Құндылықтар мен құнсыздықтар айырмасы
29.01.2016
2005
0

Соңғы кездері халық көп жиналатын сауда орталықтары мен базарларға барғандарыңыз бар ма? Нені байқадыңыздар? Иә, иә, мен де соны байқадым. Қазір көпшіліктің  жанарында наразылық оты, тіпті кейбірінің жүзінде өшпенділік табы тұнып тұр. Көк қағаздың құны көкке ұшқалы бері үсті-үстіне үдеген қымбатшылық, артынша бюджетті үнемдеу мақсатында жүргізілген жаппай қысқартулар халықты едәуір есеңгіретіп тастаған. Біреуден бір нәрсе сұраймын деп, сөз естіп қалуыңыз да ғажап емес. Өйткені, бүгінгі халықтың жан дүниесі өшпенді өктемдікке толы. Осындай жағдайдағы жұртшылықты тек болашағы баянды бағдарламалармен жұбату  мүмкін емес. Дүбәра күй кешкен халық үшін телеарналарымыз көз тойдырып, көңіл қуантарлық бағдарламалар ұсынып отырса да жарар еді-ау. Күйкі тірліктің күйбеңінен бір сәт арылтып, өмірде ақшадан өзге де құнды дүниелер бар екенін есіне алғызатын, серпін бере­тін салиқалы дүниелер халыққа керек-ақ. Әсіресе, бүгінгі күні. Ал биліктегілер халықтың жай-күйіне қаншалықты ден қойып отыр? Қиын шақта ең құрығанда, рухын  әлсіретпей қазаққа  демеу болатын зиялы қауым бар ма? Ұлттық мүдде, дәстүрлі құндылық, ұлттық тіл мәселесі қазақтың өмірлік проблемасы болып қала бермек пе? Зардабын тартып жатсақ та арыла алмай жүрген кертартпа мінездерімізден қашан құтыламыз? «Дөңгелек үстелімізге» қатысқан философия және теология ғылымдарының докторы Досай КЕНЖЕТАЙ,  саяси ғылымдарының кандидаты, Сүлеймен Демирел атындағы  университеттің ассистент-профессоры Мұхит АСАНБАЕВ, саясаттанушы Расул ЖҰМАЛЫ мырзалар осы төңіректегі ойларын ортаға салды.


 

– Бүгінде халықты зерттеу, нендей өз­геріс барын білу, жай-күйіне үңілу қан­ша­лықты және шенеуніктердің ха­лықпен байланысы­ның мәдениеті қандай? Олар халықты басынған жағдайда ыңғай қырғыз жұрты­ның әрекеті мысалға алынатын әдет пайда болды. Бұл ненің белгісі?

скачанные файлыДосай КЕНЖЕТАЙ, фи­лософия және теология ғылымдарының докторы:
– Иә, халықты зерттеу, оның тұрмысы мен ішкі психологиясын білу – Кеңес иде­о­логиясы кезінде үздіксіз жүргізілді. Керек десеңіз, Алма­ты­­дағы тір­кеуге тұратын қазақ ұлты өкіл­дерін қай мөлтек ауданға орналастыру керек деген сұрақтарға дейін егжей-тегжейлі зерттеулер жүргізіліп, бақы­ла­нып барып, шешім шығарылатын. Өзім осы кеңестік кезеңдегі ұлтсыздандыру тақырыбы бойынша көп іздендім. Сонда байқағаным, Кеңес өкіметі кезінде адамды өз болмысынан ажырату үшін, оның қорша­ған ортасын, кеңістігін игеру жылдам нәти­же береді деп есептелді. Ал санасына өзгеріс енгізу деген ұзақ үдеріс екен. Мә­се­лен, Алматыда егер бір қазақ маман ке­рек болса, оған пәтер бермес бұрын, ке­ңістігінде ұлт тілінде бірде-бір мектеп болмауын жіті қадағалады. Ол баласын өз үйінен он-он бір аялдама қа­шық­тық­та­ғы қазақ мектебіне қоғамдық көлікпен алты ай тасиды. Және жұмы­сынан кешік­пеу үшін, баласын таң атпастан оятып мекте­бі­не апарады, іле-шала өз жұмысына қа­рай шапқылайды. Кейде жұмысынан кешігіп, сөгіс алады. Ақы­рын­да қал­жы­рап, баласын есігінің ал­дын­­дағы орыс мектебіне беріп тынады. Сонда ұлтсыз­дан­дыру ерікті түрде жүріп жатады. Оған мемлекет те, ата-ана да кінәлі емес, себебі мәжбүрлік болып қала береді.
Содан егемен ел болдық. Енді қазақ деген осы елдің құрушысына айналған ұлттың, мәдениеттің құндылықтарын сақтауға, дамытуға барынша мүмкіндік туды деп қуандық. Алайда, мемлекет өзінің ең негізгі төл құжаты – Конституциясына «қазақ болмысын сақтау, дамыту» деген міндеттеме қоймады. Мемлекет ұлттық деген барлық құбылыстардан өзін алшақ ұстады. Көп ұлтты, көп тілді, көп дінді азаматтық қоғам ұстанымын алға тартты. Күні бүгінге дейін, «қазақ тілі – мем­лекеттік тіл» деген тек сөз ғана, ал бар­лық билік қабаттары құжаттарын орыс тілінде жүргізіп келеді. Бұған Ресей­дің саяси ықпалы бар екені рас. Де­ген­мен, оған қарсы мемлекет те өз саясатын жүр­гізуі тиіс еді. Әсіресе, ұлттық бол­мысқа қа­тысты, оның тіліне, мәдение­тіне арнайы бағдар не идеологиялық бағыт ұсына алмады. Қазақтың отбасылық, әлеуметтік, психологиялық, мәдени, дүниетанымдық ерекшеліктерін зерттеу мен дамыту туралы қаншама ғылыми дис­сертациялар жасалғанымен, практикада мемлекеттік және қоғамдық институттар, саяси партиялар бағдарларына кірмеді. Расында бізде мемлекеттің құру­шы ұлтына және оның мәдениетіне қа­тысты ешқандай артықшылық немесе арнайы саясат жоқ. Демек, мемлекет ұлт­тық, діни танымдық негіздегі жобалардан өзін аулақ ұстайды. Теория бойынша мұны кез келген қоғамдық институттар өздері жасауы керек. Бірақ қазақтың кешегі ұлтсыздандыру қысымынан шы­ғып, өзінің құндылықтық қабаттарын­да тек қана саналық деңгейде аман қалған субъект екендігі мемлекетті толғандыра қоймады. Қазақ өз мемлекетінде өгейдің күнін кешіп келеді. Қазіргі күні ұлтаралық және дінаралық қақтығыстар мен тұрақ­ты­лық­қа кереғар оқиғалардың болмауы ғана алдыңғы орында тұрады. Ал енді қазақ болмысы өзінің қажеттіліктерін дін факторы арқылы ғана түсіндіріп келеді. Сондықтан, қазақта қазір діни таным алалығы мен диалектикасы орын алды. Себебі, мем­лекеттің дінге, ұлтқа, мә­дениет­ке арналған бағыты мен бағдары жоқ, әлі де жасалынған емес. Мі­не, осындай жағдайда мемлекет чиновниктерінің қазақ ұлты мен құндылықтарына деген көзқарасы қалай болады? Өзі осы ортадан шықса да, қара халықты, қарабайыр мәде­ниет­ті, басынып, басқарам деп ой­лайды. Бұл мемлекет пен қо­ғам арасын­дағы қатынастың қай деңгейде екендігін көр­се­теді.

Mukhit 3Мұхит АСАНБАЕВ, саяси ғы­лым­дары­ның кандидаты, Сүлеймен Демирел атын­дағы уни­вер­ситеттің ассистент-профессоры:
– Қазір қалың шенеуніктердің қа­та­ры­нан халықты жіті зерттеп, қо­ғамның тамырын ұстап, халыққа алаң­дап отырған шенеуніктер көрінбейді. Бұған таңғалу­дың да керегі жоқ шығар. Бұл – заңдылық. Себебі, шенеуніктердің бәрі жоғарыдан тағайындалып отыр, солай емес пе?! Ал халық тарапынан қол­дауға ие болмаған, халық сайламаған ше­неуніктер не себепті халықтың пі­кірі­мен санасып, жай-күйіне үңіліп, мұңын жоқ­тауы керек, айтыңыз­шы? Шенеу­нік­тердің халықпен байланы­сы­ның мә­де­ниеті қандай деген сұрақты сіз сұрамай-ақ қойыңыз, біз айтпай-ақ қояйық.
– Осы күні қазақ интеллигенциясына ті­келей жөн сілтейтіндер кімдер? Қазақ тілінің пайдалану өрісі ұлғайған да жоқ, ұлттық дәстүрге жетік қайраткерлер қа­тары көбейген де жоқ. Осы тақырып әңгіме бола қалған жағдайда билікті кінәлау басым. Ал халықтың еш кінәсі жоқтай кө­рінеді. Көптің қазіргі ахуалын білмеудің салдары неге апарады деп ойлайсыз?
Досай КЕНЖЕТАЙ:
– Қазір қазақ болмысында «өліара» кезеңі жүріп жатыр. Қазақта интеллигенция қабаты бар. Бірақ олардың үні де, қажеттілігі де сезілмей жатыр. Сондық­тан, оларға не мемлекеттік, не қоғамдық алаң­да сұраныс қалмаған. Билікке зия­лы­лы­қа құрмет емес, кейбір «дежурный зиялыны» кәдеге жарату деген уақытша ак­ция­лар ғана бар. Ал жүйелі түрде, сана­лы сипатта зиялы мен зиялылыққа деген көңіл бөлу көрінбейді. Осыдан кейін қазақ интеллигенциясы кімнен, нені, не үшін алады? Бас басына би болған заман… Тілге келсек, әр қазақ өзіне-өзі құрметпен қарай алмаса, мемлекетті кінәлау бос әңгіме болып қалады. Алдымен қазақтың өзі тіліне деген жана­шыр­лығы мен құн­дылық ретінде тұтынуын алып қараңыз. Қазір ана тіліміз құрметтен де, тұтынудан да ада. Оған кінәлі қазақ­тың өзі.
Ал ұлттық негізде қазақтың күшеюі билікке де, Ресейге де керек емес. Мемлекет бұл тақырыпты о бастан либералды демократия ұстанымы шеңберінде қа­райды. Осындай шаблонда ұлттық мүдде мен мәдениет құндылықтарының жоғын жоқтап, қайғырып жүргендерге ешқандай саяси сахна немесе мүмкіндік алаңы та­был­мақ емес. Ұлттық негізде саясат жүр­гізуге заңда тыйым салынған. Қайраткер қайдан болсын. Бұған біржақты билікті сынау қате. Алдымен қазақ өзін-өзі сынасын. Өйткені, бізде ортақ құндылықтық, ортақ психологиялық, ортақ ұлттық ұстанымдарға қарағанда рулық, жүздік «Мен» басым тұрады. Оны тарихи тұлға­лар туралы айтылған сындар мен оған деген қатынастардан көріп жүрміз. Міне осындай психологиядағы халыққа билік не істей алады. Қайта либералды бағыт­тағы билікке осындай психология тиімді сияқты көрінеді. Жалпы, бізге бүгін өзімізді тану орталығы «қазақтану институты» қажет.
Мұхит АСАНБАЕВ:
– Меніңше, қазақ тілі ақшаға зәру емес, сол тілде сөйлейтін азаматтарға зәру болып отыр. Бұл жерде бар болғаны мемлекеттік тіл туралы заңның талабы орындалуы керек.
Мәжілістегі депутаттарды алып қа­раңыз, көпшілігі қазақ тілін білсе де, ме­м­лекеттік тілде жұмысын жүргізіп отырғаны бірен-саран. Заңның көбі орыс тілінде қабылданып, содан кейін қазақша аударылады. Яғни заң шығарып отырған депутаттардың өздері мемлекеттік тіл туралы заңның талабын орындамай отыр. Жақында Мәжіліс спикері мен бір депутат арасындағы түсінбеушілік соның кө­рінісі емес пе?
Ал Қазақстанның Сыртқы Істер ми­нист­рінің шетелде жүріп, қазақша сөй­ле­генін кім естіді екен? Сонда ол Қазақ­стан атынан, қазақ халқы атынан өзге тілде сөйлеуге құқы бар ма? Шетел дипломаттары күлмей ме?
Жоғары лауазымдағы мемлекеттік қызметкерлердің көпшілігі де мемлекет­тік тіл туралы заңның талабын орындамай отыр. Олай болса, халыққа ақыл айтуға я мін тағуға болмайды. Билік өкілдері ертең қазақша сөйлеп кетсе, халық та сөйлеп кетеді.
Ал көп жылдардан бері мемлекеттік тілді дамытайық деп, сіз бен біз сияқты салық төлеушілердің қалтасынан ақшаны жымқырып отырған бағдарламалардың санын қысқарту керек. Бұл тек осы сала­да­ғы шенеуніктерді асырап отырған бағ­дарламалар сияқты, аты бар, заты жоқ.

– Осы қалпымызбен кете берсек, ұлты­мыз­ды сақтап қала аламыз ба? Әуелі, ұлт­ты сақтаудың алғышарттары қандай болады? Осы жолда неден ұтылып, неден ұтып жатырмыз? Қазаққа бүгін не керек?
Досай КЕНЖЕТАЙ:
– Жоғарыда тоқталып өттім. Қазақ қа­зір ұлттық болмысын сақтауда дін құбылысының ролін сезінді. Тіпті, кешегі кеңестік ұлтсыздандыруға қарсы мемле­кет­­тің арнайы бағдары болмаса да, ол функцияны дін құбылысы атқарып отыр. Қазақ мәдениетінің қабаттары көп. Олар тілі, дүниетанымы, тарихы, әдет-ғұрпы, өнері, құқық, сәулеті тағы с.с. болып кете береді. Соның ең басты орталығы ол – санасы. Ал сана діни таныммен суарылады. Демек, жоғарыдағы мәдениет қабат­тары­ның барлығы діни таным арқылы жан­ды­лығы мен баяндылығын жалғас­тыра алады. Өзі о баста қазақ болмысының маз­мұнына қарасаңыз, «төресі мен қо­жасы» арқылы, яғни мемлекеттік және діни ерекшеліктері арқылы қазақ болмысына ие болған. Ал осы саяси болмысқа енбегендер қазақ болудан қалды. Мысалы, Алтайдағы түркі тайпалары рулары қазақ болмысына енбей қалды. Демек, дін ол мәдениеттің мазмұнын құрау үшін де, алдымен мемлекеттік саяси болмыс ық­пал етті. Енді қазір қоғамда салафилік тенденция тарихи тәжірибемен қалыптас­қан діни танымымызға сына қағып, қазақ болмысын жікке жарып жатыр. Демек, діни танымды бақылау, дұ­рыс бағытта білім беріп, жүйелілік пен тари­хи­лық­ты қамтамасыз ету қа­­жет­тілігі туып тұр. Мұ­­ны бүгін қо­ғам да мем­лекет те түсінді. Мә­дениет деген сөз­дің өзі осы араб­тың дін деген сө­зінен шық­­қан. Қоғамды рет­теп отыратын ру­ха­ни-моральдық құн­­­ды­­­лық­тар жүйе­сі. Дін­нің қоғамның азғын­дауына қарсы күресетін, ар та­за­лығына шақы­ра­тын, иманды­лық­қа үндей­тін жол көрсетуші қы­рына басымдық беріл­мей келе жатыр. Бұл ту­ра­лы данышпан суфи аталарымыз былай дейді: «Қоғамдағы көсемдер дін басылар (улама), ел билеу­шілер (умара) мен суфи-даналар (фуқара) болып үш топқа бөлін­ген. Улама жолдан тайса – дін кетер, Умара азса – қоғам бұзылар, Фуқара азса – ахлақ кетер. Уламаны жолдан аз­дырған хырс – ашкөздік, Умараны аз­дыр­ған – әділетсіздік, Фуқа­раны аздыр­ған – риякерлік. Ел билеу­ші­лер дін­­басы­ла­рына құлақ ас­па­­ған­дықтан әділетсіздік жайлап қоғам бұзыл­са, дінбасылар да ел билеушілердің айтқанына еріп, ақиқаттан тайса, суфилер де риякерлік жасаса – қоғам шіриді».
Барлық діндердің ортақ үндеуі – адам­ды ішкі қапас-қараңғылықтан құт­қару. Яғни дін адамды өзінің ішкі зынданынан (нәпсіден) еркіндікке бастайтын жол деген сөз. Міне, Тәңір адамға дін, Құран арқылы өзіне барар жолды көрсетіп берген. Құранда «…ешкімнің несібесіне қол сұқпа, сұқтанба», «…жетім­нің малын жеме», «…аманатқа қиянат жаса­ма»,
«…өтірік айтпа, жала жаппа», «менмен болма, ешкімді өзіңнен қор көрме», «әділетті бол, арсыздық, жамандықтан аулақ бол, туыстарыңа қарас», «…уәдеде тұр», «…қиянатшыл залымдарға болыспа», «…ашу-араз, кекшіл болма» кеші­рім­шіл бол, «…жақсылыққа сүйін, жаман­дық­қа күйін», «…жамандыққа тосқауыл бол» және т.с.с. мазмұндас аяттар арқылы адамдық сана өлшемдері мен міндеттері анықталған. Иассауи ілімінде өзіңді тану басқа бір қырынан қарағанда осы адам­ның Тәңір ал­дын­дағы жауапкер­ші­ліктері мен уәзипа­ларын білу деген сөз.

Мұхит АСАНБАЕВ:
– Кезінде бір теле­жүр­гізу­ші ағамыздың “Ха­­­бар” арнасындағы бір бағдарламасын тәмамдаған кезде «бай-қуатты болайық» деп көрермендерімен қоштасатын әдеті бар еді. Ал бүгін «бай-қуат­ты болайық» деп ба­та беретін шалдарды көрсек, таң­ғалмайтын жағдайға жеттік. Сол дағды бү-гінде жаппай қо­ғам­дық нормаға айналған жоқ па? Яғни пұт­қа, ақшаға табынатындар қатары көбейген қоғам қалыптастырған жоқпыз ба деген сұрақты әркім өзіне қойып көрсінші. Қоғамымыздың рухани құлдырауға тап болғанының себебі де осы емес пе.
Бұл жерде менің айтқым келіп тұрғаны бір нәрсе. Коммунистік идеология ыды-раған соң, осы біздің қоғамымыздың жал­пы идеологиясы қандай еді деп бол­мысымызға үңілетін жағдайға да жеткен сияқтымыз. Қазақстан тәуелсіздігін алды, Аллаға шүкір. Бірақ сол Тәуелсіздік қандай рухани құндылықтарға, жетістікке әкелді? Дәл қазір біздің қоғамға керегі рухани бағдар, рухани азық, ал бұлардың бәрі құндылықтар жүйесіне барып тіреледі. Яғни ұлтты сақтаудың алғы­шарты – құндылықтар жүйесін қалып­тас­тыру. Солай емес пе? Демек, қазаққа бүгін сол құндылықтар жүйесін қалып­тастыру ауадай қажет. Тек қазақ үшін ғана емес, бүкіл қоғамымыз үшін керек.

– Қазақты артқа тартып тұрған ең бас­ты мәселе – алтыбақан алауыздық, жем­қор­лық, жалпақ ағайынгершілік. Ең қасиетті де қадірлі саналатын ұғымдарға деген құрмет сезіміне тәрбиелеу жоқтың қасы. Мысалы, өнер, мәдениет, әдебиет сала­сында әр түрлі пиғылдар белең алып жатады. Есесіне өзін-өзі дамытпауы, же­тіл­дірмеуі кесірінен құлдырау сезіледі. Бұған не істемек керек?
Досай КЕНЖЕТАЙ:
– Қазақтың ең басты дерті «ауруын жасырған арам өледі» деген сөзге мән бер­меуінде жатыр. Жоғарыда сіз айт­қан­дар барлығы сол ауруды жасырудан келіп туындайды. Құндылықтарды құрмет тұтпау, жауапкершілікті ұлттық, мемле­кет­тік деңгейде емес, жершілдік пен жүз­дік шеңберде ғана сезіну кең етек жайып кеткен. Қылмыс жасаушы туысқаны болса, оған басқаша, ал өзгелерге бөлекше қатынас жасау әділет деген ұғымның жоқтығынан болатын нәрсе. Қазір қазақ­тың жасына да, кәрісіне де мемлекет­шіл­­дік жетіспейді. Мына егемендік, тәуел­сіздік деген құндылықты сезіну де, тану да біртекті емес. Себебі, бүгінгі қазақ кешегі­дей біртекті қазақ емес. Оның әр қабаты әр түрлі тыныстайды. Әр аймағы да орыс тілді, қазақ тілді деген секілді әр түрлі. Ара­мызда орыстанғандар мен дінін ауыс­тырғандар да бар. Орыстан­баған­дары­ның өзі төл мәдениетімізге жетік, ұлттық құн­дылықтарға қанық дей алмаймыз. Алдымен тіліне, діліне, дініне, ата баба мұра­сына аманат ретінде қарау­дан қалдық. Бұл – сана мәселесі. Сезін­беген жерде «менікі», «ие менмін», «еге мен­мін» деген түсінік қайдан болсын. Жалпы айт­қанда, қазақтың қазақ болмысын ғана емес, елдікті де, егемендікті де баянды қы­­лу тетігі жоқ. Осыны мемлекет те, қо­ғам да түсінетін уақыты әлдеқайда кел­ді. Елбасы дұрыс айтады: «Қазақс­танның баян­дылығына тек қазақтар ғана жауапты».
Мұхит АСАНБАЕВ:
– Осы сұрағыңыздың жауабын жо­ғарыда айтып кеттім – бізде құндылықтар жүйесі қалып­тас­тырылмаған. Оған кім жауапты, қандай мекеме, қандай шенеу­ніктер – бұл басқа мәселе.
– Әңгімелеріңізге рахмет!


 

9B6DAC79-BB61-4F4C-9FF9-9487C267D627_mw1024_s_nРасул ЖҰМАЛЫ

ӨЗІМІЗДЕН БАСТАУЫМЫЗ КЕРЕК

Біздің шенеуніктер халықтың жағдайынан хабардар емес деп кесіп айтуға болмайды. Барлығының болмаса да, мемлекеттік қызметте жүрген кейбір азаматтардың ұлтжандылығы, мемлекетшілдігі бары рас. Алайда, саяси жүйенің бүгінгі көрінісіне келсек, бізде шынымен де халық пен билік арасында тікелей байланыс орнамаған. Демократияның бірден-бір алғышарты – биліктің халық бақылауында болатындығы. Ал бізде керісінше, халық биліктің жетегінде, қызметінде жүргендей, билікке тәуелді. Яғни демократияның негізгі қағидасы орындалып отырған жоқ. Бұның негізгі себебі, халықтың өз талаптарын қоя алмауы, сескенуі, өзінің Конституциялық құқықтарын қорғай алмауы болса, екінші жағынан, биліктің жауапсыздығы. Қаншама бастамалар мен бағдарламалар аяқсыз қалып жатыр. Оған халық алдында жауап беріп жатқан ешкім жоқ. Тек Елбасы мен үкіметтің алдында ғана есеп береді. Экономикамыздағы, нарықтағы дағдарыс туралы халыққа түсіндіріп, жұртты сабырға, үнемшілдікке шақырып жатқан шенеунік көрдіңіз бе?
Қазір ең басты құндылығымыз – тәуелсіздігіміз. Егер тәуелсіздігімізден айырылсақ, барымыздан айырылатынымыз хақ. Егемендігімізді сақтау үшін мықты мемлекет құруымыз керек. Ал мықты мемлекет болу үшін халық пен билік бірге болуы тиіс. Сөз бен істің арасында алшақтық болмауы қажет. Менің айтып отырғаным демократияның алғышарттары. Онсыз қуатты ел болуымыз неғайбыл. Ал әлсіз мемлекет болатын болсақ, бүгінгідей Ресейдің ықпалында қаламыз. Бүгінгі белең алып отырған көп мәселе де осы өзіміз бағаларды орната алмауымыздың, өзге елге жалтақтауымыздың салдары. Мықты, демократиялық халық болсақ қана біз кедергілерді жоя аламыз. Мәдениетімізді, тілімізді, ділімізді, болмысымызды сақтап қалу үшін де өзгелердің ықпалында кетпейтін, кедергілерге төтеп бере алатын қауқарлы мемлекет болуымыз шарт. Мен айтып отырған демократия бізге өздігінен келмейді. Билік те бізге ондай еркіндіктер мен бостандықтарды жайдан-жай беріп қоймайтыны анық. Біздің бойымыздағы жаман әдет – біреу бізге жарқын болашақ жасап берсе деп қол қусырып отыратынымыз.
«Кім кінәлі?» дегенде алдымен ойға келетіні – билік. Себебі, мемлекетіміздегі қаржылық, ұйымдастырушылық, заң шығару, т.б. негізгі мүмкіндіктер билікке берілген. Ал халықта биліктің ықпалында кету әдеті қалыптасқан.
Әлемдегі мемлекеттер мен ұлттардың әрқайсысы әр түрлі. Сұраққа қатысты мен осыларды екіге бөліп қарастырар едім. Біріншілері, қоғамда болып жатқан түрлі жағдайларды мойындап, ащы болса да сын пікірлерге құлақ аса отырып, өзі жіберген қателіктерді жөнге келтіруге тырысқан мемлекеттер. Нәтижесінде бұл елдер дамыған, өркениетті мемлекеттердің қатарынан табылды (Америка, Британия, Жапония, Франция, т.б.). Екіншілері, өзі жіберген қателіктерді мойындамай, сын айтқандарға қарсы шығып, жау санап, қудалауға кірісетін елдер (араб мемлекеттері, т.б.). Ондай мемлекеттердің қазір қандай күй кешіп отырғаны бәрімізге белгілі.
Егер биліктегілер қазақша сөйлейтін болса, үкімет, парламент мәжілістерін мемлекеттік тілде жүргізсе, ертең-ақ басқалары да қазақша сөйлеп кететіні анық. Мемлекеттік тілге осылай немқұрайлы қарап, менсінбеушілік таныта берсе, осы қалпымызда қала береміз. Дегенмен, осыған тек билік кінәлі дей алмаймыз. Билікті бұлай жауапсыз қалдырып қойған қоғамның өзі. Көпшіліктің қауқарсыздығы мен момындығы, өз талаптарын қоя алмайтындығы көп мәселенің жабулы күйі қалуына себепші. Сондықтан, бүгінгі қалыптасқан жағдайға әрбір қазақ азаматы кінәлі деуге болады. Бұл –халықтың өзіне-өзі сенбегендігінің, немқұрайлылығының салдары.
Яғни бәрін өзімізден бастауымыз керек. Өзіміздің қателіктерімізді, қазіргі аянышты жағдайымызды мойындауымыз және сол қиындықтан шығатын оңтайлы жолдарды таңдай алуымыз болашағымыз үшін аса маңызды.


 

«Дөңгелек үстелді» жүргізген
Айнара Ашан.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір