«ЖАСТАР СӨЙЛЕСІН!»
10.12.2022
2888
0

Алматыда 2-4 желтоқсан аралығында Халықаралық Қазақ ПЕН клубы Алматы әкімдігімен бірлесіп «Жастар сөйлесін! Жастар туралы сөз» ат­ты жазушылар мен публицистердің Үшінші Халықаралық форумын өткізді. Шараға еліміздің түкпір-түкпірінен жас қаламгерлер қатысты. Аталмыш форумда көзге түскен жастарға медаль, сыйақы табыс етілді. Атап айтсақ, поэзия номинациясы бойынша Айбол Исламғалиевке, проза номинациясы бойынша Ұларбек Нұрғалымға, Әлішер Айтуарға сыйақы, Ерғали Бақаш, Бақытбек Қадыр, Есбол Нұрахмет секілді жастарға медаль берілді. Осы шараға қатысқан аға буын, жас қаламгерлердің пікірін білген едік.

Қуандық ТҮМЕНБАЙ

Жас әдебиетшілерге демеу де, демеушілер де керек

ПЕН клуб бұрын әдебиет­тің күрделі мәселелеріне арналған көптеген форум өткізді. Ал бүгінгі тақырып – жас әдебиетшілер мен әдебиет­тің болашағы туралы.
Бірден айтайық, біздің әдебиетіміз – бай, бірақ шет елдерге әлі танылмаған әдебиет. Жұрт бізді бірлі-жарым шығармалар арқылы ғана біледі. Небір талант­ты жастар бар, соларды әлемге таныту үшін бізге демеуші керек. Демеуші дегеніміз – аударма және жақсы қаржыгерлер. Мысалы, Айтматов «Жәмиланы» жарыққа шығарды. Көп ұзамай Сайын Мұратбеков «Көк орайды» жазды. Мен «Көк орайды» «Жәмиладан» кем көрмеймін. Тек Айтматовтың демеушісі Мұхтар Әуезов болды да, ол алғы сөз жазып, «Новый мирге» шығарып жіберді. Солай әлемге тарап кет­ті. Ал Мұратбековтің «Көк орайы» қазақтың ішінде қалды. Тағы бір мысал, Шукшиннің «Қызыл бүрген» деген шығармасы бар, ал сол сияқты туындылар біздің атақты «Жеті жетімде» (әкелері соғыстан қайтпаған қазақтың қабырғалы қаламгерлері – Оралхан Бөкей, Ақселеу Сейдімбек, Бексұлтан Нұржекеев, Кәдірбек Сегізбаев, Кәрібай Ахметбеков, Қуанышбай Құрманғали, Серік Әбдірайымов – ред.) бар. Сондықтан осынау форумның негізгі мақсаты – жас талант­тарды шетке шығару. Соған қолтықтан демеу.
Мен бұл форумда проза семинарын жүргіздім. Семинар барысында төрт аяғын тең басқан шығармалар көзге түсті және соларды шет тілдерге аударып, барынша насихат­тауға қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Ал жас авторларға өзімнің пікірімді айт­тым.

Форум өз мақсатына жет­ті

Ақберен ЕЛГЕЗЕК

Жастар – қай саланың да қозғаушы күші. Сондықтан форумның «Жастар сөйлесін! Жастар туралы сөз» деп аталуы заңды деп есептеймін.
Форумда 3 үлкен секция жұмыс істеді. Олар: поэзия, проза, публицистика. Соның ішінде поэзия секциясын мен жүргіздім. Біздің жұмыс өте қызу болды, үлкен-үлкен тақырыптар көтерілді. Әсіресе Алашорда кезеңіндегі, соғыстан соңғы, 60-70 жылдардағы және одан кейінгі буынның поэзияларын талқыладық. Ал біз немен айналысып жатырмыз, не жазуымыз керек, бүгінгінің ақынына не қажет, талант пен білімнің алар орны қандай – осы төңірегінде де көп әңгіме өрбіт­тік. Аға буын өкілдері салып берген соқпақ біткен жерде жастардың жаңа соқпағы басталып кетсе құба-құп. Бұл рет­те талант пен білімнен бөлек, үздіксіз ізденіс керек.
Мен шетелдердегі конференцияларға жиі қатысамын. Ол жақтың форумы – кішігірім жиын. Бізде болса, оларға қарағанда кең көлемде өтеді. Осыған бола, мұндай шараларды құр жиын, ас ішіп, аяқ босатып кететін жер деп күстаналайды былайғы жұрт. Жоқ, мүлдем олай емес. Келелі келісімдерге келетұғын, өзекті мәселелер талқыланатұғын форумдарда ең маңызды дүние – оған қатысатын адамдар, солардың арасындағы әдеби байланыс. Мәселен, қазақтың қаламгерлері 2 күн ішінде 14 мемлекет­тен келген әдебиетші қауыммен байланыс орнат­ты. Олар бұрын бір-бірін танымайтын еді. Бірге өткен екі күнде бәрі бір үйдің баласындай бірге жүрді, пікірлес болды. Ал ертең біздің ақын-жазушылар ағылшын тіліне аударылып, ол шетелде кітап болып шығып, кітап дүкендерінде онлайн һәм қолма-қол сатылса, одан тек ұтамыз. Бұл форум сол үшін өте қызықты, ең бастысы, қазақ әдебиетіне пайдалы өт­ті.
Форум барысында көптеген мәселе көтерілді, креативті идеялар айтылды. Негізгілеріне тоқталайын. Мәселен, ағылшын тілді аудармашылар ортамызда отырды, сол кісілер орыс тілінен аударылған тәржіманың керек емес екенін, ағылшын тіліне мейлінше тіке аудару қажет­тігін баса айт­ты. Ондағы басты мақсат – қазақ тілінің табиғатын сақтау. Әрине, елімізде ағылшын тілін еркін меңгерген жастар өсіп келе жатыр. Соларға әдебиет­ті оқыту, қыр-сырына қанықтыру керек деген ұсыныс та естіліп жат­ты. Ондай маман екіжақты аудармашы бола алады. Әдеби процесті, стилистиканы, көркем сөзді меңгерген аудармашы жұмыс барысында шығармасының табиғатына сәйкес сөздер мен сөз орамдарын іздейді. Сонда ғана осы сала алға жылжиды. Бізге ағылшын тілі арқылы бүкіл әлемге шығу керек. Латвиядан келген бір жазушы: «Қазір әлемнің қай түкпірінде де өмір сүру ыңғайлы. Алыс-жақын шет елдердің ең атақты деген жазушыларын жері шұрайлы, табиғаты көркем Қазақстанға өмір сүруге шақырсаңыздар, артынан оқырмандар келер еді. Сол авторлардың соңынан ерген баспалар Қазақстанға деген көзқарасын өзгертер еді», – деген идея айт­ты. Өте дұрыс пікір. Димашты алып қараңызшы. Ол қайда барса, тыңдармандары артынан ере барады. Жер бетінің түкпір-түкпірінде Димаштың ана тілін үйренеміз деп талаптанып жүрген жандар қаншама!..
Жалпы, осындай талқылаулардың, айтылған ұсыныстардың, көтерілген мәселелердің өзектілігіне қарап-ақ форум өз мақсатына жет­ті деп ойлаймын.

Қайткенде де жақсы жазуға тиіспіз

Ерғали Бақаш

Қазақ ПЕН клубы ұйымдастырған «Жастар сөйлесін! Жастар туралы сөз» ат­ты III халықаралық форумы жастарға көп үміт артып қана қоймай, шалқар шабыт, мол үміт сыйлағандай әсер қалдырды. Шынын айтқанда, бұл қоғамдық бірлестіктің осы күнге дейінгі жұмысымен жіті таныс емес жас қаламгерлер форумның аясында алыс-жақын шет елден келген ақын-жазушылармен еркін тілдесіп, әр жанр бойынша лекцияларға қатысып, шығармашылық лабораториясы туралы сөз қозғады.
Мінбеге көтерілген әр жас талап жазу машығы, бүгінгі әдебиет­тің даму барысы және аударма туралы ойын ортаға салды. Кейбірі өз бетінше түрік, орыс, ағылшын тіліне кітаптарын аудартып жатқанын да айтып өт­ті.
Көрнекті ақын Бақыт Кенжеев әлемдік поэзия туралы баяндама жасап, «қазақ әдебиетінің әлем оқырмандарына жол тартуына Пен клуб айтарлықтай үлес қосып жатқанын тілге тиек ет­ті. Бұл әдеби үрдіс тоқтамай, жалғасын таба беруі керек. Мойындалған, шығармашылығы аударуға лайық деп тапқан авторларды насихат­тау – әрбіріміздің парызымыз», – деді.
Проза секциясына қатысқан, инженер, ғылым докторы, профессор, жазушы Владимир Карцев жас жазушылардың бірнешеуінің әңгімелерін оқығанын, алдағы уақыт­та тығыз шығармашылық байланыста бола отырып, аударма саласына белсене араласатынын айт­ты.
Саясаткер, ақын, журналист, блогер Максим Шевченко қазақ әдебиеті мен қазақ халқына деген құрметінің зор екенін жеткізді. «Қазақстанның болашағы жарқын, жастары білімді де білікті. Сіздер әлі-ақ әдебиет пен мәдениет­теріңіз арқылы әлемге таныласыздар деп ойлаймын», – деді.
Форумның мақсаты айқын. Бағдары анық. Қазақ әдебиетін шет елге насихат­тау, әрі әлем әдебиетіндегі озық үлгілерді аудару. Сондай-ақ қазақ қаламгерлерінің шетел әріптестерімен шығармашылық байланысын нығайту, әдебиет­тің ортақ проблемаларын талқылау, шет ел жазушыларының қазақ әдебиетіне деген ықыласын арт­тыру көзделген болатын. Кішкене болса да сол мақсат­тың орындалғанына көзіміз жет­ті. Себебі, 12-13 елден келген қаламгерлер еркін формат­та өткен кездесулерде жастардың өзгеше ойына әрі жазу стилі бөлек бір шоғырдың келе жатқанына сүйініп, ілтифат білдірді. Тек қолдау, дұрыс бағыт-бағдар аға буынның парызы дегенді меңзеп өт­ті.
Пен клуб алдағы уақыт­та жастардың шығармаларын ағылшын тіліне аударып, жылына бір рет алманақ шығарып тұрса деген ұсынысқа Бигелді Ғабдулин ынталы екенін жеткізді.
Бұл форумның тағы бір ерекшелігі – құрғақ баяндама мен есеп беруге құрылған жарыс сөзге бой алдырмауында дер едім. Белгілі жазушылар Әлібек Асқаров, Қуандық Түменбай, Жүсіпбек Қорғасбек және публицист Қали Сәрсенбай мен әдебиет сыншысы Амангелді Кеңшілікұлы жастардың шығармаларына баға беріп, жетістігі мен кемшілігіне тоқталды. Жастар жағы сын қаламгерді өсірмесе, өшірмейтініне көз жеткізді.
Пен клубтың төрағасы, журналист Бигелді Ғабдуллин алдағы уақыт­та талант­ты жастарды мүшелікке қабылдап, бірге жұмыс істеуге дайын екенін айт­ты.
Әдебиет – тірі сөз, жанды образ арқылы оқырман жүрегінен орын алатын кінәз өнер. Ал өнердің мұраты – халықты ізгілікке, мейірімділікке тәрбиелеу арқылы адамзат баласына кісілік құлпының кілтін ашуға баулитын тәрбиелеуші құрал. Сондықтан да руханиятқа көңіл бөлген елдің жолы ашық, аспаны бұлтсыз болады. Тек қоғамдық ұйымдар ғана емес, үкімет тарапынан да әдебиет пен мәдениетке қолдау ауадай қажет екені бәрімізге белгілі.
Үш күнге созылған форум алыстан дос, жақыннан тілекші сыйлаған ғаламат күн болды. Әрі өз қазанымызда қайнап жата бермей, өзге әлемге танылуымызға мүмкіндік ашып берді. Ендігі іс әр жазарманның өз қолында. Қайткенде де жақсы жазу.
Форум соңында бірнеше қаламгерге қаржылай сыйлық пен М.Әуезов, М.Жұмабаев атындағы медаль табыс етілді.

Қазақ әдебиетінің болашағына өзіміз ғана жауаптымыз

Мирас АСАН

Қазақ ПЕН клубының халықаралық форумы биыл өз мінберін жастарға ұсынды. Сол қатарда аталған басқосуға қатысып, әдебиет­тің бүгіні мен болашағы турасындағы түрлі ойды ортаға салдық.
Жалпы, халықаралық форум көп тақырыпты көтерді деп есептейміз. Қазақ әдебиетін шетелге таныту бойынша пікірталастар өрбіді. Мәселен, форумға шақырылған шетелдік қонақтардың көбі ұлт­тық әдебиетімізді орыс әлемі арқылы танытудың жаңа кезеңі туғанын жарыса айт­ты. Олардың пайымдауынша, дәл қазіргідей кезеңде орыс әдебиеті «үйсіз-күйсіз» қалып отыр. Осы оңтайлы сәт­ті пайдаланып, әлемге танымал орыс қаламгерлерін Қазақстанға көптеп тарту арқылы қазақ әдебиетінің қал-жағдайын «қатырып» алуымызға болады екен. Бірақ бұл ұшқары пікірге бас-көз жоқ ұмтыла кету артық деп есептейміз. Шын мәнінде орыс қоғамымен біз бүгін ғана араласып отырған жоқпыз. Отаршыл империя құрсауында болған кейінгі жүз жылдың өзіндегі рухани халіміз біздің өзімізге ғана аян. Сондықтан қазақ әдебиетінің ертеңгі болашағына егемен ел ретінде өзіміз ғана жауапты болуымыз тиіс.
Жалпы, жаңа қазақ әдебиеті таза көштің соңында қалды дей алмас едік. Биылдың өзінде бірнеше жас қаламгер еуропа назарын өздеріне аудартып үлгерді. Ол үдеріс әлбет­те тоқтап қалмайды. Иә, әдебиет насихатында кемшін тұстарымыз жоқ емес. Бүгінде жақсы жазушы болудан бұрын жақсы жарнамашы болуды уақыт көп талап етіп отыр. Аудармадан ақсап, жарнамадан жығылып, Нобель мінберіне жеткенше, өзімізде демігіп, қалып жатқанымызды жасырмаймыз. Осы олқылықтардың орны толған күні қазақ әдебиетінің де әлемге жарқырай көрінер сәті туады.
Форумда біз аңғарған тағы бір мәселе, шетелдік әріптестеріміздің көбі поэзиядан гөрі прозаны аудару жеңіл екендігін жиі айтысып жат­ты. Әрине, поэзияны алып-соғып аудара салу оңай дүние емес. Дегенмен болашақта мұның шешілу жолдары жоқ деп ойламаймыз.
Әлбет­те, жас толқыннан уақыт жаңа сөз күтеді. Ол жаңа сөз мұндай жиындарда айтылар жаңа ұсыныстар ғана емес, жазылған жаңа шығармалар болса керек. Ұтымды ұсыныстарға толы, қолдау күтер қордаланған мәселелер көтерілген форум көздеген мақсатына жет­ті деп есептейміз.
Өз тарапымыздан қазақ ПЕН клубына айрықша алғыс айтамыз. Атқарып жатқан, алдағы уақыт­та қолға алмақ жаңа жобаларға қашанда сәт­тілік тілейміз.

Дайындаған
Асылан ҚУАНЫШҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір