«Бізді тоқтата алмайсыңдар! Сендерден қорықпаймыз»
09.08.2024
24
0

Осыдан он әлде он бес жыл бұрын Қарағанды қаласында бірі ер адамның қара түсті костюм шалбарын киген, екіншісі ақ желек жамылған ЛГБТ қауымының өкілдері – заты әйел, екі орыс қызы тұрмыс құрды. Әлгілердің бас құрап, «ерлі-зайыпты» атанғанын еліміздегі коммерциялық арналар «жерден жеті қоян тапқандай» желпіне хабарлап, жарыса көрсетіп жатты.

Бұл өзі қатардағы телехабар (жаңалық) сияқты көрінгенімен, кез келген ақпарат­тың артында бой тасалап насихат дейтін пәленің тұратынын сонда ішіміз сезіп, сезік алып қалып едік. Ізінше Қазақстанда бір жыныстылар гей-клубтар ашып, ертелі-кеш сауық-сайран құратыны туралы сөз ел ішінде еркін тарай бастады. Олардың еркінсігені сондай, қайбір жылы күй атасы Құрманғазы мен Пушкинді «сүйістіріп», сайтан сарайларының сыртына сурет те салып қойды. Бірақ ол сурет ЛГБТ қауымдастығы қатты айыптайтын қазақстандық консерваторлардың ашу-ызасын тудырып, сайтан сарайдың қабырғасынан сүртіліп тасталған болатын. Алайда мүлде өшпепті. Өрши түсіпті… Жыныстық ориентациясы құбылған жастар осы күні белсенді әрекетке көшкен. Олардың «құтты қадамын» қолдап, қолпаштайтын, қолтықтарына дым бүркіп, дем беретін құқық қорғаушылар мен журналистер, әлеуметтік желілерде блогерлер, сайт-порталдар пайда болған. Дәлел керек пе, міне, оқып көріңіз: «ЛГБТ белсендісі, Kok.team сайтының редакторы Данияр Сәбитовтің пікірінше, ЛГБТ қауымдастықтың Орталық Азиядағы жағдайына қарасақ, Қазақстандағы ахуал біржыныстыларды бірге болғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартатын Түркіменстан мен Өзбекстаннан немесе «патриархалды» Тәжікстаннан әлдеқайда жақсы. Бірақ Қазақстан ЛГБТ белсенділікті институционалды тұрғыдан қарайтын Қырғызстаннан кейін қалып отыр.
«Қазақстан түбінде ЛГБТ-мен френдли болады. Өйткені адамзат баласы азшылық топ өкілдерін қоғамға қосу туралы өркениетті шешім қабылдады», – дейді ол.
«2018 жылы ақпарат және коммуникация министрлігі «Ақпараттық өнімдердің жас ерекшелігін анықтау әдістері мен ережелері» деп аталатын заң жобасын ұсынды. Онда «18 жасқа толмаған балаларға ЛГБТ мәдениетін көрсетуге болмайды» деген бап бар.
– Құқық қорғаушылар, журналистер, азаматтық белсенділер мен халықаралық құқық қорғау ұйымдарының бірлескен жұмысының арқасында бұл норманы алғызып тастадық, – дейді Татьяна Чернобиль».
«ЛГБТ-белсенді Әмір Шайкежановтың пікірінше, бұл заң жекелеген адамдар тобының құқығын бұзып, Қазақстан қоғамын бөліп-жарады, мемлекеттің әлемдік қауымдастық алдындағы беделіне нұқсан келтіреді.
– Мұндай заң қабылданса, азаматтардың бәріне әсер етеді. Ең әуелі Қазақстанның беделі мен әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығына нұқсан келеді. Инвесторлар адам құқықтары жиі бұзылатын мемлекетке ақшасын сеніп тапсырмайды. Өйткені бұл олардың активтерінің қорғалуына тікелей әсер етеді. Адам құқықтарын жоғары қоятын елдермен дипломатиялық қатынасымыз қиындауы мүмкін, – дейді ол» (Дерекөзі https://www.azattyq.org сайты).
Жоғарыда үзінді келтірген мына бір сөздерге көңіл бөлейік:
«Қазақстан түбінде ЛГБТ-мен френдли болады» (френдли – достасады, ымыраласады деген мағынаны білдіреді.-ред).
«…бұл норманы алғызып тастадық».
«Инвесторлар адам құқықтары жиі бұзылатын мемлекетке ақшасын сеніп тапсырмайды».
Азшылық болса да, ЛГБТ қауымының өкілдері де адам баласы. Демек, жынысы ауытқыған жандардың құқығын бұзсақ, бізге инвестор келмей қояды екен. Ал гейлерге қарсы заң қабылданар болса, құқық қорғаушылар, журналистер, азаматтық белсенділер мен халықаралық құқық қорғау ұйымдары оған табанды түрде тойтарыс беріп, «Қазақстан түбінде ЛГБТ-мен френдли болады».
Жоғарыда көрсетілген дерек көзінде бұл сөздер әр жылдары әрқандай оқиғаға байланысты айтылса да, бәріне ортақ бір байлам, ортақ шешім бар. Ол – «қайткенде діттеген мақсатымызға жетеміз» деген байлам.
Жуырда қазақ қоғамы «Біз ҚР-дағы ЛГБТ-ны ашық және жасырын насихаттауға қарсымыз» деген мәселе көтеріп, 50 мың петиция жариялады.
«Көпшілігіміз үнсіз отырғанда, санасы әлі толыспаған біздің балаларымыз бір жынысты қарым қатынасты (ЛГБТ) қалыпты жағдай деп үйреніп келеді, тіпті тренд қылуда. Бұл – үлкен қасірет, отбасылық және жеке бас трагедиясы десек те болады. Көрші елдерде ЛГБТ-ны насихаттағаны және таратқаны үшін жаза қарастырылған. Мысалы, Өзбекстанда гомосексуализм және ЛГБТ құқықтары тақырыбы бұқаралық ақпарат құралдарында және қоғамдық пікірталастарда толығымен жабық күйінде қалып отыр. Ресей Федерациясында 2022 жылы «біржынысты қарым-қатынастарды насихат­тауға», жынысты өзгертуге және педофилияға толық тыйым салу туралы заң қабылданды. Сонымен қатар жасөспірімдер арасында жыныс өзгертуге итермелейтін ақпараттарға толықтай тыйым салынған», – делінген петиция мәтінінде.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда гомосексуализм 1998 жылы заңдастырылып қойған. Әйтсе де (бұған енді не беуге болады) біржынысты некеге рұқсат жоқ. Алайда 2009 жылдан бері елде ота жасатып, жыныс өзгертуге болады.
– Әйелдер мен ЛГБТ-әйелдердің құқығына қарсы шыққандар феминизм мен әйелдер құқығы туралы айту керегін дәлелдеді. Оларға «Бізді тоқтата алмайсыңдар! Сендерден қорықпаймыз» дегенді жеткізгім келеді, – дейді 2021 жылы 29 мамырда Шымкентте лесбиян, бисексуал, квир және транссексуал адамдардың құқығы туралы кездесу өткізбек болып, жергілікті жұрттың қатты қарсылығына тап болған Feminita тобының негізін қалаушылардың бірі Жанар Секербаева.
«Бізді тоқтата алмайсыңдар! Сендерден қорықпаймыз». Ал, керек болса! Әйтсе де, жынысы құбылып, жынның жетегіне ергендердің әрекетіне қазақ қоғамы қарсы тұрып, дәстүр мен салтын, отбасы құндылықтарын сақтауға талыпынып-ақ жатыр. Тек қаламгерлер ғана үнсіз. Неге?

Д.Қасенұлы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір