Сайын Борбасов. «Қаңтар қасіретінің» сабақтары
14.03.2022
2405
0

Сайын БОРБАСОВ

Еліміз өз тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесін атап өтісімен ауыр жағдайға тап болды. Дағдарыс бір сәтте бола қойған жоқ. Кейінгі 10-15 жылда ауытқу құбылыстары қоғамдық өмірдің барлық саласына дендеп ене бастаған еді. Өкінішке қарай, 30 жылдан астам ел басқар­ған, барлық марапат иесі болған Нұрсұлтан Назарбаев бастаған билік Қазақстанды мемлекет алдына қойған «демокра­тиялық, зайырлы, құқықтық, әлеуметтік мемлекет құру» міндетінен басқа жаққа бұрып әкетті. Қазақстанда «олигархия­лық, кландық, олигопо­лиялық, коррупциялан­ған» мемлекет құрылды.
Билік пен байлар одақтасып, қарапайым халық қайыршылық күн кешіп қалды. Халықтың тең жартысынан астамы кедейшілік деңгейіне түсті.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «халықтың 50 пайызы айына 50 мың теңгеге өмір сүріп жатқанын» жеткізді. Елдің 50 пайызы – өте кедей, 40 пайызы – кедей, тамаққа әрең жарып отыр. Елдегі 10 пайыз халықтың ғана материалдық жағдайы жаман емес. Ең сорақысы, Қазақстан байлығының тең жарымын 162 олигарх иемденіп алған. Халықты нағыз қанаушы, ел байлығын сорушы – осылар. Ұлыбритания парламенті депутаты Маргарет Хэдж тек бір Назарбаевтың жеке ақшасы 7,8 млрд доллар болғанын және бұл ақшаның Қазақстан халқынан ұрланғанын мәлімдеді. Ұлыбритания үкіметінен Қазақстан клептократтарын жауапқа тартуға шақырды. Олардың басында отырған – тұңғыш президент Н.Ә. Назарбаев, туысқандары және жақындары. Оппозиция өкілдерінің есептеуінше, Назарбаевтар отбасы мен тұңғыш президент қорының қаржысы – 145 млрд доллар. Бұл сома Ресей Федера­циясының 2 жылдық әскери бюджетіне пара-пар.

Наразылар – негізінен, қазақтар

Әлеуметтік әділеттілік принципінің осыншама және ұзақ жылдар бойы бұзылуы халықтың ренішін, наразылығын, ашу-ызасын шегіне жеткізді. Олигополиялық топтардың мүддесінің бірінші кезекке шығуы, парақорлық пен өндірістің әртараптанбауы жаппай жұмыссыздыққа әкелді. Еңбекке жарамды қала халқының 10-15 пайызы, ауыл халқының 45-50 пайызы жұмыссыз қалды. Ауыл халқы тек жеке шаруашылығы арқылы күн көруге көшті. Оның табысы мүлде мардымсыз екені белгілі.
Материалдық әл-ауқаты нашарлаған, кедейленген ел халқы 30 жылдан астам билікте отырып, Қазақстанның алдына қойған мақсаттарын орындаудың орнына өз қамын күйттеген Назарбаев кланына ерекше наразы болды. Көп жыл қордаланған кедейшілік, ауыртпашылық, биліктің алдауы, парақорлығы, індет аурулар, экологиялық дағдарыс, әлеуметтік әділеттілік принциптерінің аяққа тапталуы, қымбатшылық, инфляция, қазақ тілінің қиын жағдайы, шетелдегі қазақ бауырларға көмек көрсетілмеуі, жеке басқа табынушылықтың диктатуралық режимге айналуы, т.б. саяси, әлеуметтік және экономикалық себептер Қазақстанда марксистер көрсеткен «революциялық ахуалдың қалыптасуына» алып келді. Қазақстан халқы бұрынғыша қайы­ршылықта өмір сүргісі келмеді, Назарбаев билігінің бұрынғыша билей беруіне шыдамады. Шетелдік сарапшылар айтқандай, «ұлттық басқарушы элитаның іріп-шіруі, деградацияланып, дағдарысқа ұшырауы» қазақ синдромының негізгі белгісі болды. Халық әділетсіз, жемқор билікке қарсы жап­пай көтеріліске шықты. Бірақ елде қалыптасқан революциялық ахуал толыққанды әлеуметтік революцияға ұласып кете алмады. Ереуілге шыққан халықтың талап-тілегін Президент Қ.К. Тоқаев басқарған билік «жаңа Қазақстан құру» ұранымен орындауды өз мойнына алуға міндеттенді. Тоқаев осы мақсат жөнінде көтеріліс толас­тағаннан кейінгі 2022 жылғы 11 қаңтарда сөйлеген «Қасіретті қаңтар» сабағы: қоғам тұтастығы – тәуелсіздік кепілі» атты Парламент Мәжілісіндегі сөзінде нақты айтып берді. Бұл баяндаманы шын мәніндегі көтерілісшілер талабын орындау бағдарламасы ретінде бағалауға болады.
Қаңтарда болған көтерілістер мен революциялық ахуал неге нағыз революцияға ұласпай қалды деген заңды сұрақ туады.
Оның себептері бірнешеу:
Біріншіден, Қазақстан халқын тұралатқан кедейшілік, жұмыссыздық, әділетсіздік пен инфляция қарапайым халықтың клептократиялық элитаға, олихархиялық топтар саясатына қарсы перманентті наразылығын тудырды. Мұнайшылар, көп балалы аналар, жүргізушілер, кеншілер әлденеше рет наразылық шарасын өткізді. Халық наразылығының шырқау шегі 2022 жылдың басындағы «қаңтар қасіреті» атала бастаған жалпыұлттық көтеріліске сәйкес келді. Қазақстан халқы Назарбаев әулетінің және олардың айналасындағы жебір топтың қанауынан, озбырлығынан әбден мезі болды. Шыдамы таусылды, халық Назарбаев лаңынан құтылмаса болмайтынына анық көзі жетті.
Наразы көңіл-күй мен реніш әсіресе мемлекет құраушы қазақ ұлтында күшті болды. Себебі 19,6 млн. Қазақстан халқының 70 пайызын, яғни 13,5 млн. құрайтын қазақ халқы өкілдерінің басым көпшілігі кедейлік пен қайыршылық жағдайында өмір кешті. Оның тілі, мәдениеті мен өнері тәуелсіздік жағдайында да толыққанды дамымай, орыс тілінің көлеңкесінде қала берді. Билік осы күнге дейін орыс тілін таңдап отыр. «Үштілділік» саясаты қазақ халқын мәңгүрттендіру тетігіне айналдырды. Билік қазақ халқының ұлттық санасының оянып, демократиялық мәдениетінің қалыптасуына мүдделі болған жоқ. Билік халықтан қорықты, сондықтан оны алдаудың, өркениетінің сара жолынан аударудың түрлі айла-әрекетін жасап бақты. Бұқаралық спорт элиталық спортпен ауыстырылды, аралас мектептер көбейді, халықтың көпшілігі ипотекалық және тұтыныс заттары несиелеріне кіріктіріліп, бұғатталды. Түрлі салық пен айыппұлдан қарапайым жұрт көз ашпады. Полиция халықты қорғаушы емес, оған зорлық көрсетуші күшке айналды. Осындай моральдық, идеологиялық және материалдық жаншылу жағдайында Қазақстан халқы бірауыздан антихалықтық билікке қарсы көтеріліске қатыса алмады. Халықтың басым бөлігі көтеріліске шыққандарды моральдық қолдаумен ғана шектелді.
Назарбаев барлық беделінен, билігінен айырылғанымен, оның кланы әлі де болса өзінің материалдық-қаржылық байлығынан айрылған жоқ. Тұңғыш президент өз балаларын, күйеу балаларын, руластарын байытумен болды. Оны жан-тәнімен қолдаушы, асыра мақтаушылар ғана шапағатқа бөленді. Халық осы ұрланған байлықтың мемлекет қарауына қайтарылуын талап етуде. Бір ғана Болат Назарбаев Алматы базарларын, Қорғас кедендік аймағын иемдену арқылы миллиардтаған долларға ие болды. Оның мемлекетке ешқандай салық төлемей келгені де белгілі болып отыр. Ел бюджеті бірнеше млрд доллар кірістен қағылған. Биліктен таяқ жеген оппозиция өкілдері Қазақстан халқына Назарбаев кланының антихалықтық саясатының түрлі фактілерін түсіндірумен, халықтың саяси санасын оятумен белсенді айналысты. Сая­си санасы оянған қарайым халық Назарбаевтың жемқор кланын биліктен кетіруді «Шал, кет!» ұранымен бастады. Оншақты жыл осылай ұрандатқан халық ақыры 2022 жылдың қаңтарында «шалды кетіріп» тынды. Бірақ ол жасаған олигархиялық, тонаушылық жүйе әлі де сақталуда. Онымен күрес ұзаққа созылары сөзсіз.

Әлеуметтік шерудің саяси сипаты

Екіншіден, саяси-психологиялық, моральдық жағынан билікке қарсы күреске дайын болған Қазақстан халқын көтеріліске бастаған Жаңаөзен қаласы тұрғындарының 2 қаңтардағы ереуілге шығуы болды. Жаңаөзендіктердің автогаз бағасын 60 теңгеден 120 теңгеге дейін қымбаттауына қарсы шыққан наразылық ереуілін Қазақстанның көпшілік аймағы қолдады. Экономикалық талап – газ бағасын бұрынғы 50 теңге болған жағдайына келтіру. Ақтау қаласында орталық алаңға ондаған мың адам шықты. Қаңтардың 3-4-і күндері ереуіл Атырау, Ақтөбе, Қызылорда, Жамбыл, Семей, Өскемен, Талдықорған, Павлодар, Астана және Алматы қалаларында өрістеді. Ондаған мың адам әлеуметтік-экономикалық талаптармен қоса саяси талаптарын да алға тартты. Ешбір қалада халық бейбіт шеруге шығу үшін биліктен рұқсат сұраған жоқ. Сонымен Жаңаөзен азаматтары бастаған ереуіл жалпыұлттық ереуілге, одан революцияға ұласатындай саяси ахуал қалыптасты. Билік мәселені насырға шаптырмай, Жаңаөзен халқының талаптарын екі күнде орындады. Газ бағасы Президент Қ. Тоқаевтың тікелей нұсқауымен 50 теңгеге түсірілді. Энергетика министрлігі кесірінен және газ өндіруші компаниялардың құпия ымыраласуымен болған, пайданы өсіруге бағытталған, антихалықтық әрекетке жауаптылар жазаланатын болды. Сұйытылған газды сатумен айналысатын 180 кәсіпкерге қатысты тергеу істері басталды.
Алайда ереуілдер тоқтамай, саяси сипат ала бастады. Егемен мемлекет жағдайындағы 30 жылда елде осыншама бұқаралық сипат алған қозғалыс болған жоқ еді. Ереуілдік қозғалыстың күшеюі оны әлеуметтік революция деңгейіне жақындатты. Ереуілдік қозғалыс Қазақстанның 11 аймағында өрістеді. Елдің 50-ден астам қаласында халық көтерілді. Елдің ең ірі қаржы орталығы, көлік және коммуникация ордасы Алматы ереуіл алаңына айналды. Кейбір деректерге қарағанда Алматыда ереушілердің жалпы саны 50-60 мың адамнан асқан делінсе, рес­ми деректерде 20 мың адам шеруге шығып, белсенділік көрсеткен.
Ереуілдік қозғалыстың бұқаралық сипат алуынан қорыққан билік 5 қаңтарда Асқар Мамин басқарған үкіметті отставкаға жіберді. Бұрынғы кабинеттің 7 министрі қызметінен босатылып, монополиялық топтармен байланысы жоқ мүшелері орындарын сақтап қалды. Премьер-министр Әлихан Смайылов болды. Үкіметті 11 қаңтарда Парламент бекітті. Президент ереуілдік қозғалыс охлократиялық сипат алып, Алматыда, Таразда, Қызылордада, Талдықорғанда күйрету, тонау әрекеттері басталғанда Ұжымдық қауіпсіздік келісім шарты ұйымынан (ОДКБ) режимдік нысандарды күзету үшін көмек сұрауға мәжбүр болды. 6 қаңтарда Қазақстанға ОДКБ ұйымының 2030 әскері енгізілді. Олар өздерімен бірге 250 әскери техниканы қоса кіргізді. 90 әскер Армениядан, 150 әскерден Беларусь пен Қырғызстаннан, 70 әскер Тәжікстаннан, 1700 әскер Ресейден кіргізілді. Олар Алматыда «Горводоканал», су қоймаларын, ТЭЦ-1,2,3, «Қазақтелеком», Алматы әуежайы, нан зауыты сияқты өмір сүруге қажетті нысандарды күзетті. 13 қаңтардан кейін өз миссиясын аяқтаған ОДКБ әскери бөлімдері елдеріне ұшып кетті.
Халықтың наразылығы 3-4 қаңтарда өрістей түскені мәлім. Ірі мегаполис Алматыда ереуілге шыққандар үкіметтің отставкаға кетуін, саяси реформалар жасалуын, оппозиция мүшелерінің қуғындалмауын, Жаңаөзен халқы талаптарының орындалуын сұрап көшеге шықты. Әрине, олардың басты талабы 30 жылда Қазақ­станды күйреуге әкелген, елді тақыр кедей қылған Назарбаев пен оның жақтастарын биліктен қуу болатын. Алматыдағы «Алматы арена» спорт кешені алдында, «Алтын Орда» базарында, Абай-Сейфуллин көшелері қиылысында мыңдаған адам топтасып, қаланың әкімшілігі алдындағы алаңға тоғысты. Алматыдағы бейбіт ереуілді 4 қаңтар күні ниеті мен мақсаты ереуілшілерден мүлдем бөлек бандалық топтар мен терроршыл күштер пайдалануға кірісті. Олар Алматы қалалық әкімшілігіне, Президент резиденциясына басып кіріп, бәрін сындырып, өртеуді бастады. Бандалық топтарға қаладағы люмпендік топтар, ұрылар мен мародёрлар қосылып сауда орталықтарын, банктер мен банкоматтарды тонау басталды. Осылайша революциялық ахуал әлеуметтік революцияға айналудың орнына охлократиялық сипат алып кетті. Тобырлық психология басымдыққа ие болды.

Бізде ұйымдасқан оппозиция жоқ

Үшіншіден, революциялық ахуалдың толыққанды экономикалық, әлеуметтік, сая­си өзгерістер мен жаңа қоғамдық құрылыс әкелетін әлеуметтік революцияға ұласпауының және бір себебі – наразы электоратты басқаратын ұйымдасқан оппозициялық одақтың болмауы. Соның нәтижесінде ереуілшілер инициативасын бандалық, терроршыл топтар пайдаланып кетті. Ереуіл охлократиялық сипатта қалып қойды да, өз мақсатын жарым-жартылай ғана орындады. Газ бағасы түсірілді, қымбатшылыққа қарсы шаралар жасалынды. Олигархиялық топтарға қатаң ескертулер жасалды. Бірақ Назарбаев құрған кландық, әлеуметтік, олигархиялық, диктатуралық жүйе толық күйреген жоқ. Назарбаев қалыптастырған олигополиялық топ өзінің қаржылық ықпал мен қуатын сақтап отыр. Қаңтар ереуілін толыққанды әлеуметтік революцияға ұластыратын саяси партия немесе оппозициялық одақ болмады.
Төртіншіден, неге ереуілшілердің еркін бандалық топтар мен терроршыл күштер иемденіп кетті? Қаңтардың 6-сы күні ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімов мемлекетке сатқындық жасады деген айыппен тұтқындалды. Одан кейін іле шала оның екі орынбасары Дәулет Ерғожин мен Әнуар Садықұлов та ұсталды. Мәсімовтің бірінші орынбасары болған Самат Әбіш орнынан алынды. Осы оқиғалар дың алдында ғана Президент Қ.К. Тоқаев күштік ұйымдарға басшылық жасайтын, тұңғыш Президент Н.Назарбаев өмір бақи басқаруға тиісті болған Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы қызметін өзіне алған еді. Осы лауазым оның ҰҚК басшыларын құрықтауына мүмкіндік берген сыңайлы. Сонымен қатар «ішкі-сыртқы саясаттың маңызды мәселелерінің бәрін елбасымен келістірілетіні» жайлы бап та күшін жойды. Назарбаевты елбасы атағы ғана қалып, барлық нақты биліктен шеттетілді. ҰҚК басшылары бұрынғы президенттің ең сенімді адамдары саналатын. Сарапшылардың пікірінше ҰҚК басшылығы бастаған топ Президент Қ.К.Тоқаевты орнынан кетіру мақсатымен мемлекеттік төңкеріс ұйымдастыруды жоспарлаған. Осы мақсатқа олар Жаңаөзен жұмысшылары бастаған ереуілді пайдаланған. Төңкерісшілер осы әрекеті арқылы ел бойынша хаос жағдай туғызып, өз адамын үшінші президент етіп қоюды көздеген. Мемлекетті кез келген уақытта шайқап, быт-шытын шығаруды көздейтін шараларды ҰҚК басшылығы ұзақ уақыт дайындап келген. Президенттің туыстары Қайрат Сатыбалды, Болат Назарбаев, Самат Әбіш, т.б. елдегі вахаббистік, салафиттік идеологтармен бірлесіп, экстремистік әрекеттерге баратын, радикалистік, исламистік топтарды дайындап келгенін ел жақсы білді. Сақал қойып, шолақ балақ шалбар киіп дін ұстанған және ұдайы дайы­ндықпен айналысқан сайдың тасындай қазақ жігіттерін бүкіл халық көріп жүрді. Олардың әлеуметтік базасы ауылдан келген, білімі нашар қазақ жастары болғаны белгілі. Жұмыссыз жүрген жастар осы топтардан өз орындарын тауып, өздерінің кім екенін елге көрсететіндей үмітте болғаны ақиқат. Арнайы дайындықтан өткен радикалистік, діни топтар Алматыда, Таразда, Қызылордада, Талдықорғанда тонауды, қиратуды, бүлдіруді бастаған шешуші күш болды.
Бесіншіден, Қазақстандағы қаңтар көтерілісін басбұзарлар, содырлар пайдаланып кетуінің салдарынан ел үлкен шығынға ұшырады, ең бастысы — жазықсыз жандар құрбан болды. 2022 жылдың 26 қаңтарына дейінгі ресми деректерде 227 адам қаза тапқан, 4 578 адам зардап шеккен, 2 044 қылмыстық іс қозғалып, 898 күдікті ұсталған. 9 257 әкімшілік іс қозғалып, 63 адам қамалған. Билік өкілдерінің азаптау фактілеріне қатысты 109 шағым түсті. 898 күдіктінің 802-і қамалған. Жалпы 4 353 адам жарақаттанған. Солардың арасында 3 393 полиция өкілдері мен әскерлер жараланып, 19-ы қайтыс болған. 11 аймақта 1 466 нысан бүлінген, қираған. 700 автокөлік бүлінген, жанып кетті. Содырлық әрекеттер барысында Бас прокуратураның деректері бойынша 7 қару сататын дүкен, 2 полиция бөлімінің қару-жарақ бөлмелері тоналып, 1564 қару содырларға кеткен.
Ең ауыр зардап шеккен Алматы қаласы болды. Оңтүстік астанада ереуілшілердің жалпы саны 60 мыңға жуықтаған деген дерек бар. Осыншама ереуілшіден 149 адам өлім құшқан. 1500-дей сауда үйі, банктер, бизнес нысандары күйреген. Қалаға келген жалпы шығын көлемі 112,6 млрд теңге көлемінде болған. Қаладағы Назарбаевтың әулеті мен жақындарына тиесілі сауда орталықтары мен бизнес нысандарының бірде-бірі күйретіліп, бұзылмаған. Содырлар мен бандиттер өз қожайындарының «Мега», «Гранд парк», «Спутник», т.б. сияқты сауда орталықтарына жоламаған. Президентті орнынан тайдыруды мақсат тұтқан Назарбаевтың бауырлары Қайрат пен Самат Мәсімовпен бірге дайындаған содырлары олардың бұйрықтарын жаман орындамаған сияқты. Алматыда 1347 қару қолды болған. Соның ішінде 1300-дейі – түрлі мылтықтар мен винтовкалар. Содырлар Алматы мәйітханаларына 7 мәрте шабуыл жасап, 41 адамның мүрдесін алып кеткен.

Ереуіл неге революцияға ұласпады?

Алматыда, Жамбылда полиция департаменттерінің кейбір бөлімшелері, ҰҚК кейбір кеңселері қару-жарақ бөлмелері мен құпия құжаттарды тастап, содырларға қарсылық көрсетпеуі олардың басшыларының Назарбаевтың қасындағылардан бұйрық алып, мемлекеттік төңкеріске көмек бергенін нақты дәлелдейді деп есептейді кейбір оппозиция өкілдері. Аймақтардағы күштік құрылым басшыларының біразы Мәсімовтың ықпалында болуы да ықтимал. Жамбыл облыстық полиция департаменті басшысы, генерал Жанат Сүлейменовтің өзіне қол салуы, Алматы ҰҚК департаменті басшыларының бірі, полковник Азамат Ибраевтың жұмбақ өлімі, ІІМ басшыларының бірі Танаш Назановтың өлімі тегін емес. Оларды Назарбаев режимін қолдап, Мәсімовпен одақтас болған деп те болжаушылар бар. Тіптен қылмыс әлемінің өкілі Арман Жұмагелдиев те Мәсімов тобының қолшоқпары болып Алматыдағы бүлікшілікке араласқаны белгілі болды.
Сонымен қатар Қазақстанда халықаралық террорлық ұйымдар «Өзбекстан ислам қозғалысы», «Таблиғи жамағат», «Ислам мемлекеті», т.б. өкілдері құпия жұмыстар жүргізді деген де күдік бар. Содырлық топтар елдің оңтүстік және батыс аймақтарында жинақталған сияқты. Себебі Алматыдан кейінгі қатты соққыға ұрынған қалалар – Тараз бен Қызылорда. Мысалы, Таразда 10 қарулы қылмыскер ұсталған, 84 түрлі қару, соның ішінде 18 Калашников автоматы, снайперлік винтовкалар мен гранаталар алынған. Тараз қаласына келген шығын 7,6 млрд теңгені құраған. Қызылорда да ереуіл барысында 9 автомобиль өртелген. Содырлар Алматы, Қызылорда, Атырау, Тараз, Ақтөбе, Семей қалаларында әкімшіліктерді басып алып күйретіп, өртеген. Сонымен Қазақстанға келген жалпы шығын көлемі 136,8 млрд теңгеге немесе 313,6 млн АҚШ долларына жеткен. Мемлекеттік органдарға 54,6 млрд теңге, 1923 бизнес нысандарына 82,2 млрд теңге зиян келген. Талай банкомат тоналып, шағылған. 136,8 млрд теңгеге елде ең кемінде 136 жаңа мектеп салуға болатын еді. Осыншама шығынға Қазақстан 10 күнде батып шыға келді.
2022 жылғы 2-10 қаңтар аралығында болған Қазақстандағы бұқаралық ереуілдер әлеуметтік революцияға ұласпады. Алайда қаңтар ереуілдерінің қоғамға зор ықпалы болғаны ақиқат. Ең бастысы – Қазақстанды 30 жыл билеген олигархиялық, кландық, диктатуралық жүйе құлады. Ереуілді бастаған Жаңаөзен халқының экономикалық талаптары орындалды. Билік Қазақстан халқының желкесіне мініп алып, қанай беретін тобыр емес екенін жақсы түсінді. Қазақ жастары өздерінің революциялық потенциялы күшті екенін тағы да көрсетті. Билік халықтың әлеуметтік-материалдық жағдайын жақсарудың нақты шараларына кірісті. Олигополиялық байыған топ мүшелері өз қорларынан халықпен бөлісуді бастады. Қазақстанда кедейлікпен күрес мәселесі мемлекеттік экономикалық сая­саттың ең басты міндетіне айналатын болды. Қазақ халқы 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінде кеңестік тоталитарлық жүйеге қарсы көтеріліс жасаса, 2022 жылғы қаңтар тағы да бірінші болып олигархиялық-капиталистік жүйеге қарсы көтеріліске шықты.
Әрине, елдегі саяси-әлеуметтік, экономикалық, қаржылық қайшылықтар бір мезетте, бір жылда шешіле салмайды. Назарбаевтың мұрасымен күрес, «ұйымдық Назарбаевтың» қарсылығын жеңу, елді кландық, парақорлық, жасырын экономика ауруларынан тазарту шаралары белгілі бір транзитті қамтитыны анық. Бұл жылдар – пост-назарбаевтық жаңару, яғни Қ.Тоқаев айтқан «Жаңа Қазақстан» құру жылдары болмақ. Әлеуметтік әділеттілік принципі салтанат құрған, әртараптанған экономикасы бар, шикізаттан түскен байлығы бүкіл Қазақстан халқының, әр азаматтың игілігіне жаратылатын әлеуметтік мемлекет жасау «Жаңа Қазақстанның» негізгі бейнесі болады деген үміт бар.
«Қаңтар қасіретіне» себепші болған діни-экстремистік, террористік топ мүшелері өз жазасын алуы керек. Бірақ бейбіт шеруге қатысқан 800-ден астам жастар мен азаматтар полиция бөлімшелерінде қамауда. Оларды қорлаудың, зорлаудың түрлі фактілері жасалып жатыр. Мұндай полициялық зорлық-зомбылықтың зардабын 15-18 жастағы бозбалалардың тартып жатқаны жан ауыртады. Әлемдік қауымдастық алдында мұндай фактілер Қазақстан билігін масқаралай түседі. Сондықтан зорлықты тоқтатып, өркениетті елдердегідей әдіс-тәсілдермен кінәлілерді әшкерелеп, жазалау әділдік болмақ.
«Қаңтар қасіретінде» ондаған, жүздеген адам оққа ұшқаны белгілі. Олардың әрқайсының аты-жөні толық жария етілгені жөн. Билік өз халқына қарсы оқ атқанда қайтыс болғандарға 30-50 мың доллар көлемінде шығын төлеуі әлемдік тәжірибеде бекітілген екен. Қазақстан үкіметі әрбір оққа ұшқан азаматқа осы көлемде өтем (құн) төлеуге міндетті деп білеміз.

Қазақстандағы «Қаңтар қасіретінің» толық құпиясы тез арада ашылады дей алмаймын. Себебі 1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан көтерілісінің толық ақиқаты әлі де құпия болып келеді. Қаңтар көтерілісіндегі халықаралық ұйымдардың, шет мемле­кеттердің ықпалы, биліктегі, элитадағы өкілдер ұстанымдары, бүлікші, тонауды ұйымдастырушы топтар туралы ақпарат халыққа әлі жеткен жоқ. «Қаңтар қасіреті» қазақ халқы ешқашан ұмытпайтын қаралы тарихи оқиға ретінде қалатыны ақиқат. Көтерілістің мақсаты – яғни, диктатуралық жүйеден демократиялық жүйеге өту мақсаты орындала ма, орындалмай ма?
Мұны біз алдағы уақытта білетін боламыз.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір