ҚАПАДАН ҚАН ҚҰСҚАН ТИТАН-ТҰЛҒА
Аттиланың үрейлі күлі
үстіне, жаңадан
Қиналар еді бекерге қорған
соққан санадан,
Еңбектері еш кетіп,
өлер еді наладан.
Өз үйімде өзімді өзім
жазалағам, қанағам.
Данте Алигьери,
Италия, Флоренция,
XIII–XIV ғасырлар
Ол Флоренцияның көк аспанының астында дүниеге келген. Сол көк аспанның астында өлуді де арман ғып өтіп еді. Бірақ озбыр қоғам оны сол арманына жеткізбей шет жұртта қападан қан құсып өлуіне мәжбүр етті.
Аянышты ғұмыр.
Аянышты өлім.
Аянышты тағдыр.
Сол туралы айтпақпын…
Уақыт көші қанша жылдам қозғалғанымен, орта ғасырда ғұмыр кешкен данышпандардан, ғұламалардан бізді алыстата алмайды, қайта адамға жақындата түседі.
Италияның ұлы ақыны Данте Алигьери орта ғасырдың ауыр да азапты кезеңінде өмір сүрді.
Ол қолына еріксіз қылыш алған, саяси қуғынға ұшыраған асыл, ер азамат еді.
Ол Флоренцияның ардақты ұлы болатын. Өкінішке қарай, жаулары ұлы ақынды туған қаласынан мәңгіге ажыратты.
Билік үшін, байлық үшін текетірес өмір кешкен орта ғасырлық қоғам өмірінің қатал да озбыр тіршілік аясы кімді болса да қыспаққа алып, дағдарысқа ұшырататын. Флоренциядан алыстап қуғын кешкен ұлы ақын өзінің басты еңбегі «Құдіретті комедияны» жазып үлгерді.
Үш бөлімнен тұратын бұл ұлы дастан дүниені билеп, ақиқатты өзеуреп тізеге салғысы келгендерге атой салып қарсы шықты. Ақынның ойы мен тілеуі адамзат үшін адал заңы бар қоғам құру. Сол қоғамда ақ адал еңбек ету.
Отан үшін ғұмыр кешу.
Отан үшін жан қию.
Адам үшін басты қасиет осы.
Отан-Ананың амандығын ойлау, қалғанының бәрі бос тірлік. Дұрысы, алдамшы тіршілік қана…
Данте қылышын жалаңдатып жауымен ашық соғысқа шықты. Оған оны мәжбүр еткен жүрегін жаулаған шыңғырған шындық болатын. Оның өзегін талдырған да сол шындық еді.
«Құдіретті комедия» дастанымен алып ақын әлемнің «иелеріне» қарсы көтерілді.
Рим Папасының орны – тозақ!
Император дүдәмал тіршіліктен бас көтере алмаған.
Шіркеу билеушілері қоғам бастаушыларымен ашық майданға түсті.
Данте Рим Папасынан да, монархтан да асқақ адамгершілік үлгісін тани алмады.
Билік халықтан, халық биліктен жеріген алмағайып орта ғасырдың қан кешкен тұсы еді бұл.
Орта ғасырда әділ заң аясында өмір сүру мүмкін болмады.
Ол адалдық бүгінгі XXI ғасырда да құйрық ұстатар емес.
Адамның Адам болып қалу процесі шабан қозғалады-ау…
Италияда екі саяси партия бір-бірімен ашық айқасқа шықты. Оның бірі гвельфтер – Рим Папасының мүддесін қорғаушылар. Екіншісі гибеллиндер – империя мүддесін қорғаушылар. Екі саяси партия да немістердің бай-шонжарларынан болатын. Адам тағдыры тар жол, тайғақ кешуде өтеді ғой. Ақын гвельфтерден кетті, гиббелиндерге бармады.
Данте екі партияның қақ ортасында не істерін білмей дағдарыста күн кешті.
Бұлардың бірі де Италия үшін жан беріспек емес еді. Оларға әлем халықтарының тағдыры да түкке керек болмаған. Сөз де, іс те, тек билеушілердің қара бастарының билігі мен баюының ар жақ-бер жағында ғана қалған. Ол сондай уақыт, сондай заман еді.
Италияның бақытын ойлаған алып ақын қу далада жалғыз қалды. Партия жетекшілеріне Данте, Дантеге партия жетекшілерінің түкке де керегі жоқ болатын.
«Өзіңе-өзің саяси партия» боласың деп бекінген Ақын бұл сөзін ұлы дастанына қосты. Сол сөзді өз бабасының біреуінің аузына салды.
Ақын шыбын тірлікті саясаткерлерді артқа тастап, оңаша өмір кешуге бел байлаған. Мыңдаған өлең жолдарынан тұратын өлмейтін алып дастанын бітіруді көздеген. Ендігі өмірі — «Құдіретті комедияның» зәулім сарайын қалап шығу болатын.
Өмірді сүйетін, Отаны үшін жанын садақа еткен Данте оңаша өлең жолдарымен ғана қала алмады. Оны кәдімгі адамдар тағдыры қызықтыратын. Ол сол еңбекқор адамдарға көмек бергісі келді. Өмірінің соңына дейін адамдардың тауқымет тағдырына ортақтасты.
Шындығында Алла ақынды халық үшін тудырады.
Сонан да, сөзін сөйлеген Ақынын халық ардақ тұтады.
Сонан да, «Құдіретті комедия» о дүниені терең суреттей отырып, адамгершілікті, Жер-Анадағы өмірді бір сәт естен шығармайды.
Көп дауысты «Құдіретті комедия» хоры түпсіз терең-ау!.. Бұл Италияның алып ақынының батыл гуманистік тіршілік тынысы болатын.
О, Ұлы Италия! О, Алғашқы Махаббат! Періштедей сұлу Беатриче! Асыл ғашығы! Естен кетпейтін, еш ұмытылмайтын Беатриче!..
Талақ тастаған Флоренциясы да естен шықпаған. Бұл туған жерге деген таусылмас махаббаты еді-ау!.. Беатричеден айрылған соң, басқа әйелге қалай көңілі соқсын. Бірақ соқты. Бұл өмір ғой. Жер-жаһанда еркек әйелсіз күн кеше ала ма?!. Әйел еркексіз… Табиғат заңынан қайда барып құтылмақсың, Құдай-ау!..
Қоғамның қиғаш заңымен өмір сүру қиын. Жер-Анадағы барлық қақтығыстар соның кесірі.
Ал бұл өмірде табиғат заңын жеңген адам бар ма?.. Жоқ!
Табиғат заңы адамды тамсандырады.
Қоғам заңы адамды айуанға айналдырып бара жатқан.
Шындық – осы.
Өмір жанды жейді. Ол аурудан құтылу мүмкін емес. Бұл – «Тозақ» жыры.
Өмір жанды жейді. Бірақ ол аурудан құтылуға болады. Жанды жеген қайғыны жеңіп, қуаныш құшуға, рахат сезінуге болады. Бұл – «Ғарасат майданы» жыры.
Өмірде бақытқа, қуанышқа, рахатқа кенелуің бек мүмкін. Ол Адамға артар асыл тілеу. Бұл – «Жұмақ» жыры.
Ұлылық дарыған Дантенің жүрегіне бақыт та, қуаныш та, рахат та сия алған.
Данте адам бойындағы адамгершілікке сенген.
Адам адамгершілігін жоғалтқан күні хайуанға айналатынын да дәл танып ұға алған.
Орта ғасыр ұлы тұлғаларға зәру болды, сонанда ғажайып Титан-Тұлғаларды – Алып Пайғамбарларды, Ойшылдарды, Ақындарды тудырды.
«Құдіретті комедияны» тудырған да сол титандардың бірі – Данте Алигьери болатын. Оның ақындық әлемі итальян халқының әлемдік мәдениетке қосқан қайталанбас, өлмес, өшпес ерлік еңбегі деп ұққан дұрыс.
Ұлы ақын Равенна аспанының астында өлді. Оның арманы Флоренцияда жан тапсыру болатын. Тірлікте алған атақ ешнәрсеге дәлел бола алмайды. Атақты арсыз да алады. Арлы атақсыз өтеді. Бірақ арлыларды халқы таниды…
Өлмес «Құдіретті комедияны» қазақ тіліне аударған – ғажайып ақынымыз Мұқағали Мақатаев. Дәл осы өлмес шығарманы аудару үстінде Мұқағали дана қазақтың өлмейтін кең шалқар бай тілінің қайнар көзін ашады, итальян ақынының стильдік, техникалық мәнерін қазақ дастандарының бай шеберлігімен әстерлейді.
Ойды ой байытады.
Ырғақты ырғақ қостайды.
Қайран қазақтың әулие ақындары-ай!..
Итальян тіліндегі теңдессіз дастанды, біз бүгін теңдессіз қазақ тілінде оқып отырмыз. Қазақ үшін, оның тілі үшін бұдан үлкен бақыт бар ма?!
Ұлттық ритмімізді талқандап, ұлттық құндылықтарымыздан айырылып болған кезде, алып Титан-Тұлғаларды еске алып, терең күңіреніп ойға батқан – Роллан Сейсенбаев.