Тұңғыш
02.12.2022
911
0

Аптап қайтып, сарша тамыз туғалы қыс қамын ойлаған ел-жұрт шөп науқанына кірісе бастады. Таңғы аста отырғанда:
– Шөп буыны қатайды, аша-шалғыларды сайлап қойып ем… Арбаның дөңгелегін майлап, жәрәндігін салу керек… Төбедегі бастырықты түсіріп қойыңдар, – деді Кәріпжан ақсақал.
– Сен де барасың, ағаңа сеп бол. Тездетіп жиып алғанымыз жөн. Түбек-түбек, өзек-өзекті жағалап шауып алмасақ, биыл жауын-шашын аз болды, шөп сұйық… Елдің де көздеп отырғаны сол түбек пен өзек. Әйтпесе, масақ теріп, қол орақпен томар кезіп кетерміз, – деді 6-класқа енді ғана көшкен кіші ұлына қарап.
Осы сөзден кейін-ақ Кәріпжан үйінде науқан басталып, күнделікті таң бозынан салдырлаған шабақ дөңгелекті арбаның үстінде үш адам Ақши мен Тасөткелді бетке алып бара жататын болды.
Даланың әр жерінде – екіден-үштен шалғы ұстаған шөпшілер. Жақын жердегілері өтіп бара жатқан бұларға бұрылып саулық сұрасып, алыстағылары қол көтеріп амандықтың ишарасын білдіріп жатады. Алғашқы екі күн үлкендер жағы шөп шауып, шалғы ұстай алмайтын бұған шөп басында ермек табылмай, арба көлеңкесінде жатып қиялға батып, алыс арманға сапар шегумен болды. Ауылдағы той-томалақта домбыра ұстап күй тартып, ән салатын адам көрсе, көңілі ауып, аудан өнерпаздары мен сырт­тан анда-санда бір келетін өнер қойылымдарынан қалмауға тырысатын. Ол күн – бұл үшін мереке. Әр қойылымнан кейін қиялы қияға тартып, қалың елдің алдында өзі өнер көрсетіп, жұрт ықыласына өзі бөленіп, сахнада өзі тұрғандай оймен оңашаланып қайтатын. Бұл оның соңғы кездегі тапқан әдеті еді.
Үшінші күні ғана шабылған шөпті шөмелелеу мұның үлесіне тиді. Тамылжыған тамыз дегенімен, жаздың соңғы айы өзінің бар өнерін көрсетіп қалайын дегендей, сәске түспей шақырайған күн жарықтық талтүсте қуырып жібереді. Ала жаздай ойын қуып, бір-ақ күнде жұмысқа жегілуі бұған біраз салмақ түсірді. Алдыңғы екі күнде шабылған шөп саңғырлап кеуіп-ақ тұр. Әкесі боразданың басына келіп істің ығын көрсетіп берді де, шалғысын алып ары кет­ті. Шөмеле жасау да аса жеңіл бола қойған жоқ. Бұрқыраған шөптің шаңы қолқаны қауып, тамағын кептіреді. Әсіресе арбаға шөп тиерде күннің шыжыған ыстығына даланың шыбын-шіркейі мен шөптің шаңы қосылып, басынан асыра көтерген шөп ұсағы қойны-қонышына құйылып, мазасы қашады. Үш-төрт күннен кейін бұған да еті үйренді. Ауыр да азапты осы бір науқанның ойға еркіндік, қиялға қанат бітіретін кезі – шөптен қайтар мезгіл. Жайыла тиелген шөп үстінде шалқалай жатып, ырғалған арба жүрісімен тербелген терең ойдың жетегіне ереді. Жарты жолдан асқанда сам жамырап, сан жұлдыз көз алдында шамдай жанып, күндізгі бейнет­ті ұмыт­тырады.
Сондай күндердің бірінде қос, күрке тіккен шөпшілердің жанынан өтіп бара жатып құлағына сызылған саз естілді. Жатқан орнынан басын жұлып алып, жан-жағына қарады. Ешкім көрінбейді. Ымырт түсіп келе жатқан мезгіл.
– Әке, бір әуен естіледі ғой… Бұл не?
– Сыбызғы тартып отыр ғой.
– Сыбызғы?
– Иә…
– Ол не?
– Кәдімгі қурайдан жасалған аспап қой.
– Кім тартып отыр?
– Білмедім. Шөпшілердің бірі ғой… Сыбызғыны кенже ағаңның да (Рахымжан) шалатыны бар.
– Ол кісінің домбыра тартқанын ғана көрдім… Әкесі одан әрі үндемеді.
Осы бір сызылған сыршыл үн оның тамырына байланып, тағдырына айналарын бала-жүрегі ол кезде білген жоқ.
Бұл – бір кездері заман қырына алғанда Алтай асып, Сауыр жағалап, Барқытбелдің бауырынан бас сауғалап арғы бетке ауған қалың қазақтың аз бөлігінің көштің басын бері бұрғанына аз ғана уақыт болған кез еді. Сол көшпен өлең мен жыр да, ән мен күй де бірге көш түзеп, ел ішін әуелеген әнге, күмбірлеген күйге толтырған. Сарынында көненің сыры жасырынған сыбызғы үні де осы көштің ішінде-тін.
Атасының інісі Рахымжан мен алғаш қолына домбыра ұстатып «Елім-айды» үйреткен Көбен ағасының күйлері, өлеңші Мұқанның әндері, Ақсуат жұртын ән мен күйге бөлеген Қазен Әбуғазы, Рахымбек Ноғайбаев, Ғайша Ноғайбаева, Әлихан Апаров, Қалихан Сапаров сынды өнерпаздар оның өнер сүйген жүрегіне сәуле құя түсті. Бірақ… Бірақ сол шөп басындағы сызылған үнді қайтіп тыңдай алмады, сыбызғы тартқан адамның да кім екенін біле алмады.
Оқу жылы басталарға үш-төрт күн қалғанда әкесі мен шешесіне айтып, аудандағы музыка мектебінде оқитын болып шешті. Алшынғазы Байқадыров, Ғайша Ноғайбаева ұстаздардан дәріс алып, кішігірім күйлерді меңгеріп, мектептегі домбырашылар тобында өнер көрсетіп, қиялдағы сахна өңіне айнала бастады. Арадағы үш-төрт жылда беті өнерге бұрылып болды. Мектепті тәмамдап, өнердің жолын таңдайтынын үлкендерге айтып көріп еді, қарсы болмады. Сол жылы Семейдің М.Төлебаев атындағы музыкалық училищесінің қобыз класына қабылданды. Оқуда жүріп әскерге шақырылды.
Әскери борыш – жігіт­тің бір міндеті. Осы екі жылда үрлемелі аспаптар оркестрінің құрамында болып, келген соң Семейдегі оқуын Талдықорғанға ауыстырып, үрлемелі аспаптар мамандығы бойынша тәмамдап шықты. Ол жылы консерватория студенті атану бұйырмады да, «Сазген» ансамблінде өнердегі алғашқы еңбек жолын бастап кет­ті. Жаратушының маңдайға жазған хикметіне шара бар ма, бала күні айдалада естіген сырлы сазбен «Сазгенде» ұшырасты. Өйткені оның үлесіне домбыра да емес, қобыз да емес, сыбызғы тиген еді. Бірақ ол бұл жолы да осы өнердің жоқшысы боларын сезген жоқ.
Әртүрлі мәдени іс-шараларда, концерт­тік сапарларда болып, сол кездегі Ж.Еркімбеков, Ө.Жәнібеков сынды мәдениет басшыларымен жүздесіп, Д.Қасейінов, Д.Тұяқбаев, А.Жайымов сынды өнердегі алдыңғы буын ағаларға жүзтаныс бола бастады.
Арада жыл өтіп, Құрманғазы атындағы консерваторияның қобыз класына қабылданып, алғашқы курсты тәмамдарда консерватория ректоры Д.Қасейінов пен Д.Тұяқбаев, А.Жайымов сынды ұстаздар оның сыбызғыға әуестігін байқап, қазақ өнерінде кенже қалып тұрған сыбызғының тағдыры алаңдататынын, оны қайта жаңғырту керектігін сөз етіп, оны Башқұртстанға оқуға жібергісі келетінін айтады.
Бала күнгі сәуленің санада қайта жарқ етіп, бүтін бір ұлт­тың дара дәстүрі өзіне аманат­талып тұрғанын түсінді. Өзге жұрт­тың есігімен бірге өзге әлемнің де қақпасын ашатынын ұққан ол қазақтың сыбызғышылық өнерінің тарихын зерт­теп, тағдырын зерделеуге бет бұрды. Сөйтіп, түбі түркінің бір жұрты болатын ағайын елге ат­танып жүре берді. Бұл – бүгінгі дара өнердің иесі, сыбызғышы, өнер зерт­теуші Талғат Мұқышев еді.
Қазақтың қара домбырасымен, қарт қобызымен аты бірге аталып келе жатқан сыбызғының аңызы арыда, тарихы тереңде. Аты басқа болғанмен, түбі түркіге заты да, аңыз-тарихы да ортақ. Ол жайлы сонау әл-Фарабидің еңбектерінен бастап А.Жұбанов, А.Сейдімбектерге дейінгі өзіміздің де, өзгенің де білгірлері біршама деректер қалдырды.
Өзі туып-өскен Қазақстанның шығысы – ертеден Алтай мен Тарбағатай, Сауыр мен Сайқанның сан ғасырлық тарихын сыр қып шерткен сыбызғының алтын бесік қонысы болса, замана қыспағы екіге айырып, «арғы бет, бергі бет» атаған Алтай мен Тарбағатайдың күнгей-теріскейіндегі Қытай, Мұңғұлия жері – өрісі болатын.
Ондағы Ақымжан, Бөленхан, Бейіл­хан, Тарлаубай, Ыдекей, Шамғын, Кәбетай, Жұмайхандарға жалғасқан өнердің сән-салтанаты бөлек-ақ еді. Ал Шығыста Тілеке, Жантелілерден (XVII ғасыр) жеткен сырбаз өнер Еңсебай, Мұса бақсы, Шерубай, Сүлеймендерге жалғасып, сирей-сирей Қалижан, Ғайса, Қалдыбай, Оспанғали, Биқан, Шанақтармен шалажансар күйде XX ғасыр табалдырығын ат­тады. Ал Батыстағы Сармалайдан жеткен үн Ысқақ Уәлимен ғана шектелді. Сөйтіп, өткен ғасырда осы бір аспаптың бағы тайып, тағдыры талқыға түскендей күй кешті.
А.Жұбанов сыбызғы үшін күресіп бақты. 1934 жылы Батыс Қазақстаннан Ысқақ Уәлиевті, 1960-жылдары Шығыс Қазақстаннан Оспанғали Қожабергеновті шақыртып, көне сарынның жаңғыруына күш салып, косерватория қабырғасында дәріс беруге мүмкіншілік жасап еді, бірі соғыстың құрбаны боп, бірі өмірдің қылғаны боп, еліне қайт­ты. Бұдан кейінгі кезеңде Б.Сарыбаев барынша жанын салып күш жұмсады. Фольклорлық аспаптарды іздеу, табу, қалпына келтіру, Мұңғұлия, Қытай қазақтарынан сыбызғы күйлерін жинап, жаңғырту… Нәтижесінде «Отырар сазы» ансамблі құрылып, кейіннен ұлт­тық-этнографиялық оркестрге айналды. Осы оркестрге жетекшілік еткен композитор Н.Тілендиев жетіген, шертер, шаңқобыз, сазсырнай, сыбызғы сынды аспаптарды оркестрге енгізді, оларға арнайы шығармалар жазып, кәсіби деңгейін көтеру үшін тер төкті. Бірақ сыбызғы оркестрлік аспаптардың санатында ғана есепке алынып, Б.Сарыбаев өмірден өткен соң қайран сырбаз өнер нарау тартқан күйінде тағы да қала берді. Арнайы оқытылып, маман дайындалмаған соң әр жерде бір ойналған сыбызғы кәсіби түрде дамып кете алған жоқ.
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлт­тық консерваториясының алғашқы жылында Башқұрт елінен келіп домбырада оқып жатқан қурайшы Ишмұрат Ильбаковпен таныстығы оның сыбызғышылық өнерге сүйіспеншілігін арт­тырған еді. Оның қурайда ойнаған әр әуен-сазы сыбызғының мүмкіншілігінің шексіз екеніне Талғат­тың көзін жеткізді. Сыбызғы әліппесінің алғашқы бет­тері Алматыда ашылып, Уфада жалғасын тапты. Ришат Рахимов, Айрат Кубагушев, Азат Айткулов, аға-дос Ишмұрат Ильбаков, Нұрғали Кайекбердин, Сайфулла Дильмөхәмәтов, Мухамет Тулебаев, Кадир Аубакиров сынды шебер қурайшылардан дәріс алды. «Тіл қуысынан шыққан тәт­ті сазды» тіс арқылы көмей уілімен үйлестіріп, бір мезет­те екі дыбысты ұштастыра күй ойнау – екінің бірінің қолынан келер жәй өнер емес екен. Өзіне дейін сыбызғыны кәсіби меңгерген жол көрсетер үлкеннің, тыңдап алар үлгінің болмауы Тәкеңе жауапкершілікті үстей түсті. Осы өнердің ендігі ертеңі де, өртеңі де өзі екенін іштей сезбей қалған жоқ.
Арада төрт-бес жылды артқа тастап, тұңғыш кәсіби сыбызғышы болып елге оралды. Мақсатты жолдамамен оқуын тәмамдап келген оған консерватория басшылығы қолдау білдіріп, 1995 жылы тарихта тұңғыш рет сыбызғы класы ашылды.
Өнерді үйрену бар да, үйрету бар. Тәкең алдында жаңа мамандықтың бағдарламасы, репертуар дайындау, сыбызғының диапазондық мүмкіндігін арттыру, дамыту, зерттеу, ғылымға айналдыру секілді міндет тұрды, «тас түскен жеріне ауырлығын» түсінді. Ендігі мұрат – осы өнердің жоқшысы болу. Сол мұрат жолында талай тер төгіліп, қанша қайрат жұмсалды. Әсіресе, домбыра және қобыз күйлерімен байланыстыру үшін сыбызғының ортақ құлақкүйін табу – үлкен ізденісті керек етті. Сыбызғыда құлақкүй жоқ, тіпті, құлақкүй сөзінің орнына қандай балама сөз қолданудың өзі қиын. Бұрынғы қалпында жеке ойнай беруге болғанмен, бүгінгі ансамбль, оркестрге қосылып ойнап кету мүмкін емес. Ал мұндай жауапты істе сақтық пен тиянақтылық керек, қателесуге жол жоқ.
Бұған дейін А.Жұбанов, Т.Бекхожина, А.Райымбергеновтердің еңбектерінде ғана кездескен санаулы, бірлі-жарым күйлер болмаса, сыбызғы күйлеріне арналған жинақтар жарық көрмеген. Қазақтың өнер тарихында алғаш күй жаздырып, күйтабақ (пластинка) шығарған Шанақ Ауғанбаев күйлерінен басқа бағдар жоқ. Ел ішін аралап сыбызғы күйлері мен күйшілер жайлы деректер жинап, Мұңғұлияда Қ.Ахмерұлының құрастыруымен жарық көрген «Баян-Өлгей домбыра және сыбызғы күйлері» жинағын алдыртып, кәдеге жарат­ты. Сыбызғы жайлы әр жерден естіген, білген әңгімеге құлақ түрді. Жоқтан бар жасаудың жолында жортқан бөрідей «түс қашырып, түн қатып», жанкештілікке баруға тура келді.
Сондай күндердің бірінде Шығыс Қазақстанның Зайсан ауданына Мұңғұлиядан атақты сыбызғышы Кәлек Құмақайұлының көшіп келгенін естиді. Мұндай қуанышты хабар Тәкеңді тыныш жатқызбай, ақыры Кәлек күйшіні іздеп, артынып-тартынып Зайсанға жол тарт­ты. Бұрын ұзынқұлақтан атын естіген күйшінің өзімен көрісу, күйіне қанып, әңгімесін тыңдау – іздеген жоғының табылғаны еді.
Талғат Зайсанға жетіп, Кәлек күйшінің үйіне келіп, ауласына кірген бет­те сыбызғысын ала сап, күйшінің «Арман» деген күйін ойнай жөнеледі. Үйінде отырып, ойламаған жерден өз күйінің даладан шыққанына қайран қалып, сыртқа бет­теген қарт күйші бір жас жігіт­тің сыбызғыны сызылтып тұрғанын көреді. Жүзінен қуаныш аралас жылылық лебі есіп, күй аяқталғанша терең ойланып, тыңдап тұрыпты. Күй аяқталғанда барып, құшағын жая бауырына басыпты. Міне, ұстаз бен шәкірт бір-бірімен алғаш осылай кездескен. Бұл ертедегі күйшілердің бір-бірін алыстан іздеп кеп, табысқанындай аңыз дерсің. Бірақ шындық. Бұл – XX ғасыр аяғына жеткен аңыздың соңы. Осы сапарында Кәлек күйшіден 40-тан аса күй мен оның аңыздарын жазып алып, қазақтың сыбызғы өнеріндегі өлшеусіз мұраға кенеліп қайтқан. Ал қарт күйші «шәкірт таптым» деп батасын беріп, күйдің бұйдасын ұстатып жіберіпті.
Т.Мұқышев – осылай «елден-елді аралап, тектіден тектіні саралап» жүріп күйдің де, күйшінің де асылын бүгінге жеткізген жоқшы. Тәкең одан кейінгі уақыт­тарда Шығыс Қазақстан, Қытай, Мұңғұлия қазақтарының арасына ба­рып сыбызғы күйлерін жинап қайт­ты.
Бұдан кейінгі кезеңде өнерді ғылыммен ұштастырып, Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының аспирантурасын бітіріп, 2005 жылы тұңғыш рет ұстазы Кәлек Құмақайұлының орындауындағы халық күйлері мен оның күйлерінен құрастырылған (барлығы 40 күй) «Сыбызғы сазы» жинағын жарыққа шығарды. Жинақ тек қана күй ноталарынан ғана тұрмайды: сыбызғышылық өнердің тарихы, ареалдық кеңістігі, оның өкілдері, күй аңыздары мен тарихы, сыбызғы орындаушыларға арналған қосымша әдістемелік нұсқаулықтар… Бұл – сол кездегі кенже қалған өнердің дамып, сәл де болса бір табан алға жылжуының көрінісі еді.
Осыдан кейінгі он бес жыл көлемінде жинаған тәжірибелер мен көптеген ізденістің арқасында Т.Мұқышев қазақтың өнертану ғылымында тұңғыш рет «Қазақтың сыбызғышылық дәстүрі» тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғады. Сыбызғы құлақкүйі­нің де шешімін тауып, «соль» дыбысына күйге келтірілген сыбызғыны қолданысқа енгізіп, қалыптастырды. Бүгінгі күні онымен теріс бұраудағы домбыра, қобыз күйлерін бірден оқып, ансамбль, оркестрлерге қосылып ойнап кете беретіндей мүмкіндік алды. Соның негізінде музыка мектептері мен орта және жоғарғы музыкалық оқу орындарының білім алушыларына арналған тұңғыш «Сыбызғы үйрену мектебі» оқу-әдістемелік құралын жазып, жария етті
Сонда, «үнінен сәбидей бейкүнәлілік пен тазалықтың лебі есетін осы бір нәзік аспаптың тағдыры неге осылай болды екен?» деген сұрақ көкейді түрткілейді. Мұның сырын Тәкең ертедегі бір сұхбатында: «Кеңес үкіметінің кертартпа саясаты өз ықпалын тигізбей қалған жоқ. Класикалық үлгіде еуропалық шығармаларды ойнаған аспап – аспап болып саналды да, оған шамасы жетпеген аспаптар аспап дәрежесінде саналмады. Мысалы, сондай солақайлықтың кесірінен сырнай аспабы ысырылып, орнын баян басты, сыбызғыны флейта тықсырып шығарды. «Отырар сазы» ашылғанға дейін қылқобыз прима қобызға жол беріп келді. Қазақтың негізгі классикасы – күй, бірақ кер заман оны есепке алмады», – деп ашып, жауап берген екен.
Расында ол оты өшіп, қоламтасы қалған өнердің шоғын үрлеп қайта жақты. Шығыстың үш ойықты, Шыңжаң және Мұңғұлия қазақтарының төрт ойықты, Батыстың бес ойықты сыбызғысын жеті ойыққа дейін жетілдіріп, дамыт­ты. Соның нәтижесінде сыбызғының өз күйлерінен бөлек халық әндерін, татар, башқұрт, түркімен күйлерін және шағын еуропалық шығармаларды ойнауға мүмкіндік алды. Отыз жылға жуық уақыт­та отызға тарта шәкірт тәрбиелеп, ендігі олардың өзі ұстаздық етіп, алды Тәкеңнің немере-шәкірт­терін түлетіп үлгерді. Кейінгілері әр қиырда осы бір сыршыл үннің сыбағасынан үлес алып жүр.
Тәкең сыбызғы үнін әлемнің әр еліне танытып, талайдың таңдайын қақтырып, тамсантып келеді. Оңтүстік Корей елі ғалымының бір аспаптан екі дыбыстың қатар өрілетініне қайран қалып, өздеріндегі өнер тойына бес-алты рет шақырту жіберуі – көнені де, өнерді де бағалауы.
Кез-келген жаратылыстың тууында ұлы хикмет бар десек, өнер де, өнер иесі – өнерпаз да соның шарапатынан пайда болса керек. Бала күнгі құлағына шалынған уіл-үннің соңынан ілесіп, ақыры тағдыр-уәзініне айналуы – сол хикмет­тің Тәкеңе дарығаны болар. Ол отыз жылға жуық орындаушылық және ұстаздық қызмет­те орасан еңбек ет­ті, үзілгенді жалғады. Бүгінгі күні сыбызғы аты аталса, Талғат Мұқышевтың да аты қатар аталатын дәрежеге жет­ті. Ал оның атымен «тұңғыш» сөзі бірге жүреді: тұңғыш кәсіби сыбызғышы, тұңғыш сыбызғы класын ашушы, тұңғыш кәсіби сыбызғы мектебінің негізін қалаушы, тұңғыш жинақ шығарушы, сыбызғыны тұңғыш ғылыға айналдырушы, тұңғыш оқулық жазушы…
Көз жетер-жетпес қиянда қалған көненің үнімен қайта табыстырған Талғат ағамның өзі де бүгін 60-тың көмбесіне жетіпті. Құт­ты болсын, Аға! Егер еңбек бағалану керек болса, онда ол сізді айланып өтпеу керек. Еткен еңбек, төккен тердің қалайда бағасы болуы керек қой, егер оны көретін көз болса…
Тұңғыш – жұп емес, жалқы болады…

 

Еркін ШҮКІМАН,
әнші

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір