«Қасіретті қаңтар»: қаламгерлер пікірі – 1
17.01.2022
2390
0

ТОҚАЕВТЫҢ ПАРАЛАМЕНТТЕГІ БАЯНДАМАСЫ – ЖАҢА ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЖОБАСЫ
Тоқаев жаңа Қазақстанның жобасын жасаған секілді. Ойымыздағы барлық сұрақтарға жауап алған секілдіміз. Санамызда талай нәрсе қордаланып қалған еді. Елімізде тұрмыстық, әлеуметтік жағдайдың төмендеп кеткені, қымбатшылық, жемқорлық жайлаған дерттерді де тізгенбіз. Енді осының бәрінің түпкі себебін Тоқаев өзінің революциялық баяндамасында батыл түрде айтып шықты. Өзі де «біздің елімізде халықтың әл-ауқаты жақсы, табыстары жоғары» деп келді дағы, соңында «қағаз жүзінде ғана» дегенді басып айтты. Сол қағаз жүзінде жағдайымыз жақсарғанымен, қарапайым халық 61 мың теңгемен жұмыс істейтін төмен деңгейге түсті. Осылай отырып, әлемдегі дамыған отыз елдің қатарына қосыламыз деген жалған ұрандармен алданып келдік. Бәріне Тоқаев тоқтау салған сынды. Енді жемқорлықтан тазарған, ру-жүзге бөлуден арылған, зейнеткерлікке дейін бір орында нықтап отырып, жастарға орын бермейтін адамдардан арылған мемлекет орнайды деп сенемін. Осы жөнінде де Президент жақсылап айтып кетті. Баяғыда Ресейдің Черномырдин деген премьер-министрінің «Барынша жақсы болуын қаладық, бірақ бәрі баяғыдай» деген атақты сөзі бар-тын. Сол қайталанбаса екен деймін. Ол үшін не істеу керек? Ол үшін үкімет аппаратында отырған ескі адамдарды тазарту керек. Егер де олардан тазартпаса бәрі сөз жүзінде қалып қояды. Сосын жаңалыққа үрке қарайтын тұлғалардан арылуымыз керек, жаңаша ойлайтын, жаңаша әрекет ететін жастарды тартуымыз қажет. Жалпы Тоқаевтың Парламентте жасаған баяндамасы – жаңа Қазақстанның жобасы. Осы сөздер лайым жүзеге асса екен деп ойлаймын.

Дулат ИСАБЕКОВ,
ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері

Жаңа дәуір бастамасы

Қасиетті Қазақстан қасіретті күндерді басынан кешірді. Жаңа жылдан кейін жойқын құйындай жайпап өткен кесірлі, кесапатты оқиға республика халқына ауыр тиді. Әсіресе әсем, ару Алматымыз есімізден кетпестей ересен зардап шекті. Күн сайын сан түрлі жаманат хабарды естіп жанымыз түршікті. Халықаралық терроризм деген қанды алапатқа қарсы тұру жеңіл емес.
Біз бұл жолы аса мұқият ұйымдасты­рыл­­ған, аса қауіпті, қан-қасапты қыл­мыс­пен, ажал сепкен қатермен, бассыз бүлікпен, мародерлік талан-таражбен бетпе-бет келдік! Алматыда әр босағаны өлім аңдып жүргендей болды. Ажал адам таңдамайды, ешкімнің басынан сипап, мүсіркемейді. Біздің Президентіміздің осы тұста қайсар мінез танытып, тәуелсіздік тағдырына араша түсе білгенін бүкіл әлем қауымдастығы мойындады.
Мемлекет басшысының пәрменімен белгіленген Жалпыұлттық аза тұту күні бүкіл елімізде атап өтілді. Қарғыс атқыр қаскөйлер мезгілсіз жас ғұмырын қырқып, арамыздан жұлып әкеткен ғазиз жандарға – жазықсыз құрбандарға шын жүрегімізбен тағзым етіп, көкке өрлеген Туымызды  түсіріп, қара жамылып, ел болып аза тұтып, Құран, дұға бағыштадық. Бұл – біріншіден, біздің Ел тыныштығы үшін жанын қиған боздақтарға көрсеткен құрметіміз, тағзымымыз болса,  екіншіден – ұрпақтарға тәлім-тәрбие, өнегелі сабақ. «Өлгенге құрмет – тіріге міндет» дейді халқымыз. Айдың, күннің аманында аяқ-астынан жай түскендей жапырып кеткен кірме терроризм мен бүлікші лаңкестіктің құрбандарының әрқайсысының әулеттеріне, ата-анасына, отбасына көңіл айтамыз. Тәуелсіздікті қорғау жолында жанын қиған боздақтарды Алла панасына алсын! Топырақтары торқа болсын!
Қазақстан қаламгерлері тәуелсіздік тағ­дыры қыл үстінде тұрған сол бір қиын-қыстау күндерде елді бірлік пен ынтымаққа шақырып,Үндеу жариялаған болатын. Оны атақты мәдениет, өнер, ғылым қайрат­керлері қолдап, қуатты үндерін қосты.
Қазір қандықол террористер мен басбұзарларды, мародерлерді індетіп іздеп, қолға түсіру операциялары жүріп жатыр. Ендігі бізді алаңдатып отырған мәселе – жаңаөзендіктерді қолдап, бейбіт шеруге шығып, аңдаусыз арандап қалған жұмыссыз, үйсіз-күйсіз жастардың ақ-қарасы ажыратылмай жазықсыз жазалауға ұшырап, бекерге сотталып кетуі мүмкін деген қауіп. Сондықтан біз – Заң орындары 1986 жылғыдай жаппай репрессия жолына түсіп кетпесе, кеңестік қателіктерді қайтала­маса екен деген талап қойып отыр­мыз. Ащы тарихтан халық қана емес, билік пен құқық қорғау орындары да сабақ алғаны аса қажет!
Егер осы жастар алаңға шықпаса, жем­қор­лықтың жеміне айналған халықтың мойнындағы қамыты сыпырылмас еді, үміт оты жанбас еді! Бұл – мойындауға тиісті шын­дық. Сондықтан да оларды сырттан кел­ген террористермен шатастырмау керек!
Ең бастысы – екі тізгін бір шылбырды берік қолға алған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің еңсесін түзеуге бет бұрған батыл да шешуші қадамдарына сеніммен қарап, қолдауға кірістік. Мемлекет басшысы Үкіметті ауыстырып, өзінің жуық арада жүзеге асыратын өрелі жоспарымен таныстырып, атқарушы билікке түбегейлі жаңа бағыттағы 10 тапсырма беріп, елді теспей сорған ескі режимді, халықты ашындырған коррупцияны жою жолында табанды түрде күресетінін танытты. Бұйыртса, жақын келешекте жұртымыз көптен күткен жаңа, оңды өзгерістер болатынын, өркендеу жолына түскен жаңа Қазақстан келбеті қол бұлғап тұрғанын бағамдадық.
Тарих талқысында не көрмеген халық­пыз?! Бұл қысталаң күндер де өтер-кетер. Салымыз суға кетіп, сағымыз сынбасын! Үмітпен өмір сүрейік. Еліміздің іргетасын ұстап тұрған бірлігімізді қадірлейік. Кесірлі кедергілерден құтылып, көшіміз түзелер жақсы күндер алда!

Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ,
Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы

«Иә, Құдай!» деп мемлекетімізді сақтап қалдық
Басында бейбіт митингі болды, оның аяғы осындай жаппай бұзақылыққа ұласты. Менің ойымша, бұл әдейі ұйымдастырылған нәрсе. Бұл жағынан мен Тоқаевтың айтқанына толық қосыламын. Мұны ұйымдастырушылар іштен шығып отыр. Ұйымдастырушылардың мақсаты, меніңше, қайсысы болса да халықтың ықыласымен, халықтың қолдауымен өзінің мемлекет басына келе алмайтынын білген. Сондықтан төңкерісті жасап, бәрін басып алғаннан кейін өзінің адамын не өзі басшылыққа отырғысы келген біреу ұйымдастырды. Жекелеген адам ба, топ па, мұны тергеу жұмысы анықтай жатар. Ал, енді Тоқаевқа сырттан әскер енгізгені үшін әртүрлі сын пікірлер айтылып жатыр, мен өзім егер Тоқаев сырттан әскер енгізбегенде мемлекеттік төңкеріс жүзеге асып кетер еді деп ойлаймын. Көмекті дер кезінде шақырды, олар дер кезінде келді, Байқап отырсам, көтеріліске жастар көп қатысқан. Мұның екі себебі бар, бірінші себебі жастарда білім жоқ. Мемлекеттік деңгейде ойлай алатын мақсат та жоқ. Мәселен, Ливияда Каддафи материалдық үлкен бай мемлекет жасады, бірақ моральдық, мәдениеттік, рухани биік ел жасай алған жоқ. Құр ақшамен не жасайды? Олар баршылықты жасап, баршылықтың қадірін білетін мәдениетті халықты жасай алмады. Бізде де осыған ұқсайтын жастардың мәдениетсіздігі, оқу-білімінің аздығы байқалып қалды. Екіншіден, жастардың көбі жұмыссыз еді. Сондықтан ұйымдастырушылар оларға ақша ұсынып, өзіне тартып алды. Ол мемлекетіме, халқыма зиян келеді-ау деп ойлай алмайды, өйткені білімі, ұлттық идеологиясы жоқ. Президент «мен мемлекетті дамытамын, соған орай өз ұсынысымды жариялаймын» деді, осы сөз маған қатты ұнады. Бұл өте үлкен мақсатты нәрсе. Қазір бізде мемлекеттік те, басқа меншіктер де жеке меншікке ауысып кетті. Мемлекеттік мәні бар стратегиялық дүниелердің барлығын жекешелендіруге болмайды. Мемлекеттің қорына ол кезде ақша түспейді. Осылар шешілсе жұмыссыздық азайып, тұрмыстық ахуалдың жоғарылауына септігін тигізеді. Сосын мемлекетте көбіне халықпен санасатын, халыққа жаны ашитын адамдар емес, халықты бағындыратын, айтқанын істететін адамдар көп болып отыр. Бұл жерде мәдениет жоқ, бәрі білімсіздіктен шығып отыр. Кез келген мекемеге келген адам, өзінің айтқанын істетіп, бағындырғысы келеді, жоқ, олай емес қой. Оның қол астында халық тұр, осыны сезіне білуі керек.
Не десек те, сын сағаттан жақсы өттік. Халықтың қолдауы да, Президентіміздің сөзі де, әскерлердің жұмылуы да бәрі бір-бірімен үндесіп жүзеге асты. «Иә, Құдай!» деп мемлекетімізді сақтап қалдық. Президентіміз үндеуінде көп нәрсенің өзгеретінін айт­ты, соның бірі білім мәселесі. Менің бір ұсынысым бар. Білім министрлігі мен ғылым министрлігін бөліп қарастыру керек. Білім министрлігінің өзінің жұмысы толып жатыр. Ол жоғары, орта оқу орындары, мектептер, әртүрлі мемлекеттік бағыттардан қолы да тимейді. Сондықтан ғылым академиясын оның құзырына бермей, бұрын министрліктің қызметін өзі атқаратын, солай дербес қою керек. Сол ғылым академиясын мемлекет қаржыландыратын кәдімгі үлкен орталыққа қайтадан айналдыру керек деп ойлаймын. Онсыз бізде ғылым дамымайды. Қазір ғылым саласы қайыршы сияқты. Қайыршыда деңгей бола ма? Міне, осыны түбегейлі ойластыру керек.

Бексұлтан НҰРЖЕКЕҰЛЫ,
ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері

ДҰШПАНКӨЗ ИДЕОЛОГИЯ «ҚҰНАРЛЫ ТОПЫРАҚ» ІЗДЕП ЖҮРЕДІ

Елде түрлі наразылықтар да, митингілер де болуы мүмкін деп ойлаушы едік, бірақ бүкіл Қазақстанның төбесіне қара бұлт үйіріледі деп күтпедік. Мынадай сұмдық Алматыда болар-ау деген ой үш ұйықтасақ түсімізге кірмеген. Жә, болары болды, бояуы сіңді. Халық сөзінің астары ақиқатқа айналды: «Жау жоқ деме – жар астында, ұры жоқ деме – үй артында». Демек, бізге, Тәуелсіз жас елге, ешқашан бейқам, аңғал болуға болмайды екен; ылғи да тізгінді қолда ұстап, елдің қауіпсіздігіне жіті қарау керек екен. Өйткені шекара қызметкерлерінің босаңдығынан ба, жауапсыздығынан ба, біздің арамызға тілі басқа, діні басқа, жау топтардың (оның ішінде деструктивті діни топтар да бар) өкілдері кіріп кеткені анықталып отыр. Соңғы ақпараттар бойынша, ұсталғандардың жартысы шекараның арғы жағынан келген өзге елдің азаматтары көрінеді. Бұндай бүліктер біздің түстік көршілерімізде болса болар, бірақ Қазақстанда бола қоймас деп жүрдік. Осынымыз аңғалдық екен.
Бейбіт шерудің өтуі заңды нәрсе. Халықтың өзінің экономикалық, әлеуметтік, саяси наразылығын шеруге шығып айтуға құқы бар. Алайда бізді сырттан, іштен аңдып отырған, Мемлекеттің іргесін шайқап, шаңырағын ортасына түсіруді мақсат еткен бүлікшілер арамызға кіріп, бейбіт шеруді бейберекет шеруге айналдыра салды. Әсіресе Алматыдағы жағдай соны көрсетті.
Алматы Тәуелсіздіктің ғана емес, халқымыздың мәдениеті шоғырланған рухани астанасы ғой. Мен алғашқы күндері, көшеде көліктер, ғимараттар талқандалып жатқан кезде, ойран салғандар алматылықтар дегенге сенгенім жоқ. Алматыны, біздің Алматымызды, сырттан келген жаулар көз алдымызда талқандады. Ендеше күштік құрылымдар ғана емес, кез келген алматылық Алматыны қорғау­ға тиіс екен. Бәріміз осы Тәуелсіздігімізді, туымызды қорғауға тиіс екенбіз. Әйтпеген жағдайда ту талақайымызды шығарып, қирату қасақыларға қиынға соқпасына көзіміз жетті.
Қаламгерлер, әрине, ең біріншіден халық жағындағы қауым ғой. Сондықтан жазушылардың үндеуі дер кезінде шығып жатты. Бұдан кейін де біздің белсенділігіміз бірнеше есе артуы керек. Жақсы жазушының соңында кемі жүз мың оқырман бар. Әр қаламгер өз оқырмандарының қолбасы іспетті. Бұл жағынан келгенде айтқан сөзіміз бен таратқан пікірлеріміз, ойларымыз сол жүз мыңдаған әскерге қуат беретіні белгілі-ақ. Ендеше әрбір қаламгер қолбасшы ретінде елін қорғауы керек.
Сырттан келген идеология ылғи да бір «құнарлы топырақ» іздеп жүреді. Өкінішке қарай, соңғы отыз жылда елімізде солардың «лақтырған дәні» өсіп шығатын «құнарлы топырақ» қалыптасты. Кешегі шерудің ішінде біздің жастарымыз сөзсіз өте көп болды. Олар – өзінің әлеуметтік жағдайына наразы, билікке өкпесі бар жастар. Ендігі жерде жаңадан құрылған үкімет сол жастардың, әсіресе қазақ жастарының (өйткені шеруге шыққан халықтың жүз пайызға жуығы қазақтың жастары болды, ағайын!) алаңға не себептен шыққанына мән беріп, мәселенің түп тамырына үңілуі керек. Сонда бұл уақиғаның себебін жояды. Себебін жоймаса, салдары қайта-қайта шыға береді. Бірер себебін айтайын. Оларда мардымды жұмыс жоқ, жұмыс тұрыпты, үй жоқ. Жемқорлықтың кесірі жоқшылықты туындатып отыр, жастар оны да біледі. Үлкендер олардың үнін тыңдауға құлық танытпайды. Бұлай тізе берсек, әзір тоқтамаймыз. Осы мәселелерді шешпей, ішкі-сыртқы идеологиялардың қолшоқпарына айналып кетеріміз сөзсіз.
Енді мұндай оқиға қайталанбас үшін және осы болған бүлікті жою үшін, түбегейлі жеңіске жету үшін біз президент көтерген тәуелсіздік туы астына түгел жиналуымыз керек. Президент осынау қасіретті қаңтар оқиғасының тұсынде ерекше мінез көрсетті. Түнде ұйықтамаған, күндіз отырмаған көне түріктердің Тоныкөк тәрізді батырларының қимылын жасады. Осы кісіге біз денсаулық тілейік. Арда азаматты ту қылып көтерейік және сол тудың түбіне түгел топтасайық. Сонда бізді жау алмайды!

Смағұл ЕЛУБАЙ, жазушы

Байлар мен кедейлердің ара-жігі ашылып кетті

Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бей­не­байланыс ар­­қылы Парламент Мәжілісінің оты­рысында жаса­ған баяндамасы бізді де толғандырып, алуан ойларға жетелеген еді.
Еліміз басынан кешірген қанды оқиғалар бәрімізді серпілткендей, ұйқыдан оятқандай, көп нәрсеге көзімізді ашқандай болды.
Әлеуметтік және экономикалық мәселелер бұрын да талай мәрте айтылып жүргенін білеміз. Бірақ, «бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» демекші, дәл осы жолғыдай қатты айтылғаны есімде жоқ. Осы жолы Президент қай мәселенің болсын басын ашып айтты, ақтарып айтты, жетесіне жеткізіп айтты.
Біз де қоғамда болған бейбіт шеруге ұласқан жаппай тәртіпсіздік пен бассыздықты, оны ішкі және сыртқы күштердің өз мақсаттарына пайдаланып кетуін аяқ астынан пайда болған мәселе деген ойдан аулақпыз. Бұл талай жылдардан бері жинақталып келген әлеуметтік проблемалардың божып, ашыған астарынан шығып отырғаны даусыз. Қысқасы, бұл қасіретті оқиғалар қоғамда қордаланған проблемаларды жалаңаштап көрсетіп берді, айқара ашып тастады.
Жалпы өмір көрсетіп отырғандай, ұсақ-түйек қылмыстардың көпшілігі жұмыссыздықтың салдарынан, бала-шағасын асырау мұқтаждығынан шығады екен. Оны өз сөзінде Президент те айтып өтті.
Сондай-ақ біреу мықшыңдап жүк тасиды, бүкшеңдеп құрылыста жүреді. Біреу қақаған аязда қар күреп, сүрлем ашады, қи қазады. Соның өзінде алатындары 50-70 мың теңге. Айлығы шайлығына жетпей жатса да біздің қазақ соның өзін шүкір етіп қанағат тұтады. Енді бір жігіттер мен қыздар кеңседе отырып кофе сораптап, телефонның құлағынан түспей-ақ күнді батырады. Жұмыста қасын керіп, тырнағын бояп, сыланып-сипанып отырып-ақ миллиондап айлық алады.
Сөйтіп осы Тәуелсіздік жылдары байлар мен кедейлердің ара-жігі жойдасыз ашылып кетті. Бір-бірін танымастай алшақтап, алыстап кетті. Бірін бірі тек көкжиектен ғана көретіндей жағдайға жетті. Осылайша Қазақстанда әлемдік дәрежедегі байлар мен олигархтар пайда болды.
Әсіресе, қоғамда ұлттық компанияларға қатысты теріс пікірлер баяғыдан қалыптасқан. Ал, олардың айлық жалақылары өзге жұрттың түсіне де кірмейді.
«Жалақыларыңның мөлшері қандай, қар­жыны қайда жұмсап жатырсыңдар, немесе компания не істеп жатыр, жоспар-жобаларыңызбен бөліссеңдерші?» деген тәрізді депутаттық сауалдарға да дұрыс жауап бермейді екен. Жалтарма, сырғытпа, жалпылама жауаппен құтылады екен. Сөйтіп, олар өздерін мемлекеттің ішіндегі мемлекет тәрізді сезініп кеткен.
Біз де ұзақ жылдар бойы жоғарғы жақта, мемлекеттік қызметте істеген жанбыз ғой. Содан білеміз, турасында бұл өзі елдің көбіне белгілі нәрсе. Сол компанияларда жұмыс істейтін қызметкерлердің арасында қарапайым халықтың ішінен шыққандар некен-саяқ. Болса да тым аз. Көбісі білімі мен біліктілігі жетіп, еркін бәсекелестік негізінде келгендер емес. Айлығы шаш-етектен компанияларға тамыр-таныстық, құда-жекжаттық пен көңіл жықпастық негізінде жұмысқа қабылданғандар.
Егер бір бөлімде 6 адам болса, тек соның екеуі ғана мұрнынан шаншылып жұмыс істейді. Қалғандары ернін бояп, тырнағын егеп, шаштарын сипап уақыт өткізеді. Оларды ешкім жұмыстан шығарып тастай алмайды. Себебі, олардың біреуі «пәленшенің жиені», екіншісі «түгеншенің келіні», анау үшіншісі «пәлен көкеміздің көңілдесі», т.б. Қарсы сөз айтсаң — айықпас бәлеге қаласың, өзің жылы орныңнан айрылып қаңғып қаласың.
Сондай-ақ, енді біліп отырмыз – жемқорлықтың бұлжымастай қатаң сызылған схемалары нәтижесінде қарапайым тұтынушылардың ақшасы жылдар бойы «Оператор РОП» деп аталатын жеке компанияның қалтасын қалыңдатып келген екен.
Енді сол «утильсбор» деген атпен белгілі болған қаражат ағымы тоқталып, бұл функция мемлекеттің қарамағына өтті. Сәйкесінше, бұдан былай автокөліктердің бағасы төмендеуі мүмкін.
Қазіргі уақытта жұрттың көзі ашық, көңілі ояу, бәрін көріп, біліп отыр. Цифрлық технологияның дамыған дәуірінде қандай да бір ақпаратты құпиялау, тұмшалап ұстау мүмкін емес. Соны ескеріп халықтың ашу-ызасын тудыратын әрекеттерге, іс-қимылдарға барынша абай болған жөн.
Ал, ел аузында жүрген мәселелердің көкесі — «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы жөнінде бір ауыз сөз айта кетейік.
Бұл мекеменің Қазақстан мемлекетінің заңымен емес, елдегі белгілі бір топтардың заңымен жұмыс істейтінін естіп те, біліп те отырмыз. Сондағы заңсыз әрекеттерді көзі бақырайтып көріп отырған жұрт қалай ашынбайды? Президент айтқандай, жемқорлықтың иісі аңқып тұрған жердің бірі осы – Қорғас. Бұл жерде талай адам темір торға қамалды. Бірақ өзгеріп жатқан ештеңе жоқ. Балға қонған шыбынға ұқсап, есепсіз қаржыға есі кеткен есерсоқтардың легі азаяр емес. Диірменнің тасын кім айналдырып отырғанын, олардың артында кімдер тұрғанын Президент біледі екен. Президент қана емес, қарапайым халық та біледі, білмесе де сезеді. Бірақ, кеңпейіл, тәубешіл қазақ соның өзін қызғаныш етпей, көзді жұмып келді. Шешілместей көрінген осы проблемаға да әділетті тәртіп орнатуға Президентіміз пәрмен беріп отыр.
Жемқорлықтың ғылым саласына да кіріп кеткені тіпті ұят-ақ. Ғылымға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын кейбір адамдардың тендер арқылы жобаларды ұтып алатынын естіп жүрміз. Олардың өздерінің қара бастарының да, ұсынған жобаларының да ғылымға еш пайда әкелмейтіні тіпті өкінішті.
Президент осылайша халықтың көріп жүрген, біліп жүрген, айта алмай жүрген мәселелерін, қоғамда қордаланған проблемалардың бір парасын ғана қозғап өтті. Ашығын айтты, ашынып айтты. Қоясын ашып берді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Төл тарихымызда талай жаугершілік заманды, ашаршылықты және басқа да алапат қиындықты бастан өткердік. Соңғы күндердегі қайғылы оқиғалар біз үшін тағы бір сабақ болды. Оны еңсеріп, бұрынғыдан да мықты боламыз» – деп халқына сенім білдіріп отыр.
Біз ендігі уақытта дамудың жаңа кезеңіне, жаңару кезеңіне бағыт алғандаймыз. Келесі кезекте дертке шалдыққан қоғамды емдеуіміз керек, жарасын жазуымыз керек. Түйінді мәселелерді шешуіміз керек.
Сондықтан, еліміздің даму тарихындағы осындай бетбұрыс кезеңінде Президентке қолдау көрсету – баршамыздың азаматтық борышымыз.

Әлібек АСҚАРОВ, жазушы

ЖАҒЫМПАЗДЫҚТЫ ҚАТАҢ АЙЫПТАЙТЫН АХУАЛ ОРНАТУ ҚАЖЕТ

Мемлекетімізде болып жатқан әрбір ірі саяси-экономикалық өзгерістерге пікірбілдіру, үн қосу өзін осы елдің азаматымын деп есептейтін әрбір кісінің борышы ғой деп ойлаймын. Сондықтан Республика Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың парламентте мемлекеттік органдардың алдағы уақытта атқаруға тиісті міндеттері туралы 11 қаңтарда сөйлеген сөзінен кейін біз де ел басшысы ұсынған сол іс-шараларға қоса еліміздің саяси-экономикалық, моральдық-психологиялық ахуалын жақсарту мақсатында атқарылуға тиіс төмендегі іс-шараларды да жедел жүзеге асырғанымыз жөн болар еді деп ойлаймын. Ол үшін төмендегі шараларды жүзеге асырған жөн деп санаймын.
Біріншіден, мемлекеттік сатып алу үшін бюджеттен бөлінетін қаржыны жұмсауда өзінің тиімділігін көрсете алмаған квазимемлекеттік сектордың ұлттық экономикамыздағы алатын орнын барынша азайтуымыз қажет.
Екіншіден, Қазақстан Республикасындағы Дін және діни бірлестіктер жөніндегі заңға белгілі бір өзгерістер енгізу арқылы халқымыздың арғы-бергі дәстүрінде жоқ экстремистік, әсіре-радикал діни секталардың мемлекетіміздің аумағында емін-еркін өмір сүруіне үзілді-кесілді тыйым салған жөн.
Үшіншіден, алдағы уақытта мемлекеттік тілді білмейтін азамат­тарды жауапты қызметтерге тағайындауды доғарғанымыз дұрыс болмақ. Өйткені ондай қызметшілер он жерден атақты Гарвард пен Кембриджді бітіріп келсе де, республиканың халқының 70 пайыздан астамын құрайтын (бұған қоғаммен қазақ тілінде қарым-қатынас жасайтын қырғыз, өзбек, түрік, әзірбайжан, татар, т.б. түрік тілдес халықтардың өкілдерін қосыңыз) жергілікті халықтың талабын, мұң-мұқтажын түсініп жарытпайды.
Төртіншіден, қоғамда жағымпаздық пен екіжүзділікті қазақстандық социумның моральдық, психологиялық климатын іштен шірітетін жиіркенішті мінездер ретінде қатаң айыптайтын ахуал орнату ауадай қажет. Себебі о баста өзімізден айырмашылығы жоқ жан-жақты билік иелерін осы жағымпаздар мен шолақ белсенділер бірте-бірте оларды жөнді-жөнсіз азаннан кешке дейін мадақтау, астарына өтірік көпшік қою арқылы кейіннен ірілі-ұсақты тирандарға, жемқорларға айналдырады, сөйтіп оларды өздерінің жақтастарына айналдырып алады.
Бесіншіден, ең бастысы, еліміздегі Конституциядан – Сайлау туралы заңды Парламентте қайта қарап, оны барынша, ашық, әділетті етіп, өркениетті елдердің демократиялық нормаларына сай етіп қайта қабылдау қажет. Сол арқылы комендатты партиялар тізімі бойынша сайланатын округтармен қатар бұрынғыдай бір мандатты можаритарлы сайлау округтарын қалпына келтіргеніміз абзал. Өйткені қазіргідей кандидаттарды партиялар тізімі бойынша ғана ұсыну сайлаушылардың таңдау құқын шектеуден өзге ештеңе емес.

Серік АСЫЛБЕКҰЛЫ, жазушы

ТӨТЕНШЕ ҚАУІП ЕНДІ ҚАЙТЫП КЕЛМЕЙДІ

Кеше ғана еліміз тәуелсіз­дігімізге төтенше қауіп төндірген аласапыран жағдайды бастан кешірді. Егер бұл жағдайды ұйымдастырушылардың арам ниеттері жүзеге асқанда біздің алдағы өміріміз бен тұрмыс-тіршілігіміз қандай болар еді дегенді көзге елестетудің өзі қиын. Бірақ еліміздің тағдыры төтенше сынға түскен осындай аса күрделі кезде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев барынша жедел әрі ұтымды, саяси мән-маңызы терең нақты әрі батыл шешімдер қабылдай білді. Соның нәтижесінде аласапыранды ұйымдастырушылардың алға қойған қылмыстық мақсаттары жүзеге аспады. Қазақстан өз тәуелсіздігі мен біртұтастығын қорғай білетін мықты мемлекет екенін бүкіл әлемге дәлелдеді. Соған орай, елімізде мұндай төтенше қауіп енді қайтып орын алмайды деп сенеміз. Дегенмен, осындай сәтте «Мұндай төтенше жағдайдың шығу себебі неде?» деген сұрақтың туындайтыны да заңды. Бұл сұрақ болашақта талай рет сөз болып, жан-жақты зерттеліп, соған орай нақты жауабы да айтылатыны анық. Ал біздің өз ойымызша, мұның басты себебі еліміздегі ұшан-теңіз байлықтың түрлі дәрежедегі жемқорлардың талан-таражына түсіп, қалың бұқара халықтың тұрмыстық жағдайының төмендеуінен туындап отыр. Төтенше оқиға басталғанда белгілі қайраткер қаламгер Смағұл Елубай бұл жөнінде осы әлеуметтік желіден өз ойын ортаға салған еді. Сол сәтте біз де әріптесімізді қолдап төмендегідей пікір білдіргенбіз: «Смағұл мырза өте дұрыс мәселе көтеріп отыр. Біздің Қазақстанда жер жүзінің ешқандай елінде жоқ ұшан-теңіз байлық бар. Мұндай ұшан-теңіз байлығы бар елдің халқы түгелдей өте бай, барынша ауқатты өмір сүруге тиіс. Бұған, басқаларды былай қойғанда, осы өзіміз сияқты мұнай өндіретін араб мемлекеттерінің жағдайы айқын дәлел. Ал бізде бәрі керісінше. Нақтылап айтқанда, бізде елдің, жердің байлығын неше түрлі қитұрқы жолдармен, жемқорлықпен талан-таражға салу кең етек алған. Және бұл үшін ешкім ешқандай жауап бермейді. Бұдан қалай құтыламыз? Бұл үшін біздегі ел басқару мен экономиканы дамытуды өркениетті мемлекеттердің тәжірибелерін негізге ала отырып, түбегейлі қайта қарап, нақты реформа жасап, жаңаша жүргізу қажет. Ондай нақты реформа жасалмаса бәрі қазіргіден түк өзгермей, бұрыңғысынша қала береді.»
Жалпы, мұндай мазмұндағы мәселелерді әртүрлі тақырыппен бұрын да көтеріп келе жатқан­быз. Бірақ оған ешкім елең етпейтін. Керісінше, жұрт алдына шыққандар «Бізде бәрі керемет!» деген сыңайдағы ұзын-сонар қызыл сөзден бір танбай, сайрай беретін. Содан кәдімгідей үміт үзгендей болып жүр едік. Бірақ бүгін бәрі басқаша болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінде Үкіметтің жаңа басшысын бекіткеннен кейін Қазақстан халқына арнап керемет сөз сөйледі. Мемлекет басшысы бұл сөзінде біздің экономикалық жағдайымыздағы орын алып отырған бүкіл кемшілікті бүге-шігесіне дейін қалдырмай, жіпке тізгендей етіп айтып шықты. Ол кемшіліктердің орын алуының себептерін де нақты көрсетіп, оларды жоюдың жолдарын да анықтап берді. Мұның өзі еліміз дамудың құр қызыл сөздегі емес, нақты іс жүзіндегі айқын жолына түскенін көрсетеді.
Әрине, Президенттің бұл алға қойған мақсат-міндеттерінің бәрі бірден, оп-оңай жүзеге аса қоймайтыны да түсінікті. Тіпті, әртүрлі жымысқы оймен бұл мақсат-міндеттерге кедергі жасауға тырысатын жағдайлардың кездесуі де әбден мүмкін. Соған орай, Қазақстанның бүкіл халқы Мемлекет Басшысының төңірегіне тығыз топтасып, алға қойылған мақсат-міндеттердің орындалуына бір кісідей жұмыла атсалысуы қажет. Және біз шын мәнінде солай боларына кәміл сенеміз.

Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ, жазушы

АУЫР СЫНАҚ – ӨЛШЕУСІЗ САБАҚ

«Алматы трагедиясы» атауымен тарихқа енетін қаңтар оқиғасы қай-қайсымызға да оңай тимеді. Елімізде мұндай қайғылы жайттың орын алуына ең әуелі еркіндікті еркінсу деп ұғатын орашолақ ойсыздығымыз себеп. Әйтпесе бейбіт шеру дегеніміз – демократиялық бағыт ұстануы тиіс әрекет болатын. Бұл сөзімізге – орынды талаптарын қоя білген жаңаөзендіктердің басқа аймақтардағы шерушілерді, шерушілерге ерушілерді: «Бізге мұндай «қолдауларың» көк тиынға керек емес! Тоқтатыңдар бассыздықты!» – деп пәтуаға шақыруы дәлел. Ақылы бар адам осылай етсе керек еді.
Өз мүдделерінің орындалуына қол жеткізген жаңаөзендіктер жиылған митингілерінен ерікті түрде тараған соң, артында қалған кең алаңқайды шашпай-төкпей, сыпырып-сиырып, бірнеше күн түнеген жерлерінде қыл-қиқымын да қалдырмай тазалық орнатып кетті.
Ал басқа өңірде бас көтергендер өздерінің айғайға сүрең қосқан аттаншылдықтарынан от шығартып, деструктивті арандатқыштардың ықпалымен өрт қаулатып алғандарын білмей де қалды. Жалған популистердің бұл осалдықтарын сұғанақ көзді сыртқы күштер оп-оңай пайдаланып үлгерді.
Қанша ғимараттар іске алғысыз боп қалды… Лаңкестер тып-тыныш тұрған ортақ мүліктер мен мемлекеттік мекемелерді әкелерінің құны бардай қиратты екен? Автокөліктерді, техникаларды тоз-тоз қып, әскери, әкімшілік, әлеуметтік нысандарға шабуыл жасап, жүздеген бейбіт тұрғындар мен әскери қызметшілердің денсаулығы мен өміріне қатер төндірген лаңкестердің содырлығы Құдай алдында да ақталмас.
Қаза тапқан сәбилер мен азамат­тардың қайғыдан қара жамылған шаңырақ иелерінің көз жасы қалай тиылмақ? Мақұл, оның бәріне уақыт емші дейік. Бірақ біз өз дамуымызды керісінше біраз уақытқа тежеп алдық.
Абырой болғанда, ел заңына бағынбағандармен сөздің басқаша болатынын сездірген Президентіміз жедел қимылдап, шұғыл шешімдерді қолға алды. Қатаң шараларға көшті. Республика бойынша төтенше жағдай жарияланып, блок бекеттер қойылды. Террористерге қарсы арнайы операциялар жүргізілуде.
Жалпы жағдай тұрақталды. Бірақ босаңсуға болмайды. Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, «Бұл оқиға мемлекетіміздің тұрақтылығы мен қауіпсіздігін сынаудың бір түрі болды». Ендеше ел ішін дүрліктірген ауыр сынақ – өлшеусіз сабақ. Енді мұндай бассыздық пен ессіздікке жол берсек, тарих бізді кешірмейді.

Үміт БИТЕНОВА, ақын

НЕГЕ ЖАСТАР АРАНДАДЫ?
Елде басы бейбіт экономикалық талаптардан басталып, аяғы бүліккеұласқан үлкен дүрбелеңболды. Бірақ бір нәрсеніңбасын ашып айтуымыз керек. Бейбіт шеруге шығып, экономикалық және саяси талап қойғандардың әкімшіліктерді, «Нұр-Отан» мен полиция ғимараттарын талқандауға, сау­да орындарын талан-таражға салуға қатысы болған жоқ. Бұл сойқанды ресми мәліметтерде айтқандай, тыңғылықты дайындалған содырлар бастады. Оларға түрлі ұры-қарылар қосылды.Жастар мен пайдакүнемдер ерді. Кейбір мәліметтерге қарағанда, жастарға ақша таратқан сыңайлы.
Бұл жағдай біздерді, аға-ұрпақөкілдерін қатты қынжылтты.Халықты, жастарды дауысымыз жеткенше сақтандырдық та. Бірақ «неге жастар арандады?»деген сұрақ көкейімде кептеліп тұр. Соған жауап іздегенде ойыма ылғи оралатын бір мысалды қазір де қайталағым келеді. 1969 жылы Кеңестер Одағының идеологтары Киевте жиын өткізді. Соған қатысып келген бір әріптесіміз мынаны айтты: «Буржуазиялық Батыстың идеологтары: «Жоспар, жоспар, жоспар орында дегенидеологиясын қайталай берсін, ал біз олардың жастарының санасын жиырма жылда жаулап аламыз», –дейді екен. Бірақ біз жастардың санасын қоғауға дәрменсізбіз депті кеңестік ғалымдар. Шынында да, жиырма жыл өткенде соның нәтижесі көрінді».
Дәл осындай жағдай қазір біздің де басымызда бар. Тіпті одан да күрделі. Өйткені жастар бүкіл әлемнен ақпаратты еш кедергісіз алады. Сондықтан осындай ақпараттық бәсекеде өз елінің патриотындаярлауоңай шаруа емес. Тек ақиқатын ағынан жарылып айтқандар ғана жанды баурап, сананы жаулап алады. Өйткені, менің түсінігімше, халық байлықтың құлы болғаннанақиқаттың құлы болғанды артық көреді.
Міне, осы жерде жазушыларға да өте үлкен жауапкершілік жүктеледі. Бауыржан Момышұлы: «Егер сен менің батальоным туралы жазатын болсаң, ол шығармаң «әскери көркем құрал (пособие)» болуы керек», – деп шарт қойған Александр Бекке. Баукең сонда жауынгерлерге, жалпы оқырмандарға қандай шығарма керек екенін дөп басып айтқан, яғни «Романың көркем оқулық болсын», – деген.
Біз де «жастарға, жалпы қоғамға бүгінгі күні қандай шығарма керек және ол қандай тәсілмен жазылып, қалай таратылуы керек?»деген мәселе төңірегіндеқатты ойлануға тиіспіз.

Елен ӘЛІМЖАН, жазушы

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЖАҢАРУЫ ӘРҚАЙСЫМЫЗДАН БАСТАЛСЫН!
Григорян күнтізбесі бойынша 1922 жылдың қаңтары Қазақстан үшін тарихи сынақпен басталды.
Бір аптада бір дәуірді өткізгендей болдық…
Алғашқы онкүндігінің өзі дүрбелеңмен өтті. Елдің есін екеу, түсін төртеу етіп, ару қаласын отқа орады. Шекарамыз шегендеулі, судан да, құрлықтан да күзетулі деп сеніп жүргенімізде, жат пиғылды топтар ішімізден де, сыртымыздан да шықты. Олар ойларына келгенін істеп, ойран салды. Өртеді, өлтірді, тонады… Өрімдей жастар қаза тапты…
Елге, Тәуелсіздігімізге қауіп төнген сын сағаттарда ел өзі сайлаған Президентіміз дұрыс шешім қабылдау арқасында содырларға тойтарыс берілді. ҰҚШҰ-ның бейбітшілік күштері дер кезінде көмекке шақырылды.
«Елімізде болған мемлекеттік төңкеріске ұмтылған соғыс бірнеше жылдан бері тыңғылықты дайындалған.
Не себепті еліміздің аумағында осыншама заңсыз қару мен арнайы құралдар табылды? Неге терроризм нысандарын анықтау мен бейтараптандыру бойынша агентура жұмысы жүргізілмеді?», – деді Парламент Мәжілісінің отырысындағы сөзінде Мемлекет басшысы.
Ұлттың қауіпсіздігін күзетеді дегендер сатқын болып шықты! Олардың алды қолға түсіп, тергеуде жатыр…
«Арнайы тергеу тобы трагедияның барлық себебі мен мән-жайын ашуы керек. Отанға опасыздық жасағандардың бәрін жазалау керек!», – деді Президент. Айтылды! Орындалатынына сенеміз.
«Тәуелсіздік тарихында біз алғаш рет аса күрделі және қатерлі кезеңге тап болдық. Ел басына түскен осындай сынақты қайыспай, біртұтас ел болып еңсере білдік. Енді біз мұндай жағдайға ешқашан жол бермеуіміз қажет. Сондықтан еліміз душар болған ауыр қасіреттің себептерін саралап, оның салдарына нақты баға беру – алдымызда тұрған өте маңызды міндет», – деген Мемлекет Басшысының әр айтқан сөзін барша қазақстандық айрықша назар аударып тыңдады. Әр сөзіне мән берді. Тәуелсіздігіміздің бесігі болған сүйікті Алматымыз отқа оранып, көшесінде қан төгіліп жатқанды көргендер бейбітшіліктің, тыныш өмірдің қадірін жандарымен сезінген болатын. Экономикалық және әлеуметтік ахуал тек қана Тәуелсіздік тұғырлы, елде бейбіт өмір болғанда ғана түзелетініне көздері жетті.
ҚР Президенті Қ.Тоқаев «Қазақстанда дамудың жаңа кезеңі басталды» деп мәлімдеді. Енді сол Қазақстанның жаңаруы әрқайсымыздан басталады. «Мемлекеттен не аламын» деп емес, «мемлекетке не бере аламын» деп өмір сүруіміз қажет екенін,біртұтас елдігімізді сақтау әрқайсымыздың міндетіміз екенін түсіндік.
Ел болашағы – білімді жастардың, шынайы партриоттардың, өз саласының білікті мамандарының қолында болатыны, жаңа жұмыс орындары мен бес жаңа университет құрылатыны айтылды. Бұл деген жастарымыздың жолын ашып, өмірге құлшынысын арттырады. Отанына қызмет етіп, келешегін жасайды деген сөз.
Президентіміз Ахмет Байтұрсынұлының «Мұғалім – мектептің жүрегі» дегеніне тоқталып, ұлт болашағының білімі мен тәрбиесіне баса назар аударатынын білдірді.
Енді еліміз дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Елдің жағдайын жақсарту жолында Президенттің айтылған тапсырмаларын жаңа тағайындалған Үкімет орындайды деп үміттенеміз. Ел қамын ойлайтын жаңа Үкімет келді деп сенеміз.
Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Шаңырағымыз шайқалмасын! Бірлігіміз арта берсін!

Сәуле ДОСЖАН, жазушы

БҰЛҒАҚ КЕЗІНДЕ БҰЛАҚ ТА ЖЫЛАП АҒАДЫ

Ел террорлық агрессиядан аман қалды. Билікті басып алуға ұмтылғандар бейбіт халықтың обалына қалды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың табанды күресінің арқасында Мемлекеттілік сақталды. Аллаға тәуба айтайық.
Бұлғақ кезінде бұлақ та жылап ағады! Қанша адамның көз жасы қаныпезер қарақшыларды сұраусыз жібермес. Ерте ме, кеш пе кінәлі топтар анықталады. Аттары аталады. Жазаға тартылады.
Қазақстан Президенті Қ.К.Тоқаев 11 қаңтарда елдегі ахуал туралы сөз сөйледі. Елдің ең өзекті мәселелері ортаға салынды. Халықтың жағдайын жақсартуға бағытталған маңызды тапсырмалар берді.
Бірінші кезекте Тәуелсіздікті нығайту, бұл үшін әскерді күшейту, білімді арттыру, халықтың табысын көтеру, өңдеу және тау-кен өндірісін, ауыл шаруашылығын дамыту, инфляцияны ауыздықтау, квазимемлекеттік секторды реттеу және тағы басқа салаларға қатысты нақты тапсырма берді.
Ең басты нәрсе – әлеуметтік әділет орнату. Осы тұрғыдан алғанда қаралы күндер артта қалып, жаңару, тазару бағытына бет түзеледі!
Президент ең алдымен халықтың табысын арттыру мәселесіне баса назар аударды.
«Қазақстан халқына әлеуметтік-қоғамдық қоры ашылады. Оның қаржысы қатерлі ауруға шалдыққандардың қымбат еміне, операциясына, балаларға, бұқаралық спорт­ты дамытуға арналған кешендер салуға, қызметтік борышын атқара жүріп опат болған құқық қорғау, әскери, азаматтық қызметкерлердің отбасына көмектесуге, зардап шеккен аймақтарға көмекке жұмсалады. Қаржыландыру – жеке және мемлекеттік қаржы көздерінен, шетелдік қайырымдылық қорларынан болады. Байлығы асып-тасыған олигархтар жыл сайын қаржы құюы керек», – деді.
«Самұрық-Қазына» қорын реформалау қажет, жасай алмасақ, оның экономикамызға қажеті жоқ», – деді.
Елдегі ең үлкен Ұлттық компаниялар жұмысы сынға алынды.
«Самұрық-Қазына» қорының сатып алуларына қатысты шағымдар жиі келіп түседі. Қордың активі жалпы ішкі өнімнің 60 пайызына жуығын құрайды. Бірақ қор ұлттық байлықты арттырды ма? Қордың үлкен жалақы алатын басшылары, қызметкерлері немен айналысады? Квазимемлекеттік секторды түбегейлі өзгертуді тапсырамын. Егер оны реформалай алмасақ, ондай қордың біздің экономикамызда болмағаны дұрыс», – деді. Бұл халықтың көкейінен шығатыны сөзсіз.
Мемлекет басшысы мәлімдемесін тарихи сөзбен түйіндеді: «Жаңа Қазақстанды бірге құрайық!» Бұл жаңа өзгерістердің басталатындығын аңғартады. Ел аман, жұрт тыныш болсын!

Нұртөре ЖҮСІП,
ҚР Парламент Сенатының депутаты

АЛАПАТЫ АУЫР СЫНАҚ
Жаңа 2022 жыл еліміз үшін бұрын-соңды болып көрмеген, тіпті бейбіт тұрғындардың қаперіне де кіріп-шықпаған аласапыранмен басталғаны баршаға аян. Қаңтар айының төрт-бесінен басталған Алматыдағы лаңкестік баршамызды алаңдатқаны рас. Қала тұрғындары көк жәшіктің алдынан шықпай күнделікті Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың үндеуін тыңдаумен болды.
Біріншіден, басып айтарымыз, Президент елімізде орын алғанбар оқиғаны бүкпесіз ашық айтып, атқарылып жатқан қорғаныс шаралары туралы қарапайым халықты күнделікті құлағдар етіп, өзінің елімен бірге екенін жеткізді. Мұның өзі үрейленген жұрттың көңіліне үміт ұялатып, сабырға түсуіне көп ықпалын тигізді. Және бұл үндеу күнделікті теледидар арқылы беріліп, қай тұста, қай қалада қандай лаңкестіктер болып жатқаны жария етіліп тұрды. Жасырып, жабу, бүкпелеу болған жоқ. Президент және бұл бүліктің артында кімдер тұрғанын және көздегендері төңкеріс жасау екенін де жасырмады. Сөйтіп, өзінің нағыз ел басшысы екендігін дәлелдеп, қиын-қыстау кезеңнен мемлекетімізді аман алып шықты. Әрине, қарулы қақтығыс өлім-жітімсіз болмады. Ел тыныштығын қорғаған қыршын сарбаздарымыз бен полиция қызметкерлері шейіт болды. Есімдері ел есінде мәңгі сақталатын боздақтарымыздың имандары жолдас болсын!
Жаңа жылдың басында ел басына ауыр сынақ болып төнген бұл лаңкестік-
әрекет кімнің кім екенін көрсетіп, бетін ашып бергеніне де куә болдық. Қаңтар айының 11-інде өткен Парламент мәжілісінің отырысындағы Мәлімдемесінде Қасым-Жомарт Кемелұлы мұны ашық айтып, ендігі жерде мемлекетіміз үшін жаңа реформалық кезең басталатынын алға тартты. Мәлімдемеде барлық сала толық қамтылып, атқарылуы тиіс нақтылы іс-шаралар баса айтылды. Солардың бірі – ауыл шаруашылығын өркендету, оны субсидиялаудың жаңа, әділ жолдарын іздестіру. Оның баршаға ортақ қолжетімділігін арттыру.
Расында, біздің еліміздің түп-тамыры ауылда. Ауыл шаруашылығы өркендесе, ауыл тұрмысы жақсармақ. Ауыл мәдениеті көтерілмек. Азық-түлік молшылығына жол ашылады. Сондықтан Президент мәлімдемесін басшылыққа ала отырып, жергілікті орындарда әкімдер «бармақ басты, көз қыстысыз» шаруа қожалықтарына көрсетілер көмек қаражатын әділ бөліп, бұррынғы қалыптасып қалған «қағазбастылықтан арылғаны ләзім». Сондай-ақ әрбір аудан, ауыл басшылары «әкім бол, халыққа жақын бол» ұстанымына сай тұрғындар арасына жиі шығып, есеп беру кездесулерін өткізіп тұруға міндетті екені де айтылды. Қысқасы, ауыр сынақтан өткен еліміз еңсесін тіктеп, алдағы уақытта жаңаша өмір бастауы тиіс. Оған айқын бағыт-бағдар бар. Тек уыздай ұйыған береке-бірлік пен үлкен жауапкершілік керек. Ендігі міндет –індеттей жайлаған жеке басқа табынушылық пен жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың тамырына балта шабу.

Арасанбай ЕСТЕН, жазушы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір