмен.
– Ой, ол арақты өліп ішкен күні, таң атқанша тұрмайды, білем ғой сырын, – дейді мұның Катясы мауыққан мысықтай ананың жүн басқан кеудесін ыңырси иіскелеп.
Мұның іші алаулай жанып бара жат­ты. Қаны басына шапшып, үстел үстінде жатқан пышақты ала сап, тұра ұмтылайын деп тұрды да ернін тістелеп, арқа тұсындағы «ажал», «ажал», «мұның сауабы – ажал» деп зікір сап тұрған әзәзілдерді райынан әрең қайтарды.
– Биыл екеуміздің кез­дескенімізге екі жыл болады, Катя.
– Былтырғы Рождествода сенен бала көтеріп ем, өзің ғой алдырып таста деген. Әйтпесе, қазір бір жасқа келіп қалатын еді…
– Мен емес, өзің емес пе, Евгений біліп қояды деп қоймаған.
– Алдырмағанда ол сен сияқты сұлу болатын еді…
Жүрегі алқымына тығылып, қысыла бастады. Денесін суық тер жауып кет­ті. «Екі жыл! Ойпырмай, қалай білдірмей келген осы уақытқа дейін. Мұндай сұрқия болар ма?».
Адал деп жүрген жарының салдақыға айналған бейнесінен жүрегі айнып, көзі қарауытып кет­ті. Кез­дескен сайын қайталайтын бос мылжыңдарынан жалықты ма, бір кез­де мұның әйелі кең төсектің үстінде аш күзендей бүгіліп барып ананың кеудесін құшырлана иіскелеп, одан кіндігіне қарай ойысып, өліп-өшіп сүйе бастады. Тоят алдындағы үйреншікті ритуалдары сияқты анау да әйелдің нені аңсағанын әбден біліп алған сұм екен, тәнін майда самал сипағандай үлбіреген ерін мен тілдің құдыретіне елітіп, көзін жұмып, екі аяғын екі жағына қарай созып тастап, талтайып жатыр. Әйелінің тілі кіндіктен де төмен түсе берген кез­де бұл…
Есікті бар пәрменімен тарс жапты да, дастархандағы салат­тар мен арақ-шараптардан босаған тәрелкелер мен стақандарды салдыр-гүлдір құлата сыртқа ұмтылды.
– Жүзіқаралар!
Бар айтқаны осы бір-ақ ауыз сөз. Басқа жаман сөздер қапелімде тіліне орала қоймады. Сөресінде тұрған сөз шеберлерінің махаббат «майдандары» жайлы қаншама шығармаларын оқыса да, мынандай сұмдықты солардың ешқайсысы жазбапты. Тіпті жазғандары анайылау көрінетін Чарльз Буковскийдің өзі мәдениет­ті екен мыналардың қасында. Нағыз сұрқия дәл жанында «жолдасыңмын» деп жүрсе, нағыз сұр жылан құшағында «адал жарыңмын» деп білегімен мойнына оратылып жатыпты осы уақытқа дейін.
Үйіне келді де Катяның киім-кешегінің бәрін терезеден сыртқа лақтырды. Айнаның алдында тұрған опа-далаптары да қалмады. Шабадандары да бірінен кейін бірі кетіп жат­ты ұшып. Анасы Мария байғұс бір жамандықтың болғанын іші сезсе де, «Не болды, Женя? Катерина қайда?» деп сұрауға дәті бармай, «Киімді лақтырмайды, балам, ол жаман ырым» деп қолына жармаса берді. «Сол жаман ырым болатын болса, бүгін түннен қалмай болса екен» деп айқайлады мастығы әлі тарқай қоймаған бұл. Содан үйінде ба­йыз тауып отыра алмай, жұмысындағы киім ауыстыратын бөлмесіне тарт­ты. Жол-жөнекей түнгі дүкеннен бір бөтелке арақ сатып алған. Келе жұмысшылар үстелінің үстінде тұрған үлкен қырлы стақанға арақты толтыра құйды да, демалмастан тартып жіберіп, алақанымен бетін басып отыра кет­ті. Бір уақта өкіріп тұрып жылады. Қанша жерден «жүзіқара» десе де Екатеринасын қимайтын сияқты. «Катя!», «Катерина, бұл не істегенің?!» дей береді өксігін баса алмай. Сол күні бағана басынан құлады. Екатеринасынан бұл сөйтіп айырылған. Лев Толстойдың Анна Каренинасы көңілдесі Вронскийден ұл туып алса да, тіпті оны үйіне шақырса да сабырлы қалпынан айнымайтын Алексей Александрович Каренин бола алмады бұл. Ол сияқты оқыған, зиялы адам емес қой.
Содан бері жалғыз. Жоқ, жалғыз емес, анасы, кітаптары, кітаптарын сатып алатын қазақтары бар. Ұққаны, ең адал дос кітаптар екен, екі сөйлемейді, біреуге біреуді жамандамайды, біреуді біреуге сатпайды…

* * *

Үйде жалғыз отырған адам сырт­тан келген кісіден әңгіме күтеді. Бұл бүгінгі көрген-білгендерін жалғызсырап, сөз күтіп отырған анасына түгін қалдырмай айтып берді. Кітапқұмар қазағы туралы да, Димон тентектің басы бәлеге қала жаздағанын да, бірақ ана қазақ өзін салмақты ұстап, даудың бетін сабырмен әдемі арнаға бұрып жібергенін де, ешқайсысын қалдырмады.
– Біз, өкінішке қарай, осындаймыз ғой. Бәрін өзіміз бүлдіреміз. Бәрін өзіміздің ой өрісіміздің деңгейімен өлшейміз. Қазақ тағы қандай кітап сұрады?
– Достоевскийдің отыз томдығын іздеп жүр екен.
– Сен не дедің?
– Үйде бар, бірақ анам бермейді дедім.
– Телефонын білесің бе?
– Жоқ. Ә, айтпақшы, Каспий голдпен есептесті. Сонда телефон нөмірі қалуы мүмкін шығар.
– Ендеше, телефон соқ.
– Не деп?
– Анам Достоевскийдің отыз томдығын сататын болды де…
– Өлсем, табытымның ішіне салып, менімен бірге қоса жерле деуші едің ғой Достоевскийіңді.
– Дейтінмін, бірақ қазір ол райымнан қайт­тым. Достоевский сияқты дүниені мойындатқан талант енді қазақтан да шықсын деп ырым ғып отырмын. Қазақтар – кең халық. Әне, көрдің бе, біз ақшадан тарыққанда ескі-құсқы кітаптарымызды солар ғана сатып алып жатыр. Әйтпесе, сол кітаптар жап-жаңа боп қайта басылып жатқан жоқ па?
– Айтпақшы, мынау сіздің талондарыңыз.
– Талоны несі?
– Қант­тың талондары. Набоковтың екінші томының 128-бетінен шықты. Кітапты сатып алған қазақ тауып алды.
Мария талондардың қағазын саусақтары дірілдей ұстап, көзіне тақап, үңіле берді. Сол жақтағы көзі катаракта болғалы бері жазуды үңіліп оқиды. Жасаураған жанарына «г. Джамбул. 1991. Январь. С А Х А Р» деп қызылмен жазылғаны аздай, қызыл сызықшалармен тағы да бірнеше бөліктерге бөлінген талон ыстық көрінді. Сарғыш тартса да сыры сол қалпы сақталған қағазға таңғала қарап тұрып, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының топалаңын еске алып, мұңа­йып қалды.
– Бәсе, осы талондарды таппай зар илеп қалып ем, Набоковтың арасына тығып қойған екем ғой, – деп күрсінді де:
– Содан бері де отыз жыл өте шықты, ә? – деп күрсінді.
Женя балконға темекі шегуге шықты. Анасының жүрегі жібіп, қазаққа отыз томдықты сататын болғанына риза. Кеңес өкіметінің тұсында осы Достоевскийдің жазылымы үшін бастығына «немене, бар жақсының бәрін сен ғана ала бересің бе?» деп салып, жұмысынан қуылған екен.
Кенет балалар ойнап жүрген алаңқайдан шу шықты. Жүгермектер қарап жүрмей төбелесіп қалған-ау шамасы. Осы көпқабат­ты үйдің әйгілі бетпағы Ольга екі бү­йірін таянып, орталарында шаптығып тұр. Ашуға булыққаны сонша, аузынан түкірігі шашырап:
– Алға, Вован, бір бала бірдеңе десе бірден мұрнынан соқ. Оған қоймаса, тісін сындыр, – дейді немересіне.
Немересі – сегіз жасар сары шашты Владимир баламысың деген:
– Әже, әкемнің мылтығын алып кеп, бірден атып тастасам бола ма? – дейді.
– Болады, – дейді Ольганың досы
Маргарита мына жақтан шәңкілдеп, – бұларды басқаша тоқтата алмайсың.
Жаңа ғана көңілді тұрған Евгенийдің ұнжырғасы түсті де кет­ті. Аспанға қарап еді көкпеңбек зеңгір көктің батыс беткейін түсі кірдің суындай лайсаң бұлт жаулап ап, шығысқа қарай қаптап барады екен. «Көршінің бәрін жау санаған осы жаман әдет­ті қашан қоямыз осы, а? Бір сәт­те сарт-сұрт төбелесіп қап, сосын түк болмағандай бір сәт­те ойнап кететін балаларды осылай да жауластыруға бола ма екен? Әй, айналайындар, төбелесе бермей тыныш ойнаңдар» деудің орнына, айтып тұрған ақылын қарашы.
Айналадағы көршілердің бәріне жексұрын боп жүргені де осы өркөкіректігінен, өзінен басқаны адам екен демейтін менмендігінен Оляның. Шығысы мен батысындағы көпқабат­ты үйлердегі көршілерімен ұрыс-керісті бастайтын да Маргарита екеуі.
Түтіккен кез­де беті қауынның пәлегіндей боп түктеніп шыға келетін Оляның түрін көргісі келмей балконынан ішке қарай безе қашқан Евгений диванға келіп отырды.
Достоевскийді сұрап жүрген қазақтың нөмірін іздеп еді, таппады. Каспий голдқа ақша аударғаны туралы аты-жөні телефоннан көрінгенімен, нөмірі шыққан жоқ. Бірақ бағана мұның телефонын жазып алды ғой, өзі де хабарласып қалар…

* * *

Базардағы күні бойғы қыбыр-жыбыр тірліктен қажыған денесінің дел-сал болғанын сезіп, демалайын деп басын жастыққа қо­йып, көзін жұмды. Көзін жұмып жатып та «бір күні болмаса, бір күні келер, сол кез­де күтпеген сыйлық жасап, қуантармын» деп кітапқұмар қазақты ойлап жатыр.
«Достоевскийді неғылады екен? Осы кітапты үйіне жаздырып алу үшін бастығымен жау болған анасы да, әне, осы күнге дейін сол отыз томның бір парағын ашқан жоқ. Бір мезгіл кітап бетін ашса, ана құсап талонын жоғалтар ма еді? Қайта бұған жақсы болды, электрші болса да анасының жиған кітаптарының түгін қалдырмай оқып тастады. Енді, міне, соларды «нан пұл» қылу үшін сатып жүр. Мүмкін қазақ та құнды кітаптарды ұрпағы үшін сатып алып, жинап жүрген болар».
Дима тентек бір жолы:
– Ескі-құсқының бәрін сатып ала беріп неғыласың? Кітаптардан кот­тедж салайын деп жүрсің бе? – деген мұның кітапқұмарына төбеден түскендей дөрекі қалжыңымен.
– Есті сөз айтатын ескі көз қарияларды керек қылмаса, көмбедегі қымбат қазынадай көне кітаптарды оқымаса, сонда бүгінгі ұрпақтың жанына не керек?
Мұндай жауап күтпей, қарияны мазақ қып тұрған Диманың езуіндегі күлкінің ізі безеу басқан бетінен лезде жоғалып, үндемей қалды.
– Қазақтардың «Керек тастың ауырлығы жоқ» деген мақалын естіп пе ең?
– Жоқ.
– «Керек тас» деген, мынау сенің айналаңдағы зат­тар. Әне, көрдің бе, керек еткен адамдар келіп, ескі-құсқы болса да сатып алып жатыр. Көнені көне екен, шалды шал екен деп қана жек көруге болмайды.
Диманы көрсе қабағын шытып, жақтырмай қалатын қазақ онда да сабыр сақтаған.
– Нең бар менің кітап алушымда? Жөніңе жүрші, – деген бұл Дмитрийді велосипедтің ескі бөлшектерін сататын құжырасына қарай қуалап. Қазақ болса, «қайтесің соны» дегендей қолын селқос бір сілтеді де:
– «Әлемді билегісі келген адам, ең алдымен өзін-өзі билеп алуы керек» деген сөз бар. Әй, Вован, қалай еді атың, ә, Дмитрий екен ғой, осы сөзді кім айтқанын білесің бе? – деді шарасы таусылған адамның қынжылған үнімен.
– Жоқ.
– Ендеше, біліп қой, оны Федор
Достоевский айтқан.
Дивандағы жастыққа басын қойып шалқасынан жатқан Евгенийдің жаны тынышталып, көзі ілініп бара жат­ты.

Көсемәлі Сәт­тібайұлы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір