«ҚАЗАҚФИЛЬМНІҢ» БОЛАШАҒЫ АЛАҢДАТАДЫ
31.01.2023
1936
0

Мәдениет және спорт министрлігіне жаңа министр тағайындалған сайын «Қазақфильм» мен қазақ киносының тағдыры кезекті рет сындарлы сәтті бастан өткереді. Болу ма, бордай тозу ма?! Бүкіл киногерлер қауымын ендігі жаңа министр алдағы жылдары қазақ киносын өсіп-өркендете ме, жоқ былыққа батырған күйі батырып, құрдымға кетіре ме деген сұрақтар мазалайды. Әсіресе «Қазақфильмді» шын сақтап қалғысы келетін, шын өнер жасағысы келетін киногер қауымды бұл сұрақтар екі есе алаңдатады. Себебі, осы салаға келген министрлердің көбі «Қазақфильмді» майшелпекке айналдырғысы келетіні анық. Айналдырған да. Мысалы, министрлікке Арыстанбек Мұхамедиұлы келген жылдары «Қазақфильм» үлкен түнекке оранды. Ешкім ештеңеге жа­уап бермейді. Басшылыққа барсаң, бірі біріне сілтейді. Іс жүзінде киностудия басшылықсыз болды. Мұхамедиұлы өзі тағайындаған Бақыт Қайырбеков 2015-2019 жылдары киностудияның президенті болып тұрғанымен ол кісі өзінің денсау­лық сырқатына байланысты жұмыста болғанынан болмайтын күндері көп еді. Ал оның орынбасарлары бар істі Қайырбековке сілтеп, ешқашан ешбір істі шешуге талпынбайтын. Анығында киностудиядағы бүкіл жобалардың тағдырын министр Мұхамедиұлы өзі шешіп отырды. Тек Арыстанбектің алдынан өткендер ғана жоба алатын. Асылында, шығармашылық деген дүние әділет үстемдік құрған жерде ғана гүлдеп, көгеріп көктейді. Әділет жоқ, бармақ басты, көз қыстылықпен, көнбесе тізеге салып, кәсіби мамандардың пікірін, потенциалын ескермей бәрін бір министр өзі шеше берген тұста – ешқашан шығармашылық, кино дамымақ емес.
Қазіргі таңда «Қазақфильм» киностудиясы президентсіз қалыпта жұмыс істеп жатқанына 3,5 айдан аса уақыт өтті. Тек президенттің міндетін атқарушы ғана бар. Ақан Сатаев өткен жылдың кыркүйек айы­ның соңында бұл қызметтен кетті. Ендігі кезекте киностудия өзінің жаңа басшысын күтуде. Бүкіл киногерлер қауымы жаңа министр жаңа басшыны қашан тағайындайды деп тағатсыздана күтіп отыр. Басшылыққа кімнің келуі өте маңызды. Соған қарап қазақ киносының алдағы жылдардағы тағдыры шешілмек. Тек киностудия Мұхамедиұлы кезіндегідей қара түнекке айналып кетпеуі тиіс.
Сондықтан жаңа президент қандай болуы керек?
1. Ең алдымен киноны түсінетін, шығармашылықтың иісі мұрнына баратын, киноөндірісті білетін, өрелі маман әрі мықты менеджер болуы тиіс. Мұндай маман шығармашылық адамдарын, түсірілім тобын да қолдай алады, киноға ақша да таба алады.
2. Әлемдік киноның даму тенденцияларынан хабары бар, жаңашыл; кино өнерін бағытына қарай, авторлық-интеллектуалдық, идеологиялық, кассалық фильмдер деп саралап қарай алып және осы үш бағыттың үшеуінде де жұмыс жасап, кең масштабта ойлай алуы тиіс. Себебі, бүгінгі кино Совет кезеңіндегі кино емес, бүгінгі кино – идеялық-концепциялық тұрғыдан, технологиялық тұрғыдан өзгеше бағыт алған кино.
3. Бұл қызметке жас азаматтардың бірі келуі керек. Жасы 40-қа жетпеген жастардың бірі келуі керек. Кинодағы бұл жасқа дейінгі жастар – талай өткелектен өткен, талай тәжірибе жинаған жастар. Одан жас деп қорқудың қажеті жоқ. Негізінен, бүгінгі киноны жасап жатқан осы жастар. Ал жастар – өздері бәлендей үлкен кино жасай алмайтын, сонда да жастарға ағалық танытып, қолдау білдіріп, жол бермейтін – шалдардан шаршады.
4. Жаңа басшы Ұлттық киноның не екенін түсіне алуы тиіс. Және Ұлт­тық киноның көптеп жарыққа шы­ғ­уына қолдау білдіруі қажет. Бас­­ты­сы – осы. Осы үдеден шығатын басшы кел­меген жағдайда «Қазақфильмнің» тағдыры ойыншық, киноның ертеңі бұлыңғыр болмақ.
Сонымен қатар тағы бір айта кетерлігі, киногер қауымды алаңдатып отырған жай – мемлекет қолдауымен биылғы өндіріске жіберілетін жобаларды іріктейтін Питчингтің қай кезде өтетіндігі. Биылғы жылы жылдағы кемшіліктің алдын алып, Питчингті осы жылдың басында өткізіп, іріктеуден өткен жобаларды ертерек өндіріске жібереді деген сыбыс шыққан сияқты еді. Алайда, қаңтар аяқталып келеді ҰКҚМО тарапынан Питчинг өткізбек түгілі жобаларды қабылдау әлі басталған жоқ. Сондықтан биыл да жылдағы қателікті қайыра қайталай ма деген қауіп бар. Ол қауіп – Питчинг жазға қарай өтіп, іріктеуден өткен жобалардың қаржысы күзге қарай бөлініп, күз кезінде түсірілімді қысқа дейін аяқтауға тиіс деген талаппен науқаншылдыққа салынып, нәтижеде шала дайындық сапаға әсер етіп, талай мықты жоба мен талантты киногердің обалына қалып, мемлекет бөлген қаржыға сапасыз дүниелер дүниеге келе ме деген ой. Егер шынымен де кино саласындағы бұл жүйе түзеліп, Питчинг әр жыл сайын жылдың басында өтпейтін болса, онда біздегі мемлекеттік кино саласының дамуы неғайбыл. Сол себепті министр бұл мәселеге жіті назар аударса дейміз.
Мемлекеттің кино саласына қаржы бөлуі өте дұрыс. Ендеше, осы қаржыға түсірілетін туындылар сапалы болып шығуы тиіс. Ол үшін ең алдымен кино өндірісіндегі жүйе реттелуі тиіс. Одан кейін қазақ киносында ақсап тұрған кәсіби продюсерлер мен сценаристер, кинотанушылар мектебіне көңіл бөліп, дамыту қажет. Енді бұл ұзақ әңгіме. Оның мәселесі алдағы уақытта бөлек қозғалар. Ал қазіргі таңда ең алдымен кино өндірісінің жүйесін реттеу қажет. Сол кезде ғана саннан сапа туындап, қазақ киносы әлемдік кинемотографиямен иық теңестіре алады.

Елзат ЕСКЕНДІР,
режиссер

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір