«Заман да, заман, заман-ай…»
16.12.2022
823
0

«Аза» кітабындағы өлеңнен өрбіген ойлар

Еліміздің әр аймағы бойынша саяси қуғын сүргін құрбандарының есімдері, олар туралы қысқаша деректер берілген 14 «Аза» кітабы келешек ұрпақтар үшін де тарихи тағылымы терең естелік мұра екені бәрімізге белгілі. Қызылорда облысы бойынша 1937 жылы «халық жауы» деп жазықсыз ұсталғандармен бірге атам Әбдіқалық Адаев пен оның бауырлары туралы қамтылған деректердің ішінде бір өлең қоса берілген еді. Осы өлеңге Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Ерғали Абдулла үлкен мән беріп, жергілікті Арал қаласының «Толқын» газетінде «Азалы жылдардан жеткен аманат жыр» (2021 ж. 11 қыркүйек) деген мақаласын жариялады. «Қазақ халқының бетке шығар барша қаймағын, қара нардай қайыспас қайраткерлерін… аяқ-қолын шынжырлап, алысқа айдап бостырған 1937 жылғы нәубет құрбандарына арналып шыққан «Аза» кітабын дерек пен дәйек іздеп, әр ақтарған сайын бір өлеңге әрдайым көз тоқтатып, көңіл аударып, қайталап бір оқып шығатынмын. Қиғылықты да ауыр заманның сүргелеңін, сұрықсыз сойқанын сол өлеңнің әр жолынан көріп, аяқ астынан іште басылмас қыжыл, жүректе зіл батпан ауырлық пайда болатын» деп тебірене бастаған мақаласы біздің әулетпен қоса, көпшілік оқырманның да назарын аударды.

Мақала авторының «кеңес өкіметінің сорақы саясатына қарсы жазылған жыр авторларының кейінгі тағдыры, ұрпақтары бар болса, олар туралы мағлұмат біздер үшін әзір белгісіз» деген сауалына жауап ретінде, әрі сол аманат жыр иелерінің артында қалған ұрпақтарының атынан өз пікірі мен ризашылығын білдірген ағам Болат Әбдіқалықовтың «…Аманат жырдың» иелері хақында» деген мақаласы осы «Толқын» газетінде (2021 ж. 5 қазан, 3-б.) жарық көрген болатын. Енді өлеңге қатысты айтылған ой-пікірлерге аз-кем тоқталып өтсек.
«Аза» кітабындағы (126-б.) «Пишу письмо родной брат Карасай» деп басталатын бұл өлең Әуез Қазыбаев туралы деректерден кейін беріліп отыр. Әуез – Әбдіқалықтың бірінші ағасы Қазыбайдың баласы болса, өлең кейіпкері Қарасай – атамның туған үшінші ағасы. «Перевод из контрреволюционной песни, составленной муллой Адаевым Абдыкалыком и Казыбаевым Ауезом» деген түсіндірмеден кейін орыс тілінде 38 жолға құрылған өлең мәтіні және соңында жақшаға алынған мынадай: (Перевод верно: пом. опер. уполн. РО НКВД Асыкбаев) мәлімет бар. Өлең:
Пишу письмо родной брат Карасай,
Эпоха наша плохая и склерная эпоха,
Мы бессильны перед такой эпохой,
Отравлены в огне яды моей круги, –
деп басталады.
Е.Абдулла аталмыш мақаласында «О баста қазақ тілінде жазылып, жұрт арасына тараған жыр сол кездегі сот-тергеу талабына сай орыс тіліне аударылған. Елге тарағанда ұзақ жыр болса керек. Өйткені өлеңнің жиырма алтыншы тармағынан кейін бір жолға көп нүкте қойылып, әрі қарай екінші бөлігі берілген. Бұл жыр-өлеңнің қазақ тіліндегі нұсқасы сақталмаған. Алайда осы жыр тарихи, әрі көркем-әдеби дерек, айнымас айғақ ретінде бізді қат­ты қызықтырды. Оның шығу тарихын білуге итермеледі, ізденіс жасауға талпындырды» дей келе, «Бұл жырдың түпнұсқасы айт-айтпа күн көсем бастаған революцияға, сталиндік кеңес өкіметіне қарсы зиянды туынды ретінде жойылғаны анық. Ал жат­тап алып, ел арасында айтса, тар қапасқа қамалатындығы белгілі» деген болжамын да ашық айтады.
Рас, бұл өлеңнің түпнұсқасы бізде де сақталмаған. Құндыз әжеміздің айтуынша, атамызды тұтқындауға келген адамдар үйдегі бар қағаз бумаларды қапшық қалтаға салып, өздерімен бірге алып кеткен. Өкінішке қарай, атам Әбдіқалықтың түрмеге түскенге дейінгі өлеңдерінен осы – Қарасай бауырына арнаған бір ғана өлеңі орыс тіліндегі аудармамен осылайша жетіп отыр. Осы өлең Қарасай атамыз енді ұсталған уақыт­та жазылған тәрізді. Олай дейтініміз, Әбдіқалық атамның өзі де көп ұзамай тұтқындалады. Осы аралықта ағасын («Откуда же я найду теперь Такого дорогого брата как Карасая») деп, сағынып жазған хаты болса керек. «Аза» кітабындағы деректерге сүйенсек, Қарасай Адаев 1937 жылдың 12 тамызында тұтқындалған. Нақтырақ айтсақ, «Тергеу ісі аяқталып, айыптау қорытындысы 1937 жылғы 19 тамызда шығарылған. Ақтөбе облыстық НКВД басқармасы жанындағы үштіктің 1937 жылғы 26 тамыздағы қаулысымен Адаев Қарасай ең жоғарғы жаза – ату жазасына бұйы­рылған. Бұл үкім 1937 жылғы қыркүйек айының 1 күні түнгі сағат 3-те Ақтөбе қаласында орындалған» («Аза», 73-б.). Осылайша, «жырға өзек болған, екіұдай шақта ел-жұрты арқа тұтып іздеген» Қарасай атамызды асықтырып, түн ішінде жазалауына қарағанда, сол кездегі үкімет үшін ең қауіпті «жау» болғаны байқалады. Сөйтіп, Әбдіқалық Адаевтың замана шындығын ашына жазған бұл туындысы өзі сенім артқан қайсар ағасының түрмеге түскен кезеңіне орайлас келеді. Ал соңынан (1938 ж. 4 ақпан) ұсталған Әуез Қазыбаев көкесінің бұл өлеңін өзімен бірге сақтап алып жүргенге ұқсайды.
Өлеңнің орыс тіліне аударылуы да бізді ойлантады. Өйткені атам ресми ақталғаннан (1968 ж. 31 мамыр) кейін әкем Сәдірдің түрме архивінен қолына түсірген, Әбдіқалықтың екінші ағасы Қазиға арнап өлеңмен жазған осындай хаты бар. Бұл өлең қазақ тілінде (араб әрпімен) сақталған. Ал Әуез Қазыбаевтың қолындағы өлеңнің «сот-тергеу талабына сай» орыс тіліне аударылуы бәлкім, жыр кейіпкерінің ату жазасына кесілген халық «жауы» болуы да себепті болар. Екінші жағы, авторларын да бай адам ретінде танытып, бұрмалап аударуға оларға тағылған айыпты күшейтуге оңтайлы болған шығар. Жалпы, сол уақыт­тағы аудармашыларды кәсіби сауат­ты мамандар деп те айту қиын ғой. Осыны ескергендей аталмыш мақалада өлеңді «еркін аударма әдісімен тәржіма» жасаған екен.
«Әуелден-ақ бізге жырды ана тілінде қайта қанат қақтыру, оның түп негізін іздеу туралы ойдың келгені рас» деп Е.Абдулланың ағынан жарыла ықылас танытқанына зор ризашылығымызды білдіреміз. Мақаласында бұл шығарманы аудармашы Дархан Аманжолұлына қалай аудартқанын айта келе, өлеңнің қазақша нұсқасын толық ұсынады.
Зар заман, зарлы заман, заһар заман,
Нашарға кәрін төккен қаһар заман,
Алдым – ор, жан-жағым – жау, арандыдай
Орнады тап басыма ақыр заман,
Білгейсің, ой, бауырым, Қарасай!–
деп басталған өлеңді Е.Абдулла «Санасы сергек, көркемдік әлемі бай Дархан ақынның арқасында қысталаң тарихтың сұрқай сәт­терін бастан өткерген, совет­тік қызыл сот­тың бүгінде шаң басқан, кезінде қан жұққан делосының сарғайған парақтары арасында зәуде орысша «сөйлеп» аман қалған тағдырлы туынды «от ішінде мақтаны сақтайды» дегендей туған жерінде, Арал топырағында араға тоқсан жылдай уақыт салып ғана үн қатқандай болды» деген зор құрметімен «тағдырлы туынды» деп бағалайды. Бұл жырды зерделеуде де «Адамзат­тың басынан өткен сол бір қиямет-қайымы, қиын да зобалаңды жылдардың сұрықсыз суретін көз алдымызға әкелді, бар шындықты жайып салды. Кеңестік-сталиндік, тоталитарлық мемлекет­тің қанды лаңын осы бір зарлы шумақтардан ұқтық. Халықтың басына, арда арыстардың мойнына қылбұрау боп түскен қызыл тұзақтың жантүршігерлік мехнатынан, шерлі азабынан, қан сасыған қылышынан соң концлагерьлерде телмірген, ит жеккендерде тентіреген көгенкөз боздақтардың азат күнді армандай жоқтаған үнін естігендей күй кештік», – деп тебіренеді.
Шынында да «Этот советский режим-луна затемнена Кровью запятнен же луна черной сажей Пятной солнца затемнена тоже кровью, Затемнена солн­ца кровь красная, Свалена с небы все звездочки, Наша жизнь отмеряется» деп келетін жолдар сол уақыт­тың ызғарын анық танытқандай. Дархан Аманжолұлы да «Жер тозды, жан тоналды, жайлау кет­ті, Имандай қайран сөзден байлау кет­ті» деп жан бітіре аудара келе,
Ой, заман, өксік заман өткенің бе,
Мойныма ажал жүгін жеккенің бе,
Ордамда жынға ойнақ салдырғанша,
Омыртқам он үзіліп кетпедің бе,–
деп өлеңдегі ақынның өз тұлғасын да ірілендіре түседі.
Е.Абдулланың «Аралдықтарға аманат боп жеткен азалы жырдан да басқа жауһар туындылары табылып қалар деген ойдамыз» деп үміт артуы да атамыздың бізге жеткен өзге өлеңі туралы сөз қозғауды қажет етіп отыр.
Әбдіқалық Адайұлын 1937 жылы күз айында тұтқындап, 10 жылға сот­тау туралы бұйрық шығарғаннан (29 желтоқсан 1937 ж.) кейін Ақтөбеден Красноярск қаласының түрмесіне ауыстырады. Әкеміздің қолжазба папкаларындағы «15 сентября 1967 года. №1/3 — 4604.
Согласно Вашего заявления о розыске отца АДАЕВА Абдыкалыка, 1887 года рождения, сообщаю что он умер 3 декабря 1939 году в Красноярском ИТЛ.
Сотрудник УООП Кзыл-ординской области /Н.Михеева/» деген деректер бойынша атам 1939 жылдың 3 желтоқсанында көз жұмады. Әбдіқалықтың осы жылдарда жазғандарынан 2 туындысы ғана, яғни 311 жол өлеңі жет­ті.
Бір өлеңі Ақтөбе түрмесіндегі архивтен алынса, екінші өлеңі жайлы Б.Әбдіқалықтың айтуынша, «Атам ақталғаннан кейін оның қалай қайтыс болғанын, жалпы ол туралы мәлімет­терді білгісі келген ол әкеміз түрмеде бірге болған жолдастарынан тірі қайтқандары бар ма екен деген оймен ізденіп, сұрастыра бастайды. Бұл хабар Арал ауданының Сексеуіл бекетінің тұрғыны Аман молданың да құлағына жетеді. 1975 жылдары қасына бір-екі молданы ертіп, атаммен бір түрмеде отырған әлгі ақсақал біздің үйге келеді. Сол кісі түрмеден осы өлеңді көйлегінің ішіне тығып, жасырып қиындықпен алып шыққанын айтып, әкеме табыстайды». Аман молданың естіртуі бойынша атам түрме күзетшілерінің соққысынан қаза тауыпты. «Түрме күзетшісі, орыс офицерлері кіріп келгенде, бәріміз оқып жатқан намазымызды тоқтатып, жайнамазымызды дереу жинап аламыз. Әйтпесе, таяқтың астында қаламыз. Алайда, жалғыз Әбдіқалық қана намазын тоқтатпай оқи берді. Мылтықпен қанша соққыласа да қайтпады, әбден басынан қан ағып, қалжырап құлағанда ғана дауысы естілмейтін. Бір күні күзетшілер сыртқа алып кетіп, біраздан соң есікті ашып, үсті басынан қан сорғалаған оны ішке итеріп кіргізіп жібергенде сұлқ құлады. Өз-өзіне келгенде біз олай жасамауын өтіндік, ол өзінің діни ұстанымына берік екенін айтып, құлақ аспады. Мұндай іс-әрекет жиі қайталанып, ауырып көз жұмды. Ол уақыт­та өлген адамдарды сыйғанша бір шұңқырға көме салатын. Бірақ бұл кісінің қайсарлығына тәнті болған орыс офицерлері жерлеу рәсіміне құрметпен қарап, жеке көмуге мүмкіндік берді… Егер де біз сияқты түрме жандармендерінің «тәртібіне» көнгенде әкеңнің тірі оралуы да мүмкін еді…», – деген сөздері өз аузынан естіген апа-ағаларымның жадында ұмтылмастай сақталған.
Атамның бізге жеткен өлеңдерінің ішінде осы азалы жылдардың саяси ахуалы ашық жырланған. «Заман да заман, заман-ай! Заманнан көріп қайтеміз, Жауыз болды-ау адамы-ай. Өтірікке айналды Басқан ізі, қадамы-ай. Жол бермеді шындыққа Осы болды жаманы-ай. Күнә тақты қаралап Бет жүзіңе қарамай. Өкпелі сөзді мен жаздым Толған соң қайғы шыдамай. Нақақтан күйіп біз кет­тік Жазбасқа бар ма амал-ай…» деген жолдардан түрмеге түскен небір боздақтардың жазықсыздан жазықсыз тұтылғандарын аңғарсақ, осындай ауыл азамат­тарын тұтқындауға білегін сыбана кіріскен белсенділердің бейнесінен сол уақыт­тағы сұрқия саясат­тың ызғарын сезінеміз.
«Белсенді» десе ел сеніп
Тексермей сөзін қалаған.
Сүйікті болып ауылға
Үкіметке ұнаған.
Шаш ал десе бас алып,
Өз керегін қоса алып,
Мүсәпір, мүскін сорлыны
Көк бөріше талаған.
Белсенді келсе ауылға
Бесіктегі жас сәби
Шырылын қойды жылаған…
Белсенді деген ат шықты
Итше үріп қабаған
Протокол жасап қол қойып
Апарып сені қамаған…
Мінеки, үкіметке де, елге де алдымен ұнамды болып көрінген белсенділердің бірте-бірте ес білмейтін балаға дейін үрейленетіндей шектен шыққан қылықтары тым қатыгездіктерін танытып тұр. Олардың «қабаған итше үріп», өтірік протокол жасау арқылы жазықсыздарды түрмеге қамауды ғана білетін арам пиғылдары айқын. Алайда, біз білмейтін бір шындық – олардың тапсырманы артығымен орындауы. «Құбыладан соққан қызыл жел – Қалың қарды еседі. Сырт­тан айтқан өсек сөз – Атқан оқтай өтеді» деген өлең жолдарға да зер салсақ, бас көтерер азамат­тарды тұтқындау үшін өтірік жалаларды жіпке тізгендей толтыруды да сол белсенділер өз міндет­теріне жүктеп алғандай көрінеді. Жалпы, құбылмалы саясат­тың құрбанына айналған қазақ азамат­тарының тағдыры осындай ұрда-жық белсенділердің қолында болғаны, әрине, өкінішті.
Түйіндей келе, діні мен тілі бөлек жат елдің тар қапасында жатса да өз ұлтының қайсар мінезін таныта білген Әбдіқалық Адайұлының бүгінде «тағдырлы туындысының» ыстық ілтипатпен бағаланып жатуы бізді қуантады.

Күнімжан Әбдіқалық,
профессор

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір