ҚЫПШАҚ АУЫЛЫНДА БОЛДЫМ
Осы жылдың 12–17 тамыз күндері «ТМД елдерінің архивтеріндегі қазақстандық жазушылардың зерттеу жұмыстары» жобасы бойынша Армения астанасы Ереван қаласында, Ширак облысында іссапарда болып қайттым. Жобаны жүзеге асырудың белгіленген талаптарында Армения Республикасының Ұлттық кітапханасындағы, Ұлттық архивіндегі, Матенадаран көне қолжазбалар институтындағы, Ереван мемлекеттік университетінің шығыстану факультеті түркітану кафедрасының Абай орталығындағы дерекнамалық, танымдық материалдар қаралды.
Ереван қаласынан жүз шақырымдай жердегі бір замандарда тағдыр айдап барған қыпшақ бабаларымыздың ізі суымағандай ыстық көрінген, 1946 жылға шейін Қыпшақ деп атанған Арич елді мекенінде болдым. Осындағы V ғасырда салынды делінетін монастырь жанында сақталған, жергілікті тұрғындардың айтуынша, қыпшақтар құлшылық жасаған шағын үй-жайдың қирандылары қалған орында дұға оқыдық.
Жылдам өте шыққан жылы шырайлы Армениядағы күндерде 1500 жылдан бері қолданыста келе жатқан, уақыт ағыны бұзбаған бекемдігінде жасап отырған армян жазуымен армян тілінде сақталған деректерді іздеп табуда, қысқаша мазмұндық ақпарат алуда кітапхана, архив мамандары барынша көмектесті. Қазақстан Республикасының Армения Республикасындағы елшілігі жоба бойынша жұмысқа бастан-аяқ қолдау көрсетті.
Армениядан елге көп жайға қанығып, көп мәселенің зерттеу міндеттерінде бірталай ой түйіп, нақтылы тақырыптық бағытта айналымға түсетін маңызды деректер алып қайттым. Еревандықтардың жанталаспай, жайбарақат жүріп-ақ жалпыадамзаттық, ұлттық құндылықтарды қорғау, сақтау, дәріптеу бағытында зор еңбек жасап келе жатқаны қуантты. Қай мәселеде де тыңғылықты, баянды, кәсіби білікті мамандардың қарасы қалың.
Іссапар барысында армян алфавитінде жазылған қыпшақтілді қолжазбалар бойынша әлі де арнайы зерттеуді күтетін жекелеген мәселелер айқындала түсті.
Қазақ-армян әдеби-мәдени байланыстары бойынша тұлға тағдырына тиесілі іс көшірмелерін, библиографиялық көрсеткіштерді, баспасөз материалдарын, кинодокументтерді, Армения ғалымдарының қазақ әдебиеті мен өнері бойынша зерттеу еңбектерін жоба тақырыбы бойынша жазылатын ғылыми-танымдық эссе, очерктер, архив құжаттамасы жинағы арқылы айналымға қосуды көздеп отырмын.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстан Жазушылар одағының бірлескен жобасы ел мен елді, жер мен жерді ашық жүрек, жылы шыраймен жақындастыру бағытында ғұмыр кешкен бабалар дәстүрінде еңбектену мүмкіндігін туғызып отырғанын ризашылықпен айтып өткім келеді.
Қанипаш МӘДІБАЕВА,
М.О.Әуезов атындағы ӘӨИ
бас ғылыми қызметкері,
ф.ғ.д., профессор
Алматы – Ереван – Алматы