ҚАРАЛЫ ҚАҢТАР: ІШКІ КЛАНДАРДЫҢ ИНТРИГАСЫ
07.03.2022
705
0

Қаңтар дүрбелеңі кезінде бұзақылар мен тонаушылар болды ма, болмады ма? Егер осындай сұрақ маған қойылса, мен «болды!» дер едім. Енді айтқанымды өз басымнан өткен оқиға бойынша дәлелдейін.

Біз Төле би мен Байзақов көшелерінің дәл қиылысқан тұсындағы тоғыз қабатты үйдің бірінші қабатында тұрамыз. Жұбайымнан басқа балам, келінім, қызым және немерелер бар. Үйдің Төле би көшесі жағында «Алма-сити» әмбебап дүкені орналасқан. Өзі әудем жерді алып жатыр. Қарама-қарсы  бетте БТИ және «Grand Азия» бизнес орталығы. Одан басқа маңайда бірнеше азық-түлік, киім-кешек дүкені, бірнеше дәмхана, асхана, ноториальдық кеңселер, «Халыққа қызмет көрсету орталығы», «Каспибанк», «Центркредитбанк» бөлімшелері, ақша айырбастау нүктесі жұмыс істейді. Бірінші қабат болған соң, көршілердің бәрі пәтерлерін кәсіпке ыңғайлап қайта жасақтап алған. Қарсы беттегі үйдің де бірінші қабаты түгелімен бизнес нүктелері. Пәтер ретінде  тұратын жалғыз біз ғана. Көріп отырғанымыздай, бұл маңай  халықтың көп шоғырланған ауданы десе болады.

Қаңтардың 5-күні «Алматы-арена» және «Алтын орда» базары жақтан шыққан шеру Төле би көшесімен жүріп отырып, Республика алаңына бет алды. Түстен кейінгі уақыт, сағат 5-тер шамасы болатын. Біз үйде едік. Алдымен тарсыл-гүрсіл дыбыстар жетті. Іле-шала халықты алаңға шақырған айқай-шулар естіле бастады. Мұндайда адамның дегбірі қашатын әдеті емес пе. Халық шеруі бізге де қызық көрінді. Үйде омалып отыра бергенше, жастарға қолдау көрсетейік деп, тысқа шықтық. Қолдау көрсету – үлкендерге парыз ғой. Оның үстіне сонау 1986 жылы алаңға шығып, ұрандатқанымыз еске түсті. Алаулатқан-жалаулатқан шеру Төле бидің қақ ортасымен кетіп барады екен. Шеруді жақыннан тамашалағымыз келіп, солай қарай аяңдадық. Осы кезде шерушілерден отыз шақты адам бөлініп шықты да «Алма-ситиге» жақындап барды. Одан арғасы көз бен қастың арасында өтті. Бейбіт шерушілер көз алдымызда тонаушы мен бүлікшіге айналып шықты. Дүкеннің шыныдан жасалған есігін сындырып, ішке лап қойды. Сол-ақ екен айнала айқай-сүреңге толып кетті. 

Шыны керек, біз бейбіт шеру аяқ астынан бұзақы топқа айналын кетеді деп күтпедік. Жүрегім зырқ ете түсті. Қайдан пайда болғанын қайдам,  аузы-мұрнын тұмшалап алған бес-алты бұзақы біздің үйдің ең шетінде орналасқан  дүкен шынысын шағып, ішке кіруге әрекет  жасап жатқанын көзім шалды. Тағы бір үш-төртеуі дүкен алдындағы банкоматты құлатып, темір кеспелдектермен ұра бастады. Мына бейбастықты көріп шыдап тұра алмадым. «Жігіттер, бұл істеп тұрғандарың қылмыс қой! Қойыңдар, тәртіп бұзбаңдар!», деп  сабырға шақырған болдым. Бірақ, олар менің сөзімді шыбын шаққан құрлы көрмеді. Бұзақылығын жалғастыра берді. Тіпті, біреуі маған дөң-айбат көрсетіп: «Бір-ақ ұрып жалп еткізейін бе, осы! Жаныңның барында тайып тұр, әйтпесе…» – деп кіжінді. Жұбайым сүйрелеп әкетпесе, бір жанжалдың шығатыны анық еді. Сонда байқадым, қолына ұзын таяқ ұстаған бірнеше бұзақы үйді жағалап жоғары қарай жүгіріп барады екен. Қарсы жақ беттегі дүкендердің де шынысын шағыла бастаған. Сондағы қорыққанымыз-ай! Зәреміз зәр түбіне жетті. Жұбайым екеуміз тұп-тура пәтеріміздің терезесі алдында табандап тұрып алдық.  Жан баласын жолатпаймыз. Бұзақылар жақындай бергенннен: «Бұл пәтерге тиіспеңдер, іште кішкентай немерелеріміз бар!», – деп шыр-пыр етеміз. Абырой болғанда, ешкім бейбастық жасамады. Ересектеу біреуі «Бұл жерде біз іс қылатын ештеңе жоқ екен, кетейік» деп басқаларды өзімен бірге алып кетті.

Бұл оқиға отбасымызға, көңіл күйімізге кәдімгідей салмақ салды. Екі-үш күндей ұйықтай алмадық. Терезенің алдын кезек-кезек күзетеміз. Сыртта дабыр-дүбір естілсе, есік алдына жүгіріп шығамыз. Қысқасы , бүлікшілер салған ылаңнан әбден запы болдық. Сонда бұлар тонаушы, бұзақы болмағанда кім?

Әрине, бейбіт шерушілердің бәріне бірдей топырақ шашудан аулақпыз. Дегенмен көрген көзде, естіген құлақта жазық жоқ.  Сол күндері көшеде өзімен-өзі кетіп бара жатқан тұрғындарды қорқытып, үркітіп, мылтық кезеп, пышақ көрсетіп топқа қосып алған бұзақылар туралы естідік. Көптеген дүкендер, қару-жарақтар, банк бөлімшелері, ақша айырбастау пунктері, көшеде қаздай тізіліп тұрған мыңдаған банкоматтар, түгел қарақшылық шабуылға ұшырады. Жүздеген автокөліктерді өртеп, өрт сөндіргіш, жедел жәрдем көліктерін күштеп тартып алып, ару қала – Алматыны отқа ораған бүлікшілер жайлы да естідік.  Автоматпен оқ жаудырып, өз жолымен кетіп бара жатқан жетпістегі ата мен үш жасар немере өлімі туралы да  хабардар болдық, бейшаралар сол замат  тіл тартпай кетті дейді. Көп нәрсе естідік. Басы кесілген полицейлер, ауруханада өлімші болып жатқан жаралыларды күштеп алып кету, мәйіттерді көрден қазып алу, ортағасырлық жазалаулар, үш ұйықтасаң да түске кірмейтін үтік басу, басқа да төбе құйқаны шымырлатар азаптаулар туралы да естіп білдік. Қазақтың осыншама қатыгездігіне  сенгіміз келмегені де рас. Бірақ, осының бәрі көбіміздің көз алдымызда болды емес пе? Сонда мұны кімдер істеді? Кімдер тонаумен айналысты? Қару-жарақты кімдер  ұрлады? Жазықсыз опат болғандарға оқ атқандар кімдер? Бейбіт шерушілер ме, мемлекеттік күштер ме? Мүмкін, әртүрлі жолмен бойтасалап кірген бүлікшілер шығыр? Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Qazaqstan» ұлттық арнасына берген сұхбатында бұл мәселе жөнінде нақты айтты. «Шын мәнінде, бұл – кәсіби қарақшылардың ісі… Арнайы дайындықтан өткен қылмыстық топтар, лаңкестер оқиғаның бел ортасында жүріп, қарақшыларды, құқық бұзушыларды басқарды. Жалпы, мына нәрсені дұрыс түсінуіміз керек. Алаңға шыққандардың бәрін түгел бейбіт шеруші деп айтуға болмайды. Бұл – ешқандай ақылға сыймайтын нәрсе. Ең алдымен лаңкестер жағдайды ушықтырды. Олардың мақсаты – елдің тұтастығын бұзу, елді қорқыту. Ал, бейбіт шерушілер солардың қармағына түсті». Басқаны қайдам, өз басым президенттің осы айтқанына сенемін. Өйткені, тонаушылар мен бұзақыларды өз көзіммен көрдім. Бейбіт шерушілер кәнігі қарақшылар мен қылмыскерлерге арандап қалғаны анық.

Көп ұзамай қару тонаған қарақшылар мен бұзақылардың ұсталғандығы туралы ресми ақпарат тарады. Бірақ олар қай елдің азаматтары, аты-жөндері кім – әлі ашық айтылған жоқ. Сол себепті де қоғамдағы бір-біріне қайшы әртүрлі пікірлерге сеп болып жатыр. Бір нәрсе анық, қаралы қаңтарды – бүкіл қазақтың көтерілісі деп кесіп айту қиын, ол – бір-біріне қарсы ішкі саяси кландардың текетіресі, бұл қақтығыс – солардың іс-әрекеті, солардың интригасы.

Қазір елімізде мылтықсыз майдан жүріп жатыр. Тәуелсіздік үшін күрес әлі аяқталған жоқ. Әсіресе Ресей мен Украина арасындағы саяси шиеленіс ушыққан тұста толық тәуелсіздіктің ауылы әлі тым алыс екенін ұғына бастағандай болдық. Дегенмен, қаралы қаңтар – әрбіріміздің жеке-жеке адам ретінде де, қоғам, мемлекет ретінде де ескерту жасаған өте маңызды оқиға болды. Тіпті, өмірдің құндылығы мен оның біз үшін қаншалықты қымбат екенін қаперге салды, бақытты ел болуға қақы бар қазақ баласының оянып жатқанын дәлелдеді. Сол себептен қазір қазаққа ішкі бірлікті нығайта түсуден артық мәселе жоқ деп ойлаймын.

Адам баласы арман еткен ең басты құндылық – бостандық пен бейбітшілік. Тұтас халықтың соған деген үміті мен сенімі. Осы үміт пен сенімді бізге мемлекетпен байланыстыру ләзім. Мемлекетшілдік идеясы дегеннің өзі – халық пен биліктің мүддесін бір мақсатқа жұмылдыру болса керек. Оны жұмылдыра алмаған жағдайда қаралы қаңтардың оты қайта тұтанып кетуі ғажап емес. Біз осыдан сақ болуымыз керек.

Болат ШАРАХЫМБАЙ, ақын 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір