ҚАҺАРЛЫ ҚАҢТАР
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қаңтар оқиғасы» кезінде кездейсоқ шалыс басқан азаматтарға кешіріммен қарау туралы халық тілегіне құлақ асып, өзінің 2022 жылғы 2 қарашадағы Жарлығымен бір реттік рақымшылық жасау туралы шешім қабылдады. Жуырда Алматыға жасаған сапарында: «Біз адамгершілік таныта отырып, осы қайғылы оқиғадан тиісті қорытынды жасаймыз. Мұндай жағдай енді ешқашан қайталанбайды. Бұған жол бермейміз», деген еді. Осы Жарлық аясында 1500-ге жуық адамды қамтитын гуманизм қағидасы алғаш рет қолданысқа енгізілгенін қоғам оң қабақпен қабылдады. ҚР Бас прокуратурасының мәліметінше, қазірдің өзінде 878 сотталушыға қатысты жаза мерзімін қысқарту және абақтыдан босату туралы сотқа ұсыныс жолданған. Сең қозғалды. Алда әлі де заң жүзінде атқарылар қыруар шаруа күтіп тұр…
ҮМІТПЕН АЛДАҒАН ҮКІМЕТ
Алтайдан Атырауға дейінгі Ұлы Даланы дүрліктіріп, барыс жылының басында болған «Қаңтар қасіреті» қазақ елінің тұтастығына, бірлігіне сын болғанын бәріміз көрдік. Отыз жылдан аса «Тәуелсіздік алдық, өзгелермен тереземіз тең ел болдық» деп бөркімізді аспанға ата шаттанып жүрсек те, өз елімізде, өз жерімізде үмітіміздің ақталмай, қиялдағы арман-мақсатымыздың тасқа соғылғандай күй кешкенімізді жасырып-жауып, берекет таппаспыз. Осы ащы шындықтың бетпердесін қан-жоса қылып сыпырып алған бұлғақтың астары қандай еді? Өткенді бір сәт ой таразысына салып, зерделеп көрсек деген ниетпен қаламға салмақ салдық…
2022 жылғы қараша айының басында Алматы жұртшылығымен кездесу кезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қаңтар қасіреті бізге сынақ қана емес, үлкен сабақ болды. Тыныштық пен тұрақтылықтың қадірін жұртымыз жете түсінді. Ал қоғамға іріткі салуды көздеген қарақшылардың, лаңкестердің мақсаты орындалған жоқ. Керісінше, халқымыздың бірлігі нығая түсті. Ұйысып, жан-жақты жаңғыру жолына қадам басты», – деп атап өтті. Иә, болары болды. Енді сабырмен өткеннің бәрін байыптап, таразылаудың да сәті келген сияқты.
Бірден айтайық, әлемді дүр сілкіндірген бұл дүрбелеңге – қоғамымызға дендеп енген жабайы капитализмнің пайдасын жеке-дара көріп, қаймағын ішкен тойымсыз байшыкештердің ынсапсыздығы мен олардың әрекеттеріне көз жұма қараған билік айыпты! «Қанша малды болса да, бай қуанар егізге» дейді қазақ. «Болған үстіне бола түссе екен» дейтін қалталылардың ашкөздігі салдарынан халықтың көп бөлігінің кедейшілік күйге ұшырағаны баршаға аян. Оны жасырып-жаба алмайсың. Оңға қарасаң да, солға қарасаң да аш бөрідей жаланған жемқорларды көресің. Қазанның құлағында отырған билік басындағылар мен ұлттық компаниялардың шектен шыққандығы тіпті жан шошытады!
2018 жылы еліміздегі 700 лауазымды тұлғаның қылмыстық жазаға тартылғаны туралы үлкен зерттеу мақала жазғанымыз бар еді. Соның ішінде 18 министр мен орынбасарлар, комитет төрағалары, облыстық, қалалық және аудандық деңгейдегі 95 басшы, 101 жоғары лауазымды қызметкер – Жоғарғы соттан бастап, түрлі деңгейдегі судьялар, ұлттық компаниялардың топ-менеджерлері істі болғаны айтылды. Елге келтірілген залалдың жалпы көлемі – 9,7 миллиард теңгені құрайды (оның 8,5 миллиард теңгесі қайтарылды деседі).
Ең сорақысы, сыбайлас жемқорлық бабымен Қазақстанның үш премьер-министрі қазына қаржысына қол салып, қол салғанда мол салып, істі болған соң, басқалардан не сұрайсыз? «Түйені түгімен, биені жүгімен жұтатын» жоғары шенді әкімқаралардың аты-жөндерінен ат үркеді. Тергеу материалдары бойынша, Ұлттық экономика экс-министрі Қуандық Бишімбаев «Бәйтерек» холдингін басқарып тұрған кезіндегі қылмыстық ісі үшін 10 жылға, Қоршаған ортаны қорғау экс-министрі Нұрлан Ысқақов 4 жылға, Ішкі істер экс-министрі, Кедендік бақылау комитетінің экс-басшысы Серік Баймағанбетов 10 жылға (кейін 5 жылға қысқартылды), ҚР Көлік және коммуникация экс-министрі, «ҚазМұнайгаз» АҚ экс-президенті Серік Бүркітбаев 6 жылға, Қарағанды облысының бұрынғы әкімі Бауыржан Әбдішев бастаған 21 лауазымды шенеунік әртүрлі мерзімге жазаға тартылды…
Бір өкініштісі, осылардың қатарындағы кейбір тоқпағы мықтылардың «мемлекетке келтірілген зиянды толық өтеді» деген желеумен, қылмыстық жазадан сытылып кеткендері де аз емес. ҚР Табиғи монополияларды реттеу жөніндегі агенттік төрағасы болған Мұрат Оспанов электр жарығының тарифін өсіруге 300 мың АҚШ доллары көлемінде «пара алғаны» үшін 10 жылға сотталса да, темір торда бір күн де отырған жоқ. Ол 1 миллиард 101 миллион 60 мың теңге (!!!) көлеміндегі айыппұлды «қиналмай» төлеп, сот залынан ойнақтап шықты. Айлығы шайлығынан аспайтын қарапайым адамдар буы бұрқыраған бұл миллиардтарды көз алдына елестете де алмайтын шығар!
Сол секілді Қытаймен шекаралас «Қорғас» халықаралық орталығының президенті атанған Василий Ни деген пысықтың хикаясы тіпті ақылға сыймайтын ертегідей! Тергеу органдары «Тюльпан Хоргос» ЖШС өкілінен қонақ үй ғимаратын салу үшін 1 млн АҚШ доллары көлемінде пара алған жерінен ұсталды деп дабылдатқанымен, ол пақырыңыз сотқа жетпей-ақ құтылып кетті. Қазір шет елде шалқып жүр деседі. «Ұсталмаған ұры емес».
Мұндай суық қолды әрекеттен екі рет премьер-министр болған, банк басқарған, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімов те сау емес болып шықты. Қаңтар оқиғасы болмағанда, «мұртты Феликс» осы күнге дейін алшаң басып, алаңсыз өмір сүре берер ме еді, кім білсін?! Астанадағы 2,5 млрд теңге тұратын элиталық үй мен жер телімдері, сол үйден табылған 17,2 млн АҚШ доллары, есепсіз алтын құймалары мен антиквариаттар, бизнес санаттағы қымбат автокөліктер шенеуніктің жалаң алынбағаны белгілі. Шетелдіктерден 2 млн АҚШ доллары көлемінде пара алу фактісі де тіркелгені айтылды. Біздің білмейтініміз қаншама?
Халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы мен мұң-мұқтажын шешеді деген жоғарыдағы басшы-қосшылардың тірлігі осындай болса, отыз жылда еңсесін тіктей алмай отырған еліміз қалай дамымақ?! Қаңырап қалған ауылдар. Үдере көшкен ел. Далада да, қалада да жұмыссыздық. Шарықтап өскен инфляция анау! Ал осы келеңсіз көріністерді болдырмаудың шараларын кім ойластырады? Ойсыраған бюджеттің бүйірін толтыру үшін қарапайым жұрттың иығына неге салмақ түсуі керек? Қосымша салық, айыппұлдардың көлемін өсіру, авиа-теміржол билеттері мен азық-түліктің бағасын қымбаттатудан басқа жол жоқ па? Сұрақ көп, жауап жоқ.
Жыл басында дүрбелеңге әкелген Маңғыстау өңіріндегі сұйытылған газ бағасының екі есеге қымбаттауы да – осы жемқорлық сыбайластықтың салдары. Мамандардың айтуынша, еліміздің ішкі нарығына қажетті сұранысты өтейтін сұйытылған газдың ресурстары жеткілікті болатын, сондай-ақ Қазақстан газ бойынша нетто-экспорттаушы ел қатарына саналады. Мысалы, 2020 жылы ішкі нарықтың қажеттіліктерін қамту үшін 1,4 млн тонна сұйытылған мұнай газы өндірілді. 2021 жылы ішкі нарықтағы сұйытылған газды тұтыну қажеттілігі 1,6 млн тоннаға дейін өсті. Алайда тұтыну барысы өскенімен, газ өндірісі мимырт тірлігінен арылмағанын ашып айтқан жөн. Мұны қазан құлағын ұстаушы мұнай өңдеуші зауыттардың иелері техникалық құрал-жабдықтардың тозығы жеткенімен, әрі инвестициялық тартымдылықтың жоқтығымен байланыстырғысы келеді. Сөйте тұра, жекеменшіктегі зауыттарды бәсекелестік нарыққа сәйкестендіріп кім жөндейтінін, неге жөнделмейтінін түсіндіріп бере алмайды. Есесіне, газды тұтынудың тұрақты өсуі елдегі үлкен тапшылыққа алып келгені анық.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің мәліметінше, 2019 жылдан бері Маңғыстау облысында сұйытылған газға ауысқан автокөліктер саны 90 пайызды құраған. Ай сайынғы газ тұтыну көлемі 18 мың тонна болып, «Қазақ газ өңдеу зауыты» (14,5 мың тонна) мен «Атырау мұнай өңдеу зауыты» (3,5 мың тонна) есебінен беріліп отырған. 2021 жылдың 20-25 желтоқсанында өткізілген сауда қорытындысына сәйкес жанармай құю стансаларына сату бағасын: ҚазГӨЗ – тоннасын 130 684 теңгеден (немесе литрі 77 теңгеден), АМӨЗ – тоннасын 109 872 теңге (немесе литрі 65 теңгеден) белгілеп берген. Нарықтың заңын ескерсек, көңілге қонымды баға. Дегенмен тек пайда табуды көздеген арадағы делдалдар – газ-жанармай құю стансаларының қожайындары алыпсатарлық әдеттерінен жаңылмай, газдың бөлшек саудадағы бағасын 120 теңгеге бір-ақ көтерді. Міне, солай! Бұл бассыздық ең алдымен, өз көліктерімен нәпақа тауып, күнін әрең көріп жүрген қарапайым жұртқа ауыр соққы болғанын айтудың өзі артық.
Бұл тосын жағдайға Маңғыстаудағы жергілікті биліктегі жауапты тұлғалар да, бәсекелестікті қорғауға тиісті антимонополиялық мекеме де селт етпегені былай тұрсын, осы салаға тікелей жауапты энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиевтың 4 қаңтар күні: «Нарықтың тартымдылығын арттырып, инвестиция құю үшін қолданыстағы тарифті көтеруден басқа амал жоқ», – деген сөзі отқа май құйғанмен бірдей болды.
Қағанағы қарқ, сағанағы сарқ шенеуніктер қарапайым бұқараның мұң-мұқтажын қайтсін?! Биліктен қайыр жоғын түсінген маңғыстаулық тұрғындар наразылық акциясын бастауға мәжбүр болды. Оны – Жаңаөзен мен Ақтау халқының жанайқайын интернеттен бүкіл әлем көрді. Сол күні-ақ өзге аймақтардағы кедейшіліктің шегіне жеткен басқа да ағайындар үдере көтеріліп, олар да көшеге шығып кетті. Жылдар бойы қордаланған әлеуметтік-тұрмыстық проблемаларды шешуге Мемлекет басшысынан басқа бірде-бір шенеуніктің шамасы жетпейтінін айтып, жан-жақтан ашына қоңыраулатып жатты.
Аталған мәселеге байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша құрылған премьер-министрдің сол кездегі орынбасары Ералы Тоғжанов бастаған үкіметтік комиссия шұғыл Маңғыстауға ұшып барғанын да білеміз. Олар алған жағдайдың себептері мен салдарын таразыдан өткізіп, барлық тарапты қанағаттандыра алатындай қолайлы шешім қабылдауға тырысты. Бірақ газ бағасы 50 теңгеге дейін түсірілетіні туралы хабарлама қарсылық шараларын тоқтата алмады. Ал енді осыдан келіп, тағы бір сұрақ туындайды. Өзінің тиісті міндетін үкімет халықтың бас көтеруіне дейін жеткізбей, жүйелі атқаруына болатын еді ғой! Атқармады. Содан барып көшедегі жұрттың талаптарына енді «Үкімет отставкаға кетсін!» деген ұран қосылып, айқай-шу үдей түсті.
Отыз жыл бойы бәрін де қағаз жүзінде тамаша етіп көрсетуге үйренген биліктегілердің әрекеті шынында да қарапайым жұртты әбден ашындырған еді. Ұлттық экономика министрлігінің мына мәліметін оқып көрсеңіз, өзіңіз де қайран қаласыз. 2021 жылы халықтың орташа табысы 130 мың теңгеге жетіпті! Алдыңғы жылғымен салыстырғанда, тіпті 15,3%-ға өсіпті! Әрине, бұл әдемі өтірікке вахталық әдіспен істейтін жұмысшылар, жүргізушілер мен күзетшілер, балабақша тәрбиешілері, еден жуушылар мен ауылда мал бағушылар сенбегені анық. Олардың қанша нәпақа табатыны жұмбақ емес. Айтуға ұят! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі де бұл жалған көрсеткіштің тас-талқанын шығарды. «Халықтың 50 пайызы айына 50 мың теңгеге өмір сүріп жатыр. Ең сорақысы, біздің елімізде белгілі бір элиталық топтар ғана экономикалық өсімнің пайдасын көріп отыр. Қазақстан байлығының тең жартысынан астамына бар-жоғы 162 адам иелік етеді. Бұның бәрі қоғамның экономикалық-әлеуметтік, тіпті саяси жағынан қақ бөлінуіне әкеліп соқтыруы мүмкін» деген Президент пайымы қарапайым елдің ой-тілегімен ұштасып жатты.
Бағы жанған 162-нің кімдер екенін әлі күнге дейін анық білмесек те, әйтеуір шамалаймыз. Оларды қойып, бер жағындағы, қолына өмірі күрек-кетпен ұстап көрмеген, «Болашақпен» оқып келіп, бүгінде «Самұрық Қазына», «Бәйтерек», «Қазмұнайгаз» сияқты компанияларда істейтін ақ жағалы бозбалалардың жалақысы бір миллион теңгеден басталады. Ал банк басшыларының айлығы 15 млн теңгеден жоғары екенін айтсақ та жеткілікті. Кезінде қарапайым адамдардың түсіне де кірмейтін 20 млн теңгені азсынған Қайрат Келімбетовтің уәжін де естігенбіз. Ынсап кеткен жерде – әдеп туралы айтудың өзі қиын!
Осындай әлеуметтік теңсіздіктерді көріп отырған бұқара халық қалайша ашынбайды? Әрине, ашынады! Жемқорлыққа белшесінен батқан мемлекет пен қоғам арасының алшақтап кетуі соңғы жылдары тіпті анық сезілді. Халықтың жанжарасы қаңтарда тағы да жарылды…
АҚИҚАТПЕН БЕТПЕ-БЕТ
Демократиясы әбден қалыптасқан елдерде бейбіт шерудің өтуі – заңды нәрсе. Оғаш ешнәрсесі жоқ. Биылғы қараша айында Алматы жұртшылығымен кездесуінде Қасым-Жомарт Тоқаев бейбіт шерулердің себебі – бір бөлек, ал мемлекеттік төңкеріс жасағысы келгендердің мақсаты – мүлде басқа болғанын, сол себепті мәселенің басын ашып алу қажет екенін жеткізді. Жөн сөз. Мемлекет басшысының айтуынша, алдын ала дайындалған арандатушылар елдегі тосын жағдайды өз мақсаттарына пайдалануға ашық әрекеттенген.
«Соның кесірінен Алматыдағы жағдай күрт нашарлады, тіпті бақылаудан шықты. Бұзақылар әкімшілік ғимараттарды басып алды. Көшелерді жауып, жолында кездескеннің бәрін қиратты, тонады. Қысқасы, ойларына не келсе, соны істеді. Еліміздің алтын бесігі – Алматыны қиратып жатқаны осы қаланың перзенті ретінде менің де жаныма батты. Бірақ қандай жағдай болсын, азаматтарымыз, ең бастысы, Алматының асқақ рухын құлатқан жоқ. Қала тұрғындары жұдырықтай жұмылды, сүйікті қаласын қорғап қалу үшін бірікті. Әрине, содырлардың мұндайды күтпегені айдан анық», – деді президент. Иә, тегіс қара куртка киінген, ауыздарын тұмшалап, қолдарына бір-бір рация, темір таяқ, автомат, аңшылық карабин ұстаған әлдебіреулер (нағыз шерушілер емес) алдымен Президент сарайын, оған таяу тұрған қала әкімдігін басып алып, ішіндегі барлық техникалық жабдықтармен қоса бүлдіріп, құжаттарды шашып, өртеп жібергенін әлеуметтік желілілер үзбей көрсетіп жатты.
Халық нөпірі көбейген сайын қорғаныстағы полиция өкілдерінің қоғамдық тәртіпті сақтап қалуға күші жетпеді. Алғашқы 4 қаңтар күнгі мәлімет бойынша, Алматыда 32 полицей көлігі, 5 өрт сөндіру және 30 «Жедел жәрдем» машинасы өртелген. «Жедел жәрдемнің» үш көлігін содырлар жаралы қаруластарын тасымалдау үшін айдап әкеткен. Қаладағы 7 қару-жарақ дүкені тоналып, 1 564 дана қару ұрланған. Куәгерлер түсірген бейнежазбаның бірінде алаң ортасына келіп тоқтаған нөмірі жоқ көліктен аңшылық винтовкалар таратылып жатқаны анық байқалады. Осындай күтпеген жағдайлар басқа да облыс орталықтарында бір сценариймен ұйымдастырылғаны тергеу материалдарында көптеп кездеседі. Арнайы прокурорлар қызметінің бастығы Ризабек Ожаровтың мәліметінше, Жамбыл мен Алматы облыстарында полицейлер ішкі істер департаменттерінің ғимараттарын оқ-дәрі және қару-жарақпен бірге тастап кеткен. Соның салдарынан бүлікшілер 1,5 мың дана қару-жарақты қолды қылған. Шымкент қаласында да бір тәулік ішінде 21 полицей көлігі өртеліп, қаңқасы көшеде қалған. Ұлттық ұланның 5 жауынгері, 15 полицей соққыға жығылған. Әрине, шеруге шыққан жандардың барлығы бірдей қаныпезер емес екені анық. Адамдық болмысын, азаматтық келбетін жоғалтпаған көптеген қыздар мен жігіттер өз бастарын бәйгеге тігіп, жаралы тәртіп сақшыларын, Ұлттық ұланның жас жауынгерлерін ажалдан қалай арашалап қалғанын әлеуметтік желідегі бейнесюжеттен барша жұрт көрді. Жаны ашығандар әскерилердің формаларын шешіп алып, өздерінің сырт киімдерін кигізіп, қоршаудан шығарып жіберіп отырды.
5 қаңтар күні таңертең Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі әлеуметтік-экономикалық оқыс жағдайға байланысты шұғыл кеңес өткізіп, «Алматы қаласы мен Маңғыстау облысында 2022 жылғы 5 қаңтар мен 19 қаңтар аралығында төтенше жағдай енгізу туралы» Жарлыққа қол қойғанын жариялады. «Бұзақы топтар әскери қызметшілерді ұрып-соғып, көшеге жалаңаш шығарып, мазаққа айналдыруда. Бұл жағдай Алматының барлық тұрғынына қауіп төндіріп отыр. Бұған төзуге болмайды. Алматыдан басқа кейбір облыс орталықтарында да жағдай ушығып тұр. Осыған байланысты бірқатар өңірде Төтенше жағдай енгіздім. Бұл – аса қажетті шара!» – дей отырып, Президент өзінің Қауіпсіздік кеңес төрағасы екендігін, барлық тұрғындардың өтінішіне орай сол күннен бастап қатаң әрекетке көшетінін мәлімдеді. Әрине, Мемлекет басшысының теледидар арқылы аяқ астынан «Қауіпсіздік кеңесінің төрағасымын» дегеніне «Тоқаевтың шешімі заңды ма?» деп, екіұдай күйге түскендер де болды. Расында да, бұл күдіктің бас көтеруіне негіз бар еді. Конституция бойынша Кеңес төрағалығының тізгіні өмір бойы Назарбаевтың қолында болатын. (Бір аптадан кейін парламент депутаттары көзге шыққан сүйелдей осы заң баптарын шұғыл түзетіп, Конституциядан алып тастады).
Бүгінде бір нәрсе айқын. Елдегі ушыққан жағдайдың бәрін жақсы біле тұра, Ұлттық қауіпсіздік комитеті – мемлекетке төнген қауіп-қатердің ауқымын бағамдай алмады, қоғамдық-саяси жағдайдың барысын орнықтыруға белсенділік танытпады. Өзіне қарасты құрылымдарды ереуілден оқшаулауға тырысып, қызметкерлерін үйлеріне қайтарып жіберген. «Бірқатар қалаларда Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің басшылары жеткілікті әскери арсенал болғанына қарамастан, қызметтік ғимараттарды ондағы қару мен құпия құжаттармен бірге қарсылықсыз тастап кетті», – деп Президент те өкініш білдірді. Осы әрекеті үшін ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімов «опасыздық жасады» деген баппен тұтқынға алынды. Қорғаныс министрі Мұрат Бектанов орнынан босатылып, Қылмыстық кодекстің 452-бабы (биліктің әрекетсіздігі) фактісі бойынша қамауға алынды.
Ел алдында сенімнен айырылған Асқар Мамин басқарған үкімет отставкаға жіберілді. Энергетика министрлігі, «ҚазМұнайГаз», «Қазақгаз» сияқты алпауыт компаниялардың жіберген қателіктері ашық айтылды. Бұл компаниялар елбасының күйеу баласы Тимур Құлыбаевқа тиесілі екенін халық бұрыннан білетін. Сондай-ақ Назарбаевтың тағы екі күйеу баласы – «QazaqGaz» ұлттық компаниясының төрағасы Қайрат Шәріпбаев пен «ҚазТрансОйл» компаниясының бастығы Димаш Досанов шұғыл түрде орындарынан босатылды. Энергетика министрінің орынбасары, Атырау мен Павлодар мұнай өңдеу зауыттарының бас директорлары тұтқынға алынды.
Президент бастамасымен қоғамдық-саяси ахуалды тұрақтандыру үшін бұдан басқа да бірқатар нақты шаралар қабылданды: әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлері, бензин, дизель, сұйытылған газ бағасын 6 айға мемлекеттік реттеу енгізіліп, коммуналдық тарифтерді көтеруге 6 айға мораторий жарияланды. Бұдан бөлек, үкіметке азаматтарды борыш батпағынан құтқаратын «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заң әзірлеуді, осал топтар үшін баспананы жалға алу құнын субсидиялау тетігін қарастыруды және қаржылай қолдауды қамтамасыз ететін «Қазақстан халқына» қорын құруды жүктеді. Бірақ Мемлекет басшысының әлеуметтік-экономикалық талаптарды оң шешуге бағытталған шешімін қарапайым еңбек адамдары құп алғанымен, ереуілдеген топтардың арасындағы арандатушылар сабасына түсе қоймады. Көшелердегі бұзақылық әрекеттер сағат санап күшейе түсті. Шектен шыққан лаңкестердің бір тобы ауруханаға да басып кіріп, медперсоналды кепілдікке алғаны белгілі болды. Ақыр соңында елдің тұтастығына, Тәуелсіздігіне қатер төнді. Жалпы елдегі жағдай шиеленісе түсті.
Халық арасындағы осы күдікті біржола сейілту мақсатымен Президент 6 қаңтарда Қауіпсіздік Кеңесінің отырысын өткізіп, 20 мың террориске қарсы күрес штабын өзі басқаратынын жариялады. Ол бейбіт шеруді өз мақсаттарына пайдаланбақшы болған бүлікшілердің шетелде үлкен дайындықтан өткен «халықаралық террористер» екенін және олардың Қазақстанға жасаған шабуылын басқыншылық акті ретінде қарастыру қажеттігін айта келе, ҰҚШҰ мемлекеттерінің басшыларына осы террористік қауіпті еңсеру үшін Қазақстанға әскери көмек көрсетуді сұрағанын мәлімдеді.
ҰҚШҰ деген қандай мекеме? Бұл – 2002 жылы 15 мамырда Ташкент қаласында құрылған мемлекетаралық «Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы» аталатын, құзіреті күшті әскери одақ. Құрамында Армения, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Беларусь елдері бар. Ұйымның негізгі мақсаты – бейбітшілікті, халықаралық және өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту, ұжымдық негізде мүше мемлекеттердің тәуелсіздігін, аумақтық тұтастығы мен егемендігін қорғау болып табылатын әскери ынтымақтастықты орнату. Сонымен қатар ҰҚШҰ-ны құру барысында оның қызметіне жаңа сын-қатерлермен, қауіптермен күрес, сыртқы саяси үйлестіру мәселелері де енгізілген. Мемлекет басшылары арасында өзара алдын ала ауызша келісім болды ма, ол жағы бізге белгісіз, белгілісі – осы бітімгершілік күштерінің 2 030 адамы мен 250 техникасы Қазақстанға сол күні кешке шұғыл жеткізілді!
ҰҚШҰ Біріккен штабының бастығы Анатолий Сидоровтың түсіндіруі бойынша, мұндай жағдай, яғни бір елге ұжымдық әскери көмек көрсету шарт қабылданғаннан бері бірінші рет қолданылып отыр. Бітімгершілік тобы лаңкестік топтардан тазарту операцияларына қатысқан жоқ, олар маңызды мемлекеттік және әскери нысандарды күзетуге тартылды. Мысалы, беларустық бітімгершілер – Алматы қаласындағы әскери аэродромды, әскери қару-жарақ қоймасын, ЖЭО-1 және ЖЭО-2 жылу беру құрылымдарын, армяндар – Алматы нан комбинатын, тәжіктер – Су реттеу жүйелерін, орыстар – Алматы әуежайын күзетуге жұмылдырылған. Енді бір тобы Елордаға бағыт алған. Осының нәтижесінде әлеуметтік маңызды нысандарды күзету ісінен босатылған қазақстандық күш құрылымдары өздерінің әлеуетін контртеррористік операцияға, қоғамдық тәртіпті қалпына келтіруге бағыттауға мүмкіндік алды.
Қазақстан Президентінің пәрменіне орай, ҰҚШҰ әскерлері 13 қаңтардан бастап, он күн ішінде қазақ жерінен әкетілді. Алайда бітімгершілік тобының елімізге енгізілуіне байланысты пікірлер әржақты болды. Бірқатар сарапшылар қосымша әскердің жеткізілуі мемлекеттік институттарды жою арқылы билікті басып алуды көздегендердің жолын кесті десе, енді біреулер бөтен қарулы күштер қоғамдағы қарсылықты одан сайын күшейтіп жіберді деп пайымдады.
«Қирату, полиция мен басқа да күш құрылымдарының нысандарына шабуыл, әкімшілік ғимараттарды басып алу, бейбіт тұрғындарға, әлеуметтік нысандарға, ауруханаларға шабуыл жасау және басқасы – мұның бәрі зорлықшыл экстремизмнің элементтері саналады. Біз зорлық-зомбылықты жақтайтын экстремизм идеологиясының жолын кесуге тиіспіз. Бұл оқиғалар, сөзсіз, терроризм актілері ретінде бағалануға тиіс», – деген Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин Қазақстан гибридтік террористік шабуылға тап болғанын, сондықтан ҰҚШҰ әскерлері келгеннен кейін барып жағдай тұрақталғанын алға тартты.
ЕЛ ЕРГЕ СЕНЕДІ, ЕР КІМГЕ СЕНЕДІ?..
Сол күндері Қасым-Жомарт Тоқаевтың теледидардан 20 мыңдық лаңкестер тобының ойран салғаны туралы сөзін бүкіл әлем естіді. Кейіннен белгілі болғандай, бұл үрейлі цифрды күштік құрылым басшылары ұсынғанын білдік. Әскерде болғандар жақсы біледі, 20 мың адам дегеніңіз екі дивизияны құрайды. Бұл – үлкен алапат күш! Алматы көшелерінде түсірілген бейнежазбаларға талдау жүргізген ресми сарапшылар мұқият дайындалған қарақшы топтар өте мақсатты, нысаналы түрде шабуыл жасаған деген байлам жасапты. Дегенмен шабуылдаушылардың нақты санын ешкім де дөп басып айта алмағаны – шындық.
«Хабар» телеарнасында «Қаңтар қасіретіне келсек, өкінішке қарай, көп адамның өмірін жалмады. Солардың бәрі лаңкес пе? Себебі басында адамдардың бәрі бейбіт шеруге шықты емес пе?» – деген тілшінің сауалына Президент төмендегідей жауап қайтарыпты:
«Шынын айтсақ, әуелде ешқандай қирату, қылмыстық әрекеттер болған жоқ. Бірақ кейін жағдай мүлде басқа арнаға бұрылып кетті. Кенеттен арандатушылар мен қарақшылар пайда болды. Олардың мақсаты бейбіт шеруге қатысу емес еді, шынайы көздегендері билікке шабуыл жасау болатын. Бір сөзбен айтқанда, жұрттың қарасы көбейген соңғы сәттерде алаңға нағыз лаңкестер шықты» (16.01.2022 ж.).
Биылғы 5 маусымда БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында Мемлекет басшысы бұл пікірін тағы да қайталапты: «Жиырма мыңға келсек, бұл көрсеткішті құқық қорғау органдарының бұрынғы басшылары келтірген, бұл бүкіл елге қатысты. 13 қалада бір мезгілде қоғамдық тәртіпті бұзу мақсатында билікке қарсы бандиттік шабуылдар жасалғанын білесіздер. Қазір 5,5 мың қылмыстық іс қозғалды, 500 қылмыстық іс сотқа жолданды». («Хабар 24», 05.06.2022 ж.).
Иә, кенеттен болған қанды оқиғаның зардабы да оңай емес. Ел аумағы бойынша 1500-дей әкімдік кеңселері, сауда үйлері, бизнес нысандары қиратылып, 700 автокөлік өртенген. Әсіресе Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Атырау, Ақтөбе және Шығыс Қазақстан облыстарының орталықтары, Шымкент қаласы көп залал шеккен, келтірілген шығынның жалпы сомасы шамамен 30 млрд теңгені құрайды.
Кейбір куәлардың айтуынша, тәртіпсіздікке қатысушылардың арасында жат тілдерде сөйлескен, қақтығыс кезінде ауруханаларға жеткізілген жаралылардың кейбірі не қазақша, не орысша түсінбейтін көрінеді. «Еуразия» телеарнасы филиалының директоры Сергей Киселев «Террористер жақсы дайындықтан өткенін, мұздай қаруланып, радиобайланыстың ең озық техникалық құралдарымен жабдықталғанын» хабарлады. Ол телеканал ғимараты ішіндегі хабар таратушы серверлер тұрған техникалық цехтың нақты қай жерде орналасқанын шабуыл жасаушылардың дәл білгеніне қайран қалады. Есікті бұзып кіргендер бірден сол бөлмелерге беттеген. Жасақтың әр тобы 25-50 адамнан құралғанын, басшылары сыбайластарын рациямен басқарып отырғанын және кейбірі өзара араб тілінде тілдескенін айтады. «Лаңкестер эфирге шығу үшін телеарнаны басып алуды алдын ала жоспарлаған, алайда күзет қызметкерлерінің қатты қарсылығына тап болып, жоспарлары жүзеге аспаған соң, редакция бөлмелерін қиратқан, құрал-жабдықтарды өртеп жіберді», – дейді журналист. Алаңға таяу орналасқан республикалық «Қазақстан» телеарнасы Алматы филиалында, «Еуропа плюс», «Русское радио» ғимараттарында да дәл осындай жағдай қайталанды. Студиялар күлге айналды. Полиция мәліметінше, «Көктөбедегі» хабар таратушы телемұнараға да бірнеше рет шабуыл жасалыпты.
Осы арада айтпасқа болмайтын бір түйткіл нәрсе қылаң береді. Әлгі тұтқындалғандар арасында бірде-бір ауған, арабтың бой көрсетпеуі ойлантады. Екі-үш қырғыз, өзбек ұсталғанымен, олар жай ғана жұмыс іздеп келген «гастарбайтер» болып шықты. Қазақстанға шеттен оралған өз қандастарымызға жабылған орынсыз жала да естілді. «Аманат» қоғамдық комиссиясының төрағасы, адвокат Абзал Құспан: «…ұсталғандардың арасында Қытайдан келген қандас ағайындар көптеп кездесті…» – деп, тіпті асыра сілтеп жіберіпті. Иә, базар жағалап жүрген бірқатар оралман ағайынның топқа қосылғаны рас шығар. Бірақ бұл тұтас қандастарды кінәлауға негіз бола алмасы анық! Сондықтан қамалғандар мен қаза болғандардың тізімі толық жарияланбайынша, осындай жел сөзге тұсау салу қиын болмақ.
Прокуратура өкілдерінің мәлімдеуінше, Қаңтар қақтығысында идеологиялық диверсия тәсілдері қолданылған деседі. Жалған әскери форма киіп алып, ереуілдеушілерге оңды-солды бұйрық беріп жүргендер бейнежазбалардан да байқалады. Осылайша «күштік құрылымдар шерушілердің жағына шығуда» деген жалған түсінік те елге тез тарап кеткен. Көшедегі қарусыз жұртқа оқ атқандар да осы арандатушылар емес пе екен деген күдік те қылаң береді. Сауал көп, жауап жоқ.
Ресми мәліметке сүйенсек, «Қаралы қаңтар» барысында 4 578 адам жараланып, 230 адам қаза тапқан. Құрбандардың көпшілігі Алматы қаласына тиісті – 139 адам. Облыстарда әкімдік, полиция және ҰҚК департаментінің ғимараттарын қорғау кезінде тәртіп сақшыларының мәліметінше, 63 шабуылдаушының көзі жойылған. Күштік құрылымдардың 19 өкілі шейіт болған. Осыған орай, 2022 жылғы 10 қаңтар елімізде Қаңтар қырғынында құрбан болғандарды еске алып, Жалпыұлттық аза тұту күні болып белгіленді.
Алматылықтармен кездесуінде Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қаңтар оқиғасына дейін елдегі жағдайды әдейі шайқалтқандар болды. Олар түрлі жолдармен наразылық көңіл күйін өршітіп, қоғамымызды бөлшектеу мақсатын көздеді. Сондықтан олардың көпшілігі қаңтар трагедиясына жанама түрде жауапты», – деді (Қазинформ, 16.11.2022 ж.). Бұл ретте ойланатын тұсымыз да аз емес. Біздің қоғамның біртұтастығын шайқалту әрекеті, оның ішінде жаппай наразылықтар туғызуды кәсіби түрде әзірлеу, радикалды шаралардың нақты орындаушыларын иек астында дайындау жасырын түрде жүйелі жүргізіліп келгені рас болса, бұл бәрімізді алаңдатпай қоймайды. Жер-жерде тәркіленген қару-жарақтарды кімдер, қайдан, қашан әкелді? Елге қалай енгізілді? Шексіз құзыретке ие уәкілетті орган Ұлттық қауіпсіздік комитеті осы дайындық жұмыстарын білмей қалды деу қисынға келе ме?
Бас прокурор деструктивті діни ағымдардың 19 өкілі, тыйым салынған экстремистік ұйымдардың 27 белсендісі, ұйымдасқан қылмыстық топтың 24 мүшесі, өлтіру, ұрлық және тонау бойынша соттылығы бар 113 адам ұсталғанын атап өтті. Бірақ елдегі жағдайды әдейі шайқалтқандар нақты кімдер? Бір жылдан бері олардың аты-жөндері баспасөзде неге ашық аталмайды? Қылмыс әлемінде «Дикий Арман» ретінде танылған Арман Жұмагелдиев сияқты қолшоқпар жалдамалыларға дем берген «мықтылар» неге тасада қала бермек?
Бұл айтылған мысалдар еліміздегі ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің бүкіл басқару жүйесі іріп-шірігендігінің көрінісі екенін қынжыла мойындамасқа амал жоқ. Сол себепті, Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Күштік құрылымдардың басшылары жаңа жауынгерлік дағдыларды шыңдауға, қорғаныс пен шабуылдаудың заманауи үлгілерін енгізуге шұғыл кірісуге тиіс. Оған қоса Ұлттық гвардияны, әскерді, басқа да күштік құрылымдарды сандық, сапалық тұрғыдан нығайтуға тиіспіз», – деп қадап айтқаны үміт отын оятты. Жаңа Қазақстан құруды, ең алдымен, құқық қорғау жүйесін реформалаудан бастауды бүкіл халық қолдайтынында күмән жоқ.
Қазақстан Ішкі істер министрлігінің хабарламасы бойынша, «Қаңтар оқиғасынан» кейін 12 мыңнан астам азаматтан жауап алынып, 3702 қылмыстық іс қозғалған. Сот пәрменімен 1112 адамға әртүрлі мерзімге үкім шықты. 2 мыңнан астам іске сараптама тағайындалып, ұрланған мүліктің көп бөлігі тәркіленген. Оның ішінде 12 автокөлік, 310 тұрмыстық техника, 188 зергерлік бұйым, 261 ұялы телефон және 16 млн теңге иелеріне қайтарылды деседі. Одан бөлек, мемлекет тарапынан Алматы қаласы бойынша зардап шеккен азаматтарға шамамен 11 млрд теңге, автокөліктері бүлінген тұрғындарға 258 млн теңге төленген. Қаңтар оқиғасында зардап шеккен және қаза тапқандардың отбасыларына «Қазақстан халқына» қорынан қаржылай қолдау көрсетілді.
Құйындай соғып өткен қасіретті оқиғаның барынша әділ таразыланғаны қоғамға да тиімді. Алайда «екі қолға – бір күрек» іздеп қала кезіп, абайсызда заң құрығына іліккен бейкүнә жастардың бұлыңғыр тағдыры көпшіліктің көңілін осыған дейін күпті етіп келген еді. Енді, Президенттің рақымшылығынан кейін, олардың қосақ арасында қоса кетпейтініне сенім мол.
АЛМАТЫ – АЛАШТЫҢ РУХЫ МЕН АЙБАТЫ
Осы материалды жазу барысында «Алматы қаласы дүбәра жұртшылықтың ордасына айналды» деген ащылау сөзді құлағымыз шалып қалды. Бәлкім, Батыс пен Шығыстың тоғысында орналасқан, қанатын кеңге жайған алып шаһардағы рухани-мәдени біртұтастыққа сызат түскенін меңзеген болар. Бір мемлекетте өмір сүріп жатқан адамдардың тілі мен ділі, діні бұтарланып кеткенін айтқысы келген шығар. Дегенмен осы қалада жастық шағымыз, жарты ғасырлық ғұмырымыз өткендіктен бе, Алматы туралы артық айтылған сөздер жүрекке ауырлау тиетіні рас. Біздің замандастарымыздың ұғымында Алматы – мәңгі жастықтың шаһары. Алатаудың алтын тәжі, Шығыс пен Батыстың алтын көпірі. Руханияттың қайнаған ордасы. Кейінгі жылдары тұтастай қазақтанды десе де болады. Алайда жоғарыда айтылғандарға себеп болған бір кілтипан бар. Ол – біртұтас халықтың «қазақ тілді» және «орыс тілді» болып екіге жарылуы. Кеңес өкіметі кезінен қалмай келе жатқан ібіліс саясат.
Ресми ақпарат бойынша, бүгінгі күні Алматы қаласында жалпы білім беру саласында 207 мемлекеттік және 88 жекеменшік мектеп бар. Оның ішінде, қазақ тілінде оқытатыны – 70, орысша – 64, ұйғырша – 3. Аралас мектеп – 70. Осы білім ордаларында 300 мыңнан астам бала оқиды.
Осы ретте, айыр тілді аждаһа секілді «аралас мектеп» дегеннен құтыла алмай жүргенімізді айтудайын айтып, жазудайын жазып жатырмыз. Билік селт етер емес. Былықтың көбі осы аралас мектептің түп-тамырында жатыр. Ұлттың рухы сезілмейтін дүбәра ортада тілі шұбар, мәдениеті жармақ, өзі жалтақ ұрпақтың өсіп келе жатқаны ақиқат шындық. Бұл мәселені ащы ішектей созып, былқылдата беруге болмайды. «Аралас» деген атаудан біржола құтылып, барлығын қазақшалаған жөн. Және бұл ұсыныстан «ұлтшылдық» іздеп, байбалам салудың қажеті жоқ. Уақыт талабының өзі осы!
Сондай-ақ Алматыда 40 ЖОО, 60-тан аса колледж бар. Барлығында да қазақ пен орыс бөлімдері қатарлас жүреді. Оқитын студент жастар 200 мыңнан асып жығылады. Бір қынжылтатыны, мектептерде де, университеттерде де орыс топтарында білім алатын студенттердің басым бөлігі қаракөздер. Еліміздегі білім жүйесінің ең үлкен кемшілігі осында жатыр ма деп ойлаймын.
Ал енді қараңыз. Өзге ұлт өкілдерінің балалары неге қазақ мектебінде, қазақ топтарында оқымауға тиіс? Жас кезде берілген білім мен тәлім-тәрбие тамырға құйылған нәр сияқты. Қай тілде нәр құйсаң, соған лайықты тұлға қалыптастырасың. Оның салдары күнделікті өмірден де көрініс береді.
Мысалы, Республика сарайындағы «Шаншар», «Айтыс», «Алдараспан» сияқты ойын-сауық қойылымдарына тек қазақтар ғана барады. Өзге тілді ағайындарды емге көрмейсің! Мешітке де бас сұқпайды. Неге? Себебі, қазақ халқы мен диаспораларды мемлекеттің өзі бөлектеп отыр. Білім саласын қойып, Қазақстан халқы Ассамблеясын құрдық, ұлттық этно-орталықтарын жасақтадық. Кезінде өзім де сол мекеменің бір пұшпағын иледім. Сонда көзім жеткені – бесіктен белі шықпаған баланы ұлттық бөлініске өзіміз итермелейміз. Қазақ балабақшасы/мектебі, орыс балабақшасы/мектебі (қала берді ұйғыр, өзбек… мектебі). Қалауыңыз білсін!
Қазақтың кемел болашағы – қазақ тілінің тұғырға берік қонуына байланысты! Бұл – талассыз шындық! Сөз ретіне қарай еске түседі, екі миллиондай қазақ тұратын көршілес Ресейде ырымға бір қазақ мектебін таппайсыз! Бірде-бір жоғары оқу орнында қазақ тілінде мамандар даярланбайды. Ал біз болсақ, болашақта өзге елдің мүддесі үшін қызмет ететін кадрларды топ-тобымен ұшырып жатырмыз. Ресейге, Еуропаға! Күрмеуі қиын бұл әңгіменің жауабы біреу-ақ – мемлекет есебінен өзге тілде мамандар даярлауды тоқтату керек! Заманымыздың көрнекті қаламгері Ғабит Мүсірепов «Қазақ елі – өз мұңын өзі ойлап, өзі ізденіп, тіршілік деген кең майданда сыналған ел» депті бір сөзінде.
Құдай қолдап, бақ жұлдызы қайта жанған халқымызбен бірге бүгінгі мамыражай күнге аман-есен жеттік. Енді бәріміз алды-артымызды бажайлап, ел іргесін шайқалта жаздаған «Қаңтар қасіретінен» тиісінше сабақ алып, бар күш-жігерімізді жүректердегі жараны емдеуге, Тәуелсіздігімізді бекемдеп, ана тілімізді өз тұғырына қондырып, шын мәніндегі «Жаңа Қазақстанды» құруға бағыттағанымыз абзал.
Өр қазақтың тарихындағы ең соңғы бұлғақ осы болғай!
Қайым-Мұнар ТАБЕЕВ