АЛАШТЫҢ ОҚЫҒАН АРУЛАРЫ
06.03.2023
736
0

Ояну дәуіріндегі қазақ қыздары да надан қоғамның тасын өрге сүйреп, дамуына айрықша үлес қосқан болатын. Өкінішке қарай, жетпіс жылға созылған коммунистік қызыл жүйенің құлдық ғұмырында жүрген шағымызда Алаш туын көтерген қайсар қыздардың есімін, өнегесін ұмытқанбыз. Совет заманын көрген жұрттың әңгімесіне қарасақ, қазақ қыздарын оқытқан да, адам санатына қосқан да қызыл үкімет екен. Бұл – ақиқатқа қайшы келетін өтірік сөз. Өткенін танымай өскен, барынан-нарынан айырылған қоғам ақиқаты қайсы, жалғаны қайсы деп дүдәмал сөздің ақ-қарасын анықтамаған.

Қазақ қыздарының басына бостандық алып берген, оқуына, ізденуіне һәм елдік іске араласуына мүмкіндік беріп, әйел теңдігі мәселесін жан-жақты талқылап, түйткілді шешкен Алаштың айдарлы ерлері емес пе еді! Советтік жүйе қазақ оқығандарының ұлттық сипаттағы жоба-жосықтарын түгелдей көшіріп, өз бағдарламаларына айналдырып, ұтымды идеяларын иемденіп кеткен…
Қалың малға сатылып, сүйгеніне емес, әке-шешесінің қалауымен жуандардың тоқалы болып кеткелі тұрған бойжеткендердің тағдырына араша түскен зиялылардың әйел теңдігі, құқы, бостандығы турасындағы көзқарас-пікірлері әлі күнге дейін өзекті. Әйел – еркектің тамағын істеп, киімін жуып, баласын табатын адам емес, керісінше, жүрегінің жартысы екенін ұқтырып, демократиялық ұстаным белгілерін атап көрсетеді. Әйел арқылы қоғамды жаңартуды, ел санасын түзеуді ойлады.
Ұлттық бұлқыныс пен демократия­ның қызығын көріп, оқып, өсіп-өніп, сүйгеніне қосылған қазақ қыздары едәуір көп. Социалистік идеология оларды ұмыттырып, санамыздан сызғанмен, тақуа тарих пен архив деген құпия қойма жылнамасынан жыртпапты.
ХХ ғасыр басындағы қазақ жұртында дәрігер мамандар сирек еді. Ер азамат­тардың өзі дәрігерлік мамандыққа жүрексіне баратын. Оқуы – ауыр, ізденісі – қиын. Қазақтан шыққан алғашқы тіс дәрігері – Мүбина Ыбырайымқызы (Ибраһим) Ниязова (Танашева) деген қаракөзіміз. Мүбина – қазақ жерінің территориясын бекіткен Алаш Орда министрі Уәлитхан Танаштың туған қарындасы, Алаш зиялысы, дәрігер Мірахмет Ниязұлының жары.
Мүбина Ыбырайымқызы – Атырау облысының тумасы. Ол – Астрахандағы қыздар гимназиясын, Саратов тіс дәрігерлері институтын үздік бітірген. Алаш Үкіметі жасақталған жылдары жолдасы екеуі – Ұлттық әскеріміздің денсаулығына жауапты қызметтерді атқарып, от пен оқтың ортасындағы арпалыс мезетінде «қанатсыз періште» рөліне кіріскен абзал жандар-тұғын.
Мүбина Алматыдағы қазіргі Республикалық медицина колледжінің (бұрынғы медтехникум) іргетасын қалап, алғашқы директоры қызметін атқарған.
Медициналық бағытта білім алған қазақ қыздарының ішінде Жанкүміс Байғозықызы (Омбы акушерлік мектебінің түлегі), Зейнеп Садыққызы (Петербордағы қыздарға арналған медицина институтының түлегі), Гүлсім Аспендиярова (Петербор медицина университеті), Шахзада Аронқызы Шонан келіні (Ташкент, Алматы медицина институттарында оқыған) сынды қыздар советтер заманына дейін-ақ оқып, мәдениетті, парасатты жандарға айналған болатын. Өкініштісі, осы қыздардың арасынан хан ұрпағы – Шахзада ату жазасына кесілді. Жолдасы – үлкен тілші ғалым Телжан Шонанұлы да 9 грамм оққа ұшқан.
Қазақ қыздарының арасында Гүлайым Балғынбай – Алманияда (Германия) оқыған тұңғыш қаракөз айымымыз. Гүлайым оқуын бітіріп елге келген соң, қазағына адал әрі шынайы еңбек қылған.
Төл тарихымызда есім-сойы анықталып, еңбегі мен қызметі дұрыс насихатталмай жатқан Алаш оқығандарының саны қисапсыз. Шаң-тозаңның астында қалған сол жаһұтты тауып, бетін сүртіп қалсаңыз, небір тарих сөйлейді ғой, шіркін! ХХ ғасырдың оғландарын, айнамкөздерін жеке-жеке зерттейтін маман қажет. Осылардың әрқайсысы қазаққа болсын деп саналы ғұмырларын сарп етіп, бастарын қатерге тігіп, пайдасын ұлысына тигізіп, ақысыз-пұлсыз қызмет еткен жандар еді… Әр шырақты жаққанда ғана төл тарихымызды толық танитынымызды тағы бір қайыра естеріңізге салайын.

Елдос ТОҚТАРБАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір