ТІЛ ЖӘНЕ МІНЕЗ
24.12.2023
266
2

Болаттың тағдырына желтоқсандағы сол бір ызғарлы күндер күрт өзгеріс әкелді. Жан дүниесіне өзі көріп, көзін жеткізген шындық пен жалған, әділетсіздік, зұлымдық ызыңдаған беймаза желдей маза бермеді. Мәскеудің үлкен мінберінен жарияға жар салған «Бізде ұлттық проблема жоқ!», «Кеңестер Одағындағы барлық ұлттар бір-бірімен тең!», «Достығымыз, бауырластығымыз мәңгілік!» бәрі алдау-арбауға негізделген жалған ұрандар екен. Институттағы оқытушылардың да айтатыны, үгіттейтіні осы.

Қос құлағы осындай қайталама құрғақ, бос сөздерден сарсыған. Өн бойын коммунистік қоғамға деген бір жиіркеніш сезім билеп алды. Бұрынғы аузын ашса, көмейі көрінетін жігіт желтоқсан көтерілісінен кейін өзінен-өзі тұйықталып, көпке қосылмай, оңаша жүргенді торыққан жаны қалап тұрды. Көкейіне кептелген көп сұраққа жауап таба алар емес. Дарияның астыңғы ағысындай байқалмайтын ұлтқа жасалынып жатқан әлеуметтік әділетсіздік жанын жегі құрттай жеді. Өз елінде өгейдің күйін кешкеннен асқан азап бар ма? Ана тіліміз анау, от басы, ошақ қасынан аса алмауда. Елдегі осындай келеңсіздік уақыт өткен сайын, соқтасы солқылдап, асқынған жараға айналып барады. Жатса да, тұрса да «Неге?» деген жауабы жоқ сұрақ кесе-көлденең тұрады. Институттағы салқын ахуал да оның оқуына әсер етпей қалған жоқ. Қысқасы, оқу орнына баруды мүлдем қойды. Шыдамдылықтың да, төзімділіктің де шегі бар. Ол солай Алматыдағы Шет тілдері институтының соңғы курсын аяқтамай, тастап кетті.
Не істеу керек? Ойы сан-саққа алып қашып, біраз сенделумен жүрді. Ақыры бір тоқтамға келді. Құсаға бой алдырғанша әлеуметтік әділетсіздікпен күресу керек. Алаңға барып, тағы да айқайлағанмен тыңдар құлақ жоқ. Кеңестің қағаз жүзіндегі әспеттеп жазған заңын іс жүзіне асыру үшін күреспесе болмайды. Қысқасы, соның ұлтқа тиімді жолын тапқан жөн. Сол үшін мен не істей аламын? Жалғыз менің қолымнан не келеді? Уақыт өте келе өзінің жанын жеген сұрақтардың да жауабын тапқандай болды-ау әйтеуір. Ондай жол бар. Мектеп. Өзге ұлттың балаларына Ана тілімізді саналарына сіңіруден бастау керек. Бұл мен үшін күрестің оңтайлы жолы. Болат осыған табан тіреді. Нар тәуекел! Мен бастайын, қолдайтындар табылатын шығар.
Болат қаланың Октябрь аудандық оқу бөлімі бастығының қабылдауына барды. Бөлім бастығы Сүният Шәріпжанов ұлты татар болса да орыс тілінде сөйлейтін сырықтай арық кісі екен. Ол мұның өтінішін ықылас қойып тыңдады.
– Мына құжатыңызға қарасам, институтты бітірмепсіз. Дипломыңыз жоқ. Оның үстіне қазір мектепте француз тілі мүлде оқытылмайды. Сізге көмектескім келіп-ақ тұр, өкінішке қарай қандай жұмыс ұсынарымды білмеймін.
– Суният Ныгметханович, қазір Алматыда «Қазақ тілі» пәнінің мұғалімдері жетіспей жатыр деп естідім. Қаласаңыз, сол пәннен де сабақ бере аламын, оған тәжірибем жетеді.
– Диплом мәселесін не істейміз?.. Ертең тексерушілер мазамызды алып жүрмей ме? – оқу бөлімінің меңгерушісі қабағын шытып, аздап қиналыңқыраған сыңай танытты.
– Келесі жылы сырттай оқуға ауысамын! Сізді ұятқа қалдырмаймын.
Шарипжанов ілкім сәт ойланып қалды. Содан соң әлдебір мектеп директорына телефон шалып, өзіне жас маманның жұмыс іздеп келіп отырғанын айтып, бос орынның бар-жоғын сұрады. «Павел Александрович, ендеше тыңдаңыз. Менің жанымда бір жас маман отыр, соны сізге жіберемін». Ол ананың келісімін күтпестен тұтқаны орнына сылқ еткізіп тастай салды.
– Сіз № 44-ші мектепке барыңыз. Мектеп директорына ескерттім. Тек әлгі мұғалім сияқты жауапсыздық танытып, кетіп қалып жүрмеңіз. Іске сәт!
Болат сол жылы қаладағы №44 орыс орта мектебіне «Қазақ тілі» пәнінің мұғалімі болып орналасты. Мектеп – қаланың әуежайына таяу жерден орын тепкен, спорттық бағыттағы білім ордасы. Мектептің оқушылар құрамы негізінен еуропалық нәсілден екен.
Мектеп директоры Павел
Александ­рович Денисов қызметінде ұзақ отырмады, төрт-бес айдан соң оны Людмила Николаевна Булатова ауыстырды. Түр-басы келіскен көрікті әйелдің сөйлеген сөзінен, өзгелерді бауырына тартып тұратын әдебінен ішкі мәдениеті көрініп-ақ тұр. Не болса соны тықақтап отыратын кіді басшының сойынан емесі байқалады. Оқтябрь аудандық кеңесінің депутаты деген дәрежесі тағы бар.
Көрмей білмейсің деген. Орыс мектебінде «Қазақ тілін» оқыту ол ойлағаннан әлдеқайда қиын болып шықты. Әсіресе оқушылардың пәнді менсінбейтіні, берілген тапсырмаға жүрдім-бардым қарайтыны былай тұрсын, сабақ үстінде еркінсіп, дөрекілік көрсетіп, тәжікелесіп тұрып алатыны қатты әбіржітті. Тіптен сабаққа қатысу-қатыспау да өз еріктерінде. Сабақ сұраса: «Маған қазақ тілінің түкке де қажеті жоқ», – деп апыл-ғұпыл жиналып, кластан шығып жүре беретінін қайтерсің. Ұрысасың ба, соғасың ба?.. Болат жүйкесіне қанша жерден ауырлық түссе де, педагогикалық әдептен аса алмады. Мұндайда сабаңа түсіп, сабырға келуден басқа амалың қайсы. Дегенмен араларында аз да болса «Қазақ тілін» оқуға, оны білмекке құмартқандар да бар. Бірақ олар да көбіне «қияңқы-қыңыр» балалардың ықпалынан шыға алмады. Бір байқағаны – мектепте тентектеу, есерсоқтаулардың ықпалы зор екен.
Сол кезде «Не істеу керек?» деген сұрақ тағы да алдынан кесе-көлденең шыға келді. Мен мұнда не үшін жүрмін? Тілді білгісі келмейтін, мұғалімге құрметтен жұрдай балаларға жалған баға қойып, жалақы алып жүре беру үшін бе? Менің мақсатым бұл емес еді ғой. Әлде бұл мектепті желкемнің шұқыры көрсін деп бұрынғы тіл мамандары секілді қарамды батырсам ба екен. Солай істесем бұл да солардың қатарынан болды деп табаламай ма? Ол ары-бері ойлана келіп, әлсіздік таныта алмаймын. Қазақ тілін мазақ етуге жол беруден асқан қорлық, одан асқан масқара болмас. Қалайда оқушыларды қазақ тілі пәнін өзге орыс пәндері секілді шын ниеттерімен көңіл қойып оқуға, тілді білуге міндеттеуім керек. Оның жолы тек қатал талап қоя білу.
Сол күннен бастап Болаттың оларға талабы да күрт өзгерді. Алғашқы жарты жылдықта-ақ мектеп ұжымы мен ата-аналарға көзге шыққан сүйелдей көрініп, тағдырдың тартысына түсті.
Оқушылардың жаңа жыл қарсаңында тоқсандық қорытындысын шығарған кездегі ата-аналармен шиеленіс Болаттың әлі күнге есінен кетер емес. Әр кластан бес-алты оқушыға ғана «орта» және «жақсы», қалғандарының оқу үлгеріміне ең төменгі баға қойған. Сол-ақ екен ата-аналар өрт тигендей дүрлігіп, бірден шу көтерді. Жиналыста бәрі жамырай сөйлеп, Болатты түтіп жердей алакөздері ақиланып алған.
Етжеңді толық әйел екілене шаптығып, қитұрқы сұрақ қойды.
– Жолдас Шарахымбаев, біздің балаларға неге ең төменгі бағаны қойдыңыз?.. Жалпы, қазақ тілінің қоғамда орны бар ма? Бар болса қандай? Сіз алдымен осы сұраққа жауап беріңізші?
Бұл сұрақ Болаттың намысына тиді. Ішінен қанша ашу-ызаға бұлқынып тұрса да, ұстамдылықпен жауап беруге тырысты.
– Құрметті ата-аналар, алдымен сабыр сақтаңыздар. Сіздер бір маңызды жайды ескермеген сияқтысыздар. Біз қай елде тұрамыз?..
Топ ішінен бірі әлде кекесін, әлде мысқылмен:
– Қазақ Советтік Социалистік республикасында, – деп дауыстап ыржиды.
– Дұрыс. Қазақ республикасында тұрады екенсіздер, яғни сіздер де, балаларыңыз да қазақ тілін білуге міндеттісіздер. Республика басшысы Геннадий Сергеевич Колбиннің өзі бастап, қос тілді игеру жөнінде талап қойып отыр. Сондықтан босқа даурықпаңыздар. Одан да бұл мәселеде маған көмекші болыңыздар, балаларыңызға қазақ тілін үйренуге қол ұшын беріңіздер. Сонда бәрі оңай шешімін табады. Баға мәселесіне келсек, мен ешкімді төмендетейін деп отырғам жоқ. Әр оқушының біліміне қарадым. Дұрысы үйде солармен жұмыс істеңіздер, сөйлесіңіздер, қазақ тілін үйренуге деген ынта-ықыласын, құрметін оятыңыздар!
Бүйрек бет, еңгезердей ер кісі атарға оғы жоқ кісідей баждиып қарады.
– Шарахымбаев жолдас, қазақ тілі пәнін қала мектептерінің бағдарламасынан мүлдем алып тастаса да, кемелденген социалистік қоғамға еш нұқсан келмейтінін сіз де білуге тиіссіз. Сіз бен біздің негізгі мақсатымыз – коммунистік қоғам орнату. Оған тек орыс тілі арқылы ғана жетеміз. Ал сіз жаныңызды салып қорғап отырған қазақ тілі деп аталатын этникалық өлі тіл коммунистік қоғамда түкке де қажеті болмай қалады. Сіз сияқты ақылды жігіт оны да жақсы біледі. Бірақ неге кеже­геңіз­дің кейін тартып отырғанын түсін­бедік.
Болат та ет пен сүйектен жаралған пенде. Қанша шыдамдылық танытса да мына сөз өңменінен өтіп кетті. Ақшыл сары өңі күреңітіп, әупиген неменің көзіне қадала қарады.
– Сіз – Қазақ республикасының азаматысыз. Төл құжатыңызда солай жазылған. Ол дауысын көтере сөйледі.
– Сіз айтқандай социалистік қоғамға қазақ тілі қажет болмаса, Үкімет оны мектеп бағдарламасына енгізер ме еді? Енгізбес еді. Босқа қаражат шығындамас та еді. Ал енгізген екен оқушыларды оқыту мен үлгерімін бағалау – біздің міндетіміз. Сіздің мына сөзіңіз Карл Маркстың айтқанын есіме салып отыр. «Өзі тұрып жатқан елдің тілін тек қонақ, ақымақ немесе басқыншы ғана білмеуі мүмкін!» – дейді ол. Сонда өзіңіз тұрып жатқан республика ұлтының тілін білмейтін сізді кім дейміз?
Сөзді басына сәндік үлгідегі шляпа киген тоқ кеуделі әйел алып, бәлсіне сөйледі.
– Менің қызым барлық сабақтан үлгерімі үздік. Қалааралық жарыстарда үнемі жүлде алып келеді. Осы мектептің бетке ұстар мақтанышы. Ал сіз, Болат Жуминович, «Қазақ тілінен» өте нашар баға қойыпсыз. Үздік оқушыны жоғары бағалау керектігі қаперіңізге кіріп шықпай ма? Педагогикалық этика деген қайда сонда?
Болат тосылған жоқ.
– Сіздің қызыңыз басқа пәндерден үздік оқитын шығар, оған дауым жоқ. Бірақ «Қазақ тілі» пәніне ықыласы анау айтты емес. Кешіріңіз, білімі төменге жоғары баға қоя алмаймын. Оқушы үшін пәннің бәрі бірдей.
Осы кезде төмен түскен көзілдірігінің үстінен, түксиген қабағының астынан шаншыла қараған толық денелі мосқал кісі дүрсе қоя берді.
– Шарахымбаев жолдас, ұмыт­паңыз, бұл – спорттық бағыттағы мек­теп. Полиглоттарды емес, болашақ чемпиондарды даярлайды. Сондықтан «Қазақ тілі» сабағының орнына балаларымыз спортпен айналысқаны әлдеқайда пайдалы екені даусыз. Өйткені олардың міндеті – ертең халықаралық жарыстарда Кеңес Одағының намысын қорғау. Ал сіз қазақ тіліңізді тықпалайсыз.
Болат еруліге-қарулыны ұстанып:
– Қателесесіз, жолдас! Оқушының негізгі міндеті – оқу! Мектеп қабырғасынан бастап елін сүйетін, туған жерін құрмет­тейтін тұлғалыққа қалыптасу. Біз ұстаздар қауымы сол үшін тәрбие жұмысын жүргізудеміз. Келешекте осы мектептен ұшқандардың арасынан чемпиондар шығып жатса, қуанатынымыз рас. Бірақ спортпен айналысатын балаға қазақ тілін үйренбесін дегенді сізге кім айтты? Оқу министрлігінің сондай бұйрығы бар ма? Жоқ!
Жұмаланған жуан әйел дауысын зорайтып, доқ көрсетті.
– Біз министрлікке спорттық бағыттағы мектептерден «Қазақ тілі» пәнін алып тастап, орнына спорт сабағын көбейту жөнінде үш рет талап хат жазғанбыз. Бірақ талабымызды қанағаттандырмады. Олар қашан дұрыс шешім қабылдағанша тағы да жаза береміз. Колбин келді ғой, енді сол талабымыздың шешімін табатын күн де алыс емес шығар…
Болат бір сәт отырғандарды жағалай шолып шықты.
– Мен министрліктің жұмысына араласпаймын. Жоғарыдағылар не істеп, не қояды, шаруам жоқ. Бірақ министрліктің өкімімен бекітілген бағдарлама бар, ереже бар, сол заңға сәйкес жұмыс істеу міндетім. Сондықтан сіздердің маған қойып отырған талаптарыңыз жөнсіз. Ол ойын жинақтап алмақ болып сәл іркілді де. – Құрметті ата-аналар, мен сіздерді жақсы түсінемін. Балаларыңыз үшін отқа да, суға да түсуге барсыздар, артық-ауыс сөзге де ерік беріп жатырсыздар. Бірақ сіздердің маған реніштеріңіз орынсыз деп есептеймін. Өйткені мен бар болғаны өз міндетімді орындап жүрмін.
Жиналыс мәресіне жетіп, жұрт тарай бастағанда бір әйел сәл кідіріп, артына бұрылып, көкшіл көзімен ызғар шашты.
– Сізбен әлі кездесеміз. Тиісті орындарға шағымданамыз, сонда ренжімеңіз.
Болат еріксіз езу тартты.
– Еріктеріңіз білсін.
Ол класта жападан-жалғыз қалды. Ішкі жан дүниесі алай-дүлей. Сыр алдырмағаны болмаса, әлгіндегі ата-аналардың шабуылына төтеп беру жүйкесін әбден жұқартқанын жаңа сезінгендей. Бұл мектепке «Қазақ тілі» пәні мұғалімінің неге құтаймайтыны енді түсінікті болды.
Түстен кейін директор Булатова кабинетіне шақыртты. Әдеттегідей жымия қарап, жайдары мінез танытты. «Болат Жумынович, 5-6-7-8 класс ата-аналарының сізге деген реніш-өкпелері қара қазандай. Алайда мен сіздің оқушыларға қойған талабыңызды жөнсіз дей алмаймын. Дегенмен оларды да түсіну керек деп ойлаймын», – деді баяу үнмен.
Ол сабырмен тыңдады да: – Людмила Николаевна, мен оқушыларды да, өзімді де алдағым келмейді. Ондай мінез менің табиғатыма жат. Оларды біз қазір жалғандыққа, өтірікке тәрбиелесек, кейін қалай болады? Коммунистік моральға жат, жиіркенішті іс қой. Сіз де мені дұрыс түсініңіз, – деді. Әңгіме осымен бітті.
Екінші тоқсанда да жағдай өзгерген жоқ. Ата-аналар жиналысы да солай айқай-шумен өтті.
Қарашаның бұлыңғыр сызды күндері салқын. Күн қысқарып, түн үстемдік ете бастағаны қашан. Сол күні Болат әдеттегідей мектептен кеш қайтты. Бұлым-бұлым көшенің бірінен өтіп екіншісіне бұрылғаны сол еді алдынан бес-алты қараңдаған жанның сұлбасын көрді. Жандарынан өте бергені сол еді бірі: «Здравствуйте, Болат Жуминович», – деп дауыстады. Артына бұрылып қараса, өзінің 8 кластағы оқушысы Матвей Лаваш. Басқалары ересек, бейтаныс жандар. Ол да амандасып, жүре берді. Он қадамдай ұзағанда жуан дауысты бірі: – Слушай, учитель казахского языка! Куда торопишься? Постой! Разговор есть, – деді өктем үнмен. Тоқтап артына бұрылғанша олар да жетіп келіп, айнала қоршап тұра қалды. Еңгезердей неме қалтасына қолын салып тұрып, кіжініп сөйледі. – Слушай, учитель, почему наших ребят обижаешь? Маленьких обижать нехорошо, – деп кекесін үнмен басын шайқады. Аузынан арақ исі мүңк ете қалды. Ол сыр бермей: «О ком речь?», – деп жүзіне тіке қарады. Анау: «Оказывается, ты им спокойно учиться не даешь. Прямо с урока выгоняешь, еще руки распускаешь. Разве это по-учительски?», – деп зірк-зірк етті. Мұндайда ақталып жатудың өзі осалдық танытатынын сезген Болат оның пәтін қайтарып тастамақ болып: «Какое твое дело?», – дегені сол еді, анау екіленіп: «Ты че, декабрист, кем себя возомнил?». – Оның жуан жұдырығы иегінен сарт етті. Қатты соққыдан қолымен жер тіреп, құламай қалған Болатқа төбесінен төніп: «Здесь, в этом районе ты – никто! Понял, декабрист! Здесь мы хозяева! Твой поганый казахский здесь ничего не значит. Лучше по-хорошему уходи! Понял, учитель мамбетского языка?!», – деді бетін тыржитып, жиіркенішті үнмен. Оның соңғы сөзі сүйегінен өтіп, намысына тиіп, жанына қатты батты. «Мына иттің тілімді ғана емес, бүкіл қазақты қоса қорлағаны-ай!». Тұла бойын ашу-ыза кернеп, бойын тіктеп алды да: «Я много видал таких придурков как ты на площади!», – деп ананы құлақ шекеден келтіре соқты. Тәлтіректеп барып, етбеттей сұлады. Сол кезде оған басқалары тап берді. Ол шегіншектей жүріп жұдырықтасты. Көптің аты көп. Араша түсер басқа жан жоқ. Матвей шеттеу тұрып қызықтауда. Бұзақылар қолын қайырып, аяғынан шалып, жерге жықты да тепкінің астына алды. Ауыздарынан ақ ит кіріп, көк ит шығуда. Айқай-шудан көшенің қос қапталындағы үйлердің шамдары жанып, сыртқа адамдар шыға бастады. Топ ішінен бірі: «Уберемся пока нас не заметили!», – деп шегіне берді. Әлгі өңкиген неме сәл кідіріп: «Декабрист, предупреждаю, либо будет по-нашему, либо покинь школу!», – деп қабаған иттей арп етті. Олар тез жылыстап, қараңғы көшеге сіңіп кетті.
Ол сүрініп, қабынып пәтеріне жеткенде түннің біраз уағы болған. Оның жан шошырлық түрін көріп әйелі Майра азар да безер болды: «Болат, «Ана тілім!.. Ана тілім!..» деп өзегің өртеніп жүріп өлесің бе? Желтоқсанда алаңда жеген таяғың аз ба еді. Қай қазағың сенің бұл жанкешті ісіңе қолдау көрсетіп, жаныңа жалау болды? Айтшы қане? Қапелімде олай-бұлай болып кетсең баламызды кім асырап, жетілдіреді? Неге соны ойламайсың? Қойшы сол мектебіңді! деп Құдайдың зарын қылсам да қиқарлығыңа басып, құлақ аспадың. Енді, міне, жатысың мынау» – деп Майра булығып, ішіндегі шерін ашына ақтарды.
Кеше ет қызумен сезбепті. Ертеңгісін тұла бойы қан қақсап, кеудесі сырқырап жан шыдатар емес. Арқасы, қабырға тұсы, сандары қарауыта теңбілденген. Төсегінен сүйретіліп әзер тұрды. Майра шошына қарады. «Жедел жәрдем» шақырамын». – деп апыл-ғұпыл киініп, жақын маңдағы телефон будкасына жинала бастағанда Болаттың: «Керегі жоқ! Шақырма! – деген қатқыл үні кілт тежеді. – Көшедегі көліктердің бірін ұстап, мені әуежай жанындағы емханаға алып бар.
Ат жақты егде дәрігер тұла бойын мұқият қарап шықты. «Сынықтан сау екенсің, жігітім. Аман қалған жаның олжа», – деп иығынан қақты. Енді осында он күндей емделуіме тура келеді. Дәрігердің қабылдау палатасынан шыққаны сол еді Людмила Булатова бастаған мектеп басшылары жетіп келді. Жүздері өрт сөндіргендей алабұртып кеткен. Төсекте жатқан оған жалтақтап, мазасыздана қарауда. Директор сыр тартып: «Болат Жуминович, соққыға жыққан кімдер? Оларды танушы ма едіңіз?», – деді екі ұштылау үнмен кібіртіктей сөйлеп. Болат болған жайды қысқа қайырды. Лавашты естігенде Булатованың өңінен қаны қашып, қуқыл тартты. «Иә, Болат Жуминович, мектебіміздің беделіне үлкен нұқсан келгелі тұр. Үні жабырқау естілді. Жанындағыларға «не істейміз?» дегендей бір сәтке көз қиығын жүгіртті де: – Сіз келіссеңіз бұл істі бәлкім шулатпай-ақ бір жақты етерміз. Мен сізге депутат ретінде сөз берейін. Бұдан былай бұл ауданда сізге ешкім де тиісіп, мұндай бейбастыққа бармайтын болады, – деді жалынышты сыңай танытып. Ол ойланып қалды. Болат сырқаты жанына батса да ұнжырғылары түсіп тұрған ұжымына аянышпен қарады: «Людмила Николаевна, мектептің абырой-беделі маған да қымбат. Қазақта: «Ер жігіттің басына нелер келіп, нелер кетпейді» дейді. Бұл да әлі көрген түстей өтер-кетер», – деді жайбарақат үнмен. Аналар иықтарынан ауыр жүк түскендей демдерін бір-ақ алып, жадырап шыға келді.
Мектептің кезекті педогогикалық кеңесі Болат Шарахымбаевтың «Қазақ тілі» пәні бойынша оқушылар үлгерімін қорыту мәселесіне арналды. Осы мектептің көп жылдан бергі ұстазы, кексе тарихшы Терехин бірінші болып сөз алды. Ол «қара жерден жік шықты, екі құлағы тік шыққандай» едірейіп: «Болат Жуминович, сіз өзіңізді кіммін деп жүрсіз? Оқушыларды қазақ тілі арқылы ұшпаққа шығарамын деп жүрсіз бе? Не қоғамдық қолданысқа, не халықаралық қатынастарға жарамайтын тіл кімге керек? Сіздің кесіріңізден мектебіміз бұрынғы беделінен айырылып қалды», – деп тепсінді. Шеттеу отырған қоңқақ мұрын «физкультурник» Никитин: «Ешқандай болашағы жоқ тілді мемлекеттік тіл дәрежесіне жеткізгеннен не ұтамыз? Есек дәмеге малданбаңыз, жас жігіт! Айналаңызға көзіңізді ашып қарасаңызшы. Тыраштанамын деп далада қалып жүрмеңіз. Сондықтан есіңізді жиып, жөнге көнгеніңіз дұрыс болар», – деді кекесінмен мырс етіп. Осы кезде көзі тұздай математика пәнінің мұғалімі Саламатина оқ жыландай ысылдады: «Біздің естіп білуімізше сіз ұлтшылдардың декабрь бүлігіне қатысқан екенсіз. Бәлкім, әлі де ойлаған мақсатыңызға жету үшін мектепті пайдаланғыңыз келетін шығар. Біліп қойыңыз, оныңыздан түк шықпайды. Одан да ақылға келіп, журналдардағы балаларға қойған «екіліктеріңізді» қайта түзетіңіз», – деп шаптықты. Әсіресе өзін бұрыннан жақтырмайтын оқу ісінің меңгерушісі Лариса Федорова жығылғанға жұдырықтың керін келтіріп: «Болат Жуминович, ашығын айтайын, сіз жақсы адамсыз, талантты педагогсыз, – деп екі езуіне мысқыл үйірді де сөзінің тоқетеріне көшті. – Бірақ біздің ортамыздың адамы емессіз, өз жөніңізді білмей адасып жүрсіз. Қалада қазақ мектептері ашылып жатыр дейді. Солардың біріне ауысқаныңыз жөн-ау», – деді. Тағы бір тарихшы Попов ақиланып: «Әй, декабрист, ана журналдардағы «екілік» бағаларыңды түзет те, жайыңды тап», – деп сөзін қысқа қайырды.
Басқа әріптестердің сөзі де осындай дөң-айбат сарында шықты. Атқан ала көздері өңменінен өтіп барады. Мұндайда торыққан жанына жалау болатын бір қолдаушысы болсайшы. Ол орнынан ширақ тұрып, мінберге көтерілді. Сөзін ештеңе болмағандай сабырлы, барынша салмақты бастады.
– Қадірлі әріптестер, қазақ тілі сіздер ойлағандай от басы, ошақ қасының тілі емес. Өзге тілдерден сөздік қоры аспаса, кем түспейді. Қараңыздаршы, ғалымдардың зерттеуінше, Шекспирдің сөздік қоры 16 мыңның айналасы болса, Әуезовтің сөздік қоры 18 мыңнан асып жығылады екен. Сонда қайсы тіл бай? Ағылшын тілі ме, қазақ тілі ме?.. Орыс тілі туралы сөз таластырмай-ақ қоялық. Мәселе сөздік қорда емес, қолданыста болып тұр. Тілді сыйлағаныңыз – өздеріңізбен бірге етене өмір сүріп келе жатқан қазақты сыйлағаныңыз. Бұл менің жеке пікірім. Қазақ тілі – ол Абайдың тілі! Ол – Әуезовтің тілі! Тек сіздер олардың шығармаларын оқымағансыздар, содан соң білмейсіздер. Өкінішті. Сіздер талап етті екен деп өзіме-өзім қарсы шыға алмаймын. Оған арым жібермейді, – деп мінберден түсіп, өз орнына жайғасты.
Бір сәт сілтідей тына қалған зал сәлден соң қайта жамырап шықты. Топ ішінен біреулердің директорға: «Людмила Николаевна, мынау сөз ұқпайтын неме ғой. Мектепті артқа тартатын мұндай адамды неге ұстайсыз?», – деп кіжініп дауыстағаны, оны жан-жақтан қолдаушылардың жаныға шыққан үндері естіліп жатты. Булатова оң қолын көтеріп, шуды әрең басты. «Болат Жуминовичті жұмыстан босату туралы айтып жатырсыздар. Ол мүмкін емес. Ондай заңсыздыққа бара алмаймын. Неге десеңіз, ол ешқандай этика бұзған жоқ. Ол да өздеріңіз сияқты өз міндетін орындап отыр. Педагог кодексіне адал. Сондықтан оны жұмыстан қуу мүмкін емес. Ал өз еркімен өтініш-арызын жазып берсе, онда сөз басқа», – деді шарасыздық кейіп танытып.
Педогогикалық кеңес бітіп, жұрт тараған кезде «Қазақ тілі» пәнінен сабақ беретін әріптесі Гүлшара апай жанына келіп, нали үн қатты.
– Болат, шырағым, сен әлі жассың. Жоқ жерден өзіңе жау шақырып қайтесің. Болашағың алдыңда. Білемін, намысқойсың, жүрегің батыр. Бірақ «көп қорқытады, терең батырады» деген. Бұлар көп қой. Көппен алысып, бәрібір береке таппайсың. Босқа жүйкең тозады. Жаныңды қинамай өз жайыңа жүре берсең болмай ма?!
Әріптесінің сөз саптасы осы болды. Болаттың көкірегін ашу кернеп, көтеріліп барып басылды.
– Апай, Шона Смаханұлы ағаны білесіз, қазақ сыныптарын ашайық деп табанынан тозып, еріккеннен жүгіріп жүр ме? Ал сіз мені қолдаудың орнына аналарға жығып бергіңіз келеді.
Колбиншіл билік 1988 жылы көктемде қостілдік мәртебесі туралы қаулы қабылдады. Осы құжат Болатқа ерекше дем берді.
Тіл үшін текетірескен арада тағы бір жыл өтті.
1989 жыл. Мамыр айының соңғы күндері оқыс жайдан №44 мектеп ұжымы ғана емес, бүкіл қала дүрлігіп кетті. Жыл қорытындысы бойынша 76 оқушы «Қазақ тілі» пәні сабағын «екілік» бағамен тәмамдады. Бұрын-соңды мұндай көрсеткішті көрмек түгілі естімеген аудан-қала педагогтарының берекесі қашқан. «Бір пәннен 76 «двойшниктің» шығуы сұмдық қой! – деп шошып жатты.
– Жүрек жұтқан кім, қандай мұғалім?!
– Ол – Болат Шарахымбаев.
«Екі» бағасымен таңбаланған төрт кластың журналдары – мөрмен бекітілген мемлекеттік құжат. Оны жыртуға, не қойған бағаны түзеуге ешкімнің қақысы жоқ.
Араға үш күн салып, Болатты аудандық оқу бөлімі меңгерушісі шақыртты. Аялдамада автобусты ұзақ күтуге тура келді. Мекемеге түс әлетінде әзер жетті.
Шәріпжанов тағаты таусылып күтіп отыр екен.
– Шарахымбаев келдің бе? Сен өзі не істеп, не қойып жүргеніңді білемісің? – деп салған жерден шарт кетіп, жұдырығымен столды қойып қалды. Бейне тұқыртып алып, мысын басқысы келгендей қанын ішіне тартып, көгеріп сазарып, орысша айқайлап, тарпа бас салды. – Бір мектептен 76 «двойшник» шығару не деген сұмдық! Мұндай сорақылық бұрын-соңды Алматының тарихында болмаған шығар. Оған сенің қалай дәтің барды? Әлде сен біздің түбімізге жеткің келіп жүр ме? Әлде газеттерде жазып жүрген мақалаларыңмен жасытып алғың келе ме?.. Білеміз, не жазып жүргеніңді.
Болат сабырлы қалпын сақтады. Өңменіне шаншудай қадалған сөзден қаймықпай, кеудесін тік ұстады. Ашуға бой алдырып, қалтырап, дірілдеген бастық сөзін аяқтаған кезде ширығып шыға келді.
– Суният Ныгметханович, мені бекер жазғырасыз. Менің ешқандай кінәм жоқ. Оқушы жыл бойына қалай оқыса, соған лайықты бағасын алды. Ал мақала мәселесіне келсек, орыс мектептеріндегі қазақ тілі пәнін оқыту сапасына министрлік тарапынан жете көңіл бөлетін уақыттың жеткенін жазғаным рас. Әлі де жазамын. Тек басқалардың ыңғайымен емес.
Алғашқыдай емес, Шарипхановтың арыны басылып қалды. Сонда да сыр бермей, оны ала көзімен атып, қолын безеп, зіл тастай сөйледі.
– Сөздің қысқасы, сен бағаларыңды өзгертесің. «Екіліктеріңді» «үштікке», «үшіктеріңді» «төрт пен бестікке» айналдырасың. Қалай айналдырасың, оны өзің білесің. Алматы – ел астанасы, мәдениет, ғылым орталығы. Мұндағы мектептер оқу үлгерімі жағынан республикада алда болуы тиіс, үлгі болуы керек. Ал сен қыңырайып, кейін тартқың келеді.
– Дұрыс айтасыз, Суният Ныгметханович, Алматы – қазақтың астанасы. Сондықтан қазақ тілін оқытуда да алда болу керек деп есептеймін. Осы уақытқа дейін «Қазақ тілі» пәні оқу бағдарламасында бар болғанымен шын мәнінде өгейдің күнін кешіп келгені сізге де аян. Осы қатып-семіп қалған көзқарасты өзгерту керек. Менің мақсатымның өзі сол. Министрлікке жалған есеп беруді қойып, Алматыдағы орыс тілді мектептерді басқа қалалардың алды болып қазақ тілінде сөйлетуде үлгі болу. Ал мен бұған көзімді жұмып, бара алмаймын. Сондықтан баға саясатында өзгеріс болмайды. Жұмыстан қазір шығарып жіберсеңіз де оны өзгертуге келіспеймін.
Жаз өтіп, күз келді. 1 қыркүйекте жаңа оқу жылы басталды. Жаңа оқу жылы – жаңа мүмкіндіктердің ашылатын кезеңі ғой. «Қазақ тілі» пәнінің мұғалімі Болат Жұмынұлы Шарахымбаев өзі жетекшісі болып табылатын 9 класқа кіргенде, оқушылар орындарынан бір адымдай тұрып, ізеттерін көрсетті. Колбин республика басшылығынан кетіп, қоғамда үлкен әлеуметтік өзгеріске жол ашылды.
1989 жылы 22 қыркүйекте Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің кезекті сессиясында Қазақ тілі мемлекеттік мәртебеге ие болды.

Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ

ПІКІРЛЕР2
Аноним 24.12.2023 | 11:48

Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты Тіл саясаты комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалуға лайықты адам екен. Бұл қызметке ана тілімен қоса орыс тілін де жақсы білетін, орыстілділермен айтысып- тартыса алатын осындай таза адам келуі керек еді. Бізде бәрі керсінше, кері кетіп барады. Кезінде Еуразия ұлттық университетінің филология факультетінен студенттерді жебірдей жегені үшін қуылған, кейін «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығында тілді дамытуға бөлінген қаржыны жымқырып тойынған Ербол Тілешов Тіл саясаты комитетінің төрағасы болыпты.

Аноним 27.12.2023 | 10:22

Ербол Тілешов — шын әдебиетші емес. Ол әдебиетші атын жамылып жүрген алаяқ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір