БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІНДЕГІ ЗАМАН СОМДАҒАН ОБРАЗДАР
Адамның өмір жолы – ұдайы өзін-өзі дамытып, өз қабілеттерін шыңдап, өзін кемелдендірудің жолы екенін адамзат әлдеқашан түсінген. Рухани, әлеуметтік, психикалық, кәсіби жағынан өзін жетілдіруде өзгенің тәжірибесіне сүйеніп, олардың басынан өткерген оқиғалары арқылы өз өміріңді бағамдап үйренуге болатынын соңғы кезде психологтар мен коучтар көп уағыздап жүр. Бұл ретте көркем әдебиет бала бойында адамгершілік, моральдық, этикалық принциптерді қалыптастыруға, оң мен солын тануға, жақсы мен жаманды айырып, құндылықтарды қалыптастыруға зор қызмет етеді.
Соңғы жиырма жылда он бес шақты кітап шығарып үлгерген жазушы Сәуле Досжан шығармашылығының елеулі бөлігі балалар әдебиетіне арналған. «Ауылдан шыққан миллионер» атты хикаяты 2020 жылы жеке кітап болып жарияланды. Хикаяттың көркемдік уақыты кеңестік кезеңнің соңғы жылдарынан бастап Қазақстан тәуелсіздік алған алғашқы жылдарға дейінгі кезді қамтиды. Бас кейіпкері Жомарттың дүниеге келгенінде әке-шешесінің ырымдап ат қоюы, баланың әкесінен айырылуы, басынан кешкен қиындықтары ертегідей баяндалады. 1990 жылдар басындағы алғашқы нарықтық қатынас, сол кезеңдегі ауылға келген алғашқы коммерциялық әрекеттер, баланың осы өмірге бейімделуі, есеюі, дүниетанымының өзгеруі нанымды бейнеленген. Себебі жазушы ылғи да оның қандай да бір шешім қабылдауына түрткі болатын себептерді елеусіз детальдар арқылы уәжді етіп көрсетіп отырады. Баланың адал еңбектеніп, шөп тасып, дүкенде көмекшілік қызмет атқарып жүріп алғаш тапқан табыстарынан бастап оқып білім алуы, өз кәсібін ашуы қызықты етіп баяндалған. Образдар характерін сомдау үшін жазушы түрлі тәсілдерді қолданады.
«Ауылдан шыққан миллионер» хикаятының тағы бір артықшылығы – балалар үшін аса қажет этнографиялық, танымдық мәліметтер мәтінге шебер енгізілгені. Көбіне автор оны елеусіз етіп, кейіпкерлер диалогі арқылы берген.
Шығарма бастауындағы ой, Жомарт деп қойылған есім авторлық интенцияны ақтап, шығарма соңындағы эпилогта: «Алматы мен Елордадағы «Жомарт» азық-түлік дүкендер желісінің құрылтайшысы Жомарт Жолдыбайұлының жүріп өткен жолы қазағымның әр баласына үлгі болсын, кеуделерінде жаны барда ұлтқа қызмет етсін, мақсатына жетсін деген ұлы арманмен осы хикаятты жазып шықтым», – деп аяқталады, яғни авторлық ойтүрткі толығымен жүзеге асқан.
Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ прозасында сонау Б.Соқпақпаевтан келе жатқан көркемдік дәстүр өз жалғасын тапқанын көреміз. Бұл жерде, ең алдымен, жазушының өз өмірбаянына қатысты деректерді енгізе отырып, кейіпкердің басынан кешкен хикаяттарды, балалық шақтың қызығы мен ауыртпашылығын алма-кезек ауыстыру арқылы оқырманын ұдайы эстетикалық серпінде ұстап отырып, әсерлі мөлтек сыр ретінде баяндау тәсілі туралы айтып отырмыз. Бұл шығарманың шынайылығын арттырып, оқырманға өзіне таныс дәуір суреттерін көруіне мүмкіндік береді. Танымал журналист Есей Жеңісұлының «Мынау ғазиз дүние» хикаяты 1990 жылдардың басындағы қиын-қыстау кезеңдегі қазақтың әлеуметтік, рухани өмірін жасөспірім баланың көзімен айнытпай бере алуымен ерекшеленеді. Хикаятта Тынысбек атты баланың үй ішімен бірге қоныс аударғаны, әкесінен айырылуы, мектептегі сабағы, шығармашылыққа қадам басуы, бауырларымен ойыны, лагерьге аттануы, ақыры армандаған оқуына түсуі әсерлі баяндалады. Асқар таудай әкесінен айырылғанымен анасының арқасында жетімдіктің зарын тартпауы, қазақы тәрбие, ойын десе ішкен асын жерге қоятын аңғал бала көңілі шынайы көрініс тапқан. «Апам да қызық. Біз сабақтан сүйретіліп үйге қайтып келе жатқанда, Жайнагүл екеуі қарсы алдымыздан жолығады. Дереу оңашалап алып, күнде істейтін шаруаны қайта тапсырады. Сыныптас қыздардан осынысы үшін әжептеуір ұяламыз, бірақ апам біле тұра, бізді ұялсын деп әдейі істейтін болса керек.
Бәрі де қат заман. Бірақ апам бізді ешқашан тамақтан тарықтырған емес. Қағаз қапты макароннан бірнешеу, бір қап күріш, бір қап шекер үзілмейді. Жақында тамаққа сындырып қосатын спагеттиден бір қап әкеліп қойды. Әттең, тосаптарын түпкі үйге тығып, есікті құлыптап кететіні жаман. Бірақ бізден айла артылсын ба, түпкі үйдегі терезенің көзін алып тастап, апамның тәтті патшалығына бірнеше рет тұтқиылдан шабуылдағанбыз. Дегенмен бұл тәсілді жиі қолдана беруге болмайды, апам біліп қалмауы керек. Сондықтан да күнде түсте ет турамай, май мен пиязды аз ғана қосып, біресе спагетти, біресе макарон қуырамыз. Қарын тоқ. Далада мөңіреп бұзау, маңырап қозы ол тұр. Есіктің алды сыпырылмай ол жатыр. Сонда кімге сенеміз десеңші!..». Бұл жерде автор балалық шақтағы оқиғаларға бүгінгі күн биігінен көз жүгіртіп, бір қарауға мүмкіндік беретін қайырыла тіл қату тәсілін ұтымды қолданады.
Хикаяттың басынан аяғына дейін үздіксіз дамитын оптимистік линия – баланың білімге деген ынтызарлығы. Оның түрлі олимпиадаларға қатысуы, дайындығы, соның арқасында Одақ көлеміне танымал болған лагерьге баруы, кейін өзі қалаған оқуына түсуі образ характеріндегі сымдай тартылған мығым өзектің бар екенін көрсетеді. Ол өзек «ұят«, «ар», «жауапкершілік» деген ұғымдармен сипатталады. Қой жайып, жүре алмай қалған бір қойды атына өңгеріп, өзі жаяу жүріп түннің бір уақытында оралған кезінде де анасы құрақ ұшып, алдынан шыққанда айтатыны: «Таста, таста, жаныңнан артық емес. Азар болса, бір қой төлерміз», яғни анасына баласының басының амандығы керек. Ал баласы болса, көршілерінің аманатын орындап: «Кәрі қой бір-екі аттаса-ақ әлсіреп қалады. Тастап кетуге болмайды, ертең ит-құсқа жем болса, Қалиша ападан ұят», – дейді, яғни «ұят болмасын» деген қағидамен әрекет етеді. Шығармада көрініс тапқан адамгершілік қасиеттер тұтас туындының рухани аксиологиялық әлемін құрайды.
«Көлеңкелер күмбірі», «Ғарыш», «Шексіздік сыртындағы шам» атты жыр жинақтарымен танылған Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шақ» атты повесінде де осыған ұқсас көркемдік тәсіл қолданылып, жартылай жетім баланың тағдыры баяндалған. Бұл повесть те автобиографиялық деректерімен, өмірбаяндық негізімен ерекшеленеді. Шығармада өгей әкесінің тепкісін көріп өскен бала көңілдің трагедиясы, ауыл баласының көшеден көріп үйренген төбелестері, солайша өмірге бейімделуі, өзін-өзі қорғау үшін үйренген машықтары шынайы баяндалған. «Баласын сағынбайтын ана болғанмен, анасын сағынбайтын бала болмайды. Өйткені пендесінің кеудесіне Тәңір өмірдің ұлы демін анасының жатырында үрлеп, тірілтеді. Тіршіліктің ләззаты мен қиыншылығын сіз алғаш рет асыл анаңыздың алтын құрсағында сезе бастайсыз. Сіз дүниеге келесіз. Алғашқы азығыңызды да анаңыздың бойынан тататыз. Құрсақта басталған ана мен баланың байланысы мәңгі үзілмейді», – деп, әкесінің бауырлары баланы өз тәрбиесіне алып кеткен кезіндегі баланың анасына деген алапат сағынышы, оны іздеп келмегеніне өкпесі әсерлі жеткізілген. Сондықтан да бала қиялы шарықтап, табиғатпен етене араласып, оған сырын ақтара жүріп ақындыққа жол салғанын үлкен мотивациялық бастау деп қарастыруға болады.
«Рауғаш ерте гүлдейді», «Бейкүнә күнәһарлар», «Қара ағаш», «Естелік», т.б. әңгімелерінде қазақы тірлікті, түрліше тарамдалған өмірді, бала образдарын шынайы әрі сүйкімді етіп, өзіндік жеңіл әзілмен, кейде тәтті естелік ретінде ұсынып жүрген Бейбіт Сарыбайдың «Қараторғай» кітабына «Қараторғай», «Ақтабан» атты хикаяттары мен он шақты әңгімесі енген екен. Хикаяттардың барлығы дерлік әдеби бәйгелерден жүлде алған.
«Қараторғай» хикаяты жағдайы нашар отбасынан шыққан Темір есімді жасөспірім баланың өз түсінігіндегі әділдікті орнатпақ болып жасаған өмір жолындағы қателігін сипаттайды. Әкенің өз балаларын тастап кететін безбүйректігі, туған атасының қаталдық танытып, нәпақасыз қалдырған немқұрайдылығы, анасының таңнан қара кешке дейін мұны және қарындасын бағамын деп аянбай еңбек етуі бүгінгі күн реалилерімен қабысып, шынайы бейнеленген. Жасөспірім баланың өз түсінігіндегі әділдікті орнатпақ болып әрекеттенуі, ұдайы жоқшылық, оның мал ұрлап, балалар колониясына түсуіне себепкер болады. Ештеңеге қарамастан, ол ыза мен өшпенділікті қумай, адамдық қағидаларды биік қояды. Өз ісін парықтай алатынымен ерекшеленеді. Баланың құстарға деген жанашырлығы – шығармаға сәтті үйлестірілген мотив. Абақтыда жүрсе де құстарды сүюі, оларға қамқор болуы, өзіне тиесілі нан үлесін жемей, сол торғайларға беріп асырауы, оларға арнап өлең жазуы оның жүрегінің нәзік романтика мен мейірімге толы екенін байқатады.
Алайда колонияда да қатігез, арам балалар табылады. Олар мұның торғайларға өз нанын беріп жүргенін көріп қойып, құстарды бездіріп жібереді. Бұл туралы шығармада: «Бастапқыда таспен атып үркіткен көрінеді. Оған кете қоймаған қараторғайлардың бірін ұстап алып өлтіріп, терекке салбыратып іліп қойыпты. Оны көрген қараторғайғар безбегенде қайтсін-ай», – деп келтірген. Осы бір суреттеуге сұранып тұрған жайтты автор тек хабарлай салып, оқырман көңіліндегі нағыз эмоционалдық ширығудың шыңға өрлеу сәтін жіберіп алғандай. Сұрқия оқиғаны көріп қалған кездегі кейіпкердің эмоционалды халі, түрлі сезімдер мен жан бұлқынысы суреттелгенде туынды одан әрі оқырманның эстетикалық реакциясына әсер ететін мықты күшке ие болып, көркемдігі арта түсер еді.
Қазіргі балалар әдебиетінде, жоғарыдағы мысалдардан көретініміздей, ең жиі қозғалатын тақырыптардың бірі – қандай да бір салада жетістікке жетіп, армандарының орындалу жолындағы жас баланың басынан кешкен хикаялары, тартқан тауқыметтері. Бір жағынан, өмірбаяндық, бір жағынан, мотивациялық сипаты бар бұл шығармалар әдетте хэппи- эндпен аяқталады. Аталған шығармалар өзіндік типтік кейіпкерлерін де тудырды. Әрине, жартылай жетім, жетім кейіпкерлердің әлем әдебиетінде Диккенстің Оливер Твистінен бастап, Роулингтің Һәрри Поттеріне дейін, қазақ әдебиетінде М.Әуезовтің «Жетімінен», С.Мұратбековтің Аянына дейін түрлі типтері жасалды. ХХ ғасыр басындағы және ғасыр ортасындағы жетімдердің оқиғасы көбіне трагедиялық хәлмен аяқталса, ал біз сипаттап отырған кезеңдегі жартылай жетім қаһармандар көбіне жетімдіктің ауыртпалығын көрген, алайда жаны нәзік, айналасына жауығып, қатігезденіп кетпеген, бойында ізгіліктің нұры бар, өте еңбекқор, намысшыл, бауырына қамқор бола алатын кейіпкер ретінде ашылған.
Балалық шақтың кейде – тәтті, кейде – ащы, кейде – қиын да күрделі естеліктеріне қазақ хикаяттары толы. Жетімдік, жартылай жетімдік, кедейлік, қиыншылық тақырыбы соғыстан кейінгі әдебиетте кездесуі заңды секілді, ал тәуелсіз, бейбіт елдің тарихында бұл тақырыптың жиі қозғалуы көңілге кірбің ұялатады, дегенмен өмір шындығын жазушылар бүркемелеп қалмайтынын да білеміз.
Осылайша, қандай қиындықтар кездессе де, өзінің төзімділігінің, мейірімінің, табандылығының арқасында белгілі бір салада жетістікке жетіп, айтулы спортшы, мықты балуан, жүлдегер күрескер, танымал ақын, жомарт кәсіпкер, шебер журналист болып шыққан қайсар, еңбекқор балалардың типтік образы сомдалды. Мұның астарынан халықтың арман-аңсарынан туындаған эстетикалық сұранысты аңғаруға болады.
Тәуелсіз мемлекет енді құрылған кезеңде, бастысы, ақын-жазушыларымыз түрлі тақырыптарды еркін игеріп, өз кезеңінің талабынан шығып, жеткіншектерді рухани тәрбиелеуге аянбай еңбек етіп жүр. Әлемдік балалар әдебиетінің бестселлеріне айналатын туындылар әлі жазылатынына сеніміміз зор.
Еркінгүл СОЛТАНАЕВА,
ф.ғ.к., әл-Фараби атындағы
ҚазҰУ оқытушысы
ПІКІРЛЕР1