«Қасіретті қаңтар»: қаламгерлер пікірі – 2
17.01.2022
3112
0

КӨК ТУЫМЫЗ БҰДАН КЕЙІН ЕШҚАШАН ТӨМЕН ТҮСІРІЛМЕСІН

Бұл оқиға – төбемізден су құйып жібергендей, жантүрші­герлік оқиға болды. Елдің бәрі бейне бір жас нәресте секілді қорғансыз һәм дәрменсіз жағдайда қалды. Ішіне арам пиғылын жасырған арандатушылар халықты осы жағдайға жеткізді. Сана­мыздың түкпірінде, жүрегіміздің төрінде орын алған тәуелсіздігімізден айырылып қалардай үрей болды.
«Іштен шыққан жау жаман» демекші, осындай ғажайып Отанымызға кей билік өкілдерінің теріс қарағаны, пиғылдың дұрыс болмағаны бәріміздің жанымызды ауыртты.
Бір ғана Алматы емес, басқа да өңірлерде арандатушы­лардың арам пиғылы алау өрттей шарпыды. Осы орайда Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің шын мәнінде қаһарман һәм парасат иесі екенін дәлелдеп берді деп ойлаймын.
Президентіміздің нақты әрі батыл қабылдаған әр шешімі жұрт қалаған шешім болды. Себебі Мемлекет басшысының берген пәрменінен кейін барып, әр жерде бас көтерген аждаһаның басы қайта бастағанын бәріміз көріп отырмыз.
Әр сәт сайын көріп отырға­нымыздай, Президенттің айналасындағы жоғары лауазым иелері ортаға пікірлерін айтып жатыр. Барлығы қолдауға тұрарлық пікірлер. Себебі бәрінің қалайтыны елдің бірлігі мен тұтастығы!
Қабырғамызды қайыстырған, елімізде болған қайғылы оқиғалардың кесірінен зардап шегіп, сарбаздар мен бейбіт тұрғындардың қаза табуына байланысты «Жалпыұлттық аза тұту күні» өтті. Мемлекеттік Туымыз төмен түсірілді. Қаншама жазықсыз қан төгілді, қаншама сәбилер жетім қалып, әйелдер зорлық көрді, қаншама шаңырақ қара жамылды. Бұл күн – баршамыз үшін өте ауыр күн. Кіл қазақ елі Отан үшін жан берген әскери қызметкерлер мен бейбіт тұрғындар үшін қайғыдан қан жұтып отыр.
Осынау қиын-қыстау кезеңде «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», өзіміздің бірлік пен ынтымақтастығымызды көрсету керекпіз. Елді болашаққа бастаған Президентіміздің айналасына жұдырықша жұмылып, татулық пен тыныштықта күн кешетін болсақ, біздің еліміз қарыштап дами бермек!
Көк аспанда желбіреген көк туымыз бұдан кейін ешқашан төмен түсірілмесін деп айтқым келеді. Байрағымыз мәңгілік желбіреп тұрсын, құрметті ағайын!

Маралтай РАЙЫМБЕКҰЛЫ, ақын

Ергежейлілер елі

Ақылды кітаптардан барлық уақытта да ойдың кенішін табасың. Көп жағдайда, ондай көркем дүниелерде шығарманың сыртқы фабуласының атқаратын қызметі шамалы. Автордың кітабында қандай құпияның жасырынғанын білу үшін оның ішкі әлеміне тереңірек үңілу керек.
1951 жылы Нобель сыйлығын иеленген швед жазушысы Пер Лагерквистің «Ергежейлі» романын оқып шыққаннан кейін, осы шындыққа тағы да көзім жете түсті.
Шығарма авторының ергежейлісі ниеті жаман — жексұрын кейіпкер. Сүйкімсіз ергежейлі арқылы жазушы нені көрсеткісі, қандай ойды айтқысы келді? Бас кейіпкердің адам сүйерлік қылығы жоқ құбыжық екенін ғана ма? Егер осылай ғана ойласаңыз қатты қателесесіз. Шындығында «Ергежейлі» романы адам жанында қандай бұзақы ойлардың «қайнары» өмір сүруі мүмкін екенін суреткерлік шеберлікпен жеткізген — аллегориялық туынды.
Дүние жаратылғаннан бері адам жанының қараңғы түкпірінде неше түрлі зұлымдықтардың, қатыгездіктердің, екіжүзділіктердің өмір сүріп келе жатқаны жасырын емес. Ең қорқыныштысы біз жүз жерден адамгершілікті дәріптесек те мына жалғанда ойы қортық ергежейлілердің жолы болып, асығы алшысынан түсіп келеді. Сөзімізге сенбесеңіз, билік басындағы атқамінерлердің, ресми, саяси, мәдени мекемелерге басшылық етіп отырған шенділердің, баспасөздің құлағын ұстаған редакторлардың кім екеніне ойша көз жүгіртіп көріңіз – ергежейлілер дәуренінің жүріп тұрғанына көңіліңізде еш күдік қалмайды. Тіпті, ең киелі әдебиет пен мәдениеттің ергежейлілердің ен-жайлауына айналғанына қай заман.
Лагерквистің романындағы оқиғалар шексіз биліктің шыңына жетіп, адам тағдырын ойыншық құрлы көрмейтін қожайындарға қызмет етіп жүрген ергежейлінің атынан баяндалады. Шығарманы оқи отырып, тереңіне сүңгіген сайын өз ішіңде өмір сүріп, оқтын-оқтын адам жанының қараңғы түкпірінен сыртқа басын шығарып қоятын ергежейліні жазбай танығандай боласың.
Шығармаға тереңірек үңіліп, шындықтың топырағын қаза түссеңіз, ақиқатында ергежейлінің өз қожайынының қызметшісі емес, қайта керісінше, оның ой-санасына құрық салып, үстемдігін жүргізіп отырған мырзасы екеніне көзіңіз жетеді. Ол өз қожайынының ашу-ызасын туғызып, қылмысқа итермелесе қатты қуанады. Бірте-бірте өз іс-әрекетінің опасыздығын түсінген қожайын ергежейліден қорқа бастайды. Ал, шындығында ол өзінің нағыз болмысын танудан, өз ішінде жасырынған шындықты ашудан үрейленеді. Өйткені, «әдемі» ойлардың ішіне жасырынған зұлымдық, көзге көрініп тұрған жауыздықтан жүз есе қауіпті. Өкінішке қарай, өз ішімізде өмір сүріп жатқан ергежейліні ауыздықтауға, оның өз зұлымдығын жүзеге асыруына жол бермеуге біз жылдан-жылға дәрменсіз болып барамыз. Тіпті, кейде адам баласы өз туындысын жасауға қатты әуестеніп, оның адамзат баласына қаншалықты зардап шеккізуі мүмкін екенін пайымдай алмай, «ергежейлі данышпандығын» ақылға жеңгізе алмай қалатыны өтірік емес қой.
Пер Лагерквистің ХХ ғасырдың өліарасында басын көтеріп келе жатқан зұлымдық пен зорлық-зомбылыққа қарсы жазған «Ергежейлі» романында ақыл-ойыңа азық болатын дүниелер көп. Өте көп.
Лагерквист – ғажайып суреткер! Ал, стилінің жеңілдігі мен ойнақылығы қандай керемет. Әр сөйлемді құрудағы зергерлігі, ойды сығымдап берудегі шеберлігін сөзбен жеткізу мүмкін емес.
Романның соңғы бетін жапқаннан кейін Қазақстан қоғамындағы шындықты швед жазушысының романынан көргендей әсер алып, көңілім құлазып «Ергежейлілер елін» тастап, басқа бір мемлекетке кетіп қалғым келеді. Бірақ, қайда барасың? Біз сияқты «ергежейлілердің» кімге керегі бар?

Амангелді КЕҢШІЛІК, сыншы

Тоқетер сөз айтылды. Енді іс керек!
«Мың «сіз-бізден» – бір «шыж-быж» артық» деген бар ғой. Әділетсіздік, қиянат бар жерде іште жиылып қалған өкпе-реніш, ашу-ызаны қанша бүккенмен, тежегенмен ол бәрібір бір күні бұрқ етпек. Халықты қажытудың, қаһарландырудың соңы – қатер. Қаңтардың басындағы оқиғалар соны көрсетті.
Халық шерулетті. Арандату, айдап салу, үлкен саяси ойын жүрді. Сапырылыс болды. Жан-жақты, түбегейлі қопарып баға беруге әлі ертерек шығар. Бірақ белгілісі: халық наразылығы үдесінде үркіншілік, бүлік жасалды, қан төгілді. Өтірікке иек артқан ұраншыл елге айналып кеткен едік. Ал шындықты жасыру қиын. Ел басқарусыз қалғаны, бассыздық жайлағаны шындық айнасынан өз болмысында, тұттай жалаңаш кейпінде көрінді. Дін атын жамылған радикалды топтардың қоғамға да, тәрбиеге де еш сыйымсыздығын айтып қанша жыл жағы талмай қақсаған естілер сөзі бұған дейін естілмей, елеусіз қалып келгенімен өмір шындығы пердені бір күнде сыпырап алды. Ащы сабақ…
Мен соңғы жылдар бедерінде халық тарапынан айтылып келген орынды талап-тілектердің тегіс ортаға тасталып, оны орындау бағытында батыл қадамдар жасалатынын басқаның емес, Президенттің аузынан естідім. Тоқетер сөз айтылды. Үміттенеміз. Енді іс керек! Сөздің жүзеге асқанын көрейік! Ата-бабадан мирас жерді сатудан да тайын­баған сатқындыққа куәміз ғой. Алдымен халықтың сол жердегі еншісін айырайық. Байлыққа бөгіп, кен-қазынаның барлығын басып қалған алпауыт ірілердің оңайлықпен орын босатып, қолдағысын бере қоюы да екіталай. Өкіметтің ниеті ақ, серті нық, уәдесі күлбілтесіз бекем болса, күрес жалғасады. Ымырасыз күрес. Біз сол күрестің ішінде болуға міндеттіміз.
Қайыршылану, жұмыссыздықтан келіп шығатын шарасыздықтың, дәрменсіздіктің адастыратыны, аздыратыны, тоздыратыны, ақыр түбі түрлі қылмысқа жетелейтіні, ондай жағдайда ұлттық, адами құндылықтардың құны көк тиынға айналатыны кешегі сойқанда көрінбей қалды ма? Базар жағалап тентіреп жүрген қазақтың халін, не жағдайға, қандай ортаға тап болғанын осы күнге дейін ойладық па? Бейнекадр: тоналған дүкеннен бір құшақ азық-түлік арқалап шыққан әйелді қай қауымға қосамыз?! «Әр қазақ – менің жалғызым» деп жүргеніміз рас болса, мұның бәрі – бүгінгі бізбіз. Біз қай жердеміз?..
Президенттің тұжырымды сөзінде: «Өнер мен мәдениетке де баса назар аударамыз», – дегендей пікір де айтылып қалды. Құба-құп. Алайда біз мәдениетті, өнерді қалай түсінеміз? Мемлекеттің идеологиялық құбыласы емес, құдды жын-шайтанның ордасындай бейәдеп телеарналардан төсектің айналасындағы татымсыз әңгіме, тәлімсіз үлгі, дарақы күлкі тарату – мәдениет пе? Әншілердің бітпейтін байқаулары, сұхбаттары – тәрбие ме, өнеге ме? Сайып келгенде, көкірегі ояу, көзі ашық көрерменді бездіріп, рейтинг үшін ойсыз тобырдың ығында кеттік. Әдебиетке көмек, ақын-жазушыға демеу деп жолын тапқандардың көркемдігі төмен, мәнсіз-мағынасыз көкжасық кітаптарын толассыз шығаруда қандай мақсат бар?! Оқырманнан айырылдық, жұртшылықты кітаптан бездірдік.
Ойланатын мәселе көп. Қолға алатын шаруа жеткілікті. Алдымен адамзатқа ортақ мәңгі құндылықтарды қайта тіктеуіміз керек.
Өкімет жүйені өзгертсін, дұрыс бағытқа салсын. Біз де өзгерейік. Әрқайсымыз. Қара нансыз аш қалмаспыз, иінімізді жабар бір костюм-шалбар табылар. Руханиятты көтеруге атсалысайық, әдебиетке адал болайық.

Болат ЖЕТЕКБАЙ, ақын

ТҮН ҚАТЫП ЖҮРІП ТҮС ҚАШПАЙ…
Қасым-Жомарт Тоқаев «жау жағадан алған» тұста жүрегі «Халқым» деп соғатынын, Мемлекет басшысы ретінде саяси ерік-жігерінің мықтылығын, азаматтығын анық дәлелдеді. Алматыда болған бүлікшілердің қанқұйлы істерін: «Бұл – әдейі ұйымдастырылған әрекет». – деп, ақпарат құралдары арқылы алғашқы күні-ақ халыққа жария етті. Әрі шұғыл шешім қабылдап, басбұйдасыздардың алдына тосқауыл қойды. Осындай ұстаным жасауда Қасым-Жомарт Кемелұлына әлемдік деңгейдегі дипломатиялық қабілеті, дипломатияда жинаған тәжірибесі «арқасүйер» болғаны даусыз. «Бұл отыз жылдық тәуелсіздігіміз барысындағы ең ауыр, ең күрделі дағдарыс болды», – деді ол. «Түн қатып жүріп түс қашпай… Темірқазық жастанбай, Қу толағай бастанбай…» (Махамбет) үш тәулік бойы ұйқысыз, күлкісіз отырып, орындалуы міндетті шешімдер қабылдап, үкімет басшысын, мемлекет пен үкімет айналасындағы біраз басшыларды орнынан алғанын жеткізумен бірге әр сағат сайын «отандастарын», «көп ұлт­ты Қазақстан халқын» сабырлылыққа, салмақтылыққа шақырумен болды.
Президенттің ішкі жандүниесіндегі шынайылық нәтижесін берді. Содырлар Алматыны бүлдіріп болғаннан кейін астананы басып алмақ болғанын болжап отырған Президент мың жылдық тарихы бар шаһардан тысқа аттап бастырмай-ақ лаңкестер мен бүлікшілердің «желкелерін қиды». Отанын қорғап оққа ұшқан, ажал құшқан ел қорғаны – әскерилер мен ішкі істер қызметкерлерін жедел марапаттап, олардың отбасыларына қомақты материалдық көмек көрсетуге бұйрық беруі де – ар-ұждан тазалығында.
Тәуелсіз елдің айбынды басшысы, міне, осындай болуы керек-ақ!
Алғашында бейбіт шеру деген дақпыртқа ілесіп, кейінтінде оқ кезенген шеңберден шыға алмай қалған алматылық жастарға обал-ақ болды. Есіркемесек те, осыны – ескергеніміз жөн болар еді.

Еркін ЖАППАСҰЛЫ, сатирик

ЖАҢА ДӘУІРДІҢ БЕТБҰРЫСТЫ КЕЗЕҢІНЕ ҚАДАМ БАСТЫҚ

Барыс жылғы қаңтардың алғашқы аптасы отыз жыл бойы бейбіт өмір сүріп, орнықты дамып келе жатқан еліміздің өміріне елеулі өзгерістер енгізгеніне куә болдық. Ел басына қатер төнген қиын күндерде барлық қазақстандықтың тыныштығын, Тәуелсіздігімізді және мемлекеттің мызғымастығы мен тұтастығын қорғап қалудың қаншалықты маңызды екенін терең түсіндік. Тіпті, әрбір азаматтың патриоттығы сыналған күн болды. Ол сын-қатерлер тарихымызға «Алматы трагедиясы» деген атаумен жазылатын болар. Қаңтардағы қасіретті оқиғалардан сабақ алып, шыңдалып, ел болып, қоғам болып Президенттің айналасына топтасып, сыннан сүрінбей өткен кезде, жаңа дәуірдің бетбұрысты кезеңіне қадам бастық деп ойлаймын.
Қазіргі кезде еліміздің астанасында және өңірлерде, Алматыда тіршілік қалыпты жағдайға оралғанын көріп, біліп, көңіліміз орнына түсті. Оған Президенттің бүгін Парламент Мәжілісінің отырысына бейнебайланыс арқылы қатысып, елдегі әлеу­меттік-экономикалық жағдай жайлы, алдағы дамуымыз туралы жасаған байыпты баяндамасы айқын дәлел.
Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдымен Мәжіліс депутаттарының талқылауына Үкіметтің жаңа басшысының кандидатурасын ұсынды. Депутаттар ол ұсынысты бірауыздан қолдады.
Одан кейін елдегі әлеуметтік ахуал туралы жан-жақты баяндаған Президенттің сөзінде еліміздің келешектегі дамуының бағыттары нақтыланып, бағдарымыз айқындалды, нақты міндеттер атап көрсетілді.
«Ауыл – ел бесігі» атты жаңа бағдарламаның маңызы зор, мәні ерекше екені сөзсіз. Өйткені еліміздің басшысы атап өткендей, Қазақстанның өңірлері бірдей деңгейде дамып жатқан жоқ. Соңғы күндері елде орын алған оқиғалар батыс және оңтүстік өңір халқының еңбекпен қамтылу деңгейінің төмен екенін көрсетті. Президент айтқандай, осы өңірлерде бала туу деңгейі жоғары, жұмыссыздық деңгейі жоғары. Жаңа бағдарлама осы олқылықтың орнын толтыру үшін қолға алынбақшы.
Мемлекет басшы­сының «Қазақстан халқына» деген жаңа қоғамдық әлеуметтік қорды құру туралы ұсынысына қолдау білдіремін. Қоғамдық қорға таза, адал, әділ, білікті мамандар жетекшілік жасаса деймін. Қордың тұрмысы төмен халықтың жағдайын жақсартуға, денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдауға, сондай-ақ Алматы қаласын қалпына келтіру жұмыстарына, т.б. өзекті деген әлеуметтік салаларға қаржылық көмек көрсетуге маңыз берілетіні – қарапайым жұртшылық үшін игі бастама.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, екі айдың ішінде халықтың табысын арттыру жөнінде бағдарлама әзірлеуді, Әлеуметтік кодекстің уақытында қабылдануын қамтамасыз етуді тапсырды.
Мемлекет бас­шысы: «Әлеуметтік кодекс жаңа қоғамдық келісімнің негізгі элементіне айналуға тиіс», – деп қадап айтты.
Парламент Мәжі­лісінде сөйлеген бағдарламалық сөзінде Президент мемлекетіміздің дамуының жаңа әрі жүйелі бағытын атап өтіп, жаңа Үкіметке халқымыздың өмір сүру деңгейін көтеретін тапсырмалар жүктеді.
Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың басқаруымен жаңа Үкімет Мемлекет басшысы жүктеген келелі міндеттер мен ауқымды тапсырманы дер кезінде, сапалы әрі жүйелі жүзеге асыруға жұдырықтай жұмылады, халқымыздың сенімін ақтау үшін іскерлік пен кәсіби шеберлік, табандылық пен жауапкершілік үлгісін көрсетеді деп сенеміз.

Нұрлан ҚАЛҚА, ақын

Сызат түсіп, сөгілмейді іргеміз!

Бүгінде Қазақстан өз тарихындағы қиын күндерді бастан кешіп жатыр. Шерушілер, өртенген ғимарат, қираған мүлік, аңыраған ана, жылаған балалар, террористпен күрес, лаңкестер бүлігі, төтенше жағдай. Міне, бүгінгі күннің жүрек сыздатып, дене мұздатқан, қаралы, қайғылы көріністері, қатігез, ащы шындығы.
Құдайға шүкір, Қазақстанның көп ұлтты, бір мақсаттағы халқы тарихи тар жол, тайғақ кешуде бір жағадан бас, бір қолдан жең шығарып, кемеңгер көшбасшы, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың басшылығымен қиындықтарды бірте-бірте, рет-ретімен еңсеріп келеді.
«Жамандықты кім көрмейді. Үмітін үзбек – қайратсыздық. Дүниеде еш нәрседе баян жоқ екені рас, жамандық та қайдан баяндап қалады дейсің? Қары қалың қатты қыстың артынан көгі қалың, көлі мол жақсы жаз келмеуші ме еді?» демеп пе еді ұлы Абай. Дара Абайдың дана сөзі жүдеген көңілге шуақ, жабырқаған жанға қуат!
Ойға қуат, бойға жігер беретін жай ел тарихындағы қиын күндерді мемлекет басшысы шұғыл әрекет жасап, өте дұрыс шешімдер қабылдануда. Бұл шешімдердің дұрыстығын өмірдің өзі дәлелдеуде.
Біз Президентпен біргеміз!
Сызат түсіп, сөгілмейді іргеміз!

Сәбит ДОСАНОВ, жазушы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір