Уақытпен үндесу – заман талабы
Ата заңымызда Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтыратыны жарияланып, адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары – мемлекеттің ең қымбат қазынасы деп атап көрсетілген.

Мемлекет өзіне алып отырған осынау аса мәртебелі де жауапты міндеттердің қай-қайсысының да жүзеге асырылуының кепілі – құқықтың сақталуы. Өйткені мемлекеттің ішкі-сыртқы саясатын, сан- салалы шаруашылық қызметін, қоғамдық қарым-қатынастарды реттейтін заң атаулы елдің өсіп-өркендеуіне қызмет етуі үшін бірінші кезекте құқықтық негізге сүйенуі тиіс. Осы ретте қоғамның құқықтық мәдениетін қалыптастыруда заңдардың жетілдірілуі, яғни әділет үстемдігінің қамтамасыз етілуі алдыңғы орынға шығады. Ақ-қараны адал таразылап, әділ айыратын, «тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген қағиданы ұстанған билер соты, дала заңы, хан да, қара да шешімдерін орындауға міндетті болған билер кеңесі арқылы қазақ даласында құқықтық мәдениеттің салтанат құрғанын арғыны айтпағанда, бергі тарихымыздан білеміз. Ендеше, құқықтық мәдениетті қалыптастыратын құқықтық санадан біз кенде емеспіз, ол негізімізде қатталып жатыр.
Тәуелсіз, демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет құру жолындағы жаңа тарихымызда халықтың құқықтық мәдениетін көтеру, құқықтық тәрбиені жетілдіру – уақыт үндеген міндет, заман талабы. Құқықтық мәдениет дегеніміздің мағынасы кең. Ол ең алдымен қоғамның мәдениеті, яғни заңға бағынушылық, заң талаптарын қатаң орындау, әрбір адамның қоғамдағы жүріс-тұрысы, мінез-құлқы, қоршаған ортамен қарым-қатынасы. Әрине, бұл жерде заңның әділдігі басты өлшем болмақ. Онсыз құқықтық қоғам орнату мақсаты алыс күндерге сырғи бермек. Сондықтан заң үстемдігін қалыптастыру – халықтың құқықтық мәдениетін көтерумен қатар жүретін үдеріс. Заңгерлердің түсіндіруінше, заң үстемдігі жағдайында әлеуметтік реттеушілер жүйесіндегі құқықтың рөлі артып, адамдардың мінез-құлқындағы, қоғам мен мемлекеттің өміріндегі құқықтық ұстанымдар күшейе түседі.
Құқықтық мәдениет пен сананың жеткіліксіз деңгейі, азаматтардың заң тұрғысындағы сауатсыздығы құқықтық қоғам құрудың кенжелеп қалуына әкелмегі белгілі. Осы ретте құқықтық тәрбие үлкен маңызға ие. Бұл тұрғыда елімізде құқықтық сауаттылықты арттыру, жеке тұлғаны тәрбиелеу арқылы қоғамдық құқықтық сана мен мәдениетті қалыптастырып, жетілдіру мақсатындағы тәрбие жолға қойылған. Құқықтық тәрбие заңның объективті шындықтың тәуелсіз факторы ретіндегі маңыздығын түсінуге, демократияны жетілдірудегі заңның рөлін күшейтуге, заң үстемдігі мен құқықтық тәртіпті нығайтуға деген бүгінгі қоғам тарапынан артып отырған сұраныс пен қажеттіліктерге жауап беруі тиіс.
Қоғамға, адам өміріне қатысты заңдарды білу, түсіну, орындау, заңға құрмет, азаматтардың мемлекет пен қоғам алдындағы өз құқықтары мен міндеттерін білуі құқықтық мәдениетті қалыптастырудағы басты міндеттер болып табылады. Бүгінгі таңда құқықтық салада жүргізіліп жатқан реформалардың маңызды бағыттарының да бірі – осы.
Қазіргі кезең зымыран уақыт тынысынан тыс қалмауды талап етеді. Заман талабымен үндесу, әлемдік көштен кеш қалмаудың шарты – ең алдымен заң үстемдігін қамтамасыз ету. Бұл адам құқықтары
мен бостандықтары сақталуының кепілі ғана емес, сонымен қатар елдің
инвестициялық тартымдылығының басты өлшемі болып табылады. Заң үстемдік құрған, құқықтық қоғам орнаған елге ақша салып, өндіріс ашуға инвестор атаулы қорықпай келеді. Өндіріс дамып, жұмыс орындары көптеп ашылса, халықтың әл-ауқаты артады, тұрмыс-тіршілігі жақсарады. Төлем қабілетті қоғамның оқып-білуге, жан-жақты жарасымды дамуға деген мүмкіндігі де молаяды. Мұның негізінде құқықтық сана, құқықтық мәдениет қалыптасады. Әңгіменің бар түйіні осында.
Рымтай КӨКЕНАЙҚЫЗЫ