Алаштың Алтынбегі – ауылында
23.12.2022
408
0

Осыдан бір жыл бұрын «Темірен» атты жастар театры құрылды. Азан шақырып атын қойған – ақын, драматург Бақыт Беделхан. Ашыла салып, Жазушылар одағында, облыстық, аудандық өнер бәйгелерінде топ жарып, көрермен көзайымы болған жас театр бұл жолы иығына ауыр жүк артты. Көзі тірі болса алпысқа енді толатын, 43 жасында саясат құрбаны болған Алтынбек Сәрсенбайұлына арналған «Алаштың Алтынбегі» атты спектакльді сахналады. Пьеса авторы – тағы да Бақыт Беделхан.

Әлихан Бөкейхан сынды Алаш ардагері бастаған, Алтынбекпен жалғасқан ұлт зиялыларына, елі үшін жазықсыз мерт болған күллі аяулы жандарға бағышталған драма алдымен қасиетті Қарасазда, Мұқағали туған ауылда сахналанды. Кеген, Нарынқолға жолы түскен кез келген жолаушы алдымен Қарасазға тоқтап, суын ішіп, дәмін татып, ақынның музейін аралайды. Бұл ауылда еңкейген қарттан еңбектеген балаға дейін Мұқаңның өлеңін жатқа оқиды, құдайы қонағын құшағын ашып қарсы алады. Сол дәстүрді аттамай, шығармашылық топ та спектакльді ақын ауылынан бастады. Қыстың көзі қырауда қолға алынған бастама күні кеше Райымбек ауданының орталығы – Нарынқолда жалғасын тапты. Алтекеңнің ауылы – Сарыжазда ат шалдырып, Кеген ауданының Тасашы ауылында өнер көрсетіп жатқан ұжымның ендігі бағыты – Шонжы және Еңбекшіқазақ ауданының Шелек ауылы. Аз ғана күнде Алматы облысының төрт ауданын аралап шыққан театр қаңтардың 10-ы күні Алматыдағы Ғ.Мүсірепов театрында осы жолсапарға нүкте қоймақ.
Көрерменін толғантар туындының айтары мол, астарында жүз жылдық шындық шырылдап жатыр. Ұлын ұлықтай алмаған, тоғыз грамм оққа байлап берген тәлейсіз тағдырымыз көз алдымыздан жылап өтеді. «Еһ! – дейсіз еріксіз. – Солар тірі болса, қазіргі жағдайымыз қандай болар еді? Жапон елінен асып түспесек те, кем болмас едік-ау» деп, алқымыңыздан бір өксік қысады келіп. Автордың ойын қалтқысыз түсініп, жүректе екшеп, көпшілікке ұсына білген бір үйдің балаларындай актерлерге, жап-жас өнерпаздарға еріксіз риза боласың. «Жүректен шықпаса, жүрекке жетпейді» деген осы болар…
Бізді бастап келген Алтекеңнің ағасы, белгілі қоғам қайраткері Рысбек Сәрсенбайұлының жолы тіптен бөлек. Ішінен тынып, әділетке жете алмай, талай жылдан бері қамырықты көңілмен жүрген ағамыз кәдімгідей серпіліп қалды. «Спектакль өзіме қатты ұнады. Жете түсіну үшін бірнеше рет көрудің де артықтығы жоқ. Талай шындық жайдақ емес, жанды тырнайтындай шынайы берілген» деді бір сөзінде. Сарыжаздан ұзап шыққан соң арнайы тоқтап, «Алтынбек шыңында» естелікке суретке түстік. «Алтекең еңбек демалысын алса, шетел асып кетпей, осында – туған ауылына келетін. Тау аралайтын, ел-жұртпен әңгімелесіп, сағынышын, мауқын басатын. Елге соңғы рет 2005-те келді. Одан кейінгі жағдайды өздерің білесіңдер. Қапы қалдық. Ал 2006 жылы достары, сыныптастары бастама көтеріп, біз де Алматыдан арнайы келіп, көпшіліктің қолдауымен, міне, мына шыңға «Алтынбек шыңы» деген атау бердік. Тау етегінен жаяу шықсаң 4-5 сағатта басына жетуге болады» дейді, тауға көзін көлегейлей қарап. Ішінің әлі күнге алай-дүлей болып жүргені, саңылауы бар әркімге-ақ аян ғой.
Қысқасы, Алтынбегін жоқтаған жұрт осы төрт күндік сапарда арда ұлымен тағы бір қауышқандай күй кешті. Әттең, ескі Қазақстанның салқыны әлі қайтпапты. Қарасазда да, Нарынқолда да көрермен тым аз болды. Себебін суыртпақтап сұрап ем, ешкімнің мойындағысы келмеді. Яғни көпшілікке хабарланбаған. Біз дігерлегеннен кейін барып мұғалімдерге, ел-жұртқа айтылып, «жазған құлда жазық жоқ» дегендей, адамдар содан кейін ғана келіп жатты. Тірісінде билікті өзімен санасуға мәжбүр еткен ердің аруағынан да қорқатындар арамызда әлі де бар сияқты. Амал нешік…
Ал енді өзімнің осындай ардақты ұлмен бір қатысым бар екенін мақтан тұтамын. Соған аздаған шегініс…
Алтекеңнің қырыққа енді ілінген шағы еді. Ресейдегі елшілік қызметін тапсырып, елге келген. Ақпарат министрі болғанын, сайлау әділ өтпесе министрліктен кетем деген мәлімдемесін, ол кісі қатысқан баспасөз мәслихаттарына адам сыймай кететінін, «Жас Алашқа» дүркін-дүркін шығып жатқан мақалаларын саясатқа қатысы жоқтар да таласа-тармаса оқығанын көзі қарақты жұрт ұмытпаған шығар. Мен ол кісімен ел жақты аралап қайтқанында бір-ақ рет сапарлас болдым. Жақын араласу, емен-жарқын тілдесу мүмкін болмады. Бірақ ішкі құрметім өте зор еді. Әттең, көп ұзамай қастандық жасалды. Қатты күйіндім. Қолымнан не келеді деп шарқ ұрдым. Ол кезде «Қазақстан» телеарнасында істейтінмін. Елдің бәрі жұмыстан қайтып кеткен соң компьютерге отырдым да, «Алтекеңді жоқтаусыз қалдырмайық. Жұрт болып алаңға шығып, құнын сұрайық» деген мағынада үндеу жаздым. Оны қайшымен жақсылап қырқып, жолдорбама салдым. Ертесі Алтекеңді Ұлттық ғылым академиясынан шығаратын болды. Жиналған халықта есеп жоқ. Көп ішінде біраз тұрып, айналаны зерттеген соң елдің көзін ала бере ішке кірдім. Ең жоғарғы қабатқа, одан өрмелеп шатырға шықтым. Төменде біреулер ышқына сөйлеп жатыр. Жолдорбамды аштым да, тілдей болып қиылған қағаздарды төменге төгіп жібердім. Сосын жүрегім атқақтап, келген ізіммен кері тарттым. Абырой болғанда ешкімнің көзіне түспей, көптің арасына сіңдім де кеттім. Көпшілік сөз тыңдамай абыр-сабыр болып жатыр екен. Ж.Тұяқбай «Бұл – арандату. Бұл – биліктің әдейі істеп отырғаны. Мұндай арандатушылыққа сеніп қалмаңдар» деп айғайлап тұр. (Сол кезде мені ұстап алса расымен-ақ арандатушы ретінде жазаға тартар еді, Құдай сақтады) Қысқасы, жұрт бір дүрлігіп басылды. Ертесі алаңға да ешкім келмеді…
2008 жылы саяси сатиралық шығармаларым топтасқан алғашқы кітабым Мәдениет және ақпарат министрлігінің бағдарламасы бойынша жарық көрді. Сол кітапты саясат құрбаны болған Алтекеңе арнадым… Қолымнан басқа не келсін…

Қанағат ӘБІЛҚАЙЫР

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір