«Қасіретті қаңтар»: қаламгерлер пікірі – 3
17.01.2022
1944
0

ҚАТЕРЛІ КҮНДЕРДЕ…

Қазақ хандығының туы көтерілген күннен бастап бабаларымыз тәуелсіздік жолында талай қан майданды бастан өткерді. Әртінгі Керей мен Жәнібек хандардың заманында да, бертінгі Абылай мен Кенесары хандардың кезеңінде де солай болды. Әйтеуір, осыдан дәл отыз жыл бұрын қазақтың көзінен аққан қанды жасты Көк Тәңірі көрді де мейірімін төкті. Сөйтіп, біз 1991 жылы қызыл империяға қарсы мылтық кезенбей, қылыш сермемей Тәуелсіздігімізбен қайта қауыштық!
Жоғалтқан ұлы құндылығымыз табылып, өшкен үмітіміз жанған соң шекарамызды шегендедік те арқамызды кеңге салған едік. Өйткені егемен елдігіміздің ішкі, сыртқы жаулары болуы мүмкін емес деп пайымдадық. Ол ойымыздың бекер екенін енді біліп отырмыз.
Батыс өңірде сұйытылған газ бағасын делдалдардың күрт көтеруі жұртшылықты алаңға шығарды.Ашулы ереуілшілердің ащы үнін естіген өзге өңірлердегі бүлікшілер жұртшылықты бүліншілікке ұшыратты. Өлтіру, өртеу, қирату, тонау…
Егер Президент Қасым-Жомарт Тоқаев дер кезінде қажетті батыл шешімдер қабылдамаса биікте желбіреп тұрған көк туымыз тұғырынан жұлынып түсуі мүмкін еді… Мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігіне тікелей жауапты бірінші басшыны дереу қамауға алып, оның міндетін атқаруды басқа басшыға тапсыруы, Қазақстанның қауіпсіздік кеңесі төрағасы қызметін өзіне жүктеп, үкіметті таратып жіберуі оның саяси ерік-жігерінің өте күштілігінің айғағы емес пе! Әрі көреген саясаткер, әрі жігерлі қайраткер ғана осындай сындарлы шақтан ел-жұртын сүріндірмей алып шыға алады!
Дегенмен маған түсініксіз жайттар аз емес. Кезінде елбасының шинелінен шығып, таққа мінген, кейін онымен келісе алмай шетелге кеткен шенеуніктер дәл қазіргі күрделі кезеңде әлеуметтік желілерден жылтыңдап сөйлеп жұртшылыққа жөн сілтеуі қалай?.. Солардың бірі өзінің жақтастарын әкімдіктердің алдына барып, наразылық акциясын өткізуге қашаннан бері үндеп келеді.
Сол жайтты өзім жақсы білетіндіктен, алдыңғы жылы Павлодар облысы әкімдігі ғимаратының алдына Абайдың мүсінін орнатуға қарсы болып едім. Сөзімді «Хәкім Абай саяси қайраткер емес, сондықтан оның ескерткіші саяси-әкімшілік ғимаратының алдында орнатылмауы керек, өйткені күні ертең ол жерге саяси көзқарастары биліктікімен мүлде сәйкес келмейтін түрлі топтардың жиналуы ықтимал» – деп дәлелдеуге тырыстым. Бірақ ақ жағалы ұлықтардың тым болмаса біреуі: «Сіздің ұсынысыңыз орынды екен, рухани көсемнің мүсінін рухани таза жерге орнатуды мен де қолдаймын» демеді ғой…
Ақыры не болды? Түнеукүні қалың топ Абай мүсінінің айналасына айғайлап жиналды! Көбі жастар, ұлы ақынның ескерткіші тұғырының түбінде тұрып темекі шегіп, тұқылын сол жерге тастады, ауыздары көпіріп сөйлегендер қақырынып түкірінді…Өкініштісі осы. Тек көңілге медет болатын бір жай бар. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жаңа Премьер-министрді тағайындап, үкіметтің жаңа құрамын бекітті. Мықты көсем құрған үкімет осал емес! Демек, Керекудегі ұлы ақын ескерткішінің айналасы күні ертең Мәскеудегідей «Оккупай Абай» атанып кетпейді…
Еліміз аман, жұртымыз тыныш, бауырымыз бүтін болсын!

Арман ҚАНИ, ақын

АСАНДАР МЕН ҮСЕНДЕРДІҢ АРАСЫ
Батыс теоретиктері, саясаттанушылары отарлық езгіде болған елдерге толық тәуелсіздік, мұхтар сана екі ұрпақ ауысқанда ғана келеді дейді. Шындыққа жақын тұжырым. Тарихты безбендесек, мемлекеттік институтымыз жойылып, өз территориямызда арендаторға айналып, аға сұлтан мансабында ғана билікке араласу мүмкін болды. Сол үшін де тоқсан бірдің тарихи шешімін басбармақпен бағалап, тәуелсіздікке тәубе атамыз! Бір өкініштісі, біздің осы мамырстан, аспанында азаттықтың аккорды ойнап тұрған бейбіт қалпымызды қызғанып, диназавр-ұлтқа айналдырғысы келетін деструктивті күштер бар екен. «Алматы трагедиясы» осының куәсі. Еліміздің батыс аймағында әлеуметтік және саяси талаптар қойған бейбіт митингті Алатау, Қаратау бөктері де қолдады. Алайда, «Басы бапан, аяғы сапан болды» дегендей, азаматтық қоғам қойған заңды талапты алағат ой, алапес пиғылды топ алатайдай бүлдіріп, соңы қарақшылық шабуыл мен тонауға ұласты. Ғимараттар қиратылып, көліктер өртелді. Ресми билік атойға қиқу қосқандардың ішінде радикалды діни топтардың, экстремистердің де көп болғанын айтуда. Не керек, қаңтардың қаһарлы күндері қаламызда біздің буынға ақ-қара түсті теледидардан ғана таныс соғыс хроникасын шын өмірде қайта көрдік.
Иә, халықтың рухы көтерілсе, бағаны төмендетуді талап етеді. 1917 жылғы Октябрь революциясы Санкт-Петербургтегі нан дүкендерінің біріндегі әйелдер наразылығынан тұтанды. Әлеуметтік себеп. Ақыры, «Аврорадан» оқ атылып, елді 300 жыл билеген Романовтар әулеті сая­си биліктен кетті. Қарап отырсақ, орманның өртенуіне сіріңкенің бір талы жетіп жатыр. Жаңаөзен қаласындағы халықтың сұйытылған газ бағасының қымбаттауына наразылығы еліміздегі саяси климатты өзгертіп, Ақордада ауыс-түйіс болды.
Мемлекет басшысы, Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев 11 қаңтар күні ҚР Парламентінің жалпы отырысында үкіметтің жаңа басшысының кандидатурасын ұсынып, депутаттар бірауыздан бекітті. Оның тізгіні Әлихан Смайыловқа бұйырды. Үміт оянды, енді сенімді ақтауы керек. Прездентіміз өз мәлімдемесінде экономикалық-сая­си, әлеуметтік блоктағы соқтасы толған сыздауықтай жарылғалы тұрған мәселелерді дөп басып, оның шешу жолдарын көрсетті. «Самұрық-Қазына» қоры мен «Қазақстанның Даму банкінің» белгілі бір таңдаулы топтың – бөкейлер мен дөкейлердің мүддесіне ғана жұмыс істеп кеткенін сынаса, қоғамда үлкен резонанс тудырған утилизациялық алымның пайызы төмендетіліп, мемлекеттік секторға қарауы керектігін астын сыза ескертті. Елдегі бүлікті басып, ауыздықтау үшін ҰҚШҰ-ның күшіне жүгінуіміз әскери әлеуетімізді арттырып, идеологиялық диверсияға төтеп беретін, сенімді, елжанды сарбаздар қатарын көбейту қажетігіне тоқталды. Шетелдік офшорларда аса ірі көлемдегі капиталдарын жасырған олигархтардың пайда болып, соның салдарынан кедейшілік индексі өсіп кеткенін де жасырған жоқ. Конституциямызда көрсетілген барлық құзыретке ие, жаңару мен жаңғыруға бастайтын мемлекет басшысының маңына топтасып, біздер, қазақстандықтар, бұл сын-қатерге толы кезеңді де еңсеретінімізге сенімім мол. Білікті дипломат демократиялық құндылықтардың сақталуына да кепіл болып, алаңға шыққан қоғам белсенділері мен ұрда-жық, жынды сүрей топтың аражігі ажыратып, әділ төрелікті қамтамасыз етіп, сөз бостандығы мен пікір еркіндігі салтанат құрады деп үміттенеміз.
Тоқсаныншы жылдары ОРТ телеканалынан «Америка с Михайлом Таратутой» деген рейтингі жоғары хабар жүретін. Кезекті бір шығарылымындағы сюжет мені ерекше таңғалдырғаны бар. Ығы-жығы халық, айналада аткөпір болып жатқан қызылды-жасылды заттар. Алушыға алты кем, берушіге бесеу көп. Вашингтонның орталық көшелерінің бірінде шағын кәсіп иесі «Кока-кола» сусынының аузы бекітілген бос бөтелкесін 220 доллардан сатып жатыр. 1996 жылдың 4 шілдесі. Тарихтан белгілі, 1776 жылы осы күні Американың Тәуелсіздік Декларациясы қабылданған. Сатушы: «Бұл бөтелкеде Американың 220 жылдық тәуелсіз ауасы бар!» дейді. «Сэм ағайдың» елінің азаматтары сөресіне қоятын қымбат сувенир ретінде жапа-тармағай алып жатыр. Сәтті маркетинг. Идея ақша жасауда.
Осы айтылғанға параллель. Алматы. 16 жетоқсан. Тәуелсіздік монументінің алдында тұрып: «Мынау қымыз бен шұбаттың бос пластикалық ыдыстарында Қазақстанның 30 жылдық ауасы бар. Келіңіздер, алыңыздар!» десеңіз, әлгі ырғай мойын бос бөтелкелер үшін ешкім 30 теңгесін шығындай қоймайды. Өмірге «Мерседестің» әйнегінен қарайтындарды айтпағанда, «бюджеттің бұзауы» атанып, итке де бір сүйек қарыз болып жүрген мекеме қызметкерлері де жаңажылдық корпаративке қосылуға қаржы табады, ал 30 теңгеге әлгі «бос бөтелкені» сатып алуы екіталай. Демек, бізге идеологиялық жұмысты босаңсытып, марғаулық танытуға әсте болмайды. Журналистиканың үгіт-насихаттық функциясын ұмыт қалдырғанның ұтылары көп. Ешбір мемлекетте «Шаб­уыл министрі» деген лауазым жоқ, барлығы қорғанады. Елді бірлік пен ымыраға шақыратын ақпаратты ақсатудың ақыры автомат асынғандарды көшеңде тайраңдатып қояды. «Еститін үкімет» концепсиясы қағаз жүзінде қалып қоймай, өміршең болатынына сенейік. Елбасы іргетасын құйып, қабырғасын қалаған тәуелсіздігіміз баянды, берекелі болсын! Үш онжылдықта қалыптасқан ортақ отанымыздың әлемдік жағымды келбеті, инвестициялық тартымдылығы жаңа сатыға көтеріліп, дами береді деп үміттенеміз.

Төменгі тап көтерілсе – революция, орта тап көтерілсе – эволюция

Марксизм-Ленинизм ілімі капитализм дүниесін капиталистер мен жұмысшылар қоғамы деп үйретті. Жоғарғы тап пен төменгі тап. Жоғарғы тапты Карл Маркс – «үстем тап», «қанаушы тап», төменгі тапты – «қаналушы» тап деп құйқылжытты. «Қанаушы» деген сөздің кедейлерге ұнамайтынын білген Карл Маркс қасақана солай деген. Ал қай қоғамның да жетекшісі орта тап туралы жұмған аузын ашпады. Әдейі айтпады.
Қазақстан нарықтық экономика жолына түскен тоқсаныншы жылдардың басында «алдымен, экономика, содан кейін, саясат!» деген ұранды жалаулаттық. Әбден кедейленген халық бұл сөздің астарын түсіне қоймады. Расында сол тұстағы халыққа экономика ілгерілесе, Қазақстан ауқатты елге (бай демей-ақ қоялық) айналса, одан артық ештеңе керек емес еді.
Сол кездері орта тапты қалыптастырудың маңызды екені айтылды. Орта тап деген, өзін өзі толық қамтамасыз ететін, үкіметке алақан жаймайтын, жылап-еңіреп жәрдем сұрамайтын, қайта мемлекетке салық төлеп тұратын шағын және орта бизнес өкілдері деп түсіндірілді. Марксизм-Ленинизм ілімі миымызды торлап тастаған біз оны да құп көрдік. Елімізде ауқатты адамдардың көбейгенін шынымен қаладық. Бірақ орта тапты кімдер құрайды дегенге мән бермеппіз. Оларды меншік иесі болып, әжептәуір қаржы жинап, қорланып, халықты жұмыспен қамтамасыз ететін іскер жандар болар деп топшылаппыз. Осы орта таптан зауыт-фабрика иелері өсіп шығады, былайғы жұрт сол өндіріс орындарында жұмыс істеп, алаңсыз өмір сүреді деп үміттендік. Алайда, меншік иесіне айналған орта таптан суырылып шығып, зауыт, фабрика иесі атанған, жұмыс орындарын ашқан, сөйтіп жұртты да жарылқап, өзі де миллионер болған адамды көрмедік.
Менің мектепте нашар оқыған бір ағам әуелі бір дүкен, одан соң екі дүкен, сосын үшінші дүкенін ашты. Байыды. Өзі ғана. Өзі ғана емес, сататыны кіл қытайдың заты болғандықтан, қытайды да байытты. Кейін ол дүкенді қойып, базар ашты. Ресторан ашты. Ақшаның астында қалды. Ақшаны қайда жұмсарын білмеді. Екі-үш тоқал алды. Күнде той, күнде думан, ішу болды. Ақшасы қанша көп болса да зауыт ашайын, фабрика ашайын деген ой онда болмады. Бала кезінен білем, оның зауыт-фабриканы ойлайтын басы да жоқ еді.
Иә, ол өзін-өзі толық қамтамасыз етті, үкіметке алақан жаймады, жылап-еңіреп жәрдем сұрамады, қайта мемлекетке салық төлеп тұрды. Бір сөзбен айтқанда біз армандаған орта тап нақ осы адам болды.
Ондай орта тап, қарап отырсам бізде баршылық екен. Бірақ солардың ішінен зауыт-фабрика ашып, отандық бұйым жасап, қазақстандық бренд қалыптастырып жатқандарын көрмедім.
Сол тұстағы Президент бір сөзінде: «Елдегі еңбекке жарамды халықтың 50-60 проценті шағын және орта бизнеспен айналысқанда біз металл мен мұнай экспортына тәуелділіктен құтыламыз, сонда қоғамда тұрақтылық орнайды және орта тап қалыптасты деуге толық мүмкіндік болады», – депті.
Қазір шағын және орта бизнеспен айналысатындардың қарасы қанша екенін білмеймін, бірақ дүкен, базар ашқан анау ағам сияқтылар 50-60 процент түгілі, 100 процент болса да металл мен мұнай экспортына тәуелділіктен құтылмасымыз белгілі болды, қоғамда тұрақтылық орнай қояды деген дәмеміз де дәнеңе болмай шықты.
Сөйтсек, біз бұрын орта тап дегенді қаржы табу мүмкіндігімен өлшеп келіппіз. Бірақ қоғамды алға сүйрейтін өлшем ол емес екен. Демек қоғамды алға сүйрейтін «алдымен, экономика» деген түсінік те ескірді. Осы түсінік қоғамда ақшаның үстемдігін арттырып жіберіпті. Ақшаның үстемдігі жемқорлыққа жол ашыпты. Ал ол ғылым-білім еңбегі арқылы адал ақша табу ниетін емес, бармақ басты, көз қысты сыбайласу арқылы арам ақша табу пиғылын үдетті. Халықты соған тәрбиеледі.
Сондықтан мен дүкен, базар, ресторан ашудан әріге бара алмайтындарды орта тапқа жатқызуға болмайтын шығар, орта тап деген бұл емес шығар деген ойға қалдым. Менің ойымша, орта тап деген байдан кедейлеу, кедейден байлау адамдар емес, орта тап деген өмірді жақсы жағына өзгертетін ғылыммен айналысатын дарынды адамдар. Жоғарғы тап пен төменгі тапты байланыстыратын білімдарлар.
Дарындылық, білімділік баға жетпес капитал.
Орта тапқа деген бұрынғы қате түсінік ақша капиталын ғылым-білім капиталынан үстем етіп жіберді. Еліміздегі ғылым, білім саласы осы отыз жылда адам айтқысыз құлдырауға ұшырағаны содан. Дарынды, білімді адамдардың жаңа технология жасайтыны, ұлттың рухын көтеретін құндылық тудыратыны ескерілмеді. Дарынды адамдар құрайтын орта тап идеологиясы болмағандықтан, керісінше оған қарсы түсінік қалыптасып қалғандықтан, дарындылар дарынсыздардың тасасында қалып қойды.
Дарынды, білімді адамдардан қалыптасатын орта тап жаңа технология жасайтындықтан, ұлтты рухтандырар құндылықтар тудыратындықтан да қоғамда шешуші күшке ие еді.
Төменгі тап – кедейлер көтерілсе, революция болады.
Орта тап – ғылыммен айналысатын дарынды шығармашылық иелері көтерілсе, эволюция болады.
Сондықтан мемлекеттің дарынды, білімді адамдарға деген көзқарасы айрықша болуы тиіс еді. Өкінішке қарай, отандық ғылым қолдан тұншықтырылды. Дарынды, білімді адамдардың ғылым арқылы қаржы табу мүмкіндігі шектеулі болды. Олардың білім капиталына қаржылық капиталы сай болмады. Осы тепе теңсіздікті мемлекет реттей алмады.
Енді жаңа үкіметті жасақтаған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Қазақстанды бірге құрайық десе, қоғамды алға сүйрейтін жаңа орта тапты қалыптастыруға мән бергені жөн болар деп ойлаймын.

Нұрлыбек САМАТҰЛЫ, жазушы

ҚАЗАҚ ҚАҢТАРЫ

Сонымен, қазақ бір асудан өтті. Бәлкім, сынақ деген дұрыс шығар. Бір ғана әлеуметтік проблеманың қаншалықты кең ауқымды дүрбелеңге ұласарын көрдік қой. Біз бұл оқиғадан не жоғалттық, неден ұтылдық? Ең алдымен жазықсыз жандардың құрбандығы, адам шығыны… Одан аяулы, одан асқан шығын жоқ. Азаттықтың жолындағы ақшейіттер… Рухтары разы болсын!
Өртенген ғимарат, бүлінген мүліктен бастап, Қазақстанның халықаралық қаржы нарығындағы жағдайы, инвестициялық тартымдылық, биржалық индексіміздің төмендеуі секілді олқылықтардың орнын толтыруға бізге тағы біраз уақыт керек болады. Жә, ол да орнына келер. Өйткені ең бастысы біз дамуға, жаңа сипаттағы мемлекетке айналуға алғышарт алдық. Халық талап қойды, хан түйесін сойды. Үкімет өзгерді. Кінәлі кісілер мансап-мәртебесіне қарамастан жауапталып жатыр.
Енді не керек? Енді Елбасы туралы заңды жоюға тиіспіз. Олай етпейінше елбасы статусын пайдаланып, оның отбасы арнайы қорғала береді, жазаға тартылмайды. Олар жазаланбайынша халықтың көңілі орнына түспейді, ашуы тарамайды. Себебі әкелерінің, халық қолдап, Н.Назарбаевтың 30 жыл Тәуелсіз Қазақстан деп құрған мемлекетін осы күйге ұшыратқан да осы отбасы тобы!
Бәрі қалай болды? Ең алдымен жаңаөзендіктер газ бағасының шарықтауына байланысты алаңға жиналды. Сол бойда облыс орталығы Ақтау қаласында да Ынтымақ алаңына қарай ағылды. Вахтадағы мыңдаған мұнайшылар келіп қосылды. Тіпті Қаламқас кен орнынан көлік болмаса жаяу жетеміз деп 300 шақырым жолға жүздеген мұнайшы шарт буынып тартып кетулі. Үкімет әдеттегідей кешікті. Жергілікті атқарушы билік бағаны 85 теңгеге дейін түсіре алатындығын жеткізді. Ашынған елді бұл шешім тоқтата алған жоқ. Бәрібір түбінде түсіретіні бар, сол кезде-ақ халықтың сұраған бағасына шешіп беру керек еді. Арты мұндай жаппай толқуға ұласпас еді ғой. Үкіметтік комиссияның жетекшісі алаңға шығып халыққа газдың литрі 50 теңге болатынын барынша қуанышты күйде хабарлады. Алайда тым кеш болды. Бірнеше мың халықты бірнеше күннен бері алаңда әбден өзінің саяси сазына мүлгітіп тұрған «аблязовшылар», «двк-шылар» құдды дирижер секілді барлығын бағындырып, билеп-төстеп болған еді. Басқа өңірлерде жағдай қантөгіске, террорлық әрекеттерге ұласып жатқанын естіп отырдық. Елдің ішінде осының сөзін жұрт тыңдайды-ау деген аға буынды алға салып, өңірдің барлық жастары топталып, тұтасып, алаңда ешкім ешкімге қолының ұшын да тигізбестей тәртіпті сақтап тұрды. Әр шағын ауданның ішінде жастар ұрлық, қарақшылыққа жол бермейміз деп түнімен кезек ұйымдастырып, көз ілмей күзетіп жүрді. Боксшысы бар, балуаны бар, спортшы жастарымыз, күнделікті көшедегі әр жерден аты естіліп жүретін тентектеріміз нағыз есті азамат екендіктерін көрсетті. Әскерге, полицияға жолатпай, ғимараттарға баса-көктетпей, халықтың негізгі талаптары орындалғаннан кейін бейбіт түрде таратуға да осы жастар, қазақтың жастары қызмет қылды. Барша алғыс-мадақ, шан-шарафат осы жастарға болсын!
Бір аңғарғаным мұндай қарбаласта әшейінде мінбер бермей шіреніп жүретін шенді ағалар, тым қараңғы, тым терең індікештерге жасырынады екен. Өз басым мәжіліске халық сайлаған екі депутатымыз, облыстық мәслихат пен қаладан 3-4 депутат азаматтарды көрдім. Соңғы сөзін айтып шырылдап жүрді. Мәслихат хатшысы, партия, қоғамдық кеңес, ақсақалдар алқасы, ардагерлер кеңесі тағы басқа қаптаған институттардан бір де бір өкіл шығып елге басу айтқанын көрмедім ләм естімедім.
…Ертең-ақ жарық таң атады. Дүние өзгереді. Қазақ өзгереді. Мүлде басқа сипаттағы Қазақстан, шын тәуелсіз, ақиқат азат Қазақияны көріп оянғым келді. Тым терең індікештерден тышқандардың да қайта жер бетіне шығып, мәрмәр кеңселерде өзара қырқысып, боқ тірліктерін күйттеп жататынына сенем, әлбетте. Ал халқы қысылғанда қатарынан табылып, алаңдағы алаң жұртына жан сөзін айтып, шырқыраған ақын бәз-баяғыша түк болмағандай өзінің жазу үстеліне оралып, жаңа бір жырын жазып отырарына одан да қатты сенемін.

Әнуарбек БИМАҒАМБЕТ, ақын

СЫНАҚТЫҢ САБАҒЫ ДА МОЛ БОЛУЫ ТИІС

Тәуелсіздік – әр қазақтың шыққан тағы, жеткен мұраты ғой. Ары қарай оны баянды ету, ұстап тұру, өркендету – бар қазақтың мақсат-міндеті емес пе!? Арғы-бергі азапты қозғасаң, күні басқаға қараған кездегі қазақтың қайғысы қара жерге де ауырлық қыларын бәріміз білеміз. Оны білсек тәуелсіздіктің қадір-қасиетін баршамыз қара шаш пен қара тырнағымыздың ұшына дейін сезінсек керек.
Шындығында шеруге шығушылардың дені тәуелсіздіктің қадірін біледі, осы ел өссе, өркендесе екен, жемқорлық тиылса, бар қазақ бай болмаса да, кедей болмаса екен дейтіндер. Бұл әрине – аппақ көңіл. Ал, өмір сол көңілді қолыңдағы аппақ орамалды алып ұшып кеткен құйын-желдей өзің ұстап қалуға қолыңды жеткізбестей аспанға ала жөнелсе, күйелесе, басқа арнаға бұрып әкетсе ше? Міне, Алматыдағы қырғын соның нақты дәлелі болды. Мың жылдық тарихы бар, ылғи да «ару» деп сипатталатын Алматымыз тас-талқан болды. Оны қоя тұрғанда, қаншама қазақтың азаматы ажал құшты. Бір-ақ рет берілген өмірлері қыршынынан қиылды. Жесір әйел, жетім бала қалды зар илеп, запыран құсып. Енді олар үшін ол азаматтардың орнын ештеңе, ештеңе, ештеңе толтыра алмақ емес! Бір танысым «енді өзгеріс азды-көпті қанмен келеді ғой» дейді. Олай деуге болмас. Сонда өзге біреудің қаны төгіліп, өзі ары қарай баянды, бақытты, жақсы өзгеріске толы өмірін сүріп жүре бермек екен!? Қалай сонда? Бұл жерден қандай жөнді қисын, жанашырлық көресің? Қалай ойласам да өзгенің төгілген қанының бодауына бақытты өмір аңсауды миыма сыйғыза алар емеспін. Өзгеріс болсын, қанмен емес ақылмен, біліммен, мәдениетпен, өркениетпен! Ал, қан да төгілді дейік, оның бодауына бақытты өмір қайда, тәуелсіздіктен айырылып қалуға аз қалдық па деп топшылаймын.
Алыста жүргенде ойына түссе жанары жасаурайтын туған ел, туған жерінен айырылып, торғайдай тозып кеткен елдердің жағдайын кеше ғана көзімізбен көрдік қой. Соның күйі басыңа түссе не болмақ? Құдай сақтасын, ойлаудың өзі қорқынышты! Тыныш ішкен бір кесе шайдың қадірін тұла бойымызбен сезіндіріп өткен аса ауыр, сын сағатта өзі сабыр сақтаған, өзгені сабырға тоқтатқан әр азаматқа, шеруді шектен шығармай тоқтаған жұртқа алғыс айтқың келеді. Халқының тағдыры қыл үстінде тұрғанда қиындықты еңсерген, қылмыскер қарақшылардың жолын кескен Президентке шын жүрегіңмен рахмет, ризалығыңды білдіргің келеді.
Ендігі кезек мүмкіндігінше заңды шеруге шыққандар мен арандатушы лаңкестердің ара жігі анық қаралып, нақты қылмыстылар ғана тиісті жазасын алса, жылдар бойы елдің қақысын жеген жемқорлар, қазақты қанған бөктірген сатқындар құрықталып қатаң жазаланса, халық бейбіт өмірге тезірек оралса дейміз. Сол үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамаларын қолымыздан келгенше қолдасақ деймін. Жасақталғалы жатқан жаңа үкімет елдің жарқын болашағы үшін жатпай-тұрмай жұмыс істейтін мемлекетшіл, ұлтшыл азаматтардан құралып, баяғыдай көбінесе қағаздағы өтірік есепті өткізіп, көз алдаумен емес, шын мәнінде елге қызмет етсе екен, еңбегінің есебін нақты орындалған іспен көрсетсе екен! Осыншама ауыр сынақтың сабағы да мол болуы тиіс. Тәуелсіздік өзінің соншама қымбаттығын қайыра есімізге бір салғандай болды. Енді бұдан сабақ алсақ керек-ті! Ел аман, жұрт тыныш болғай! Елдің тыныштығын қорғауда құрбан болған бауырларымыздың жандары Жәннатта болғай. Сен қазақтың қаралы күнгі қабағындай салбырап, енді төмендемеші, еркін қазақтың жарық дүниедегі жалғыз ұлы еншісі, жарқын белгісі, мәртебелі көк туым!

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ, ақын

АҚСАҚ БАЛА – АЛМАТЫ
Біз енді «Алатаудың ақ қарынан ешқандай аруға балмұздақ жасап бере алмаймыз». Себебі ондағы ақ қар енді тек қып-қызыл болып жауады. Иә, енді біздің Алматыға романтикаға толы көзбен қарауға дәтіміз жетпес. Алматы – біз үшін үлкен трагедияға айналды. Енді біз:
«Гүл шығы, тал бүрімен,
таза ауа, таң нұрымен,
Сәуірдің жаңбырымен
Жуынып баяғыдай
…Абай даңғылымен» жүре алмаспыз. Бәлкім, ғимараттар жөнделер, қиратылған заттар орнына келер… бірақ біздің көз алдымыздағы оқиғаларды кім өшіре алады?!
2022 жылды Алматыда, жалдамалы пәтерде, қолына қалам ұстап қарсы алған жас қаламгер осыдан он жыл бұрын, «Жаңаөзен оқиғасын» естігенде оқушы бала болатын. Таразда өмір сүретін. Үнсіз, дәрменсіз. (Бүгін де одан аса алмады). Бірақ осы жолы Жаңаөзендегі трагедия қайталанатын болса, бұл жас қаламгер ар алдында айыпты болушы еді. «Жаңаөзенге оқ атылмасын!», «Біз Жаңаөзенмен біргеміз» – оның бар талабы осы болатын. Алып шаһардың әр бұрышында күнелтіп жүрген күллі алматылықтардың, арысы барша Қазақстанның негізгі тілегі осы болғанына сенемін. Ал оны өз пайдасына шешкен немесе шешуді ойлаған арандатушылар заң алдында да, халық алдында да жауапты!!! Тек бейбіт заманда «Аспан жаққа аттанып кеткендердің» обалы кімге?!
Жазушы Э. М. Ремарктың «Батыс майданында өзгеріс жоқ» романында үлкен трагедияға толы бір сөйлем бар: «…жақсы қадалған түйме – Шопенгауэрдің төрт томдығынан маңызды еді». Енді осы сөйлемді сәл өзгертіп «Жақсы берілген жалақы – «Абай жолының» төрт томдығынан маңызды еді» деп өзгертетін болсақ, қазіргі қазақ халқының хәл-жайын дөп басқандай боламыз. «Батыс майданындағы сарбаздарды» кінәлай алмайтынымыз секілді, бейбіт халықты да кінәлауға хақымыз жоқ! Әрине, арандатушылар мен арамзалар жазадан құтылмас. Барлығы солардың кінәсі! Бірақ сөз бейбіт халық жайында болып отыр.
Жоғарыда мысал ретінде келтірілген Ремарк – «Жоғалған ұрпақ» өкілі. Екі ауыз сөзге сыйған бұл анықтама орны толмас қасіреттің дәлелі. Дәл сол секілді «Алматы трагедиясына» куә болған жастардың бұдан былай «Тәуелсіздік ұрпақтары» емес, «Тастанды ұрпаққа» айналуынан қорқамыз. Себебі, бұл оқиға әлемді өзгерткісі келетін, өмірге ғашық жастарды мезгілінен бұрын қартайтып жібергендей.Енді олардың Абай даңғылындағы «Үмітсіздер саябағында» серуендейтін 20 жасар қарттарға айналмасына кім кепіл?! Бәлкім, І дүниежүзілік соғыс пен «Алматы трагедиясын» салыстыруға келмес дерсіз.Бірақ қасіреттің үлкен-кішісі болмайды ғой.
Сөз соңында, қаламыздың қазіргі хәліне қарап бала күнгі бір оқиға есіме түсіп отыр. Көршіміздің жалғыз ұлы болатын. Бір күні аттан құлап, ақсақ болып қалды. Жұрттың бәрі ол шаңырақты «Жалғыз ұлы ақсақ болды» деп қатты аяды. Бірақ уақыт өте келе бәрі басылды. Бейне бір біздің бастан кешірген осы оқиғаларымыздың да басылатыны секілді. Араға жылдар салып, сырт көздердің назары өзгеге ауды. Көшеге асфальт төселді. Газ келді. Жарық та сөнбейтін болды. Бірақ…
Бірақ көршіміздің ұлы әлі ақсаңдап жүреді… көршіміздің 20 жасар кәрі ұлы…

Файзулла ТӨЛТАЙ, ақын

ТӘУЕЛСІЗДІК – СӨЗ ҒАНА ЕМЕС, ҮМІТ!

Ең әуелі, елімізде болған осынау ауыр трагедияда бейбітшілік жолында қаза тапқан азаматтардың отбасы мен жақындарына қайғыра көңіл айтамын.
Қоғамның қоғам туралы танымының кеңейіп, ал әлеумет дейтін жаны бар ағзаның үздіксіз дамығаны өте маңызды. Әлеуметтанушы ғалым Макс Вебер «Бюрократияға деген құмарлық бізді үмітсіздікке жетелейді», – деп жазған еді. Қоғамда ұзақ уақыт қордаланған және тиісті шешімін таппаған мәселелер әлеуметтік қарсылыққа алып келеді. Ал мұндай жағдайда адамның өмірі қыл үстінде тұрады. Осы орайда, бар адамның өмірі қаншалық қастерлі болса, бір адамның өмірі де соншалық қастерлі емес пе?
Мәдениет – ғасырлар бойы ізгі қоғам құрудың басты негізі. Қазіргі дамыған өркениетті қоғамдар сан түрлі тарихты бастан кешіріп, содан алған дұрыс қорытындысы мен тәжірибесінің нәтижесінде ізгі қоғамды кемелдендіруге ат салысты. Ізгі қоғамның басты құндылығы бұл – адамның еркі мен бостандығы және бейбіт өмірі. Кез келген ізгі қоғам әділетсіздікке, агрессия мен қан төгіске қарсы. Елімізде алаңға бейбіт мақсатта шығып, өз ұстанымдарын білдірген көптеген бейбіт тұрғындардың осынау қиын кезеңде бостандығы шектеліп, құқығына қол сұғылмауы тиіс.
Мен бұл трагедияның Қазақстан мәдениеті мен әдебиетін түпкілікті өзгертетіне үміт етемін. Мәдениет – саяси науқандарға емес, мәдениет мәдениетке қызмет етсе. Әлемнің ең үздік деп танылған кітаптары мен өнер туындыларының көбірек аударылып, насихатталғаны да өте маңызды. Адам бар жерде үміт бар. Бұл үміттің қорғаны – еліміздің тәуелсіздігі. Біз бір-бірімізге мәдениетті, жауапкершілікті, ізгілікті бөліскенде ғана қоғамға пайдалы боламыз.

Тілек ЫРЫСБЕК, ақын, аудармашы

ЖАСТАР ҚАРАҚШЫ ЕМЕС!
Әлеуметтік желіде әлдебір қоғам белсендісі «қарақшы жастар» деген тіркесті қолданды. Бұл тіркес мені сантүрлі ойға қалдырды. Жастар қарақшы болуы мүмкін бе? Жалпы, алаңға шыққан адамдарды үш топқа жатқызуға болады. Біріншісі – радикалды топтар, екіншісі – тонаушылар, үшіншісі – бейбіт шерушілер. Егер осы топтың ақ-қарасын айырмай, бәрін бірдей «қарақшы» десек, бұл жаңсақ пікір.
Жастар жайлы ескі замандардан сыни пікірлер көптеп кезігеді. Осыдан кейін жалпы адамзат баласында болашаққа үрке қарау, түңілу басым ба екен деген ойға келесіз. Егер бүгінгі қоғамның жастары агрессивті мінез танытса, бұған түсіністікпен қараған жөн дер едім. Себебі қаржылық қиындықтар, пәтер мәселесі әлі түбегейлі өз шешімін тапқан жоқ. Ғылыммен еркін айналысуға, талап­пен тас жарып, оқу-тоқуға түбегейлі бет бұруға материалдық жағдаят мүмкіндік бермейді. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы қағаз жүзінде ғана халықтың жағдайы жақсы екенін баса айтты. Бұл сөз жастарға тікелей қатысты. Бала күнінен отбасында тек қаржы тапшылығын, несие төлей алмай қиналған ата-анасын, қарызға батқан туыстарын көріп өскен бала психологиясы қандай болуы мүмкін? Бүгінгі жастардың дені жоқшылықтан қорқатыны, білімді ақшаға апарар құрал деп қана түсінетіні содан. Осы қоғамда өмір сүріп отырған жас ретінде, мен бұл процесстерді жүрегімнен өткізіп келемін. Біз ғылым культы төмен құлдырап, ғалымдар мен ақын-жазушылардың, әдебиетшілердің беделі арзандаған уақытқа тап келдік. Киелі кітаптардан бастап бергі Абайға дейінгі данышпандар адамнан адам тек көрген-түйгенімен, оқыған-тоқығанымен ғана озатынын ескертсе де, біз жылтырақ шоулар мен микрофон ұстап қызыл костюммен сахнада жүрген адамдарды ғалымдардан көп біліп, көп танып, биік көріп өстік. Біз аласапыран қоғамның текті адамдары рухани жұтап, жоқшылықтан адамгершілік құндылықтар алдында басын төмен салғанын көрдік. Біз ақша үшін кісі өлтірген не туғанын жат еткен пенделерді білдік. Біз адамды тек ақшасымен ғана өлшейтін, «ақылды болсаң неге бай емессің?» дейтін сұраулы жанарлардың ортасында ер жеттік. Мұның бәрі әрбір жастың санасына әсер етпей қойған жоқ.
Жастарды кінәламас бұрын сол жастың өскен ортасына, қоғамына назар салған жөн. Мұндайда «мені ұғыну үшін, мен өмір сүрген заманды түсін» деген кемеңгер сөзі ойға оралады.

Батырхан Бөріханұлы, ақын

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір